Шығарма: Салт пен санамыз егіз болсын десек

Шығарма: Салт пен санамыз егіз болсын десек

Лепесов Дастан
8 сынып, Бейнеу лицейі
Бейнеу ауданы
Жетекші: Момынова Индира

Салт – дәстүр, әдет-ғұрып ұғымы тек қазаққа ғана емес барлық ұлтқа тән ұғым. Ежелден сол елдің нанымы мен танымы, сенімі мен ұғымы негізіндегі құрылым болып табылады. Қай халықтың болмасын салт-дәстүрлері сол халықтың мінез-құлқын, қасиеттерін таныта алады. Қазақтың қанына сіңген қасиеттері: бауырмалдығы мен ақжарқындығы, қонақжайлығы мен қамқорлығы дәстүрінен көрініс табады. Әрине, бұл қасиеттер басқа халықтарда да кездеседі. Сонымен ұлттардың салт-дәстүріндегі мінездері мен қасиеттері бір-біріне ұқсап, бірін-бірі толықтырады. Біздің елімізде салтты қатаң сақтау ерте кездерден бастау алған. Салт-дәстүрдің негізі тәрбиеден тұрады деуге болады. Бұрынғы өткен кезеңдерде салтты сақтамағандар қатаң жазаға да тартылған кезі болғаны әдеби шығармалар мен тарихи шығармалардан белгілі. Қазақ салты мен дәстүрінің мәні үлкенді сыйлау мен кішіге құрмет көрсету, әлсізді демеуден құралады. Ауқымды мәселелерді. Өзге ұлттардың мәдениеті мен танымында да осындай ауқымды мәселелерді ғұрыптарын негізге ала отырып шешкен екен. Бабамыз: «Алты жыл аш болсаң да, атаңның салтын ұмытпа» деген мақал қалдырған екен. Той-думандарда, жиындар мен мерекелерде орындалатын осы қазақ халқының салт-дәстүрлері
оның ұмыт болмағанын паш етеді. Қазақ халқының бұрыннан пайда болған салт-дәстүрлері басқа көршілес жатқан ұлттардың салт-дәстүрлеріне ұқсас болып келетін тұстары да бар. Ғалымдар түркі тілдес халықтардың тілі мен діні ғана емес, ғұрпы да бір –біріне ұқсас екенін айтады. Халықтың салт-дәстүрлері тіршілік кәсібіне, наным сеніміне, өмірге деген көзқарастарына байланысты, ұрпақтан-ұрпаққа берілгенде ауысып, өзгеріп, жаңарып отырады. Қазіргі уақытта өмірдің ағымына сәйкес қазақи құндылықтар өз арнасында күн санап даму үстінде.
Қазақ әдебиетінде әдет- ғұрыптың жұрнағынсыз жазылған шығарма кемде-кем. М.Әуезовтың «Әдебиет тарихы» зерттеу еңбегінен негіз алған қазақ фольклористикасының дені салт- дәстүр негізінде жазылған шығармалардан туратыны белгілі. «Әдебиет- өмір айнасы» дейтін болсақ, адам баласы шырылдап өмір есігін ашқан күннен бастап, бесік жыры - бесікке салғанда, «жар- жар» өлеңі- жастар қосылғанда,сыңсу өлеңі – қыз ұзатылғанда, беташар өлеңі- жас келіннің бетін ашу сәтінде, жоқтау өлеңі-адам дүниеден өткенде айтылатыны белгілі. Абай атамыз айтқандай: «Туғанда дүние есігін ашады өлең, өлеңмен жер қойнына кірер денең» демекші, қазақ поэзиясының бастау алар негізі салт- дәстүр болып табылады. Салт-дәстүрлердің ұрпақ тәрбиесіндегі мәні зор. Ол бала тәрбиесіне байланысты, тұрмыс-салт және әлеуметтік-мәдени салт-дәстүрлер болып үш түрге бөлінеді. Қазақ елі бала тәрбиесіне байланысты әдет-ғұрыптарға аса үлкен мән берген. Баланың дүниеге келген күнінен бері жүргізілетін тәлім-тәрбиелерінен бастап, есейіп азамат болып кеткенге дейінгі кезеңі кіреді. Мысалы: шілдехана, сүйінші, балаға ат қою, бесікке салу, қырқынан шығару, тілін дамыту, тұсау кесу, атқа мінгізу, сүндет той, тіл ашар, ұл бала мен қыз баланы жанұя болуға, шаруашылыққа, еңбекке , өмірге бейімдеу. Ата - бабамыз салтты жоғары деңгейде қолдана білген, киіз үйді де, сәйгүлікті де бабымен жарата, ұлттық киімдерді да нақышына келтіріп тіге білген. Қазақ әдебиетінде дәстүрді бекем ұстап, құмай тазысын ертіп, бүркітін шүйілтіп, тұлпар атты салтанатымен мініп, аңшылыққа шыққан сал- серілер жетерлік. Солардың бірі де, бірегейі Ақан сері «Құлагерін» жоқтаған, Біржан сал сынды сал- серілеріміздің әр басқан ізі салт –дәстүрден ауытқыған емес.
Қазақ әдебиетінің көрнекті көркем шығармаларында әмеңгерлік, қалың мал өтеу салтын ерекше назарға алады. Ә.Кекілбаевтың «Құс қанаты», М.Әуезовтың «Абай жолы», С.Көбеевтің «Қалың малы», т.б қазақ әдебиетінің
бетке ұстар шығармалары салт- дәстүрді ту қып ұстап жазылған шығармалар.Ә.Кекілбаевтың «Құс қанатында» ұлттық тағамдар мен ұлттық киімдер, келін түсіру, бет ашу дәстүрі негізге алынса, қазақ әдебиетінің классигіне айналған М.Әуезовтың «Абай жолы» қазақ менталитеті мен әдет-ғұрпынан тұрады. Салтты сақтамады деп, Қодар мен Қамарды ауыр жазаға кескен Құнанбайдың дәстүрге беріктігі көрініс тапса, С.Көбеевтің «қалың малында» қазақтың қалың мал өтеу салт- дәстүрі көрініс тапқан. Құда түсу рәсімі келісілген соң дала заңы бойынша күйеу жағы «қалың мал» төлеуге тиіс . болғалы бұлжымаған ежелгі дәстүр. Оның мөлшері құдалардың дәрежесі мен дәулетіне байланысты екі жақ келісе отырып шешеді. «Бұрынғы кедейлер арасындағы қалың мал мөлшері бес алты малмен тынса, ірі байлар арасында екі жүз, бес жүз, мың жылқыға дейін жеткен. Би мен байлар, хан мен төрелер арасында қалың мал үстіне «бес жақсы» деп аталатын бес түйеге қосып бір «жетім қыз (күң), «аяқ жақсы» деп беретін үш түйеге қоса бір «еркек жетім» (құл) бергендігі кейбір деректер арқылы белгілі. Қалың малдың «қырық жеті»,
« отыз жетінің бүтіні», «отыз жеті», «отыз жетінің жартысы», «жақсылы отыз жеті», « жиырма жеті», « он жеті», «домалақ қалың мал», «домалақ бата» сияқты түрлері болған. Мұның сыртында той мал, сүт ақы, күйеу апаратын ілу, өлі тірі апаратын, тағы басқа көптеген бағалы кәде, жоралар да болады. Бұған кеңес үкіметі кезінде «қызды малға сату» деп қара күйе жағылып келді. Ал шындығында қыздың жасауы «қалың мал» мөлшерінен кем болмаған. Демек, бұрынғы дала заңында бұл ескерілген сияқты. Әрине «қалың мал» құдалардың дәулетіне байланысты болған. Бұл істе әркім өз шама шарқына қарай белгілеген. Бұрынғы заманда «қалың мал» байлық пен мырзалықтың дәрежесін әйгілейтін көріністің айғағы болғаны шындық. ХІХ ғасырдың алғашқы ширегінде Кіші жүзде Байсақал мен Орта жүзде Сапақ құда болған. Сонда Байсақалдың қызының «қалың малы» бес жүз жылқы болған. Үш жүз жылқы қара малы, жүз жылқы үйге кіргізер, жүз жылқы той малына кетіпті.
Салтты сақтау қылмыстың азаюына, әлеуметтік проблемалардың шешім табуына бірден бір себепкер деп ойлаймын. Оған себеп қазіргі қыздарымыздың бетімен кетуі,өмірінде үлкен қателіктерге орын беруі, жетім балалардың көбеюі айғақ емес пе? Егер ата- бабамыздың ертеден келе жатқан салт-дәстүрі қаймағы бұзылмай сақталса, жетім қалған балалар мен жесір қалған аналар саны көбеймес еді, бұрынғы кездерде ата- бабамыз азаматы қайтса, жарын ру ақсақалы келінінің келісімімен өзі атаған қайнысына қосып, баласын да өзін де қаңғытпаған. Қазіргі күні бұның орнын заң органдарының шешімдері басқан, жалғыз ғана мемлекеттік көмекпен шектеледі. Бірақ, ол жетім балаға әке қамқорлығын, әке тәрбиесін кім береді? Соның нәтижесінде, әке қабағынан қорықпай өскен бала ертең күні қылмыс жасамасына кім кепіл бола алады? . Бұрынғы кезде келін түсіріп жатқан үй қыздың жанұясымен санасып , қыздың үйіне үлкен көмек жасап , қыздың қалыңы деп санаған. «Қалың малды» қызды сату деп түсіндіріп кеткен кеңес идеологиясының әсерінен жағдайы жетпеген ата - аналар қыздарын ұзату үшін, несиеге жүгінеді. Кейін өтей алмау себептермен, суицид қылмыстары көптеп тіркелуде.
Міне, осы мәселенің барлығын алдын ала ойланатын болсақ, ата - бабамыздың салып кеткен сара жолын насихаттап, сол жолмен жүргеніміз жөн деп ойлаймын . Менің осы тақырып туралы ойым, салт – дәстүрді насихаттайтын, жете түсіндіретін бағдарламалар ашылса, ұлттық құндылықтарымызды жариялау мақсатында мектептер мен балабақшаларда іс - шаралардың саны көбейсе екен деймін.

Доп      


Мақала ұнаса, бөлісіңіз:


Іздеп көріңіз:
шығарма Салт пен санамыз егіз болсын десек туралы эссе шыгарма казакша сочинение на казахском, эссе сочинение Салт пен санамыз егіз болсын десек на казахском языке скачать бесплатно, эссе шығармалар жинағы жоспарымен, казакша эссе шыгарма жоспар, Салт пен санамыз егіз болсын десек

Пікір жазу

  • [cmxfinput_gallery][cmxfinput_youtube]