Қазақша реферат: Қабан (Қабылиса) жырау Асанұлы (1733–1824)
Қабан (Қабылиса) жырау Асанұлы (1733–1824) — XVIII ғасырда ұлы жүз ішіндегі Жалайырдан шыққан аса көрнекті қайраткер. Өр мінезімен, өжет батырлығымен, от ауызды, орақ тілді сөзімен көзінің тірісінде-ақ Қабан ақын атанған. Ол ел басшылары Ескелді, Балпық билермен қатар «әулие» деген атқа ие болған. Өйткені әр жерде шашырап, көшіп-қонып жүрген жалайырлардың басын қосып біріктіруде, тұтас бір ел етіп топтастыруда оның еңбегі, қажыр-қайраты үш ғасыр бойы аңыз-әңгімеге айналған. Ел үшін, жер үшін қанын төгуге, жанын қиюға әзір екенін мына бір көріністен-ақ байқауға болады.
Ақынның шөбересі Мәрима Рақметқызының айтуына қарағанда, қазақ-қалмақ соғысы кезінде Жалайырдың бір батыры жекпе-жектің шартын сақтамай, қарсыласын қас пен көздің арасында шаншып өлтіреді. Мұның арты дау-дамайға айналып, қалыптасқан салт-дәстүрді бұзғаны үшін әлгі жас батырды қалмақ жағы байлап беруді талап етеді. Ел ағалары бұл талапқа мойынсұнып тұрғанда, Қабан ақын алға шығып: «Бұл батыр ел қорғаны бола алатын азамат екен, жолына жан пида — мені байлап беріңдер!» дейді де, өз еркімен жау қолына аманатқа кете барады (журналист Ораз Исмайылұлының жазбасынан).
Филология ғылымдарының докторы М. Жолдасбеков Қабан ақынның алдағыны болжайтын әулиелігін бейнелейтін мынадай аңыз келтіреді: «Бірде Жетісу өлкесінен шыққан атақты батырлар Өтеген, Райымбек, Қараш және Қабан төртеуі бас қосып отырады. Райымбек пен Өтеген құрдас, Қараштың жасы олардан сәл кішілеу, бәрінен үлкені Қабан екен. Райымбек сөз бастайды:
- Өтеген, „ел аралаған — сыншы“ деген, жер-дүниені шарлап келдің, жасымыз болса тақады, батыр атағың бар, көпті көрдің, өле қалсақ жағдайымыз қандай болады, қайсысымыз қай жерде қаламыз, айта аласың ба? — дейді. Өтеген:
- „Аға тұрып сөйлеген ініден без“ деген, бұл дүниенің жарығын бізден бұрын көрген алдымызда Қабан ағамыз отыр, сол кісі айтсын! — депті. Сонда Қабан:
- Екеуің біріңді бірің түрткілеп, ақыры мені сөйлеттіңдер ме? — деп сөз бастайды.
— Әке-шешем қойған атымды өзгертіп, ел мені Қабан атандырды: мен бір бастаудың басында, шоқ қамыстың түбінде қалармын. Үш күн денем жерде жатады, үш күннен соң табылады. Ал, Өтеген, сенің мінезің жайлы, жүзің жылы еді, жылжып аққан судың жағасында жатасың, бірақ түбінде сені де жылжытып басқа жерге қояды. Райымбек сен көпшіл ең, қиямет-қайымға дейін басыңнан дабыр, үстіңнен дүбір кетпейтін үлкен жолдың бойында боласың» деген екен. Бұл аңызды Кенен Әзірбаев пен Әмірқұл Құлшықов айтқан. («Асыл арналар», Алматы, «Жазушы» баспасы, 1986, 152–153-беттер). Бұл аңыз рас болса, Қабанды шын әулие деуге қақымыз бар. Себебі, Өтегеннің қабірі «жылжып аққан су» Іле өзенінің бойында-тұғын, беріде Қапшағай теңізінің астында қалатын болған соң, ұрпақтары «жылжытып» биік төбенің басына қойды. Райымбек Алматыдан Ташкентке қарай шығатын үлкен жолдың бойына жерленген екен, ол маңай бұрын да, қазір де дабыр-дүбірдің орны болды, жуырда ұрпақтары басына биік ескерткіш орнатып, ары-бері өткендер, арнайы келушілер тәу ететін қасиетті мекенге айналды. Қабанның өзі Іле өзені бойындағы шоқ қамыстың ішінде, бұлақ басында жатыр.
Қарт журналист мұнадай бір дерек келтірген: "Бірде ақын ауылына Ұзынағаш жақтан бір топ мейман келеді. Бала-шағалары жақын ауылға тойға кетіп, үйде жалғыз қызы Қоянкөз бен Қабан ақынның өзі қалады. Қонақтарға шай қайнатылып, ет асылғанда ерке қыз құда түсуге келгендерге ылғи қойдың қол етін қазанға салыпты. Алдарына ас келгенде қонақтар тіксініп: «Жақсы әкеден де осындай көргенсіз бала туады екен-ау» деп, бір-біріне қарасады. Соны аңғарған ақын табан астында:
Балам білмей қонаққа қол асыпты,
Қол асса да қой етін мол асыпты.
Саннан бұрын өмірге келеді қол,
Соны біліп ертеңге жол ашыпты, — дейді. Ишаратты түсінген қонақтар: «Мына қыз осал болмады. Қазақтың ескі салтын бұзып, жаңа жоралғы жасап отыр екен, қойдың жамбасын, төсін, сан етін аспай, қазанға қолын салуында да мән бар екен ғой», -деп құдандалық рәсімін жасап, елдеріне қайтыпты.
Сыр бойында туып-өскен ақын ел басылары Ескелді, Балпық, Орақтылармен бірге жалайырларды Іле мен Қаратал өңіріне көшіріп әкелгенде, барлық саналы өмірін Шаған тауының шатқалдарында, Лабасының баурайында өткізсе керек. "Құйма құлақ қариялардың айтуына қарағанда, Қабан қапсағай денелі, айбарлы, ақылды адам болған, — деп жазады Ораз Исмайылов. -Ел қорғап, ерлік көрсетіп, тіпті елінің амандығы үшін аманатқа өз еркімен кеткен кездері болған. Есейе келе елшілікке жүріп, билікке араласып, халқының қамын жеген. Әділдік пен амандықты жоғары ұстаған Ақын ата әркімнің қайғы-қасіретіне ойлы көзбен қарап, оларға хал-қадірінше қол ұшын беріп отырған. Қабанның қандай ақын болғанын Кенен Әзірбаевтың «Жамбыл жыр» деген толғауынан аңғару қиын емес:
Ұстазы Сүйінбайдың Қабан ақын,
Бас иген Ұлы жүзде тамам ақын.
Нағашысы Жалайыр Қабан еді деп,
Жамбыл атам айтатын маған атын.
Атағың үлкен еді-ау Қабан жырау,
Жамбылдың айтқан сөзі есте тұр-ау.
Жиені — сарбас ақын сөйлерінде,
Әдеті — мұртын қағып, құлақ бұрау.
«Импровизатор ақындарда өзі табынған адамға еліктеу әдеті болған, — деп жазады ғылым докторы М. Жолдасбеков. Қабан — Сүйінбайдың да, Сарыбастың да нағашысы. Сүйінбайдың, Сарыбастың, Кененнің жыр толғарда аспанға қолдарын сермеп, құлақ бұраулары сол Қабаннан қалған».
«Менің ақындығым балаларыма дарымайды, қызым мен жиендеріме көшеді», — деген екен Қабекең. Онысы да әулиелік болып шыққан. ХІХ ғасырдың өрен жүйрік ақыны Бақтыбайдың түсіне кіріп, аруағы қонатынын Қабекең әрине білген жоқ. ХХ ғасырдың жыршысы қалқа ақынның да Қабанға сиынып, «пірім» деп отырады екен. Арқаның ақиығы Біржан салмен айтысқан ақын Сара былай деп толғаған:
Қасиетті Қабылиса Асанұлы,
Мырзадай іргесі кең елден шыққан.
Кем болмас ештеңеден мұны ұққан.
Бұл кісі өзі әулие, әрі ақын,
Исі қазақ біледі оның атын,
Өзгеден Қабекеңнің сөзі татым.
Қабан ең алдымен адал сөйлейтін, билігі, байлығы бар адамдарды өтірік мақтап жағынбайтын, қара қылды қақ жарған ақын болған. Оған бір мысал: "Марқұм Иманғазы қарияның айтуынша, бір жолы ақын ауылына барымташылар баса-көктеп кіріп, жылқыларын айдап әкетеді. Қабан бастаған жаужүрек жігіттер барымташыларды қуып жетіп, айқаса кеткенде аналардың бір жігіті сойылға жығылып, мерт болады. Барымташылар құн даулап, Әділ төреге жүгенген. Төре Қабанды шақыртып: "Құнын неге қайтармайсың дегенде, ақын ойланбастан:
Ұрыға құн жоқ,
Ұрыға құн болса, момынға күн жоқ.
Өзі ізденіп келіп, өлген немеге,
Маған салсаң, дым жоқ! — деген екен.
Әз Тәукенің «Жеті жарғысы» есіне түсіп, төре ары қарай дау айтпапты. ХІХ ғасырда өмір сүрген Бақтыбай ақын айтқандай, «инемен қара сөзді сабақтаған» Қабан ел-жұртты имандылыққа, шариат жолына шақырып, көп өлеңдер шығарған. Оның ислам дінін жетік білгендігін, кітап оқыған сауаттылығын, өлеңдерін жазып та шығарғанын талай толғауларынан, өсиет өлеңдерінен аңғару қиын емес. Амал не, қолжазбалары сол күйінде сақталмаған, жеке жырлары ауыздан-ауызға көшіп өзгергені, бұрмаланғаны, кейбіреулердің өз жанынан қосқандары да байқалады. Қабанның ел есінде қалған даналық сөздері көп. «Не қиын? Не қымбат?», «Дүниеде не жетім», «Не ортақ және неше жұпты бар» — деп сауал қояды да, бәріне өзі тәпіштеп жауап қайырады. Мысалы, «Не қымбат?» деген сұрағына көкейге қона кететін мынадай жауап айтады:
Туып-өскен елің қымбат,
Кіндік кескен жерің қымбат.
Әлпештеген анаң қымбат,
Еркелеген балаң қымбат.
Жақсы дос, жарың қымбат,
Бәрінен де ұят пен арың қымбат.
«Ел көңілін кім ашар?», «Жігіт көңілін кім ашар?», «Ұл көңілін кім ашар?», «Аурудың көңілін кім ашар?», «Аттың көңілін кім ашар?», «Кім жақын?», «Білгендерден ғибрат ал» сияқты өлеңдерінде өмірдің сан қырлы сырларын, тіршіліктегі қилы-қилы құбылыстардың астар-мәнін ашып көрсетеді. «Бақыт, қайдан келесің?», «Бақыт, қайда барасың?» жеген жырларында сұрақ-жауап арқылы сан-салалы тұрмыстың татымды-татымсыз жақтарына ойлана қарап, терең толғанады. Қабан ел-жұртты татулыққа, бауырмалдыққа шақырудан жалықпаған. Жақан Исаұлы деген кісі мынадай бір оқиғаны айтқан: «Сол заманда Іле өзенінің оңтүстік батыс беткейінде қазақ-қырғыз арасында жанжал туып, қырғыз жағының бір батыры мерт болады. Мұның аяғы насырға шабатын болған соң, қазақ жағы Шу бойында жатқан Қабанға адам жібереді. Лезде жеткен Қабекең қанды дауды шешу үшін екі күн, екі түн жырлап, қазақ пен қырғыз ежелден дос-бауыр екенін „төсекте басы, төскейде малы қосылған“ туыстығын дәлелдеп, татулыққа шақырған көрінеді».
Қабан — талай айтысқа түсіп, жеңімпаз атанған ақын. Бізге жеткені екеуі-ақ, олар: «Тұмаршамен және таутанмен айтысы». Таутан қызбен жұмбақ айтысқа түскенде өз заманына сай аса білімді, оқымысты адамның бейнесі көз алдымызға келеді. Өмірдің, тіршіліктің, діннің сан-саласын қамтитын жұмбақты тұмарша сұрақ күйінде қояды да, Қабан сүрінбестен дәл, анық жауап қайырып отырады. Бұдан біз тапқырлықпен қоса асқан ақылдылықты, білімдарлықты аңғарамыз. Қабан ақынның баспа бетінде жарық көрген жырларынан «Әрқашан білгенімді салдым хатқа», «Өзім терген кітаптан оқып, білдім», «жазып отырмын», «жазып кеттім» деген сөздерді ұшыратамыз. Бұған қарағанда, ол жан-жақты сауатты адам болған.
Жетісудің даңқты ақын-жыраулары үлгі тұтқан, аруағына сиынған Қабылиса-Қабан ақын мұрасы аз сақталғанмен, барының өзі бүгінгі, ертеңгі ұрпаққа тәлім-тәрбие берерлік алтын қазынаға айналып отыр.

Мақала ұнаса, бөлісіңіз:
Іздеп көріңіз: