Шығарма: Отан деп соққан жүрегі

Шығарма: Отан деп соққан жүрегі

Рахимова Жансая
У-21қ тобы, Экономика, бизнес және құқық колледжі,
Қарағанды қ. Жетекші: Түсіпбекова Зинаида Ашыққызы

Жатқанда Отан жері отқа жанып,
Тұрғанда туысқандар жауда қалып,
Жеңбесек, жойқын қайрат шығармасақ,
Жігіттің неге жүрміз атын алып?!
Жұбан Молдағалиев
1941 жылдың 22 маусымның таңы шапағат атып келе жатқан шағы еді... Дала құлпырып көк майса шалғын қыз көйлегіндей желкілдеп, құрбақа шұрылдап, құстары тамылжыта ән салып, шегірткесі шырылдап, адам баласы қолымен жасай алмайтындай табиғи симфониялық таңғажайып кез еді. Осындай мамыражай кеңістік тыныштығын кенеттен шыққан мотоциклдің, машинаның және танктың қосыла шыққан гүрілі әлем-тапырық етті. Бұл - басқыншы Германияның Кеңес Одағына жарияламай, тарихта болмаған күшпен басып кіруі еді. Бұл кезеңде қазақ елі Ресей мемлекетінің отаршылдығында болатын. Жалғыз қазақ емес, тағы да оннан астам мемлекет Ресейге бодан еді. Сол уақыттағы идеологиялық саясат өте қатты қарқынмен жұмыс істегені соншалық, осы соғыстың алдында ашаршылықтан қазақтың жартысы қырылғаны, жазықсыздардың репрессияға ұшырап, атылып түрмеге қамалғаны, тағы басқа зардаптарға қарамастан сол сәтін "ең бақытты елдің азаматтарымыз" деп мақтаныш тұтты. Ақиқатты білетіндер болса, олар үнсіз қалды. Өйткені, қылышынан қан тамып тұрған қанішер Сталиннің жандайшаптарынан зәрезап болғандар бір-біріне сөз айтудан үркіп сақтанатын. Дегенмен, тарихтың аты тарих. Жоғарыда айтылған он бес мемлекет КСРО (Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы) деп аталды. Біз енді сол мезеттегі ата-бабаларымыздың, ана-әжелеріміздің көзқарасымен бағамдасақ, ол кісілердің жан дүниелеріне ене алсақ, тарихқа әділеттікпен қарау болып табылады. Өйткені ол кісілер астанасы Мәскеу болған он бес мемлекет "бір тудың астында бауырмыз", - деген ұранға бек сенген болатын. Сондықтан фашистік Германия Украинаның шетін басып кіргенде, елімізге жау баса-көктеп енді деп, ел басына күн туған алмауыт заман жеткен шақты Ұлы Отан соғысы деп жариялады. Еркек кіндіктілер жаппай соғысқа аттанды. Ауылда жас балалар, қариялар және әйелдер улап-шулап қала берді. Ауыр жұмыстың тауқыметі енді соларға түсті. Қаланың, ауылдың барлық ауыр жұмыстарын тылда қалған қарапайым халық атқарды. Олар таңнан кешке дейін тынымсыз еңбек етті.
Сол азаматтардың ерен еңбектерін 71 жыл бойы мыңдаған том кітаптармен толассыз айтылу арқылы тауыса алмай келеміз. Салыстырмалы түрде қарасақ, сол қария, жас балалар, әйелдердің еңбегі қан майданда болғандардан бірнеше есе асып түсер еді. Жауынгерлерді қарумен де, тамақпен де, киіммен де қамтамасыз еткен солар болатын. Ал енді сол сұрапыл соғысқа жан аямай қатысқан қазақ елінің майданға қосқан үлесі де өте зор болды. Толарсақтан қан кешіп, қыстың аязында, күздің ызғары мен көктемнің суық жауынның астында діріл қағып жүріп, окопта түнеп, қарша бораған оққа қарсы ұмтылып, қыршынынан қиылып немесе қол-аяғынан айырылып, қаншамасы мүгедек болып қалды. Отанға деген ыстық махаббаттары берік болғандықтан осынау адам төзгісіз тауқіметтің бірі де оларды мұқалта алмады. Тіпті жігерлерін шыңдап, өмірге деген құлшынысын арттыра түсті.
Солардың ішінде аты аңызға айналған батырларымыз да болды. Атап айтсақ, Рақымжан Қошқарбаев атамыз. Бұл кісі қырғынды төрт жылдан кейін фашистік Германияны тізе бүктіріп, Рейхстагқа алғашқы ту тіккен адамдардың бірі. Осынау ерлігі үшін "Кеңес Одағының батыры" деген ең жоғары атақпен марапатталды. Бұл - біз үшін үлкен мақтаныш. Одан соң, соғыстың алғашқы жылдарында қоршауда қалған дивизиясын біліктілікпен, алғырлықпен аман алып шыққан, кейінгі ұрпақ үшін аты аңызға айналған - Бауыржан Момышұлы. Бауыржан атамыздың көзі тірісінде ол кісінің өшпес ерлігі жайлы бірнеше том кітап жазылып шықты. Соның бірі Әзілхан Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз» атты атақты кітабы. Өзі қайтыс болған соң "Кеңес Одағының батыры" атағы берілді. Дегенмен атамыз еліміздің жоғары наградасы - "Халық қаһарманы" атағын көзінің тірісінде алуы қуанарлық жағдай. Біздің батыр аталарымызбен қатар қазақтың батыр қыздары да елі үшін қан майданда жантүршігерлікпен шайқасты. Олар Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметова.
Сол үлкен соғыста өз еркімен майданға сұранып, шет жерде "Кеңес Одағының батыры" деген жоғары атаққа ұсынылуы біз сияқты қазақ қыздары үшін үлгі-өнеге. Олардың қайсарлығы, Отанына деген ыстық сезімдері бізді қанаттандырып, масаттандырып, жүрегімізде үлкен мақтаныш сезімін тудырады. Ал енді үйінде жатып, оқты жауынша нөсерлетіп, немістерге ауыр соққы берген адамды білесіздер ме? Ол – сол уақытта жүз жасқа жетіп қалған атамыз – Жамбыл Жабаев. 1941 жылдың күзінде неміс әскері айтса адам сенбес қалың қолмен келіп Ресейдің Ленинград қаласын (қазіргі СанктПетербург) қоршауға алды. Бұны кейін «Ленинградская блокада» деп атады. Екі жарым жылға жуық қоршауда халық өте ауыр шығынға ұшырады. Аштықтан ит пен мысық жеген сәттер де тіркелді. Қақаған қыста көшеде ауру мен аштықтан өлген адамдар шашылып жатты. Осы тұста қарт бабамыз «Ленинградтық өренім» деген жыр шумақтарын жолдады. Ол өлең Ленинградтың барша көшелеріне ұран ретінде ілінді. Бұл өлең қоршаудағы қала тұрғындарына да, совет әскерлеріне үлкен күш жігер беріп, рухтарын күшейтіп, іштерінен жеңіске деген сенімдерін арттырып, жауға жігермен ұмтылып, жеңіске жетуге үлкен септігін тигізді.
Бородино селосының маңында Төлеген Тоқтаров немістердің штабына көзсіз батырлықпен басып кірді. Осы ерлігі бағаланып «Кеңес Одағының батыры» орденіне ие болды. Біздің батырларымыз әуеден де жаудың есін шығарып үлкен шығынға ұшыратты. Олар екі дүркін «Кеңес Одағының батыры» атағын алған Талғат Бигелдинов, Сергей Луганский сияқты даңқты батырлар. Генерал-майор И.В. Панфилов басшылығымен Мәскеу түбінде қалың жауға тосқауыл болған 28 панфиловшылардың батырлығы мен ерен ерлігі аңызға айналған. Олардың барлығы дерлік қазақстандықтар еді. Тізіп жаза берер болсақ, мақтан тұтар батырларымыз өте көп. Айқас алаңында өшпес ерлік жасаған 500 қазақ «Кеңес Одағының батыры» атағын алды. Бұл батырлық осы Ұлы Отан соғысында тосыннан келмеген еді. Қазақ хандығы құрылғаннан бері осы ұланғайыр жерді аттың жалында, түйенің қомында, найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғап аман алып қалған ата-бабаларымыз бен ана-әжелеріміз еді. Сол қанымызға сіңген батырлық үлгісімен осы соғыста тағы бір дәлелденді. Қазір бір Алланың арқасында ата-бабаларымыз өз жандарын беріп, қасық қаны қалғанша арпалысып, ұрпақ үшін күрескен арман тілектері қабыл болды. Еңбек үміттері ақталып, біз бақытты елде яғни, тәуелсіз, баянды, бейбітшілік жайлаған, гүлденген Қазақ елінде өмір сүріп жатырмыз. Біз соғыспасақ та сол бабалар ерлігін, елдігімізді мақтан етеміз. Еңбегімізді қазақ елінің бай қуатты, бақ дәулетті, алдыңғы қатарлы мемлекетке айналуына арнаймыз, жан-тәнімізбен тер төгеміз және соған бек сенеміз.

Доп      


Мақала ұнаса, бөлісіңіз:


Іздеп көріңіз:
шығарма Отан деп соққан жүрегі туралы эссе шыгарма жеңіс женис 9 мамыр 9 май сочинение на казахском, эссе сочинение про Отан деп соккан журеги на казахском языке скачать день победы 9 мая, эссе шығармалар жинағы жеңіс женис 9 мамыр 9 май жоспарымен, Отан деп соққан жүрегі

Пікір жазу

  • [cmxfinput_gallery][cmxfinput_youtube]