Шығарма: Мақтанышым – қазағым!

Шығарма: Мақтанышым – қазағым!

Махметов Райымбек
№4 балалар үйінің тәрбиеленушісі
Степногорск қаласы
Жетекшісі: Шапауова С.А.

«Айналайын халқымнан қазақ деген» деп өлең жолдарында айтылғандай, осыдан бірнеше ғасыр бұрын тарих сахнасында «қазақ» деген атаудың пайда болғаны қандай керемет десеңізші! Содан бері талай тар жол, тайғақ кешкен қазағымды мен мақтан етем, құрмет тұтам. Біраз тарих тұңғиғына үңілсек, қазақ халқының талай жаугершілік заманды бастан кешіргенін білеміз. Сол кезден-ақ қазақ халқы ар мен намысты алға қойып, қасық қандары қалғанша кең байтақ жерімізді жаулардан қорғап қалған. Бөгенбай, Қабанбай, Жәнібек, Жауғашар, Қарасай сияқты батыр тұлғалар ел басына күн туғанда қалың қолын бастап, қазақ халқын бір мақсатқа жұмылдыра білді.
Бертін келе XVIII ғасырда Ұлы империяға тәуелді болуы да халқымызды қиыншылықтан көзін аштырмады. Халықты қорғаймын деп өзіне бағынышты еткен империяның малдың ізінде жүріп көшпелі өмір салтын ұстанған, момын халыққа көрсеткен қиындықтары да аз емес еді. Алайда, қазақ тыныш жатқан момын халық болғанымен, бір-екі шалыс басқан қадамыңды кешірер-ау, бірақ тағы қайталап шамына тиер болсаң, қылыштай шауып түсірер айбаты да жетерлік. Сонау сақ заманынан қанына сіңген осы қасиеті халқымыздың тәуелсіздікке деген қадамына жол ашты. Осы кезден бастап, ата-бабаларымыз егеменді ел болуды аңсап, ұрпақтарының ешкімге тәуелсіз мемлекетте туып, бейбіт өмір кешсе екен деп армандап кеткен.
Міне, Қазақстанның тарих сахнасынан ойып тұрып орын алып, Тәуелсіз ел болып құрылғанына 22 жыл толып отыр. Бүгінгі Қазақстан - Еуразияның жүрегінде орналасып, тату-тәтті өмір сүріп жатқан көпұлтты мемлекет. Аз уақыттың ішінде еліміз бізден едәуір уақыт бұрын тәуелсіздіктерін алған мемлекеттерді еңсеріп, спорт, білім, ғылым, мәдениет, өнер жағынан әлемнің алпауыт елдерімен терезесі теңеле түсуде.Татулық пен бірлікті алға тартқан Елбасымыз көш бастап, Қазақстан бүгінде Орта Азиядағы дамушы елдерден алда келеді. Әлемдік дәрежеде спорттық жарыстарды ұйымдастырып, мықты деген елдердің ұйымына төраға болып, дүние жүзіне аты әйгілі , өзінің қандай ел екенін уақыт өткен сайын дәлелдей түсуде. Тәуелсіздігін алған күннен бастап Қазақстан дамудың жаңа сатысына көтеріліп, талай биік белестерді бағындырып келеді. Өзге елде жалауымыз көк аспанда желбіреп, рухымызды асқақтатар айбынды Әнұранымыз шырқалғанда, әрбір қазақстандықтың жүрегінде еліне деген мақтаныш сезімі орнайды.
Бүгінгі Қазақстан – тек өзі орналасқан аймақта ғана емес, бүкіләлемдік проблемаларды талқылауда және шешуде ықпалды рөл атқаратын ел. «Қаз тұрып, қадам басқан тәуелсіздік сәбилік тұсауын өміршең уақытқа кестірген кезден бастап , осынау 20 жылдың бедерінде айшылық жерді алты рет аттаған алып секілді, дәуір жалынын мығым ұстап, тізгінін бекем қаға білді » - деп Елбасымыз айтқандай, егемен Қазақстанды бүгінде барша әлем танып отыр.
Өз басым тәуелсіздіктен кейін туылған буынның өкілі бола тұра, бұл Егемендіктің қандай жолмен келгенін жақсы білемін. Қазақстан үшін, қазақ халқы үшін тәуелсіздік аспаннан түскен сый емес еді. Халқымыз бостандықты аңсап, Тәуелсіздікке зарығып жетті. Тәуелсіздік жолында еліміз аз қиыншылық көрген жоқ. Тәуелсіздік – ата-бабамыздың ежелден келе жатқан арманы. Халқымыздың бостандыққа ұмтылысының және өшпес қайсар рухының арқасында тәуелсіздікке қол жеткіздік. Бұл күнге дейін жеткен ұмытылмас оқиғалар – ел бостандығын қорғау соғыстары мен ұлт-азаттық көтерілістердің тарихымызда өшпес өнеге, өлмес мұра ретінде сақталатыны рас. Елдің біртұтастығы мен тыныштығын сақтауға хан-сұлтандар, батырлар, қарапайым халықтың өзі де жандарын пида еткен. Тәуелсіздік деген ұлы жеңіске қол жеткізуде әлі де жаңғырып тұрған кешегі Желтоқсанның да септігі аз болған жоқ – студент жастардың көшеге шығып үндеуі және егемендік үшін зардап шегуге дайын екендігін көрсете білуі барша халыққа сенім мен жігер берген болатын.
Қазіргі таңда Тәуелсіздік - барлығымыз үшін ерекше қасиетті күн. Бірліктің, ынтымақтастық пен татулықтың күні. Мемлекетіміздің тәуелсіздігі ең алдымен халқымыздың бақыты. Алғашқы жылдарда басым мақсаттардың қатарында егемендікті нығайту, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, экономикадағы қиыншылықтарға жауап беру болған еді. Сондықтан бүгінгі күні халқымыз өткеннен қалған тарихи өнегені, отансүйгіштікті, ұлтына деген махаббатты жоғалтпай, әрі қарай жастардың патриоттық сезіміне енгізуге ерекше көңіл бөлуі керек деп ойлаймын.
Тәуелсіздігімізді жариялағаннан бергі мезгіл ішінде көптеген елеулі табыстарға қол жеткіздік. Еліміздің тыныштығы мен қауіпсіздігі, көп ұлтты Қазақстан халқының жарастығы мен ынтымақтастығы Президентіміздің жүргізіп отырған парасатты көреген саясатының нәтижесі.
Біздер дана, дара,данышпан Абай атамыздың « Біріңді қазақ,бірің дос көрмесең істің бәрі бос», Төле бидің «Бірлік жоқ жерде - тірлік жоқ», Бауыржан Момышұлының «Отан үшін отқа түс, күймейсің»деген өсиет-өнеге сөздерін мәңгі жадымызға нық түйген «Бостандық, Бірлік, Бейбітшілік » ұрандарын ұстанған, жайсаң да жайбарақат халықтан құралған экономикасы тұрақты, халқы тату, ынтымақ ордасы – Қазақстанда тұрамыз. Қазақстан - қазақ халқының ата-баба мекені, ежелгі қонысы. Еліміз өлшеусіз табиғат байлығымен ғана емес, ең алдымен сан түрлі ұлттардан құралған халқымен ерекше екенін ұмытпаған абзал. Бүгінгі бейбіт те шуақты күндерді бағалай отырып, жаңа биіктерге ұмтылу – біздің буынның бағыты болуы тиіс. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев: «Жаңа Қазақстанды құруға қажетті тірек, бұл – халықтардың достастығы, өзара түсіністік және ынтымақтастық»,-деп тоқталғанын білеміз. Ендеше, біз де Жаңа Қазақстанның іргесінің бекемдене түсуіне өз білімімзбен, тәртібімізбен, бір-бірімізге деген сыйластығымызбен үлес қосуымыз қажет.
Мен осындай бейбітшілікке және өзара түсіністікке толы керемет мемлекетте дүниеге келгенімді мақтан тұтамын.

Доп      


Мақала ұнаса, бөлісіңіз:


Іздеп көріңіз:
шығарма Мақтанышым – қазағым! туралы эссе шыгарма казакша сочинение на казахском, эссе сочинение Мақтанышым – қазағым! на казахском языке скачать бесплатно, эссе шығармалар жинағы жоспарымен, казакша эссе шыгарма жоспар, Мақтанышым – қазағым!

Пікір жазу

  • [cmxfinput_gallery][cmxfinput_youtube]