Қазақша реферат: Уәлиханов Шоқан Шыңғысұлы (1835 - 1865)
Уәлиханов Шоқан (Мұхамедханафия) Шыңғысұлы (1835–1865) – қазақтың ұлы ғалымы, ағартушы, шығыстанушы, тарихшы, этнолог, географ, фольклортанушы, суретші.
Қазіргі Қостанай облысы аумағында (Сарыкөл ауданы Күнтимес мекенінде) дүниеге келген. Бабасы – Абылай Қазақ Ордасының, атасы – Уәли Орта жүздің хандары болған. Әкесі – Аманқарағай округінің аға сұлтаны Шыңғыс Уәлихановтың Күнтимес қыстауында ашқан қазақ мектебінде бастауыш білім алған. Шоқан осы мектепте оқып жүріп өлең, жыр, аңыз әңгімелерді оқуға және хатқа түсіруге машықтанды. Көне шағатай тіліндегі дүниелерді тануды, арабша, парсыша оқу дағдыларын меңгерді. Халық мұрасын жинауды қолға алған әкесіне көмектесе жүріп, «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Едіге» жырларының нұсқаларын жазып алуға қатысты.
1847 жылы күзде әкесі Омбыға алып келіп, кадет корпусына оқуға орналастырады. Оның рухани өсуіне орыс тілі мен әдебиетінің мұғалімі, қазақ, араб, парсы тілдерін білетін шығыстанушы Н. Костылецкий, өркениет тарихы пәнінен сабақ берген айдаудағы поляк оқымыстысы Г. Гонсевский, тарихшы А. Сулоцкий, географ Е. Старков секілді білімдар тұлғалар елеулі ықпал еткен. 14–15 жасар Уәлихановқа мұғалімдері болашақ ғалым, зерттеуші ретінде қараған. Сирек кездесетін көне кітаптарды алып оқуға корпус басшылары тарапынан рұқсат берілгендіктен, ол Жайық, Еділ, Каспий алабын, Оңтүстік Сібір, Байкал, Алтайды зерттеген П. Палластың «Саяхатын», Еділ, Каспий, Орал өңірі тарихы мен этнографиясын жазған П. Рычковтың күнделік жазбалары мен кітаптарының қазақ даласына арналған беттерін қызыға оқып, өзі де жазуға талаптанды. Қазан университетінің профессоры И. Березиннің тапсырмасы бойынша Уәлиханов Тоқтамыстың «Хан жарлықтарына» және Қыдырғали Жалайыридың «Жамиғ ат-Тауарих» атты шығармаларына талдау жасады.
Кадет корпусын бітіргеннен кейін Дербес Сібір корпусының штабында қалдырылып, бір жылдан кейін Батыс Сібірдің генерал-губернаторы Г. Гасфорттың адъютанты қызметіне белгіленеді. Оған ерекше тапсырмаларды орындайтын офицер міндеті жүктеледі. Бұл қызметте ол бюрократтық аппараттың, Дюгамель, Фридрихс, Кройерус, Кури сияқты шенеуніктер мен патша өкіметінің отаршылдық саясаты туғызған әділетсіздіктерді көріп, оларға қарсылығын білдіріп отырған. Шоқан кейінен бұл туралы достары Ф. Достоевский, А. Майков, В. Курочкин, К. Гутковскийге жазған хаттарында ашып айтады.
1855 жылы ол генерал-губернатор Гасфортпен бірге Жетісуға келіп қайтады. Осы сапарда ол қазақ ауыз әдебиетінің үлгілерін, тарихы мен этнографиясына қатысты материалдар жинап қайтады. 1856 жылы Ұлы жүздің приставы М. Хоментовский басқарған әскери-ғылыми экспедиция құрамында Ыстықкөл алабын картаға түсіру, қырғыз елін зерттеу жұмыстарына қатысады. Сол аймақтың фаунасы мен флорасын зерттейді. Қираған көне қалалардың орнына, эпиграфиялар мен тас мүсіндерге назар аударады. Қырғыздардың бұғы, сарыбағыш, солты руларының арасында болып, қырғыз халқының шежіресін, өлең, жыр, аңыз-әңгімелерін, соның ішіңде «Манас» жырын жазып алады. Сол жылдың тамызында Қытаймен арадағы сауданы жолға қою мақсатымен Құлжаға Ресейдің өкілі болып баруға тиісті полковник Перемышельскийдің орнына Құлжаға барып, Қытай мен Ресей арасындағы шекара дауын шешуге атсалысады. Уәлихановтың Құлжа сапарынан кейін Ресей мен Қытай арасында «Тарбағатай келісімін» жасаудың негізі қаланып, Құлжа мен Шәуешекте орыс консулдығы ашылған. Құлжада 3 айдай болған Уәлиханов күзде Омбыға оралады. Қашқариядағы мұсылмандар көтерілісін, Құлжа, Ақсу маңындағы елдің маньчжур әулеті билеушілеріне наразылығын бақылау үшін 1857 жылы қайтадан Ыстықкөл қырғыздарына жіберіледі. 1856–1857 жылғы алғашқы саяхаттарының ғылыми нәтижелері Уәлихановтың «Ыстықкөл сапарының күнделігі», «Қытай империясының батыс провинциясы мен Құлжа қаласы», «Қырғыздар туралы жазбалар» атты еңбектерінде баяндалған. Осы сапарларында Уәлиханов қырғыз тарихының мәселелеріне, әсіресе, қырғыздардың Енисей алабын, Памир, Алтай тауларын бір мезгілде қалайша мекендегеніне ой жіберген. Саян – Тянь-Шань аралығы қырғыздардың көші-қон мекені болғаны жайлы ғылыми мәселені қолға алған. 17–18 ғасырлардың жазба деректерін сүзуге кіріскен Уәлиханов 1856 жылдың қысын Батыс Сібір облыстарының мұрағатын ақтарумен, Алтынхан, Жоңғар заманының құжаттарын іздеумен өткізген. Сөйтіп, Сібір мен Тянь-Шань аралығында көшіп жүрген қырғыздар Алатаудың автохтонды тұрғыны екенін тарихта тұңғыш рет анықтаған. Сол көне заманда қырғыздар Енисей алабымен тығыз байланысты болғанын, Енисей мен Алтай, Жоңғар даласы, Тянь-Шань — бәрі біртұтас географиялық аймақ болып тұрғанын дәлелдеген. Қырғыздар жөніндегі шығыс жазба деректерін де зерттеген. Алтай мен Тянь-Шань арасында 17 ғасырда Ойрат (Жоңғар) мемлекеті пайда болғанда ғана қырғыздардың Енисеймен байланысы тоқталғанын анықтаған. Бұл зерттеуінде Уәлиханов қырғыздың көне тарихы туралы еңбек жазған географ К. Риттердің, А. Гумбольдтың, шығысты зерттеуші Шотт пен Клапроттың пікірлерін сынға алған. Уәлихановтың тарих, география саласындағы еңбегінің даңқы Петербург ғалымдарына жетіп, 1857 жылы ақпанның 27-інде 20-дан жаңадан асқан Шоқан Орыс география қоғамына толық мүшелігіне сайланады.
1858–1859 жылдардағы Қашқарияға сапары Уәлихановтың ғылым, ағартушылық саласындағы шығармаларының жаңа белеске көтеріліп, дәуірлеп өсуіне жол ашты. 13 ғасырдың соңғы ширегінде Марко Поло, содан 1603 жылы саяхатшы Гоес қана болған Қашқарияның географиясы, саяси құрылысы, мәдениеті мен тұрмыс-салтының ерекшелігі туралы үш жарым ғасыр бойы Еуропа ғылымында елеулі мәлімет болмаған. Еуропалықтарға жабық болып есептелетін Қашқария билеушісі Уәлихан-төре Шоқаннан бір жыл бұрын Үндістан арқылы барған немістің белгілі географы Адольф Шлагинтвейттің басын кескен еді. Экспедицияны Қашқарияға жіберу туралы шешімге 1857 жылы тамыздың 22-інде Александр II қол қойған. Соғыс министрі Сухозанеттің тапсыруымен экспедицияны ұйымдастырған Гасфорт Айрықша Сібір корпусында Уәлихановтан басқа офицердің экспедицияны басқара алмайтындығын ескеркен. Сөйтіп, Жетісуда жүрген Уәлиханов экспедицияға аттануға тиісті Қарамола жотасының етегіндегі Сарыбас ауылына 1858 жылы маусымның 28-інде келіп, Семейде жабдықталған арнаулы керуенге қосылады. Қыркүйектің 19-ында керуен Зауқы өзеніне жетіп, Сырт арқылы Қашқарияға бет алған. Зауқы асуының оңтүстігінде Тянь-Шаньның Сырт деп аталатын биігінде Уәлихановқа дейін география тарихында ешбір географ болған емес. Сырттың өсімдік және жануарлар дүниесінің ерекшеліктерін, орографиясын, табиғаты мен климатын әлемдік география ғылымында тұңғыш рет Уәлиханов сипаттап берген. Қашқарияда 1858 жылғы қазанның 1-нен 1859 жылғы наурыздың ортасына дейін болған Уәлиханов Қашқар қаласы мен Алтышаһар елін зерттеген. Ол кезде Алтышаһар деп солтүстіктен Тянь-Шань, оңтүстіктен Кунь-Лунь тауы қоршап тұрған Қашқар, Ақсу, Үштұрпан, Янысар, Жаркент, Хотан қалаларын атайтын. Қоқан ханының Қашқардағы сауда консулы әрі саяси резидентінің жәрдемімен Уәлиханов Қашқардың экономикасы, саяси құрылысын зерттеп, тарихы мен этнографиясынан көптеген материалдар жинаған. Әр аймақтан келген саудагерлермен, Қашқарияның саяси қайраткерлерімен, ғалымдарымен, ақындарымен кездесіп, Алтышаһардың өткен тарихы мен бүгінгісі туралы нақтылы деректерді анық білетін кісілерден алып отырған. Жергілікті ғалымдардан сирек кездесетін шығыс қолжазбаларының бірнешеуін қолға түсіріп, нумизматикалық коллекция, гербарий, тау жыныстарының коллекциясын жасаған. Осы экспедиция барысында ол бейтаныс елді жан-жақты сипаттайтын, әскери, саяси, экономикалық, сауда-саттық жағынан үкіметке де, ғылымға да керекті бай материал мен сирек кездесетін деректер әкелген. Оның материалдары көп ұзамай неміс және ағылшын тілдерінде жарияланды.
Осыдан кейін Петербордағы ғалымдар, Бас штаб пен Сыртқы істер министрлігі Азия мәселесі жөнінен Уәлихановты үлкен бедел тұтқан. Солардың ұсынысымен II Александр патша Уәлихановты Азия департаментіне қалдыру туралы 1860 жылы маусымның 15-інде бұйрыққа қол қойған. Петерборға келген Уәлиханов бірнеше мекемеде (Бас штабтың әскери-ғылыми комитетінде, Азия департаментінде, Орыс география қоғамында) қатар жұмыс істеп, Петербор университетінде лекция тыңдаған. Бас штабтың әскери-ғылыми комитетінің тапсыруы бойынша Орталық Азия мен Шығыс Түркістанның карталарын жасаған. Оның редакциясымен «Балқаш көлі мен Алатау жотасы аралығының картасы», «Құлжа қаласының жобасы», «Ыстықкөл экспедициясының қорытындысына қосымша карта», т. б. дайындалған. Орыс географиясы қоғамы мүшелеріне Шығыс Түркістан, Тянь-Шань, Жетісу тақырыбы бойынша лекция оқыған.
Аз өмірінде Уәлиханов Орталық Азия халықтарының тарихына, географиясына, фольклорына және қоғамдық-саяси құрылысына арналған көптеген құнды еңбектер қалдырған. Қазақстан географиясында Балқаш пен Алакөлдің бұрын біртұтас су айдыны болғандығы және Жоңғар қақпасынан соғатын Ебі желі туралы ғылыми деректерді алғаш келтірген. Ортағасырлық деректер мен ауыз әдебиеті үлгілері негізінде «Қазақ шежіресі» атты еңбек жазған. 1856–1858 жылдары ол Жетісуда Алматы, Қойлық, Алмалық қалаларының ескі жұртын зерттеп, көне заманның теңге ақшаларынан коллекция жасаған; Іледегі Таңбалы тас мекенін, Шолақтау мен Жоңғар қақпасындағы жартас жазуларының көшірмесін жасаған және Аягөз бен Ыстықкөл жағасындағы тас балбалдардың суретін қағазға түсірген. Ыстықкөл, Құлжа, Қашқар сапарының күнделіктері, «Көкетай ханның асы», «Оңтүстік Сібір тайпаларының тарихы туралы пікірлер» — бәрі де сол кезеңнің үздік туындылары. Ғылыми еңбектері ішінде Жетісу, Ыстықкөл, Тянь-Шань, Шығыс Түркістанға тарихи-географиялық шолу жасауға арналған «Жоңғария ескерткіштері», «Қазақтар туралы жазбалар», «Алтышаһардың, яғни Қытайдың Нан-Лу провинциясының (Кіші Бұхараның) жайы» сияқты зерттеулерінің орны ерекше. Қазақтың тарихы мен этнографиясына, қазақ даласының әлеуметтік-саяси қатынастарына арналған еңбектерінің де мәні зор («Абылай», «Көне замандағы қазақтың қару-жарақ, сауыт-саймандары», «Шона батыр», «Сот реформасы туралы жазбалар», «Даладағы мұсылмандық», «Тәңірі», «Қазақтың көші-қоны», т. б.). Көптеген еңбектерінде ол тарихшы, географ, этнограф қана емес, публицист, әдебиетші, жазушы ретінде де көрінеді.
Ол А. Пушкин, М. Лермонтов, т. б. орыс ақын-жазушыларының еңбектерімен қатар, Еуропа әдебиетінен Ж. Руссо, Ч. Диккенс, В. Теккерей, В. Шекспир, Гете шығармаларын сүйіп оқыған. Сөйтіп, Батыс, Шығыс орыс әдебиетін зерттеуге де ерте кіріскен. Кадет корпусында Костылецкий екеуі қазақ эпосын зерттеуді қолға алып, «Қозы Көрпеш — Баян сұлуды» орыс тіліне аударған. Костылецкий арқылы бұл дастанның Обаған нұсқасын Березиннің хрестоматиясына енгізген. Қазақ ауыз әдебиетінің теориялық мәселелері сөз болатын «Қазақтың халық дастандарының үлгілері туралы», «Орта жүз қазақтарының аңыз-әңгімелері», «18 ғасырдың батырлары туралы тарихи аңыздар», т. б. еңбектерінен оның терең білімдарлығы көрінеді. Уәлиханов қазақтың батырлар жыры үнді-герман эпостарына ұқсайтындығын айтады. Тарихи жырлардың шығу тегін қуалай келіп, Ноғайлы заманының бұл туындылары 14–16 ғасырларға жататынын анықтаған. Қазақтың халық поэзиясын жасаушы, орындаушы ақын, жырауларды Шоқан Батыстың рапсод, бардтарымен салыстырған. Ол халық поэзиясының көркемдігіне сүйсіне отырып, одан тарихи, этнографиялық мағлұматтар іздеген.
Уәлихановтан қалған мұраның бір бөлігін бейнелеу өнері саласындағы еңбектері құрайды. Ол негізінен портрет, пейзаж және халықтың тұрмыс-салтын бейнелеу жанрымен айналысқан. Одан 150-ге тарта сурет қалған. Көбінесе акварель, майлы бояумен, ал кейде тушь, қалам, сиямен жұмыс істеген. Оның қолынан шыққан суреттердің біразы 19 ғасырдың 60-шы жылдары «Всемирная иллюстрация», «Искра», «Русский художественный лист» секілді басылымдарда жарияланған. Өзінің күнделіктерін, жолжазбаларын суретпен көркемдеп, көрнекі материалмен толықтырып отырған. Тастағы жазуларды, ондағы көне заманның суреттерін қағазға айнытпай түсіру арқылы кейінгі ұрпақтың сол жазуларды оқуына жағдай жасаған.
1958 жылы Шоқан Уәлихановтың Алтынемелдегі қабірі басына биік ескерткіш орнатылды. Алматыда, Көкшетауда, Семейде, Алтынемелде Шоқанның мүсіндік ескерткіштері бар. Тарих және этнология институтына, Көкшетау мемлекеттік университетіне, Алматыдағы бір көше мен мектепке, Астанадағы үлкен көшеге, Ақмола облысының бір ауданына ғалым есімі берілген. Сүйегі жатқан Алтынемелде мемориалдық кешен орнатылған. Ғылым саласындағы жетістіктері үшін ғалымдарға Уәлиханов атындағы сыйлық белгіленген. Ш. Уәлихановтың туғанына 150 жыл толуы 1985 жылы ЮНЕСКО деңгейінде аталып өтті.

Мақала ұнаса, бөлісіңіз:
Іздеп көріңіз: