Шығарма: Отбасы - кішкентай Отан, Отбасы – шуақ мекенім (жоспар)

Шығарма: Отбасы - кішкентай Отан, Отбасы – шуақ мекенім (жоспар)

Алматы обылысы, Сарқан қаласы
№1 мектеп-гимназиясының
6 Б сынып оқушысы
Киприянова Камила Александровна
Жетекшесі: Дуйсенханова С.Б

Отбасы — сыйластық, жарастық орнаған орта, кішкентай Отан.
«Отан – отбасынан басталады» дегендей отанды сүю - отбасынан басталатыны рас! Себебі, отбасы – бала тәрбиесінің ең алғашқы ұжымы. Адамның жеке басының қалыптасуы отбасынан басталады. Оның ер жетіп өсуі, бойындағы алғашқы адамгершілік белгілер отбасында қалыптасады, сондықтан да туған үйдің жылуы – оның көкірегінде көп жылдар бойы сақталып, мәңгі есінде жүреді. Отбасы – табиғат сыйлаған кереметтердің бірі. Жеке адамның бойындағы ар-ұятын, ақыл-ойын, адамгершілігін, мәдениеттілігін тәрбиелеуде отбасы – алғашқы қадам. Отбасы – өте қажетті, басқадай еш нәрсемен өзгертуге болмайтын баспалдақ.
Отбасында адам бойындағы асыл қасиеттер жарқырай көрініп, қалыптасады. Отанға деген ыстық сезім – жақындарына, туған-туысқандарына деген сүйіспеншіліктен басталады. Сол себепті де біз отбасын Отанның кішкентай бір бөлшегі ретінде қарастырамыз.
«Өз үйім өлең төсегім» деген қазақ даналығында айтылғандай өз отбасың, өз үйің әрқашан жылу тартып, жанға жақын болады. Сол себепті де әр адам өз отбасын сыйлап, құрметтей білуі шарт. Себебі қазіргі кезде көп жастар шет елдерде оқып, сол елдерде қалып қояды. Бұдан Отанға деген ешқандай ізгі ниетті байқамаймыз, сондықтан да отбасын қалай қадірлейміз, дәл солай Отанды да қадірлеп, қолдан келгенше аялауымыз керек! Не болса да Отанның бір бөлшегі – отбасыңа ештеңе де жетпейді! Өйткені отбасы – табиғаттың әр адамға сыйлаған керемет бір сыйы!

Отбасы – шуақ мекенім

Жоспар:
1. Жылылық сыйлар жаныңа
2. Әрбір отбасының өзіндік тәртібі
3. Үлкенге – ізет, кішіге – қамқор
4. Бақыттың кілті – бірлікте

Отбасы – әрбір адамның жылы ұясы, құтты мекені. Шыр етіп осынау өмірдің есігін ашқаннан кейін, адам баласы отбасындағы жандардың мейірімі мен махаббатына бөленіп өседі. Сәби шағыңда сол мейірім мен махаббат қаншалықты берілсе, сенің өмірге деген махаббатың да соншалықты болмақ.. Өйткені отбасы жылуы сенің өміріңнің қалыптасуының бірден бір баспалдағы. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген халық даналығы бар. Қанатың қатайып, өз ұяңнан ұшқанда, сенің қаншалықты тәрбие алғаның, ақылың мен парасатың айқындалады. «Өмір – теңіз, жүзем онда демеңіз. Ізгілкпен жасалмаса кемеңіз» деген Рудакидің сөзі бар. Кеме дұрыс болмаса, суға кететініңіз сияқты, отбасындағы тәрбие дұрыс болмаса, жаныңа жылу бермесе, өмір атты теңізде де дұрыс жүзе алмайсыз. Сондықтан әр адам отбасы жылуын сезінуі тиіс. Мейлі ол бала болсын, мейлі ол ана болсын, мейлі ол қарт болсын, ол отбасының мейрімі мен махаббатына бөленуі керек.

Меніңше әр отбасының ішкі тәртібі, ережесі болады. Қатып қалған заңдылық болмаса да, отбасы мүшелері сол қағиданы мойындап бағынуы тиіс. «Тәртіпке бағынған құл болмайды» демекші, отбасы мүшелері ішкі тәртіпке бағынып, атадан балаға жалғасып келе жатқан тәрбиені бойына жинап, өн бойына ар, ұят деген нәрселерді түйіп өссе, жаман адам болмайды. Әр отбасында ата – таусылмайтын шежіре мен ерлікті, әже – сарқылмайтын мейірім мен махаббатты, әке – асқар таудай биіктік пен асқақтықты, ана – күн нұрындай жылылық пен тазалықты, бала - жас шыбықтай өскелеңдік пен шымырлықты, қыз – қызғалдақтай құлпырған сұлулық пен шынайы нәзіктікті көрсетіп тұруы тиіс меніңше.Сонда ғана адам өз өміріне сенімді болып, қарсы соққан дауылдарға қарсы шыға алатын қайрат жинайды бойына. Отбасының бірін-бірі қолдауы өмірге деген сенімділікті арттырады. Ал отбасы тәрбиесінен жылылық, қайрат, махаббат жинай алмаған адам өмірде түбі таяз ағаш секілді. Дауыл соқса, жел соқса қалт-құлт етіп тұрған. Мұндай жандардың не сенімі, не жігері болмайды кеудесінде. «Көкіректе сәуле жоқ, көңілде сенім жоқ. Құр көзбенен көрген малдан неміз артық», - демей ме дана Абай. Сондықтан ішкі заңдылыққа бағынып, бір-біріне сенім ұялатар отбасы жылуы керек әр адамға.

Жасыратыны жоқ, қазіргі қоғамда көңілге түйткіл орнатар жайлар көбірек етек алуда. Жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған, қарттарын қазына деп білген халықпыз біз о баста. Ал қазір ше? Балалар үйі, қарттар үйі деп дабыл қағуда тілшілеріміз. Ананың махаббатына зәру сәбилер мен баланың мейіріміне зар болған қариялар. Бірі терезеге телмірсе, бірі бесікке емес есікке телмірген қос шарасыздар. Апыр-ай! Анасын мен сәбиін жылатып, қалай ас ішеді екен? Қалай ұйықтайды екен? Жаның түршігеді. Бірақ бұл шындық. Біздің қоғамның ащы шындығы бұлар. Отбасы жылуын сезіне алмай өскен бала мен сәбиінен мейірім көрмеген шарасыз қарт. Осындай жайсыз оқиғалардың негізгі бастауы неде дегенде, менің ойыма отбасы жылылығының аздығынан емес пе деген ой келеді. Үлкенге ізет, кішіге құрмет көрсетер кішіліктің азайғаны ма деп қаламын кейде. Кішілік азайған жерде кісілік те болмайды-ау осы. Адамгершілік дейтін асыл қасиетті ала алмай жүр ме отбасыдан. Отбасы туралы сөз болғанда осы сұрақтар мазалайды. Осындай жайсыздықтар болмас үшін отбасындағы үлкен мен кіші арасындағы шынайы сүйіспеншілік пен махаббат сақталуы керек. Оны сақтау үшін ақыл керек. «Ақыл – адам көрігі, ақылдың сабыр серігі»,- Мұхтар Әуезов айтқандай, ақылмен ойлап, сабырмен қарау да үлкен тәрбие.

«Адамның ақылына жүрегі арқылы жол таба біл,- депті бір ғұлама,- ал тікелей ақылына жол тау қанша қиын болса, сонша сенімсіз». Отбасындағы үлкен-кішінің тілін тауып, олардың көңілінен шығуды әркім міндетіне алып, жүзеге асырса ол отбасында бірлік ұялайды. Ал бірлігі бар отбасы – тірлігі бар отбасы. Өйткені бақыттың кілті – бірлікте. Жанұядағы тұтастық, бірлік таптырмас – байлық.Бұл жөнінде тағы да данышпан Абайдың сөзіне жүгінсек те болады.

Әуелде бір суық мұз – ақыл зерек,

Жылытқан тұла бойды ыстық жүрек, - дегендей, тұла бойды жылытар ыстық жүрегімізден махаббат пен мейірім кетпесін, ағайын!
Кобегенова Болар Саттигуловна

Доп      


Мақала ұнаса, бөлісіңіз:


Іздеп көріңіз:
шығарма Отбасы туралы эссе шыгарма казакша сочинение на казахском, эссе Отбасы сочинение на казахском языке скачать бесплатно, эссе Отбасы шығармалар жинағы жоспарымен, казакша эссе шыгарма жоспар, Отбасы

Пікір жазу

  • [cmxfinput_gallery][cmxfinput_youtube]