Реферат: Құқық | Қазақстан Республикасының 1993 және 1995 жылдардағы Конституциялары
1993 жылғы Конституцияның қабылдану себептері
1993 жылғы Конституцияны қабылдаудың алғышарттары: терең қоғамдық өзгерістердің тамыр тарта бастаған нышандары 1978 жылғы Қазақ ССР Конституциясының орнына жаңа конституциялық рәсімдеуді талап етті. Көнергенді кейінге ысырып, жаңа қағидаттардың негізінде жаңара бастаған қоғамның қадамдарын конституциялық деңгейде баян ететін Ата заң қажет болды.
Қазақстан Республикасының 1993 жылғы Конституциясы қабылданға дейін де көптеген контитуциялық ережелерді жаңалармен алмастырулар қолға алынған болатын. Оған жылына бірнеше мәрте ішінара өзгертулер енгізіліп жүрді. Алайда, қандай да бір өзгертулер енгізу арқылы Конституцияны жаңа қоғамдық болмысқа келтіру қиын еді, өйткені 1978 жылғы Конституция тұтас қалпында социалистік қоғамдық және мемлекеттік жүйені бейнелейтін, ал қоғамдық даму жаңа бағытта жүріп жатты. Мұндай жағдайда 1978 жылғы Конституция енгізілген өзгертулер мен толықтыруларға қарамастан, өмірден артта қалып, Негізгі заңның алдында тұрған міндеттерді орындай алмады. Сондықтан да, Республиканың жаңа Конституциясын әзірлеу, ендігі жерде ескі Конституцияға толассыз өзгерістер мен толықтырулар енгізуді тоқтатып, жаңа Конституция қабылдау міндеті күн тәртібіне қойылды.
Қоғам, халық және мемлекет жаңа Конституция қабылдау қажеттігін барынша ұғына бастады. Ол «Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі туралы» Декларацияда және «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» конституциялық заңда айқын баяндалған. Осы құжаттарда олар Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын әзірлеу үшін негіз болатындығы аталып көрсетіледі.
Республиканың жаңа Конституциясын әзірлеу негізгі идеясы республикалардың егемендік құқығын кеңейтуді көздейтін жаңа одақтық шарт даярлауға Қазақстанның қатысуымен бір мезгілде басталды. Жаңа одақтық шарттың өзегіне өрілген осы мәселе Республиканың жаңадан жасалмақ Конституциясының да ірге тартар мазмұны болуға тиіс еді. Республиканың жаңа Конституциясының алғы шарттары мен себептерінің ішінде Н.Ә.Назарбаевтың мемлекеттің халықтың егемендігіне қол жеткізу мен оны қамтамасыз ету қажеттігін алдыңғы қатарға қойғаны анық. Нақтылы егемендікті орнату міндетімен тығыз бірлікте Конституцияның өзін де баянды ету арқылы аумақтық тұтастықты қамтамасыз ету міндеті алға қойылды. Әкімшіліктер басшылары мен жергілікті кеңестер төрағаларының 1992 жылғы республикалық кеңесінде жасаған Қазақстан Республикасы Конституциясының жобасы туралы баяндамасында ол Қазақстанның аумақтық тұтастығының конституциялық кепілдіктері керек екенін атап көрсетті.
Конституциялық реформалардың осы идеяларының бірінші кезекті маңызы бар деп жариялануының себебі: 1937 және 1978 жылғы Конституцияларда Қазақ КСР-і заң жүзінде егеменді болып саналғанымен, КСРО құрамындағы Қазақ КСР-інің шынайы егемендігі болған емес, өйткені жоғарғы билік Қазақ КСР-і емес, КСРО жоғары партия органдары мен одақтық мемлекеттің қолында еді. Республиканың сыртқы саяси өмірде де ешқандай құқығы болған жоқ. Оның өз байлығын, экономикалық ресурстарын пайдалануға да қандай да бір құқы жоқ еді. Оның өзінің заңдылығы болған емес, заңдар іс жүзінде КСРО заңдарының көшірмесі еді. Өзінің азаматтығы да болған емес.
Қалай дегенмен де одақтас республикаларда, соның ішінде Қазақстанда, ұлттық сана – сезім өсті, мәдени деңгей артты, елді өз күшімен басқару мүмкіндігін барған сайын терең пайымдау мен одақтас мемлекеттің өзінің ішінде болса да шынайы егемендікті орнату мен кеңейту қажеттігін түсіну ұлғая берді.
Міне, осындай жағдайда жаңа одақтық шартты әзірлей және одақтас республикалардың өздерінің бастамасымен, орталықтың сесіне қарамастан, ашық түрде республикалардың әрқайсысының құқығын іс жүзінде кеңейту процесі, сондай-ақ Республиканың жаңа Конституциясының жобасын әзірлеу процесі басталды.
Конституцияның жобасын әзірлеу үшін Қазақ ССР Жоғары Кеңесінің 1990 жылғы 15 желтоқсандағы қаулысымен конституциялық комиссия құрылды. Оның құрамына Жоғары Кеңес Президумының мүшелері, Жоғары Кеңестің барлық комитеттерінің төрағалары, Министрлер Кабинетінің кейбір басшылары кірді. Комиссия мүшелерінің қатарында С.С.Сартаев, В.А.Ким, Е.К.Нұрпейісов, А.И.Худяков, және т.б қайраткерлер болды.
1990 жылғы 25 қазанда Қазақ КСР Жоғары Кеңесі «Қазақ Советтік Социалистік Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы» Декларация қабылдады. Бұл құжаттың жобасы Н.Ә.Назарбаевтың басшылығымен әзірленді. Декларацияда халық пен мемлекеттің егемендігі, оның аумағының бөлінбейтіндігі, қол сұғылмайтындығы, егемендіктің экономикалық негізі, Республиканың барлық ұлттарының азаматтарына кең құқықтар мен бостандықтар беру, Республиканың сыртқы саяси қызметті дербес жүзеге асыруға құқығы, мемлекеттік билікті үш тармаққа бөлу қағидаттарын белгілеу жария етілді. Декларацияда жазылып, содан кейін Республиканың екі Конституциясына да бірдей көшкен идеялар Республиканың бүгінгі де, болашақтағы да тыныс-тіршілігінің негізіне айналды. Егемендіктің контитуциялық – құқықтық негіздерін қалаудың бұл барысы Декларация жобасын әзірлеуге қатысқан, Жоғарғы Кеңестің депутаты болған аса көрнекті ғалым-заңгер Салық Зимановтың еңбегінде де талданған.
Кеңес одағы таратылғаннан кейін, 1991 жылғы 16 желтоқсанда Республиканың Жоғарғы Кеңесі «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» конституциялық Заң қабылдады. Онда халықтың, оның Президенті мен депутаттарының мемлекетінің толық әрі нақтылы тәуелсіздігі туралы және кезінде қазақ халқының өмір сүруіне қатер төндірген, жат күштер зорлықпен тартып алған егемендікке ие болу жөніндегі арман -мүддесі айшықты бейнеленді. Егер бұған дейін конституциялық комиссия КСРО құрамындағы Республика Конституциясының жобасын әзірлеумен шұғылданса, ендігі жерде тәуелсіз егемен мемлекет – Қазақстан Республикасының Конституциясын жасау міндеті алға қойылды. Енді тәуелсіз мемлекеттің егеменді құқықтарын Республика Конституциясының өзінде баянды етіп, оған мызғымас сипат беру керек еді. Бұл 1993 жылғы Конституцияны қабылдаудың бірінші себептері еді.
1993 жылғы Конституцияны қабылдаудың келесі себептерінің бірі адам мен азаматтардың неғұрлым кең құқықтары мен бостандықтарын конституциялық тұрғыдан бекемдеу қажеттігі болды.
Республиканың жаңа Конституциясын әзірлеудің келесі бір маңызды себебі – саяси жүйе мен мемлекеттік тетік құрылымында жүріп жатқан сапалық өзгерістерді конституциялық жолмен дәйектеу және оларды демократияландыру мен құқықтық мемлекет құру бағытында одан әрі жетілдіру қажеттігі еді. Сонымен қатар бұл өзгерістерді Конституцияның күллі құрылымында дәйектеп қана қоймай, саяси реформаларды ілгерілету бағытында жаңа қадамдар жасау қажеттігі туды. Мұның бәрі ескі Конституцияны өзгерту арқылы жүзеге асыру мүмкін емес еді, сондықтан жаңа Конституция қабылдау талабы өктем қойылды.
1993 жылғы Конституцияны қабылдау себептерінің бірі – сапалық жағынан өзге құқықтық жүйе жасау үшін жаңа Конституциялық негіз қалау керек еді.
Жаңа Конституцияның жобасын әзірлеу үшін негізінен үкімет мүшелері мен депутаттық корпустың басшыларынан тұратын Конституциялық комиссия құрылды.
Жоба әзірленген бетте Жоғарғы Кеңес сессиясында алғашқы оқылымында мақұлданып, бүкілхалықтық талқылауға ұсынылды. Жоғары Кеңес оны 1993 жылғы 28 қаңтарда қабылдады.
Сөйтіп, 1993 жылғы 28 қаңтарда Қазақстан Республикасының Жоғары Кеңесінің 9-сессиясының 12-ші отырысында дүниеге жаңа Конституция келді.
Оның басты желісі – жалпы адамгершілік қағидаттарды дамыту негізінде Қазақстан Республикасын демократиялық, зиялы және біртұтас мемлекет ретінде дүние жүзіне мәлімдеу.
Алғашқы рет жаңа Ата заңының ең жоғары заңдық күші бар және оның тұжырымдары тікелей қолданылады, - делінген. Сонымен қатар мемлекеттік тіл – қазақ тілі, орыс тілі – ұлтаралық қарым-қатынас тілі, - деп бекітілген жаңа Ата заңда.
Бұл жаңа Конституция бұрынғы 1978 жылғы Қазақ КСР Конституциясының жалғасы болып табылса да одан өзінің мәні жағынан да, мазмұны мен нысаны жағынан да өзгешелеу еді.
1993 жылғы Қазақстан Республикасы, бір жағынан, қазақ халқының ұлттық мемлекеттік құрылысының барлық жинаған конституциялық тәжірибесін қорытты, екінші жағынан, - бұл тәжірибені мемлекеттік құрылыстың жаңа талабына сай келетін жаңа мазмұнымен толықтырды. Қазақстан Республикасының ерекшелігі осымен анықталады. Әрине, бұның саяси-тарихи маңыздылығының зор болғанына ешкімде күмән келтіре алмайды. Ол өзінің бойына батыстық шет мемлекеттердің озық бай конституционализм идеясының қалыптастырылған мемлекеттік және саяси тәжірибелерін жинақтады.
Еліміздің жаңа Конституциясының даму үрдісі, бұрынғы кеңестік конституциялармен салыстырғанда, төмендегіше айқындауға болады:
1. Қазақстан Республикасының егемендігінің, оның тәуелсіз мемлекет ретіндегі қалыптасуының құқықтық қамтамасыз етілуі. Бұған сай «Қазақ ССР-інің Мемлекеттік егемендігі туралы Декларациясы (1990 ж) және «ҚР мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңының (1991 ж) қабылдануы, бұларды қай тұрғыдан алып қарасақ та тарихи маңызды құжаттар, ұлттық құқықтық және заңнаманың бастау көздері.
2. Конституциялық – құқықтық заңдарының деидеологизациялануы. Бұрынғы, Кеңестік Конституцияларға тән мемлекеттің тоталитарлық мәндігін бүркемелей, жоғары деңгейдегі мемлекеттік істерді қоғамдық ұйымдарға сияқты, жаңа өрлеу сатыда жаңа Конституцияда мемлекеттің, институттардың, қоғамдық құрылысының мәнін айқындайтын идеологиялық сипатының болмауы.
3. Мемлекет пен қоғамдық барлық институттарын гуманизациялау (ізгілендіру). Яғни, ой - өрісімізді ендігі жерде елімізде орнығатын адамды, оның өмірін, ажырамас құқықтары мен бостандықтарын ең қымбат қазынасы ретінде танылуына ауыстыру. Мұның өзі, мемлекет пен азаматтың өзара қарым-қатынасының, жауапкершілік тұжырымдамасын қайта қарауға әкеп соқтырары сөзсіз.
4. Биліктің бөліну принципін іске асыру. Бұл принциптің конституциялық құрылыс негіздерінің бірі ретінде танылуы Қазақстан Республикасы Конституциясының көптеген тұжырымдарындағы мемлекеттік органдарының жүйелері мен құзіретін, олардың арасындағы өкілеттіктерді ажырату принциптерін бекітумен сай келеді.
5. Шаруашылықтың нарықтық жүйеге экономикалық нарықтық қатынастарға көшуі. Қазақстан Республикасының Конституциясында осыған байланысты бекітілген мынадай ереже бар: «Қазақстан Республикасының экономикасы меншіктің әр алуан түрлеріне негізделген».
6. Құқықтық – мемлекеттік тұжырымдамасын іске асыру.
1995 жылғы Конституцияның қабылдану себебі
Бірақ, 1993 жылғы Конституцияда елеулі кемшіліктер болды. Ол ескі Конституцияның шырмауында қалып, кеңес мемлекетінің көнерген жомаралдарының бірталайынан арыла алмады.
Бұл кезде саяси тұрақтылықты сақтаудың маңызы өте зор болатын, міне осы ниет кейбір саяси қайшылықтарды елемеуге мәжбүр етті.
Қазақстан Республикасының Конституциясы Конституцияны сотпен қорғаудың ең жоғарғы органы - Конституциялық сотты құра отырып, қазақстандық конституционализмнің қалыптасуына елеулі өзгерістерді енгізуіне қарамастан, бұрынғы сот жүйесін, прократура мен тергеу органдарының жағдайын қатырып тастағандай болды. Бұрын олар үшін партияның дерективалары Конституция мен заңдардан жоғары болып еді.
Қолданыстағы ел Ата заңын алмастыруға себепші болған жәйттердің бірі – жоғарыдағы айтылған мәселелерден туындайтын мемлекеттік институттардың арасындағы қарама – қайшылықтарды еңсеру механизмінің жоқтығы, сайып келгенде, атқарушы және заң шығарушы органдар арасындағы қарама –қайшылықтың ушығып кетуіне әсер етті.
Парламент өкілеттігінің Конституцияға сәйкес еместігі, өз кезеңінде, Үкіметтің өкілетігі де Конституцияға сәйкес еместігін аңғартты. Нәтижесінде, сол жылы 11 наурызда Үкімет өз өкілеттігінен бас тартты, Президент бұл отставканы қабылдады.
1993 жылғы ел конституциясының жөндеуге келетін жерлеріне мыналар жатқызылды:
- мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарын бейнелейтін республика қызметінің түбегейлі принциптері бұл құжатта мүлдем белгіленбеген;
- қолданылатын құқықтық ұғымы болмаған, бұл ретте республика заңдарының алдында тек бекітілген халықаралық шарттардың басымдығы белгіленген. Бұл халықаралық құқықтың басымдығын жақтаушылардың кейбірін қанағаттандырмады;
- азаматтардың құқықтарын мемлекеттің атынан кез – келген өкілетті орган және кез-келген себеп бойынша шектей алатын; қолданылып жүрген конституция екі палаталы парламент белгіледі, оның қажеттігі туралы пікірталас біздің қоғамда көптен бері жүріп жатқанымен, 1993 жылғы Конституцияда сол күйі жүзеге аспай қалған еді.
Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу обьективтік тұрғыдан қажеттілікке айналды.
Конституциялық реформа сонымен қатар орыс тілінің мәртебесін айқындайтын қағиданы өзгерту үшін де болды. Қазақстан Республикасының 1993 жылғы Конституциясында орыс тілінің ұлтаралық қатынастар тілі деп танылғаны мәлім.
1993 жылғы Конституциясының жобасын әзірлеу кезеңінің өзінде-ақ Н.Ә.Назарбаев және көптеген депутаттар мен жұртшылық Жоғары Кеңесте екі палата құру туралы мәселе көтерген болатын, дегенмен 1993 жылғы Конституцияда бұл мәселе шешілмей қалғаны мәлім. Бұл мәселе, сөйтіп, келесі Конституцияда шешімін табады.
Конституциялық реформаның қажеттігі Үкіметтің мәртебесі мен оның өкілеттігі туралы мәселені де күн тәртібіне қойды. Президент қызметінің тағайындалуына орай, әрі президенттік басқару нысанының орнығып, нығаюының барысында Үкімет мемлекет басшысы ретінде, сондай-ақ атқарушы билік басшысы ретінде Президенттің басшылығының аясына көшті. Өмір ағымы Үкіметке дербестік беру қажеттігін өктем талап етті.
Атқарушы биліктің тігінен сатыларын жасақтау проблемасы да мүлде басқа негіздегі конституциялық шешімін күткен еді. Ең алдымен, атқарушы биліктің құрылымындағы жергілікті атқарушы органдардың мәртебесін нақтылау қажет болды, себебі 1993 жылғы Конституцияда атқарушы биліктің жалпы жүйесіндегі жергілікті атқарушы биліктің орны дәл анықталмаған еді.
Сот жүйесін реформалау мәселесі де өте маңызды болды.
Президент Конституцияны үш таған идеясы: адам – азаматтық қоғам – мемлекет идеясына сәйкес құрудың маңызын негіздеп берді.
Осы үш таған бойынша, адам қоғам мен мемлекеттегі ең жоғарғы құндылық ретінде, құқықтар мен бостандықтардың кең көлемін иеленуші ретінде, әрі осы тағандардың де бастапқы элементі ретінде көрінеді.
Үш таған туралы пікірді Президентіміз Қазақстан халықтары Ассамблеясының 1995 жылғы 30 маусымындағы екінші сессиясында айтты. Осы үш таған туралы пікірі 1995 жылғы Конституцияға өзек болып тартылып, тұтас Конституцияның өзі және оның барлық негізгі нормалары, негізінен алғанда, адам мен азаматтық қоғамға және өзіміздің егеменді мемлекетімізге қарай айқын бағыт ұстауымызға жәрдемдесті.
Осылардың барлығы жинақтала келе еліміздің Конституциясының жобасын дайындау жұмыстарын жеделдетті. Сөйтіп даяр жоба бүкілхалықтық талқылауға шығарылды, оған 3 млн. 345 мыңнан астам адам қатысып, олар 31 мың 886 ұсыныс пен ескерту енгізді. Жобаға 1100 өзгерту енгізіліп, 98-баптың 55-ін өзгертуге, сондай-ақ Конституцияда жоқ бөлімнің және бірқатар жаңа баптардың пайда болуына әкелді.
1995 жылғы 30 тамызда Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдау жөнінде бүкіл халықтық референдум өткізілді.
Референдум барысын 19 қоғамдық бірлестіктің мыңға жуық өкілдері бақылады. Шетелдік бақылаушылар ретінде Венгрияның, Египеттің, Канаданың, Польшаның, Румынияның, Тәжікстанның және Украинаның өкілдері қатысты. Референдумға сайлаушылардың 90,51 пайызы қатысты.Олардың 89,14 пайызы Жаңа Конституцияның қабылдануын жақтап дауыс берді.
Ата заң қабылданған күн – мемлекеттік мереке – Қазақстан Республикасының Конституциясы Күні деп жарияланды. Ата Заңды қабылдау әдісінің орасан зор маңызы бар, өйткені оның мазмұнын сайлаушылар көпшіліктің қатысуымен мақұлдады.
1995 жылғы Конституцияға енгізілген үзінділер мен толықтырулар
Жас мемлекетіміздің он бес жылдық тарихын ой сарабынан өткізер болсақ, әу баста қабылданған «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң, ұлттық валютамыздың, жеке меншік институтының енгізілуі, ядролық сынақ полигоны жабылып, Қазақстанның атом қаруынсыз елге айналуы, Қазақстан Республикасының Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болуы, Елорданың Арқа төсіне көшірілуі секілді қадау-қадау оқиғалармен бір сапта 1995 жылы қабылданған Ата Заңымыз тағдырлы сипат атқарғанын аңғарамыз.
1995 жылғы 30 тамызда республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясы тәуелсіз, егемен мемлекеттің конституциялық дамуының жаңа кезеңіне жол ашқан акт болды. Республика Конституциясының қабылдануы конституциялық құрылыстың құқықтық негізін қалады, мемлекеттік тетік, сондай-ақ қоғамның, саяси институттар ретіндегі қызметтің негіз боларлық принциптерін орнықтырады, адам мен азаматтың конституциялық мәртебесін белгіледі, экономикалық құрылыстың негіздерін қалады.
Республика Конституциясы конституциялық демократиялық принциптерге сүйене отырып, Қазақстанның көпұлтты халқын мемлекеттік биліктің бірден-бір қайнар көзі деп таныды. Конституцияға сәйкес тұрақты жұмыс істейтін қоспалаталы Парламент заң шығарушы орган ретінде танылды. Сөйтіп, Қазақстан Республикасында парламенттіктің берік құқықтық негізі жасалды. Конституцияның маңызды артықшылықтарының бірі – оның жалпыға мәлім демократиялық құқықтық идеялар мен принциптерге бейімділігі болып табылады. Конституцияның кіріспесінде жария етілген Қазақстан халқының бостандық, теңдік, мұраттарына адалдығы анық нормаларда көрініс тапты.
Еліміздің жаңа Конституциясын теориялық жағынан зерделесек, әрине оның құқықтық мемлекет құру идеясына жалпыхалықтық құндылықтар мен принциптерге сүйенгендігіне ешкімде күмән келтіре алмас. Өйткені, оның құрылымдық бөлшектерінен біздің тұжырымыздың дұрыстығы анық көрінеді.
Қазақстан Республикасының қазіргі Конституциясында:
Кіріспе;
І бөлім»Жалпы ережелер»;
ІІ бөлім «Адам және адамзат»;
ІІІ бөлім «Президент»;
IV бөлім «Парламент»;
V бөлім «Үкімет»;
VI бөлім «Конституциялық кеңес»;
VII бөлім «Соттар және сот төрелігі»;
VIII бөлім «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару»;
IX бөлім «Қорытынды және өтпелі ережелер» бар және ол 98 баптан тұрады. Бұлардың әрқайсысының өзіндік ерекшеліктері бар.
1993 жылғы Конституциясымен салыстырғанда қазіргі Конституцияда Президенттің заң шығару бастамасы құқығы белгіленбеген. Бірақта, бұл жағдай Президенттің заң шығару процесіне мүлдем қатыспауын білдірмейді.
Алғашқы рет біздің елімізде, 1993 жылы 28 қаңтарда қабылданған Конституцияға сәйкес, Конституциялық Сот құрылған болатын. Ол бөлім Қазақстан Республикасының Конституциясын қорғауға бағытталған ең жоғарғы сот органы болды. Конституциялық Сот өз өкілеттігін Қазақстан Республикасы Президентінің 1995 жылғы 29 желтоқсанда қабылдаған «Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы» заң күші бар Жарлығына дейін жүзеге асырды.
Қазіргі қолданып жүрген Қазақстан Республикасының Конституциясы Конституциялық кеңестің құрамын, өкілеттігін, оның құрылуын жаңаша анықтайды.
«Қорытынды және өтпелі ережелер» деп аталатын ІХ бөлім Ата Заңды күшіне енгізу нормаларын бекітеді, бұрынғы Конституцияның күші қай кезден бастап жойылғанын нақтылады (90-бап), ал Ата Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу тәртібін белгіледі (91-бап), 1995 жылғы Конституция күшіне енгенге дейін қолданып келген заңдардың одан әрі қарай қолданыста болу тәртібін (92-бап), өзге де мәселелерді (93-98- баптар) белгіледі.
Қазақстан Республикасы Конституциясының құрылымдарының кейбір кемшіліктеріне қарамастан оқшауланып берілген, т.б. жалпы алғанда Қазақстан Республикасының 1995 жылғы Конституциясы өз құрылымы мен қисыны жөнінен баршаға айқын түсінікті деп айтуға болады.
Қазақстан Республикасының 1995 жылғы Конституциясы (Ата Заңы) өзінің алдындағылардан (яғни, 1926,1937,1978,1993) мемлекеттік егемендік пен тәуелсіздікті және Қазақстан халықтарының толық билігін алғашқы рет баянды етумен ерекшеленетінін ұмытпауымыз керек. Онда дүние жүзілік талаптарға сай келетін азаматтардың құқықтары мен бостандықтары, халық билігін жүзеге асырудың демократиялық тетігі, экономикалық, саяси қатынастардың жұмыс істеу алуандығы көрініс тапқан. Конституция тура заңдық ұғымын алғанда, ерекше тәртіппен қабылданатын және аса маңызды қоғамдық қатынастарды реттеуге бағытталған, құқық салаларын өрбітуге жол беретін заңдардың жиынтығы ретінде қарауға әбден болады. Соңғы шыққан еліміздің Ата заңдары мәтіндерінен Негізгі заң делінген сөздерінің алынып тасталынуы осының куәсі.....
Мақала ұнаса, бөлісіңіз:
Ұқсас мақалалар:
» Реферат: Құқық | Конституцияның қабылдану себептері
» Қазақша Ашық сабақ: 30 Тамыз - Конституция күні (Қазақстан Республикасының Конституциялық құрылымы мен мазмұны)
» Шығарма: Тәуелсіздік тірегі – Ата Заң
» Реферат: Құқық | ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ ҚҰҚЫҚ НЕГІЗДЕРІ
» Реферат: Құқық | Конституциялық құқық негіздері
» Реферат: Құқық | Конституцияның қабылдану себептері
» Қазақша Ашық сабақ: 30 Тамыз - Конституция күні (Қазақстан Республикасының Конституциялық құрылымы мен мазмұны)
» Шығарма: Тәуелсіздік тірегі – Ата Заң
» Реферат: Құқық | ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ ҚҰҚЫҚ НЕГІЗДЕРІ
» Реферат: Құқық | Конституциялық құқық негіздері
Іздеп көріңіз: