Шығарма: Тәуелсіз 25 жылдағы табыстар мен жетістіктер

Шығарма: Тәуелсіз 25 жылдағы табыстар мен жетістіктер


Тәуелсіз 25 жылдағы табыстар мен жетістіктер

Алатау мен Тянь-Шаньның асқар таулары, көкорай шалғындары, толқындары тулаған қарт Каспий, Балқаштың көгілдір көк айдыны, қарағайлы, қайыңды орманымен көркем Бурабай жері, қасиетті де киелі мекен Түркістан – бүгінгі қазақ елінің мақтанышы. Жер үшін,ел үшін соғысқан ата-бабаларымыздың басынан өткен қиындықтар бүгінгі тарих. Алғаш рет туын тіккен Керей мен Жәнібек Қазақ хандығын құрып, болашаққа жылжуға, дамуға жағдай жасаған. Хандықтың күшеюі мен нығаюына тікелей байланысты Қасым ханның есімі тарихта ойып тұрып орын алады. “Белгілі сұлтан, атақты баһадүр” атанған Қасым ханның ұрпағы да өзі секілді қайратты, парасатты болған. Осы тұста халық батыры Исатай Тайманұлы мен, от ауызды, орақ тілді дауылпаз ақын Махамбет Өтемісұлын айтпай кетуге болмайды. Осындай батырларымыз ұлы хандардың жанында соғысқан. “Есім ханның ескі жолы” деген заңдар жинағымен белгілі Есім хан, қой ұстаған бозторғай жұмыртқалаған заманды орнатқан Тәуке хан, саяси міндеттерді іске асыру әрекеттерімен есте қалған Абылай хан және де орыс әскерлерімен болған шайқайста халыққа жеңіс дәмін таттырған Кенесары хан есімдері тарихта алтын әріптермен жазылған. Кейіннен қазақ жерінің Ресей қол астына кіруі саяси, әлеуметтік-экономикалық жағдайымыздың құлдырауына әкеліп соқты. Тарихқа біраз көз жүгіртсек, ел тағдырын өз тағдырынан биік қойған, ұлтының тұтастығын, жерінің бүтіндігін мұрат еткен хандарымыз, батырларымыз бүгінгі күнге яғни тәуелсіздікке бізді жеткізді. Тарихи оқиғалар мен өзгерістер тоғысында төл әдебиетіміз де дамыды. Ақындар шығармашылығының басты тақырыбы – халық күйзелісі болды. Қазақтардың Ресейге қосылуы халық үшін тағдырдың тепкісі болды, өткен өмірін аңсады, болашақ туралы болжамдары мен ойларын білдірді. Осы кезде қоғамның өзгерістердің жырлаған ақындарды Мұхтар Әуезов “Зар заман” ақындары деп атады. Көптеген батырларымыз бен ақын-жырауларымыз өкіметке қарсы шығамын деп жазықсыз жала құрбандары болды. Жырауларымыз:

Мына заман қай заман?

Азулыға бар заман,

Азусызға тар заман.

Тарлығының белгісі:

Жақсы – жаннан түңілген,

Жаман – малға жүгінген ,

Мұның өзі – зар заман,-

деп, заман әкелген қайғы-қасіретті сипаттаған. Кейіннен бостандыққа, тәуелсіздікке ұмтылған қазақ халқы тарихындағы елеулі оқиға болған желтоқсан көтерілісі орын алды.

Ұлтымыздың мақтанышы Қайрат Рысқұлбеков “Бұл дүниедегі ең зор бақыт – еркіндік. Адамның бостандықтағы бір күні, қапастағы бар ғұмырдан әлдеқайда қымбат,” дегендей бүгінгі күнімізге шүкіршілік етіп, тарихымызды ұлықтап, ұмытпайық.

Қазақстанның тәуелсіз, егемен мемлекет ретінде 25 жылдығы бұрын-соңды болмаған, тарихта ең биік көтерілген шыңы. Бұл – ең алғаш мемлекет ретінде отау тігіп, әлемге өзін паш еткен мереке, есеп жетпес қуаныш. Ойлап көрейікші бізді бүгін тәуелсіз мемлекет ретінде әлем таниды. Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше, үлкен-кіші елдермен қатар халықаралық мәселелерді талқылап шешуге үлес қосуда. Қазіргі таңда өзге мемлекеттермен тереземіз тең, бейбіт кезеңде өмір сүрудеміз.

Ең алғашқы қуанышымыз бұл тәуелсіз, дербес мемлекет болуымыз. Егемендік, бостандық – ең алдымен қазақ халқының алға қарай ұмтылысы мен рухының жемісі. Бүгінгі Қазақстан – өткеннің үлгісі. Қиын-қыстау замандарды артта қалдырып армандаған күнімізге жеттік. елбасымен бірге жаңа табыстар мен жетістіктерге жетуге қадам бастық. Әлем картасында тәуелсіз Қазақстан деген атаумен шығу біз үшін арман еді. Қажырлы еңбек пен ұмтылыстың арқасында арманымызға жеттік. Кейіннен ту, елтаңба және әнұранымыздың бекітілуі өз алдымызға дербес мемлекет екендігімізді дәлелдегеніміз. Егемендігіміздің негізгі нышаны –Ата Заңымыз. Қазақстан Республикасының Конституциялық заңының I-тарау 1-бабы бойынша Қазақстан Республикасы – тәуелсіз, демократиялық және құқықтық мемлекет. Яғни, ішкі және сыртқы саясатымыз дербес белгіленіп, жүргізіледі. Сонымен қатар, өзінің Мемлекеттік тәуелсіздігі басқа мемлекеттер тануы үшін Қазақстан Республикасы ашық . Жалпы, Ата Заңымыз әр азаматтың міндеттері, құқығы жалпы заңдарын және тәуелсіздікті қорғау шараларының қолданылуын түгелімен қамтиды. Ел тәуелсіздігінің негізгі нышаны мемлекеттік тіл. Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі. Терең тарихы бар қазақ тілінің молдығы мен ана тіліміздің мызғымас заңдылықтары сыртқы сұқ көздердің дұшпандық пиғылдарына қарамастан, даму жолындағы кедергілерге мойымай, ішкі дамуындағы саясатын алға жылжытуда. Дегенмен, практикалық жағынан қазақ тілінің мүшкіл халін Президентіміз журналистермен өткен кездесуінде хабардар етті. Жүрегі қазақ деп соққан, рухы мықты әрбір қазақ азаматы қазақ тілін меңгеруден қашпайды. Қазақ жерінде жүргендіктен тіршілігіне керек әр адам қазақ тілін күндердің бір күнінде үйренеді. Сондықтан заман талабы қазақ тіліне келіп тірелетін болса, кеш болса да қазақ тілін меңгеріп алады. Кез келген елдің негізгі шарты – айналымда өз ақшасының болуы. Тәуелсіздігіміздің негізгі нышанының бірі – Ұлттық Валюта теңгенің шығуы. 25 жыл ішінде біз еліміздің саяси және әлеуметтік-экономикалық даму жолында мақтанарлықтай табыстарға куә болдық: бас қаламыз Астана қаласын тұрғыздық және бұл қала әлемдік форумдар өткізілетін орынға айналды, Азиада ойындарын өткіздік, еліміз халықаралық беделді ұйымдарға мүше болуға құқықты болды – Ислам конференциясы, Шанхай ұйымдастырушылық серіктестігі. Біз Қазақстан Халық Ассамблеясы институтын құрдық, қазіргі таңда қайталанбас жұмыстар өткізудеміз және басты құндылығымызды анықтадық – жалпыхалықтық патриоттық “Мәңгілік Ел” идеясы. Осындай жетістіктермізбен қатар бас қаламыз Астана қаласы “Әлем қаласы” сыйлығымен марапатталып, мәз-мейрам болып қалдық. Елордамыздың символы болған “Астана-Бәйтерек” монументі елімізге келген қонақтардың бірінші қызығып баратын жерлерінің бірі. Бүгінгі күнде Астана қаласы – саяси, мәдени, ғылыми, діни мәселелерді қарастырып, оларды шешуде. Қазақстан орны бөлек, алда тұрған ел. Мәселен, басқа елдерге бара бермейтін Рим Папасының, Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Хатшысы, алып мемлекет Қытай республикасы төрағаларының, сол сияқты елдер басшыларының Қазақстанға келуі қазақ бұрын-соңды ойламаған, бірақ тарихымызға енген жаңалық, үлкен бетбұрыс деуге болады. Әрине, бұл күн-түнсіз жұмыс істеу мен ойлаудың нәтижесі.

Кеңес жылдарында біз жабық ел болып, басқа елдермен араласа алмай дамуда қалып қойған едік. Біздегі жоғарғы оқу орындары шетел университеттерімен келісім-шарт жасап, студент, магистранттарды шетел оқу орындарына жіберіп, олардан келген жастарды қабылдап, білім алудың түрлі жолын тапты. Егемендік алғалы ширек ғасырда Қазақстан қалалары, ауылдары гүлденіп өзгеруде. Жаңа орталық – Астананы айтпағанда.Республикамызда нақты жұмыс істейтін нарықтық экономика құрылған. Экономиканың жетекші саласы өнеркәсібіміздің дамуы болып табылады. Өндіруші өнеркәсіп бойынша әлемдік нарықта сұранысқа ие және бәсекелестікке қабілетті мемлекеттердің қатарындамыз. Өндіріс саласымен қатар теміржол саласында да тың жобалар жасалынуда. Теміржол желісінің салынуы елдің экономикасын есептеп халықтан қолайлы жағдай жасау мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар. Ал, экономиканың алтын діңгегі болып күрежол саналады. Бүгінгі күнде елімізде автожол жобасының іске асырылуы қарастырылған. Президентіміз қасиетті орын, киелі мекен деп санаған Түркістан атауының атымен және “Бекет Ата” деп қойған кемелеріміз айдын көлдерге әсемдік сыйлап тұр. Сонымен қатар, табыстарымыздың ең ірісі “Астана” Халықаралық қаржы орталығының, Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрлігінің және Қазақстан Респубикасы Энергетика министрлігінің үш жақты келісімге келуі болып табылады. Осы үш жақты келісім Елбасының алға қойған мақсаттары мен берген тапсырамаларының орындалуына тікелей әсер етеді.

Бүгінгі таңда Ұлт көшбасшысына айналған Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың бастауымен Қазақстан қарқынды даму үстінде. Соңғы жылдары бүкіл әлемді қажытқан қаржы-экономикалық дағдарыс Қазақстанды айналып өткен жоқ. Елбасымыз қиын кезеңде “Дағдарыстан-дамуға” деген жиынды жолдауын ел халқына арнап, дағдарысты еңсеруге ел-жұрт болып кірісуге шақырды, бұл бағыттағы оңтайлы жолдарды ұсынды. Елбасымыздың стратегиялық жоспарында ауыл шарушылығы мен өңірлерді дамыту маңызды рөл атқарады. Президентіміз Н.Ә.Назарбаев ауыл шаруашылығының еліміз үшін маңызын жете түсініп, жаңа XXI ғасыр басында осы саланы дамыту үшін 2003-2005 жылдарды “Ауыл жылы” деп жариялады. Ондағы басты мақсат ауыл шаруашылығы өндірісін дамыту арқылы ауылдарды көркейту еді. Соңғы жылдары еліміздің ауыл шарушалығында оң өзгерістер байқалуда. Бұған негізінен ықпал етіп отырған үй маңындағы жеке шаруа мен фермерлік жекеменшік шаруа қожалықтары. Ауыл шарушылығы саласы – Қазақстан экономикасының негізгі буыны, ежелден келе жатқан дәстүрлі ұлттық кәсібіміз, орны толатын стратегиялық табиғи байлығымыз. Халықтың әл-ауқатының жақсаруы әлеуметтік-экономикалық жағдаймен өлшенсе, ауылдың тағдыры ауыл шаруашылығы дамуымен тікелей байланысты.

Қазақстанның алға қойып отырған ірі жобаларының бірі – EXPO 2017 көрмесі. EXPO 2017 көрмесі – халықаралық деңгейде өткізілетін көрме. Түрлі мемлекеттер осы көрмені өткізу үшін Халықаралық көрмелер бюросына өтініш білдіреді. Сонымен Астана қаласы 161 елдің өкілдерінің дауыс беруі арқылы жеңіске жетіп, EXPO 2017 көрмесі өтетін орын таңдалды. EXPO 2017 ТМД елдерінде өтетін алғашқы халықаралық көрме болып табылады.Елбасымыз EXPO 2017 көрмесінің біздің мемлекет үшін өте маңызды жобалардың бірі екенін айтып өтті. Астанадағы көрме 3 айға созылады және оған әлемнің 100-ге жуық елі мен 10 халықаралық ұйым қатыса алады. Көрмеге 5 миллионнан астам адам қатысады деп күтілуде. Біздің елдің ұсынған көрменің тақырыбы “Болашақтың энергиясы” болып табылады. Бұл тақырыпты таңдаудағы бірінші себебі, ол энергетикадағы сапалы өзгерістер жолы мен оны тасымалдау тәсілдерін іздестіруге бағытталғанын көрсету. Екінші себебі, орнықты энергиямен жабдықтау осы күнде жаһандық көлемдегі негізгі мәселе болып саналатынын түсіндіру. Үшінші себебі, еліміздің дәстүрлі энергиялық ресурстардың елеулі қорына ие бола отырып, баламалы энергия көздерін пайдалану жөніндегі шараларды дәйекті түрде қабылдауда және «жасыл» экономика құру бағытын ұстанғандығы. EXPO бүкіләлемдік бірегей көрмесі – маңызы жағынан дүниежүзілік экономикалық форумдармен, ал туристік тартымдылығы бойынша ең танымал әлемдік деңгейдегі спорттық жарыстармен салыстыруға тұрарлық жаhандық ауқымдағы оқиға.

Енді тәуелсіздікті алғаннан кейін спорт жағынан алған жетістіктерімізді тізбектейік. Алғашқы кездерде хоккей ойындарынан алда тұрған мемлекеттердің бірі болдық. Мәселен, Қазақстан хоккей құрамасы 1993 жылы Словенияда өткен жарыста үздіктердің қатарынан көрінді. Кейіннен, яғни 1995 жылы Азия кубогінің жеңімпазы атанды. Тек қана хоккейден емес бокстан да алда тұрған мемлекеттердің біріміз. Мысалы, Василий Жиров Атланта қаласында өткен ойында қарсыласын тізе бүктіріп , алтын медаль алып келген болатын. Оның ізімен Ермахан Ибраимов, Бекзат Саттарханов, Бақтияр Артаев, Бақыт Сәрсекбаев, Серік Сәпиев, Әділбек Ниязымбетов, Данияр Елеусінов сынды спортшыларымыз еліміздің алтын қоржынын көбейтті. Спорттан тек қана жігіттеріміз емес қыздарымыз да жүлделі орын алып, бізді қуантуда. Оған дәлел, Зульфия Чиншало мен Майя Манезаның ерекше көзге түсіп, қарсыластарының алдын орауы. Ал қазір тек Қазақстанға ғана емес күллі дүние жүзіне танылған Жансая Әбдімәлік шахмат жағынан жарыстарға барып өзін көрсетеуде. Әрине, осындай жетістіктерімізді айтып мақтанып отырғанға не жетсін!? Айтқан жетістіктерміз осы болса, әлі айтпағандарымыз қаншама... Алайда, соңғы уақытта саясат, мемлекеттің ісінен бөлек, спортта да әділдік болмай жатады. Осы мәселе біздің елдің басынан да өтті. Сол себепті ең бірінші өз-өзімізге адал болайық сонан соң еліміздің басынан өткен әділетсіздіктерді саралап, алға қарай жылжиық.

Қазіргі, болашақ Қазақстан – бұл Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұл ы Назарбаевтың тынымсыз еңбегі мен әлемдік қауымдастықтың алдындағы орасан абыройының лайықты нәтижесі. Оның дана саясатының, дара көшбасшылығының арқасында еліміз ерен жетістіктерге қол жеткізді. Әр кездері Ұлт көшбасшысы білім мен ғылымға, ұстаздар мен жастардың әлеуметтік мәселелерін шешуге көңіл бөліп отыратындығы көңілге дем береді. Елбасы саясатын қолдаған кәсіподақтар халықтың әл-ауқаты мен тұрмысының жақсаруына куә болып, азаматтық қоғамның қалыптасуына үлес қосып келеді. Мұның барлығы да бүгінгі тәуелсіздігімізді тұғырлы ету жолындағы Тұңғыш Президентіміз – Елбасының еселі еңбегінің, көреген саясатының жемісі.

Тәуелсіздік- кез келген мемлекеттің үлкен ұлан асыр той қылып өткізетін мерекесі. Халықтың қайта жаңғырып, туылған күні. Болашаққа еркін, үлкен сеніммен қадам басатын ұғым. Ал тәуелсіз ел болу дегеніміз, еңсеңді көтере жүріп, ұрпақтан-ұрпаққа мол мұра болып қалатын салт-дәстүріңді, тіліңді, дініңді қастерлеу деген сөз. Тарихы тереңде жатқан мемлекетіміздің жаңа заманға түлегеніне 25 жыл толды. Бұл кезеңде дүниежүзінің саяси картасында әлемнің барлық мемлекеттері мойындаған қайратты да жігерлі жас мемлекет пайда болды. Осындай күшімізден айырылмауымыз керек. Әр Қазақстан Республикасының азаматы қазақ тілін біліп, дәстүрін құрметтеп, Отынын сүйіп, қорғау керек. Еліміздің жетістіктерінің әлі алда екеніне сенуіміз керек. Тек қана еңбекпен, біліммен, ұмтылыспен және бірлікпен дамытатынымызды ұмытпауымыз керек. Ұлт құндылықтарын берік сақтауымыз керек. Еркін болуға жол таңдаған, егемен еліміз – Қазақстанды көркейтіп, абыройын асырып, берекелі де мерекелі ел екенін, білім мен билік жолын таңдаған кейінгі ұрпақтарға Тәуелсіздік аманат. 25 жылдық бізге тек бақыт пен ырыс әкелсін!

Доп      


Мақала ұнаса, бөлісіңіз:

Ұқсас мақалалар:
» Эссе: Тәуелсіздік жолында
» Сабақ жоспары (ұмж): Қасым хан тұсындағы Қазақ хандығының күшеюі 2-сабақ (Қазақстан тарихы, 6 сынып, ІV тоқсан)
» Сабақ жоспары (ұмж): Тәуке хан тұсындағы қазақтардың қоғамдық-құқықтық жүйесі (Қазақстан тарихы, 6 сынып, ІV тоқсан)
» Сабақ жоспары (ұмж): Не себепті Қ. Жалайыри: «Жәнібек ханның ұлдарының арасында аса белгілі болғаны Қасым хан еді...» деп жазды? 2-сабақ (Қазақстан тарихы, 7 сынып, ІV тоқсан)
» Сабақ жоспары (ұмж): Не себепті Қ. Жалайыри: «Жәнібек ханның ұлдарының арасында аса белгілі болғаны Қасым хан еді...» деп жазды? 1-сабақ (Қазақстан тарихы, 7 сынып, ІV тоқсан)

Іздеп көріңіз:
шығарма Тәуелсіз 25 жылдағы табыстар мен жетістіктер туралы эссе шыгарма казакша сочинение на казахском, эссе сочинение Тәуелсіз 25 жылдағы табыстар мен жетістіктер на казахском языке скачать бесплатно, эссе шығармалар Тәуелсіз 25 жылдағы табыстар мен жетістіктер жинағы жоспарымен, казакша эссе шыгарма жоспар, Тәуелсіз 25 жылдағы табыстар мен жетістіктер

Пікір жазу

  • [cmxfinput_gallery][cmxfinput_youtube]