Шығарма: Тәуелсіздік толғауы

Шығарма: Тәуелсіздік толғауы

Жекеева Камшат
11 сыныбы, №15 қазақ мектеп-гимназиясы,
Теміртау қаласы Қарағанды облысы
Жетекші Коныртаева Гульмира Максутбековна
Тәуелсіздік толғауы

Сарғайса да тарихтың ақ парағы,
Ол күндер мәңгі есте сақталады…
Жалған өмір... Сұрапыл соғыс... Сұм ажал... Бұл үш құбылыс талайды тірідей жетім аттандырып, біреудің бал балалық шағын күл-талқан етіп, енді бірінің бейбіт тіршілігін түзелместей етіп жойды. Әрине, өмірдің дегені болады, ал, ажалдың бізді қашан жалмап әкетері бір Жаратқанға ғана мәлім. Соғыс ше?.. Оның алдын алу, болдырмау өз қолымызда емес пе? Жер бетін жалмап, аузын айдаһарша ашып, әлемге алақұйын жалын шашып, жан біткенді жоюға жанталасқан азапты қырғын – екінші дүниежүзілік соғыс. Соғыс жайлы сөз болғанда еріксіз терең ойға батамыз. Сондағы ең алғаш көз алдымызға келетін көрініс: танк пен қарудың құлақ тесер шуылы, бала-шаға мен қатын-қалаштың ауыр зары, ерлердің майданда селдей аққан қаны мен күйреп біткен шаңырақ... Осы ауыр да азап көрініс көз алдымыздан кетіп, мұңға толы естелікке айналған шақта, көп арам шөптің ішін жарып өскен ақ уызды гүл секілді, сол мұңға толы жылдардағы езуімізге күлкі үйіретін жайт – ата-баба жеңісі...
Ұлтымыздың, біздің жеңісіміз! Әр еске алған сайын ерекше күйге бөлейтін, жаннан қымбат тәуелсіздігіміздің қайнар көзі болған «Жеңіс күніне», міне, биыл 71 жыл толмақ. Осы жойқын соғыстың салдарынан талай жас қыршынынан қиылып, талай бала ата-анасынан, талай ана жан сүйеуі мен әлдилеген баласынан айырылды емес пе?.. Ал, ең өкініштісі, біраз қандасымыз өз Отанынан айырылып, шет елдерге еріксіз қоныс аударды. Мұның барлығы – қиямет қырғынның қан қайнатар салдары. Осы орайда, жанға жылу беріп, үзілген үмітті қайта жалғаған – Ұлы жеңісіміздің арқасында келген баға жетпес «тәуелсіздігіміз». Ал, сол манадан бері тілге тиек етіп отырған тәуелсіздік деген не? Оның өмірлік маңызы қандай? Тәуелсіздік – әлемде ешбір нәрсеге айырбасталмайтын, жоғалса қайта таптырмайтын, бүгінгі күніміздің жарқын болып, ертеңімізге нық сеніммен аяқ басуымыздың кепілі. Тәуелсіз болу – еңсеңді биік ұстап, «қазақ» екеніңді кеудеңді кере мақтан етіп, өз мүддеңді талап етіп, өркениетке бастар жолдың жолбасшысы болу. Ал «оның мәні неде?» деген сұраққа жауапты ең әуелі ата-бабаңның сол азаттық жолында қиған жанынан, содан соң, өзіңнің жұдырықтай жүрегіңнен іздегейсің. Шеті-қиыры жоқ кең өрісті «тәуелсіздік» жайлы Елбасымыз өзінің «Тәуелсіздік толғауында»: «Тәуелсіздік – сан буын бабалардың қасиетті жеріміздің әрбір қадамын қорғау үшін төгілген өлшеусіз қаны мен терінің өтеуі» – деген жолдары еркіндік елінің «кілті» болған батыр баба ерлігін айқындай түскендей.
Ата-бабаларымыздың жасаған құрбандығының құнын бұдан да терең түсінуге мына мысал жетелейтіндей. Адам бейне бір балық секілді. Су астындағы балықтар құрлықта өмір барын білмегеніндей, адамдар да екінші өмірдің бар не жоқ екенін, оның қандай болатынын білмейді. Балықтар адам тастаған қармаққа ілініп қалып құрлыққа шыққан соң, онда да өмір барын және ажалдың күтіп тұрғанын біледі. Ал, біздің майдангерлеріміз сол фашистердің құрған қармағына өздері ілініп, бізді қорғау үшін құрбан болғандай. Тек балықтардан айырмашылығы олар соғыс майданында өздерін не күтіп тұрғанын білді және біле тұра өз басын бәйгеге тікті. Сондықтан да, елбасымыз айтпақшы, әр атқан арайлы таңымыз бен тәуелсіздіктің арқасында көрген рахатымыз үшін ата-баба рухына мәңгі қарыз болып қалмақпыз. Оқ пен гүл... Оқ – қыңыр, кекшіл, қатал. Ол – бейне бір ажалдың елшісі. Гүл – әсем, көңілді, шуақты өмір. Гүл өмірін құрбан етіп, оққа ұшқан, ұлт ұранына айналған Әлия мен Мәншүк, Қасым мен Бауыржан, Баубек пен Рақымжан секілді өр тұлғалар есімі ел жадында мәңгі сақталмақ. Махамбет айтпақшы, ереуіл атқа ер салмай, егеулі найза қолға алмай, еңку-еңку жер шалмай, ұлты үшін туған ер екенін іс жүзінде көрсететін қиын-қыстау шақта ұлт ұландары батырлық пен ержүректіліктің ел тамсанар үлгісін көрсетті.
Мұның бәрі не үшін? Селдей аққан қан, қарша бораған оқ пен зарға толы көз жасы... Соғыс жылдарында беріле салып, бұл қасіретті тартпау мүмкіндігі де бар еді. Бірақ ата-баба санасында бұл ойлар болған да жоқ. Олар тек келер ұрпақ амандығын ойлады. Осы орайда Баубек Бұлқышевтың «Заман біздікі» әңгімесіндегі: «О, жастар! О, құрбылар! Біз келешек ұрпақтардың алдында жауапты болмайық, біз олардың келешегін өртке шалдырмаймыз,» – деген жолдары еріксіз ойыма оралды. Демек, бұл көрген тауқыметтің барлығы өр көкірегін оққа тосқан бабалар жаны тек біз үшін, біздің келешегіміздің жарқын болуы үшін құрбан болды.
«Отан үшін күрес, ерге тиген үлес» деп ұрандатып шапқан бабалар ерлігін, сұрапыл заманда «қорқу» деген сезімді жүрегінен жұлып, от кешкен қазақ қыздарының қайсарлығына тәнті болдық. Енді бір сәтке өзімізді азап пен мұңға толы сол дәуірдің адамы деп елестетейік. Сол аға-әпкелеріміздің ерлігін қайталай алар ма екенбіз? От кешкен ұландар басып өткен жолмен жүруге өн бойымыздан батылдық таба аламыз ба? Мұндай көкейкесті сұрақтарға лезде жауап беру мүмкін емес. Өйткені, Баубек атамыз айтпақшы, «Елім-ай» десе, ол ант! Ол – серт! «Иә» деген жауабымыз ел алдында берген антпен тең. Бұл антты ердің ері ғана бере алады. Алайда, жан шыдатпас азаппен келген Ұлы жеңісті, тәуелсіздікті көз қарашығындай сақтау – біздің қасиетті парызымыз.
Ұлы жеңіс күні – бірлік пен елдіктің арқасында көріп отырған арайлы таңымыз үшін жан пида еткен ерлерді еске алатын күн. Елбасымыз «Үдеудің сыры – бірлікте» демекші, жұдырықтай жұмылған майдангерлер арқасында бүгінгі күнге жеттік. Одан әрі бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып әрекет етсек, өркендеген Қазақ елінің беріктігін одан әрі бекемдер едік.
Туы желбіреген азат та абат ел ата-бабаларымыз арманы болды. Сол арманға енді, міне, біз қол жеткіздік. Олардың қанды күресінің жемісін біз көрдік. Тәуелсіздіктің тал бесігінде тербеліп, қыран құсы қалықтаған көк аспанымыздың астында баянды да бақытты ғұмыр кешудеміз! Ұлы жеңісіміз мәңгі салтанат құрып, «Мәңгілік Ел» ұланымен бірге жаңғыра бергей!

Доп      


Мақала ұнаса, бөлісіңіз:


Іздеп көріңіз:
шығарма Тәуелсіздік толғауы туралы эссе шыгарма жеңіс женис 9 мамыр 9 май сочинение на казахском, эссе сочинение про Тауелсиздик толғауы на казахском языке скачать день победы 9 мая, эссе шығармалар жинағы жеңіс женис 9 мамыр 9 май жоспарымен, Тәуелсіздік толғауы

Пікір жазу

  • [cmxfinput_gallery][cmxfinput_youtube]