Қазақша реферат: Есет батыр Көтібарұлы (1807 – 1888)

Қазақша реферат: Есет батыр Көтібарұлы (1807 – 1888)

Есет батыр Көтібарұлы (1807–1888) — халықтың әйгілі батырларының бірі. Ресей империясының отаршылдық саясатына қарсы ұлт-азаттық қозғалыстың басшысы, Кіші жүздің Қабақ руының басқарушысы болған. Ақтөбе облысының Шалқар ауданындағы Шалқар көлінен жеті-он шақырым жердегі Ақши бойында дүниеге келген.

1838 жылы Жоламан батырмен бірге көтеріліске шығып, Елек қорғанына шабуыл жасаған. 1847–1878 жылдары Жанқожа батырмен бірге Қоқан, Хиуа хандықтарына қарсы шықты. 1847–1858 жылдары Есет батыр Арал теңізінің батыс жағалауын, Үлкен және кіші Борсық құмдары мен Мұғалжар тауларын, Жем, Сағыз, Ырғыз, Елек, Ойыл, Қыйыл өзендерінің бойын жайлаған қазақтардың Ресей империясының отаршылдық саясатына қарсы көтерілісіне басшылық жасады. ХІХ ғасырдың 40–50 жылдарындағы Есет Көтібарұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілісі, негізінен, ұсақ қимыл-әрекеттермен сипатталды.

Олар шекараға жақын орналасқан Ресей бекеттеріне шабуыл жасап отырды. 1853–1854 жылдары Есет батырдың басшылығымен қарулы көтеріліске шыққан Кіші жүз қазақтарының шекаралық әкімшілікпен қақтығыстары болды. 1853 жылы осы көтерілісті басуға сұлтан Арыстан Жантөрин, екі казак отряды мен 200 жігітті бастаған сұлтан Таукин, Орал бекінісінен майор Михайлов пен 600 жігітті бастаған сұлтан Е. Қасымов аттанды. Патша әкімшілігінің бұл жоспарынан хабардар болған Есет батыр Көтібарұлы шекті ауылдарын Үстіртке жіберіп, өзі 800 жігітпен жазалаушы отрядтарды күтіп қалды. Жақсы қаруланған жазалаушы отрядтардың көтерілісшілерге қарсы бұл жорықтары нәтижесіз болды. Орынбор генерал-губернаторының нұсқауымен көтерілісті басу келесі көктемге қалдырылды. Есет батыр Көтібарұлы 1853–1854 жылдың қысын Үлкен Борсықта өткізді. 1854 жылы көтерілісшілердің саны 1500-ге жетті. Олар Ресей үкіметінің алдына: қазақ қауымынан түйе жинауды тоқтату, жайылымдық жерге еркіндік беріп, Жем, Мұғалжар, Елек, Қобда, жайық өзендерінің бойларына көшіп-қонуға мүмкіндік жасау туралы талаптарын қойды. 1855 жылы Орынбор генерал-губернаторы Кіші жүздің бір топ билеуші сұлтандарына көтерілісті басып, Есет батырды қолға түсіруге қатаң тапсырма береді. Маусымның аяғында тапсырманы орындау үшін 900 адамдық отрядпен, өзіне бекітілген екі зеңбірегі бар казак жүздігі және дистанция бастықтарымен бірге Арыстан Жантөрин жорыққа аттанып, Ор бекінісінен 140 шақырым жер шамасындағы Елек өзенінің жоғарғы сағасындағы Суықсу шатқалына келіп бекінеді. Сұлтан ордасы мен көтерілісшілер арасында бірнеше күн бойы келіссөз жүргізіліп, екі жақ нақты шешімге келе алмайды. Осыдан кейін Есет батыр өз адамдарымен кеңесіп, сұлтан ордасына шабуыл жасауды ойластырады. 1855 жылы шілдеде көтерілісшілер сұлтан ордасын тұтқиылдан шабуылдап, А. Жантөрин бастаған он шақты би-старшындарын өлтіріп, казак отрядын талқандайды. Бұл оқиғаға мазасызданған Орынбор әкімшілігі көтерілісшілерді басуға тағы да жазалаушы отрядтар жіберіп, олар қазақ ауылдарын қырғынға ұшыратты. 1856 жылы қыркүйекте әскери дала сотының үкімімен А. Есмамбетов, Қ. Қарин және Е. Айнақұловтар атылды. 1857 жылы Ерназар Кенжалин, Бекет Серкебаев, тағы басқа 18 адам Сібірге жер аударылды. 1858 жылы қыркүйекте Бородин басқарған жазалаушы отряд көтерілісті біржолата басты. Есет батыр көтерілістен бас тартқан соң, оған кешірім жарияланды. 1859 жылы тамызда бір топ сұлтан, билермен бірге Санкт-Петерборға жіберіліп, 24 тамызда патша Александр ІІ-нің қабылдауында болды. 1861 жылы Есет Көтібарұлы қабақ руының басқарушысы болып тағайындалды. 1869 жылы Ырғыз уезі бастығының көмекшісі болып бекітілді. 1873 жылы Хиуа жорығына қатысқаны үшін патшадан алтын медаль алды. 1879 жылы ол қызметтен босатылды.

Есет Көтібарұлы жөнінде деректерді ХІХ ғасырда өзінің көзі тірісінде онымен кездескен жиһангерлер, тарихшылар, саясаткерлер, қоғам қайраткерлері жазып кеткен.

1856–1861 жылдары Ресей сыртқы істер министрлігі Азия департаментінің директоры болған Е. Ковалевский Хиуа сапары кезінде Есет Көтібарұлымен кездескенін былайша суреттейді: «Арал маңындағы Кіші жүз қазақтарының кейбір топтарынан құрылған отаршылдыққа қарсы қозғалысты басқаруынан бұрын Есетті сайын дала торабынан кездестірдім. Есет Геркулес сияқты атлетикалық дене бітімді, сұлу келбетті және ерлік іс-әрекеттері кез-келген еуропалықты таңғалдыратындай және бұл қасиеттері өз отандастарына да қатты әсерін тигізген». ХІХ ғасырдағы қазақ даласын еуропалықтарға алғаш рет таныстырған поляктың демократ-революционері, суретші Бронислав Залесский 1865 жылы Парижде француз тілінде шығарған «Қазақ сахарасына саяхат» деген кітабында былай деп жазған: «Мен бір күнімді Есет Көтібаров есімді қырғызбен өткіздім. Ол осы замандағы қазақ даласына танымал ерекше тұлға… ол көсем болып қалды… және қазының міндетін атқарды». Б. Залесский осы сапарында қара қарындашпен Есеттің қырынан отырған суретін салып алған. Есет сол заманда Еуропада, Ресейде суретке түсірілген, ол суреттері кезінде газет-журналдарда жарық көрген санаулы адамдардың бірі болды.

Ресейде табылған ақпарат құралдарында Кіші жүзде Есет батырдың аты 40-шы жылдарда өлтірілген отандасы Кенесарының немесе Кавказдағы Шамильдің атындай қаһарлы болғандығы және оның ұзын бойлы, селдір қара сақалды, мұртты, оның жүзінен қайырымдылық пен сергектік, тұнық әрі сабырлы көздерінен терең ақылдылық, салмақпен айтқан әңгімелерінен оның қазақ болмысын терең білетіндігі және кең парасаттылығы байқалатындығы жазылған. Соңғы жылдары табылған тағы бір дерек шығыстанушы С. Өтенияз Ұлыбританияның Лондон ұлттық кітапханасының сирек кітаптар қорынан 1865 жылы ағылшын тілінде жарық көрген қазақ даласы жайлы кітаптың көшірмесін алып келген. Осы кітаптың 33-беті Есет батырға арналған. Онда Есеттің сегіз ұлының үлкені — Назардың да суреті басылған екен. Тарихи деректер бойынша, Орынбор генерал-губернаторы Назар Есетұлын немере ағасы Бекет Серкебайұлымен бірге Орынбор түрмесіне қамайды. Кейін Бекетті Сібірге жер аударады да, Назарды Есеттің қаһарынан сескеніп, босатып жібереді. Осы кітапта Есет батыр бастаған көтеріліс толық жазылады.

Есет Көтібарұлының барлық әулеті ел қорғауға араласып, аттары тарихта қалған. Әкесі Көтібардың ерлігі өз алдына бір төбе немере ағасы Арыстан батыр Тінәліұлы, інілері Бекет Серкебайұлы, Ерназар Кенжалыұлы да тарихта қалған жандар. Арыстан, Көтібар, Есет есімдері «Айман-Шолпан» жырына арқау болған. Есеттің арғы атасы Қалдыбай батыр еліміздің оңтүстігіндегі Сайрам шабылына қатысып, сүйегі Түркістанда қалған. Есеттің арғы тегі Алтын Орда мен Ноғайлы ұлысының әміршісі болған, атақты "ел қамын жеген «ер Едігеге» барып тіреледі.

Есет батыр Көтібарұлы 1888 жылы қартайған шағында дүние салды. Ол туып-өскен Шалқар ауданындағы Шолақжидеде жерленген. Басына төрт күмбезді кесене тұрғызылған.

Доп      


Мақала ұнаса, бөлісіңіз:


Іздеп көріңіз:
Есет батыр Көтібарұлы туралы қазақша реферат, Есет батыр Котибарулы туралы казакша реферат, Есет батыр Котибарулы туралы казакша омирбаяны, Есет батыр Көтібарұлы туралы қазақша өмірбаяны, реферат на казахском языке Есет батыр Котибарулы, биография на казахском языке Есет батыр Котибарулы, биография на казахском языке, Есет батыр Котибарулы, реферат на казахском языке, Есет батыр Көтібарұлы туралы, қазақша реферат, Есет батыр Көтібарұлы, батыр есет котиба́ров туралы казакша реферат, батыр есет котиба́ров туралы казакша омирбаяны, реферат на казахском языке батыр есет котиба́ров, биография на казахском языке батыр есет котиба́ров, батыр есет котиба́ров

Пікір жазу

  • [cmxfinput_gallery][cmxfinput_youtube]