Қазақша шығарма: Мен қазақ елінің ұланымын

Қазақша шығарма: Мен қазақ елінің ұланымын

Біз тәуелсіздікті ақылмен, ата-баба жолымен алдық деп ойлаймын.
Н.Ә. Назарбаев

1991 жыл - еліміздің «Қазақстан» деген атпен бүкіл әлемге алғаш қадам басқан жылы. Сол сәттен бері міне 20 жыл да өте шықты. Қазіргі Қазақстан әлем сахнасында мақтанарлықтай беделге ие. Жас мемлекетіміз осындай аз ғана уақыттың ішінде көптеген ірі экономикалық, саяси және әлеуметтік жетістіктерге қол жеткізді. Қазіргі таңда Қазақстан жас мемлекет бола тұра, көптеген елдерден әлдеқайда алда. Еліміздің аяғынан нық тұруы, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және экономикамыздың жедел қарқынмен дамуы - қазіргі таңда негізгі стратегиялық бағыттар. Бүгінгі Қазақстан – тек өзі орналасқан аймақта ғана емес, бүкіләлемдік проблемаларды талқылауда және шешуде ықпалды рөл атқаратын ел. «Қаз тұрып, қадам басқан тәуелсіздік сәбилік тұсауын өміршең уақытқа кестірген кезден бастап, осынау 20 жылдың бедерінде айшылық жерді алты рет аттаған алып секілді, дәуір жалынын мығым ұстап, тізгінін бекем қаға білді» - деп Елбасымыз айтқандай, егемен Қазақстанды бүгінде барша әлем танып отыр.

Тәуелсіздік алғандағы алғашқы әрекеттердің арасында мемлекетіміздің ұлттық валютасы - теңгені енгізу, көршілес мемлекеттермен шекараны белгілеп ал­у, Конституциямызды бекіту бар еді. Ата Заңымызға сәйкес Қазақстан және қазақстандықтар ешкімнің же­ріне көз салмайды, бірақ өз жерінің бір сантиметрін де ешкімге бер­мей­ді. Мұндай істердің орындалуы - ерекше тарихи жетістік. Айта берсек 20 жылда жеткен еліміздің жетістігі өте көп. Дегенмен, бұл жетістіктерге жетуде еліміз көп қиыншылықты көргенін ұмытпағанымыз жөн.

Өз басым тәуелсіздіктен кейін туылған буынның өкілі бола тұра, бұл Егемендіктің қандай жолмен келгенін жақсы білемін. Қазақстан үшін, қазақ халқы үшін тәуелсіздік аспаннан түскен сый емес еді. Халқымыз бостандықты аңсап, Тәуелсіздікке зарығып жетті. Тәуелсіздік жолында еліміз аз қиыншылық көрген жоқ. Тәуелсіздік – ата-бабамыздың ежелден келе жатқан арманы. Халқымыздың бостандыққа ұмтылысының және өшпес қайсар рухының арқасында тәуелсіздікке қол жеткіздік. Бұл күнге дейін жеткен ұмытылмас оқиғалар – ел бостандығын қорғау соғыстары мен ұлт-азаттық көтерілістердің тарихымызда өшпес өнеге, өлмес мұра ретінде сақталатыны рас. Елдің біртұтастығы мен тыныштығын сақтауға хан-сұлтандар, батырлар, қарапайым халықтың өзі де жандарын пида еткен. Тәуелсіздік деген ұлы жеңіске қол жеткізуде әлі де жаңғырып тұрған кешегі Желтоқсанның да септігі аз болған жоқ – студент жастардың көшеге шығып үндеуі және егемендік үшін зардап шегуге дайын екендігін көрсете білуі барша халыққа сенім мен жігер берген болатын.

Қазіргі таңда Тәуелсіздік - барлығымыз үшін ерекше қасиетті күн. Бірліктің, ынтымақтастық пен татулықтың күні. Мемлекетіміздің тәуелсіздігі - ең алдымен халқымыздың бақыты. Алғашқы жылдарда басым мақсаттардың қатарында егемендікті нығайту, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, экономикадағы қиыншылықтарға жауап беру болған еді. Сондықтан бүгінгі күні халқымыз өткеннен қалған тарихи өнегені, отансүйгіштікті, ұлтына деген махаббатты жоғалтпай, әрі қарай жастардың патриоттық сезіміне енгізуге ерекше көңіл бөлуі керек деп ойлаймын.

Тәуелсіздігімізді жариялағаннан бергі мезгіл ішінде көптеген елеулі табыстарға қол жеткіздік. Еліміздің тыныштығы мен қауіпсіздігі, көп ұлтты Қазақстан халқының жарастығы мен ынтымақтастығы Президентіміздің жүргізіп отырған парасатты көреген саясатының нәтижесі.

Қазақстан - қазақ халқының ата-баба мекені, ежелгі қонысы. Еліміз өлшеусіз табиғат байлығымен ғана емес, ең алдымен сан түрлі ұлттардан құралған халқымен ерекше екенін ұмытпаған абзал. Бүгінгі бейбіт те шуақты күндерді бағалай отырып, жаңа биіктерге ұмтылу – біздің буынның бағыты болуы тиіс.

11 А сынып оқушысы
Сұлтанова Әсем
үздік шығармалық жұмысы

Доп      


Мақала ұнаса, бөлісіңіз:


Іздеп көріңіз:
мен казак елинин уланымын шыгарма казакша, мен казак елинин уланымын эссе казакша, мен тәуелсіз елдің ұланымын тақырыбына шығарма, мен казак елінің ұланымын эссе қазақша, мен казак елінің ұланымын шығарма қазақша, мен қазақ елінің ұланымын эссе

Пікір жазу

  • [cmxfinput_gallery][cmxfinput_youtube]