Қазақша реферат: Қызылорда қаласы
Қызылорда қаласының қалыптасу тарихы бұрынғы маңызын жоғалтпай, тек аты ғана бірнеше рет өзгергенімен (Ақмешіт – 1818ж., Перовск – 1853 ж., қайтадан Ақмешіт – 1922 ж., Қызылорда – 1925ж.,), әр кезеңде Сыр бойы атрабының әлеуметтік және мәдени орталығы болып қалыптасты. Ақмешіт 1818 жылы Қоқан хандығы кезінде Сырдария бойында алғаш қорған ретінде салынған. Оның ішіндегі ақ кірпіштен өрілген мешіттің түсіне сай бекініс Ақмешіт деп аталды. 1853 жылғы 28 шілдеде Орынбор генерал-губернаторы В.А.Перовский Сыр қазақтарын қорғауды сылтауратып орыс әскерлерімен қамалға басып кіріп, қоқандықтарды қаладан қуып шығады. Қала Перовск аталып, 1867 жылы ол Сырдария уезінің орталығына айналады. Қалада 4 сыныптық мектеп, кірпіш зауыты, жел диірмен, ұста дүкендері жұмыс істей бастады. 1905 жылы Орынбор – Ташкент темір жолы пайдалануға беріліп, қалада депо, вокзал үйлері салынды. Ал 1917 жылы 30 қазанда Перовскіде Кеңес үкіметі орнады. Жаңа үкімет үшін болған ұрыста А.Першин, Н.Шумилов, Н.Селиверстов тағы басқа жауынгерлер ерлік үлгісін көрсетті. 1922-1925 жылдары қала қайтадан Ақмешіт атанып, 1925-1929 жылдары Қазақстанның астанасына айналды. 1925 жылы қалаға Қызылорда деген атпен беріліп, онда С.Сейфуллин, Б.Майлин, І.Жансүгіров сияқты белгілі М.Әуезовтың “Еңлік-Кебек” спектаклі қойылды. Ал 1938 жылы Қызылорда облысы құрылды. 1960-70 жылдары қалада қатырма қағаз, аяқ киім, механикалық және күріш зауыттарымен қатар бірнеше фабрикалар іске қосылып, жаңадан салынған Гагарин, Титов елді-мекендері арқылы қала көлемі ұлғая түсті. Осы жылдары Қызылордада педагогикалық институт пен Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институттарының филиалы және бірнеше арнаулы оқу орындары жұмыс істеп, көптеген мектеп үйлері жаңадан салынды. 1980-90 жылдары қазіргі Абай даңғылы, Желтоқсан, А.Тоқмағамбетов көшелерінде сәнді үйлер, зәулім ғимараттар бой көтерді. Соңғы жылдары салынған Ақмешіт, Мерей шағын аудандары, “Оңтүстікмұнайгаз” фирмасының әкімшілік үйі, Диагностикалық орталық, облыстық аурухананың жаңа үйлері қала ажарын аша түсті. Шетелдік компаниялардың Сыр бойының табиғи байлығын игеруі, тұрғындардың әлеуметтік жағдайының жақсара түсуіне ықпалы тие бастады. Ежелгі Сыр бойында өмір сүрген данышпан Қорқыт баба, Жалаңтөс Баһадүр, Әйтеке би, Жанқожа, Бұхарбай, Тоғанас батырлары мен Ұлы Отан соғысы кезіндегі Кеңес Одағының батырлары атанған 22 майдангер ерлеріміздің есімдері – ел мақтанышы. Мұстафа Шоқай, Темірбек Жүргенов, Ғани Мұратбаев сияқты қазақтың біртуар ұлдары мен даңғайыр диқан Ыбырай Жақаевтарды дүниеге әкелген де осы қасиетті Сыр топырағы. Олар - өлке тарихына еніп, көше бойларындағы үйлерге жазылған биік тұлғалы қасиетті есімдер. Сонымен қатар, Қызылорда қаласының іргесі қаланғанына 200 жылға жуық кезеңінде оның заман өзгерістеріне толы тарихи оқиғалары ежелгі дәуірлерден бүгінгі күнге дейін Арал өңірін, Сырдарияның жағасын мекендеген халықтардың археологиясы, этнографиясы, әлеуметтік-мәдени өмірі зерттеушілердің назарында болып келеді. Республиканың астанасына Ақмешіт қаласы ұсынылғанға, ең басты дәлел ретінде онда Орынборға қарағанда қазақтардың көп тұратыны тілге тиек етілді. Орынбор – Ташкен темір жолы республиканың жаңа астанасын Ресей орталығымен, Қазақстанның батыс, оңтүстік аудандарымен және Орта Азия республикаларымен байланыстыратын еді. Оның үстіне Ақмешіт болашағы үлкен үміт күттіретін суармалы егістің орталығына орналасты. Бүгінгі көзқарасқа қарағанда республика басшылары С.Қожанов, С.Сәдуақасов астананы көшіру мәселесіне ұлттық мүдде тұрғысынан келген деген деректер бар. “Қазақстан астанасы орыстың туы тігілген қалада емес, қаласы жоқтықтан қазақтың киіз ауылында болса да, қазақ жұртшылығына жуық болуы керек”, - деп жазды С.Қожанов “Ақжолдың” 1924 жылғы 17 желтоқсанындағы санында. Қазақ астанасы болуға Орынбор қаласы шетте болғандықтан ғана жарамайды емес, қазақ қаласы болмағандықтан, қазақ ұлт мемлекетінің ұлтшылдығына орда болуына қисыны жоқтықтан жарамайды. Қазақ ұлт мемлекетшілдігіне әдемі қала, ыңғайлы үйлер керек емес, жаман да болса, өз ордасы болуы керек. Орынбордан көшпей, қазақ ұлтының ішкі тіршілігі оңдалып, қазақ еңбекшілерінің көпшілігінің қолына керекті шарлар іс жүзінде істелуі қиын”. Перовск станциясы темір жол жұмысшыларының бастамасы бойынша Қазақстан өкіметін Ақмешітке көшіру үшін үш күн ішінде “Қызыл паровоз” жөндеуден өткізіліп, Орынборға жіберілді. Қазақ АССР-і Кеңестерінің V съезі делегаттары және өкімет мүшелері бар поезы Орынбордан республиканың жаңа астанасы Ақмешітке 1925 жылдың наурыз айының аяғында аттанды. Съезд делегаттарының ішінде мәдениет, өнер ақйраткерлері Иса Байзақов, Александр Затаевич, Әміре Қашаубаев, Сәбит Мұқанов, Сәкен Сейфуллин, Қажымұқан Мұңайтпасов болатын. Бұл съезге Қазақ Республикасының қарауына кірген Қарақалпақ Автономиялы облысының өкілдері бірінші рет қатысты. Қарақалпақ делегаттарының бірі Әбу Құдабаев Ақмешіт қаласына жақын Сырдария өзенінің батыс жағасындағы “Қызыл қайың” ауылында 1899 жылы туған. Ол бірқатар жылдар бойы Қарақалпақ облыстық партия комитетін басқарды. Кейінірек жазықсыз сталиндік қуғын-сүргіннің құрбандығына ұшырады. Құрамында Қазақ АССР-і Кеңестерінің V съезі делегаттары бар өкімет поезын жол бойында Сексеуіл, Арал, Қазалы, Жосалы станцияларының жұртшылығы қарсы алып, көп адамды жиналған митингілер ұйымдастырылды. Ақмешіт станциясында орасан зор митингі болып өтті. Оны Ташкенттен келген Сырдария облыстық партия комитетінің хатшысы Әбілқайыр Досов ашты. Өкімет делегациясын Қазақстанның жаңа астанасының жұмысшылары мен интеллигенциясы қызу құттықтады. Қала жастары атынан Әбділда Тәжібаев сөз сөйледі. Сонымен, 1925 жылдың 15 сәуірінде Ақмешіт қаласында бүкіл Қазақстан еңбекшілері өкілдерінің басын қосқан Қазақ АССР Кеңестерінің V съезі салтанатпен ашылды. Бес күнге созылған съездің негізгі құжатының бірі қырғыз халқының тарихи дұрыс атын қалпына келтіруі еді. Яғни, Кеңестердің бүкіл қазақтың V съезі “бұдан былайғы жерде “киргиз” деген атау “қазақ” деп аталсын” деп қаулы қабылдады. Соынмен бірге, съезд “Киргиз Республикасын” “Қазақ Республикасы” деп атауға, ал оның астанасы Ақмешітті Қызылорда деп атауға қаулы алды. Қызылорданың Қазақстан астанасы деп аталуымен тарихтың жарқын беттері ашылды. Еліміз жаңа бір қоғамдық құрылыстың ғимаратын қалай бастады. Бұл кезде қаланың тұрғыны 22577-ге жетті. “Қызылқала” сөйтіп өмірге жаңаша қарқынмен қанат жая бастады. Дәл осы жылдары жарқыраған электр жарығы іске қосылды. Астана мәртебесіне қол жеткізгеннен соң түрлі мекемелер мен өндіріс орындарының іргетасы қалана бастады. Біртіндеп кондитерлік фабрика, ет комбинаттары, сыра зауытымен бірге басқа да артелдердің қатары көбейді. Қызылорда астана болған жылдары орта оқу және арнаулы оқу орындары, өнеркәсіп және ауылшаруашылық мекемелерімен қоса орталықтан ғылыми-зерттеу ғимараты қазақтың эпидемиолгия жәнек гигиена институтының негізінде егу лабораториясы дүниеге келді. Сондай-ақ, ең алғашқы рет қазақтың ғылыми-зерттеу, жер қыртысын зерттеу, қазақтың мал дәрігерлік-бактериологиялық және де басқа институттары өз жұмысын осы қалада бастаған болатын.
Мақала ұнаса, бөлісіңіз:
Ұқсас мақалалар:
» Қазақстан тарихы пәнінен қазақша рефераттар жинағы: Қазақ мәселесі жөніндегі ерекше комиссия
» Реферат: Қазақстан тарихы | Торғай, Семей, Орал және Сырдария облыстары өкілдерінің кеңесі
» Қазақша реферат: Ақтөбе қаласы
» Қазақша реферат: Сырдария қазақтарының Жанқожа Нұрмұхамедұлы басқарған көтерілісі (1853–1858)
» Реферат: Тарих | СЫҒАНАҚ ҚАЛАСЫ
» Қазақстан тарихы пәнінен қазақша рефераттар жинағы: Қазақ мәселесі жөніндегі ерекше комиссия
» Реферат: Қазақстан тарихы | Торғай, Семей, Орал және Сырдария облыстары өкілдерінің кеңесі
» Қазақша реферат: Ақтөбе қаласы
» Қазақша реферат: Сырдария қазақтарының Жанқожа Нұрмұхамедұлы басқарған көтерілісі (1853–1858)
» Реферат: Тарих | СЫҒАНАҚ ҚАЛАСЫ
Іздеп көріңіз: