Шығарма: "Мәңгілік алау" мемориалы

Шығарма: "Мәңгілік алау" мемориалы

Ануарқызы Айнұр
8-сынып, Қ.Рысқұлбеков орта мектебі
Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданы
Жетекшісі: Нұрғалиева Н.М.

Осыдан 70 жыл бұрын, дәл осы күні таң қылаң бере фашистік Германия Кеңестік Социалистік Республикалар Одағына шабуыл жасады. Соғысты бірінші болып қарсы алғандардың қатарында Кеңес Одағының батыс шебін күзеткен ондаған мың қазақстандық-шекарашылар болды. Атақты Брест гарнизонының өзінде 1941 жылдың көктемінде біздің 3 мыңдай жерлесіміз қызмет еткен, шілде айында олардың көпшілігі әскерден елге қайтулары керек болған. Бірақ жаудың шабуылы олардың бұл жоспарларын күл-талқан етті. Соғыс өрті ішке қарай тез еніп, Брест қамалының тірі қалған қорғаушылары партизандар қозғалысына қосылды. Олардың қатарында 190 қазақстандық болған және олардың көбісінің сүйегі беларусь жерінде қалған.
Соғыс кенеттен басталғанымен, Қазақстан, бүкіл Кеңес Одағы сияқты, алғашқы күннен бастап жұдырықтай жұмылды. Республиканың түкпіртүкпірінде әскери комиссариаттарға еріктілер ағылды. Кеше ғана мектеп партасында отырған бозбалалар мен бойжеткендер де, қала мен ауыл тұрғындары да соғысқа сұранды. 1939 жылдың дерегі бойынша, біздің республикамызда 6,2 миллион адам тұрып жатқан. Соғыс жылдары Кеңес Армиясының қатарына 1 миллион 200 мың қазақстандық шақырылған, 20-дан астам атқыштар дивизиясы мен басқа да құрылымдар жасақталған. Фашистермен болған шайқастарда 328ші, 310-шы, 312-ші, 314-ші, 316-шы, 387-ші, 391-ші, 8-ші, 29-шы, 102-ші, 405-ші атқыштар дивиясы, 100-ші және 101-ші ұлттық, 81-ші, 105-ші, 106-шы кавалериялық дивизиялар, 74-ші және 75-ші теңіз атқыштар бригадасы, 209шы Зайсан, 219-шы минометтік, 85-ші зениттік, 662-ші, 991-ші және 992-ші авиациялық полктер ерекше көзге түсті. Майданға 14 100 жүк және жеңіл автокөлік, 1 500 шынжыр табанды трактор, 110 400 жылқы, 16 200 арба жөнелтілді. Қазақстан армия мен флот үшін офицерлік кадрлар және резервтік күштер дайындауға да лайықты үлес қосты. 1941-1945 жылдары әскери оқу орындарына 42 мыңнан астам жас қазақстандық жолданды, ал Қазақстанның аумағында сол жылдары жұмыс істеген 27 әскери оқу орны толық емес мәлімет бойынша 16 мыңдай офицер дайындап шығарған. Біздің жерлестеріміз майдан даласында ерлікпен шайқасқан. Жауынгерлік ерліктері үшін жүздеген мың қазақстандық медальордендермен марапатталса, 500-дей адам Кеңес Одағының Батыры, 100-ден астам адам - Даңқ орденінің толық иегері атанған.
Төрт қазақстандық екі мәрте Кеңес Одағының Батыры атанды, олар - Талғат Бигелдинов, Сергей Луганский, Иван Павлов және Леонид Беда. Кеңес Одағы Батырларының қатарында қазақтың екі қызы - мерген Әлия Молдағұлова мен пулеметші Мәншүк Мәметова бар. Рейхстагқа Жеңіс туын тіккендердің бірі - қазақ жігіті Рахымжан Қошқарбаев. Жаудың тылында партизандардың қатарында да қазақстандықтар шайқасқан. Солардың бірі - Қасым Қайсенов. Ал танымал қолбасшы, әскери жазушы Бауыржан Момышұлын, 28 панфиловшылардың ерлігін білмейтін қазақ жоқ шығар. Соғыстың тек майдан даласында ғана емес, тылда жүргені мәлім. Гитлерліктер КСРО-ның батыс аудандарын басып алғаннан кейін, Сібір мен Қазақстанның ел экономикасындағы маңызы күрт артқан. Жаудың қолына бермеу үшін соғыстың алғашқы айларында өнеркәсіптік кәсіпорындардың барлығы тылға көшіріле бастады. Қысқа мерзімнің ішінде Қазақстанның аумағына 142 кәсіпорын жайғастырылды, 532 506 адам көшірілді. Оған қоса, жаңа өнеркәсіптік нысандардың құрылыстары жеделдетілді. Соғыстың алғашқы 1,5 жылында Қазақстанда 25 кен орны пен шахта, 11 кен байыту фабрикалары, 19 жаңа көмір шахтасы, 3 разрез, 4 жаңа мұнай кеніші мен Гурьевтегі мұнай өңдеу зауыты іске қосылды. Темір жол құрылысы жалғасты. 1942-1943 жылдары Мақат-Орск, Ақмола -Магнитогорск желілерінің құрылысы аяқталды. Соғыс жылдары Қазақстан жалпыодақтың мыс құймасының 30 пайызын, марганец кенінің 60 пайызын, мыс кенінің 50 пайызын, металл висмуттың 65 пайызын, полиметалл кендерінің 70 пайызын, мырыш өнімінің 85 пайызын берді. Қорғаныс өнеркәсібіне қажетті мыстың үштен бірі Қазақстанда өндірілді, сондықтан да соғыс жылдары әрбір 10 оқтың тоғызы Қазақстанда құйылды. Республикада танк және ұшақ жасауға ақша жинау қозғалысы жүрді. 1941 жылдың күзінде Бүкілодақтық лениндік коммунистік жастар одағы (ВЛКСМ) атындағы танк дивизиясын құруға қаржы жинала бастады да, бір жылға жетер-жетпес уақыттың ішінде армия қазақстандық комсомолдардан 45 жаңа танк алды. Кейінірек халық қаражатына тағы 10 танк колоннасы, бірнеше авиациялық эскадрилия, торпедо катерлер мен атаулы ұшақтар жасалды.
Соғыс жылдары Қазақстан халқы жауынгерлік техникалар жасауға 480,3 миллион рубль жинап берді. Жеңіске Қазақстанның ауыл шаруашылығы да өз үлесін қосты. Атап айтқанда, еліміз 30,8 миллион пұт астық, 14,4 миллион пұт картоп және көкөніс, 15,8 миллион пұт ет, 3 194 мың центнер сүт, 17,6 мың центнер жүн берді. Бұл соғысқа дейінгі бес жылдағы көрсеткіштен бірнеше есе көп. Республиканың барлық экономикасы әскери «рельске» қойылды: бейбіт мақсаттағы шығыстар барынша қысқартылды, көптеген кәсіпорындар қорғаныс өнімдерін шығаруға кірісті. Ер азаматтардың бәрі армия қатарында болғандықтан, зауыттарда әйелдер, қариялар, жасөспірімдер еңбек етті. Еңбек тәртібі қатайтылды, жұмыс уақыты ұзартылды. Алты апталық, 23 сағаттық жұмыс күні бекітілді, демалыстар тоқтатылды. Бірақ ешкім қынжылған жоқ. Бүкіл ел «Бәрі де майдан үшін, бәрі де Жеңіс үшін!» деген ұранмен еңбек етті. КСРО-ның батыс өңірлерінен көшірілген халықпен қоса, 1941 жылдың күзінде Қазақстанға Полвольжеден жүздеген мың немістер мен поляктар жер аударылды. 1942-1944 жылдары 507 мың балқар, қарашай, ингуш, шешен халқы, 110 мың түрік-месхетиндер, 180 мың қырым татарлары күшпен жер аударылды. Оған қоса, күн сайын Қазақстанға жаралы жауынгерлер мен офицерлер тиелген пойыздар ағылып жатты. Әскери госпитальдердің көбісі Алматыда құрылды. Ұлы Отан соғысы 4 жылға созылды. Майдан даласында 600 мыңнан астам қазақстандық қаза тапты.
Соғыста қаза тапқандардың саны туралы мәлімет бүкіл әлемді дүр сілкіндірді. Жекелеген мәліметтер бойынша, адамзат тарихындағы бұл ең зұлмат соғыс 20 миллионнан астам кеңес азаматтарының өмірін қиды. 1 710 қала және 70 мыңнан астам селодеревнялар, 31 850 өнеркәсіптік кәсіпорын, 65 мың шақырым темір жол, 4 100 теміржол стансасы, 36 мың пошта-телеграф мекемесі, телефон стансасы және басқа да байланыс бекеттері жермен-жексен болған немесе жартылай қираған. 40 мыңдай аурухана немесе басқа да емдеу мекемелері, 74 мың мектеп, техникум, жоғары оқу орны, ғылыми-зерттеу институттары, 42 мың кітапхана және басқа да көптеген нысандар жойып жіберілген, тоналған. Бүгін Қазақстанның барлық қалалары мен ауылдарында Даңқ монументтеріне, Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жауынгерлердің ескерткіштеріне гүл шоқтарын қою рәсімдері өтуде. Бұл соғысты ешкім де ұмытпауы, ешнәрсе де ұмытылмауы керек.
1941 жылғы 22 маусым - тарихта мәңгі қалатын қасіретті күн. Жетпіс жыл бұрын осы күні Ұлы Отан соғысы басталды. Бүгін соғыс және еңбек ардагерлері, облыс орталығындағы кәсіпорындар мен ұйымдардың өкілдері, студенттер - елі мен жері үшін өмірін қиып, туған жерге оралмаған қаһармен ерлерді еске алып, рухтарына тағзым етті. Қырық бірінші жылдың жиырма екінші маусымында таң қылаң бере фашистік Германия Кеңес Одағына тұтқиылдан шабуыл жасады. Кеше ғана мектеп партасында отырған бозбалалар мен бойжеткендер елін жаудан қорғау үшін қолына қару алып, қан майданға аттанды. Ақтай Кәкенов, Ұлы Отан соғысының ардагері: - Ол күнді енді ешқашан көрсетпесін. Кейінгі ұрпақ жыламасын-сықтамасын. Соғыста қаза тапқандарды бүгін біз қайғыра еске аламыз. Бұл күні елі мен жері үшін өмірін қиып, туған жерге оралмаған қаһармен ерлерді бүкіл ел болып еске түсіреді. Қалың жұртшылық соғыста қаза тапқан жауынгерлердің рухына тағзым етіп, "Мәңгілік алау" мемориалына гүл шоқтарын қойды.
Ескерткіш басына соғыс куәгерлерімен қатар, Отан үшін отқа түскен ерлердің ұрпағы да келді. Олар бейбіт күннің астында, егеменді елде тұру бақыты үшін аға ұрпақ алдында бас иеді. Жанар Қалиева, Ақжарқын орта мектебі шағын орталығының тәрбиешісі, Ақжар ауданы: - Бүгін мәңгілік алау басына келіп, соғыста біздің жарқын болашағымыз үшін қаза тапқан жауынгерлерді еске алып, гүл шоқтарын қойдық. Оларды ешқашан ұмытпаймыз. Әрқашан аталарымызға басымызды иеміз, құрмет тұтамыз. Бұл күні жұртшылық 314-ші атқыштар дивизиясы жауынгерлерінің ескерткішіне, Жеңіс және қалалық саябақтардағы ескерткіштерге де гүл шоқтарын қойды. Сондай-ақ соғыс ардагерлері госпитальдарда көз жұмған жауынгерлердің рухына тағзым етіп, ескі қалалық молада жерленген ерлерді де еске алды. Бүгінгі ұрпақ тәуелсіз елде, бейбіт аспан астында өмір сүріп жатыр. Осы күндерді сыйлаған, ел ертеңі үшін кеудесін от пен оққа тосып, зұлмат соғыста қаза тапқан батыр жауынгерлер ешқашан ұмытылмақ емес.

Доп      


Мақала ұнаса, бөлісіңіз:


Іздеп көріңіз:
шығарма "Мәңгілік алау" мемориалы туралы эссе шыгарма жеңіс женис 9 мамыр 9 май сочинение на казахском, эссе сочинение про "Мангилик алау" мемориалы на казахском языке скачать день победы 9 мая, эссе шығармалар жинағы жеңіс женис 9 мамыр 9 май жоспарымен, "Мәңгілік алау" мемориалы

Пікір жазу

  • [cmxfinput_gallery][cmxfinput_youtube]