Қазақша шығарма: 7 Мамыр - Отан қорғаушы күні (Бақыттың кіндігі – Отан)

Қазақша шығарма: 7 Мамыр - Отан қорғаушы күні (Бақыттың кіндігі – Отан)

Егешова Айым
10 сынып, № 74 ЖББ
Қарағанды қаласы
Жетекшісі: Ходжаев С.Ә.

XX ғасыр аяқталды. Адам адам болып жаралғаннан бері ұлан-асыр даму көшінің өн бойында жер үшін, ел үшін сан қилы дүрбелеңдерді бастан кешірді. Әдетте, осындай дүрбелеңдерден, яғни үлкен аумақтарды қамтыған қанқұйлы соғыстардан соң ғана, әлем картасы аталатын ала қағаз бетіне түзетулер түскен болатын. Солардың бірі Орталық Еуразия алабындағы ғажайып әрі қайталанбас тарихы бар – Қазақстан Республикасы еді. Қазақстан – қазақ халқының ата-баба мекені, ежелгі қонысы. Бұл жерде ата-бабамыз туды, тұрды, өмір сүрді, оның топырағында ата-бабамыздың кіндігі кесілген кең жазира жері.

Тәуелсіз – Қазақ елі. Сол тәуелсіздік жолында ата-бабаларымыз не көрмеді десеңізші?! Еліміздің басынан азап та, аштық та, сұм соғыс та өтті. Әсіресе, әріректен бастасақ, «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» тарихы, беріректе патша үкіметінің отарлау саясатының бастау алуы кезеңінде «Зар заман» ақындарының зарлаған ащы зарындай, шұрайлы жерлерінен айырылып, халықтың әл-ауқаты нашарлап, халықтың салт-дәстүрлеріне нұқсан келіп, «қой үстіне, бозторғай жұмыртқалаған» дәуірінен, туған жерінен айырылып, сол үшін атқа қонған әрі батыр, әрі ақын бабаларымыздың жерін, елін қорғауы біз үшін өшпес тарих пен үлкен мақтаныш. «Білектің күшімен, найзаның ұшымен қорғап», бізге аманат етіп табыстаған сүйікті Отанымызды, қонақ жайлы, ақ көңіл халқымызды, мақтан сүйгіш ұл-қыздарымызды көргенде, дұшпандарың «іші күйсе, тұз жаласын» дегің келеді. Міне, осындай кең байтақ даламыздың жер асты байлыққа толы болса, жер үсітінің сәні бір бөлек...

Еліміздің сол сұлу табиғатына тамсанып, таңдай қақтырар жерлерімізді айтсаңшы! Мұнда аспанмен тілдескен мұзарт шыңдарды, тұңғиығы тұнжыраған жұмбақ көлдерді, ақ жал толқындары асу арғымақтардай көкке шапшыған шалқар теңізді, күні от шашқан шөлейтті, арналы өзен, ну орманды көруге болады. Сондықтан да, толғауы тоқсан жырларымызда – «Ұшса құстың қанаты талады, шапқан аттың тұяғы тозады, Атырауы – айшылық, Қаратауы – күншілік, » - деп толғаған. Еңбеккері маңдай терін тамшылата төгіп жатса, сыршыл ақыны:

Боз жорға, боз інгенді, боз торғайлы,
Боз дала, ием саған, боз басымды!

– деп жүрек лүпілімен суарылған ақ қанатты жырына қосады.
«Отан – оттан ыстық», «Ер ел үшін туады, ел үшін өледі» - деп түйген халықтың қаhарманы Бауыржан батыр: «Отаның үшін отқа түс , күймейсің», - дейді . Міне, біздің халқымыздың атамекенді ардақтау сезімі өте терең, біз үшін туған жерді қасиет тұту – қанға сіңген мінез, ежелгі дәстүр. Бұл таным біздің жанымызға ана сүтімен тараған, ана сүтімен дарыған.
Батырлар жырындағы:

Атам күйеу болған жер,
Анам келін болған жер,
Кіндік қаным тамған жер,

- деген қарапайым жолдарда адамның туған жерге деген шексіз сүйіспеншілігі мен терең де ыстық сезімі бейнеленген.

XX ғасырдың сүргінін бастан кешіп, жаңа мыңжылдықтың табалдырығын жаңғырған қалпында аттаған қазақстан өзінің барша төлтума болмысын, жарқын да бай мәдениетін, ғасырлар қойнауында қалыптасқан салт-дәстүрін, қызық та қилы-қилы тарихын әлем халықтарының алдына жайып салып, құлдығы мен зорлығы жоқ жаңа өмірді жаңғырту үшін , еңбек пен мәдениетті жарастыру үшін, сұлулық пен парасаттың салтанат құруы үшін, жаппай келісімі жарасқан прогресcшіл адамзатпен бір сапта болу үшін жаңаша өмірге қадам басты . Ең бастысы, қазақ халқымен бірге әр түрлі этностардың да Отаны болып табылатын біздің еліміз бүкіл әлемге қоғамдағы татулық пен ынтымақтастықты сақтаудың, әр түрлі ұлттық мәдениеттер мен діндердің үйлесімді дамуына қамқорлық жасаудың жарқын үлгісін көрсетіп берді.

Шыңғыс хан заманында айтады екен : “Құлаш бойым құласа да, тіккен туым құламасын” деп, міне, ендігі тілек – осы. Қазақта “бақыт” деген ұғым бар. Шын мәнінде бақытты болудың негізі: ол – тәуелсіз Отаның, Ұлы тұғырың. Ол – сенің тіккен ордаң. Бақыттың кіндігі – Отан. “Отан” деп лүпіл қаққан жүрек болса , “Отан” деп ағындаған тілек болса, “Отан” деп сыбанған білек болса, “Отан” деп ел үшін егілген, халық үшін қайысқан лек болса, арман орындалды дей бер.

Қазақ – өр халық, білімді халық! Осы білімділігіміздің арқасында біз жаңа ғасырға, жаңа мыңжылдыққа өркениетті ұлт ретінде, тарих сахнасына «Егеменді ел» ретінде ендік. Әлемдік қауымдастықтың көшіне жеке керуен болып қосылдық. Тәуелсіздігіміздің айғағындай, елдігіміздің белгісіндей, алтын күндей Елтаңбамызды, желбіреген көк байрағымызды көргенде, әуелеген Әнұранымызды естігенде бойыңды ерекше бір асқақ азаматтық сезім билейді. Мұны көру, сезіну де бір бақыт, маңдайға біткен бақ емес пе?! Ұлт намысын қамшыласақ, біз алмайтын қамал жоқ...

Доп      


Мақала ұнаса, бөлісіңіз:


Іздеп көріңіз:
Қазақша шығарма: 7 Мамыр - Отан қорғаушы күні (Сәкен Сейфуллин), 7 мамыр отан қорғаушы күні туралы қазақша шығарма, отан коргаушы куни туралы 7 мамыр казакша шыгарма, сочинения на казахском 7 мая день защитника отечества, 7 мамыр ұландар күні шығарма, 7 мамыр отан қорғаушылар күні шығарма, 7 мамыр отан қорғаушылар күні шыгарма, бақыттың кіндігі-отан шығарма, отан туралы шыгарма, 7 мамыр отан коргаушылар куни шыгарма, сочинение на тему 7 мая день защитника отечества на казахском языке

Пікір жазу

  • [cmxfinput_gallery][cmxfinput_youtube]