Қазақша шығарма: Ұста
Ұста — шебер, ісмер адам. Түрлі материалдардан тұрмысқа, күнделікті өмірге қажетті заттар, бұйымдар жасаған. Ұстаның негізгі құралдары: көрік, төс, ерітетін ожау, балғалар, көсеу, бұрғы, қашау, егеу, шеге, сым, қалыптар. Ұста қалыпта құю, соғу, шегендеу, қара бағдар қондыру, зер жүргізу, сіркелеу сияқты тәсілдерді қолданған. Қазақстан аумағындағы ұсталық өнер қола дәуірінен бастап кеңінен дамыған. Жасайтын материалына не бұйымына қарай дәстүрлі қазақ қоғамында ұсталар мүйізші, ерші, тоқушы (шыбық тоқушы), ағаш оюшы, сазгер, майдагер, мыскер, балғашы, таспашы, бәдізші, темірші, т.б. болып бөлінген. Көпшілік ұсталар ұсталықтың бірнеше түрін меңгерген. Халық арасындағы мәліметтерге қарағанда ұсталықпен бастапқыда бақсылар айналысқан. “Тәңірдің өзі жіберген іс істеуші адамдар” деп оларға халық аса құрметпен қараған. Темірші ұсталар өз ісіне кірісер алдында мал сойып, қан жағу, сүт шашу сияқты жоралғыларды жасап отырған және рухани тазалыққа мән берген. Ұсталар темірді төске басар кезде “менің қолым емес, Тәңірдің қолы” деп табынған. Мұнда “мен жасағам” деген менмендіктен арылу, сақтану бар. Жаугершілік заманда темірші ұста мен берен ұста өнері батырлықпен бірдей бағаланған. Себебі олар әрбір жауынгерге ең кемі бес қаруын, сауыт-дулығасын, т.б. қажетті заттарын тез арада дайындап беріп отырған. Ерші ұстаның қолынан шыққан ер-тұрмандар бірнеше малға бағаланған. Ұлттық саз аспаптарын жасайтын белгілі сазгер ұсталардың да туындыларын қазақ сал-серілері арнайы алдыртқан, тапсырыс берген. Дәстүрлі қазақ қоғамында ұсталық киелі кәсіп ретінде бағаланған. Ұста дүкенін, көрігін, құрал-саймандарын да киелі санаған. Ұсталық кәсіп ұрпақтан ұрпаққа жалғасып отырады.
Мақала ұнаса, бөлісіңіз:
Іздеп көріңіз: