Қазақша реферат: Қожаберген жырау Толыбайұлы (1663-1763)
Қожаберген Толыбайұлы шамамен 1663 жылы Солтүстік Қазақстан облысы, Жамбыл ауданы, Гүлтөбе Маманай өңірінде дүниеге келіп, 1763 жылы қайтыс болған жырау, батыр. Арғы тегі Орта жүз Ашамайлы Керйдің Көшебе руының Таузар әулеті. Жастайынан нағашысы Жалаңтөс баһадүр Сейітқұлұлы ұрпақтарының қолында өсіп, Үргеніш, Бұқара, Самарқан медреселерінде оқыған, араб, парсы тілдерін меңгерген. Он үш жасынан ақындыққа бет бұрған ол он жеті жасында аңыз әңгімелерді өлеңмен жырлаған. Қазақ халқының шығу тарихын жырға қосып, «Ата тек» дастанын жазған. Тәуке хан тұсында Қоқан, Хиуа, Бұқара хандықтарымен парсы, түрікмен елі арасында елшілік қызмет атқарған. 1688 жылы Әз Тәуке бастаған бараша халық жақсылары 25 жастағы Қожабергенді ордабасы етіп сайлаған. Сөйтіп ол жоңғар шапқыншылығына қарсы күрескен қазақ жасағының бас қолбасшысы болған. Ел қорғаған батыр ерліктері Бұқар жыраудың «Ұстазым» толғауында баяндалады. Қожаберген Тәуке хан тұсындағы «Жеті жарғы» заңдар жинағын әзірлеуге белсене қатысып, кейін оны ақ былғарыға жазып Әз Тәукеге табыс еткен. Сонымен қатар ол сол кездегі қоғамдық, әлеуметтік жағдайды, қазақ елінің ішкі-сыртқы хал-ахуалын жырға қосып, «Жеті жарғы» атты тарихи дастан жазды. «Елім-ай» дастанында 1723 жылғы қазақ елі өміріндегі ауыр кезең, «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» оқиғасын суреттеді. Қожабергеннің қазіргі уақытқа «Баба тіл» дастанының алғашқы бөлімі, «Ата тек» тарихи жырының, «Қуаныш» атты өлеңінің, «Ер Қойлыбай» дастанының үзінділері, «Жастық», «Кәрілік», «Өсиет», «Наурыз батасы», «Насихат өлеңдері» мен «Елім-ай» сияқты аз ғана шығармалары жеткен. Оның аталған шығармалары «Елім-ай» деген атпен 2001 жылы Петропавлда кітап болып шықты.
Мақала ұнаса, бөлісіңіз:
Іздеп көріңіз: