Реферат: Әдебиет | ДАТҰЛЫ СЫРЫМ

Реферат: Әдебиет | ДАТҰЛЫ СЫРЫМ

ДАТҰЛЫ СЫРЫМ
Датұлы Сырым (1712-1802) – Ресей патшасының отарлау саясатына қарсы күрескен Кіші жүз қазақтары көтерілісінің көрнекті басшысы, атақты батыр, әйгілі шешен. Шыққан тегі - Кіші жүздің Байұлы тайпасының Байбақты руынан.
Өзінің асқан ақылдылығы арқасында өз ортасында тым ерте танылып, әділдішімен аты шыққан «Бала би» атанды. Жасы ұлғайған кезінде отарлаушылардың озбыр саясатына қарсы шығып, жерінен айырылып, жайылымсыз қалған, патша әкімшілігінің езіп-жаншуынан, тонауынан әбден титықтап біткен халқының наразылығына үн қосып, қарулы күреске шығады. Ол өзінің Орынбордың генерал- губернаторы Игельстромға жазған бір хатында: «Сіздердің түрлі әдістермен алдап, қолға түсірген ноғай, башқұрттар сияқты бізге де бұғалық салып, езбекші екендігіңіз белгілі» деп жазады.
Бұдан Сырым батырдың қолына қару алып, көтеріліске шығып, басын бәйгіге тігудегі мақсатының айқындығы, халқының мойнына түскелі тұрған сол бұғауды үзуге ұмтылғаны анық аңғарылады. 1783 жылы Сырым бейқам жатқан қазақ ауылдарын шауып, кезекті тонауға келген казак-орыс атаманы Чагановтың отрядымен шайқасып, оны ойсырата жеңеді. Атаманның өзін тұтқындап, Хиуаға құлдыққа сатып жібереді. Бұл патша әкімшілігіне үлкен соққы еді.
Соған орай Орал қаласындағы патша әскері түгел аттанып, осы жылдың күзінде Cырымды қолға түсіреді. Бірақ оны Нұралы хан қыруар мал беріп, бірер айдан кейін босатып алады. Түрмеден босағаннан кейін Сырым Табын руының старшыны Тіленші Бөкенбайұлының қолдауымен Oрал казак-орыс әскерімен күресін әрі жалғастырады. Бірақ Нұралы хан бұл жолы Сырымды қолдамайды, қайта оған қарсы шығып, шекаралық әкімшіліктен көтерілісшілерді басу үшін арнайы әскер жіберуін талап етеді. Сөйтіп ол былайғы жерде Сырымға қарсы күресте шекара әкімшілігімен бір болады.
Міне, осы кезден, яғни 1784 жылдан бастап патшаның отарлау саясатына қарсы күресте ханының да, қарашасының да ортақ ниеттестігіне ие болып келген көтерілісшілер арасына жік түсіп, Сырым бастаған халық қозғалысының күресі енді Әбілқайыр әулетінен шыққан хан мен сұлтандарға қарсы бағытталады. Кіші жүздің көптеген рулары Нұралы ханға бағынбай көтерілісшілер жағына шығады. 1785 жылдың күзінде болған старшындар жиналысы Нұралыны хан деп танудан бас тартады. Келесі жылдың көктемі қарсаңында көтерілісшілердің қысымына шыдамаған Нұралы шекаралық шептегі қамалға қашуға мәжбүр болады. Оның ақыры сол жылы Екатерина ІІ-нің Нұралыны хандықтан түсіру жөніндегі жарлыққа қол қоюына әкеп соғады.
Хан тағына Нұралы кетіп, Ералы отырғанымен де жағдай түзелмейді. Халықтың наразылығы одан сайын күшейе түседі. Сырым бастаған көтерілісшілер енді ашық соғыс қимылдарына көшіп, патша қамалдарына шабуыл жасай бастайды. Бірақ олар пәлендей нәтижеге жете алмайды. Елек қамалына жасаған шабуылдың сәтсіздігінен кейін Сырым соғыс тәсілін өзгертіп, партизандық әрекеттер жасауға көшеді. Шекаралық бекіністерге, сұлтандар мен оларды қолдаушылардың ауылына тұтқиылдан шабуылдап, адамдарын тұтқынға алады. 1797 жылы көтерілісшілердің үлкен бір тобы Ералыдан кейін хан тағына отырған Есімнің ауылына тұтқиылдан шабуыл жасап, ханды өлтіреді.
Есім ханның өлтірілуі Сырымға тілектес билер мен старшындардың одан ірге ашуына себепші болады. Есімнің орнына Айшуақ хан сайлағаннан кейін, ол Eсімнің кегін алмақ болып, арнайы отряд жасақтап, Сырымға қарсы аттанады. Соңынан індете қуып, маза бермеген патша экспедициясынан ығысып, Сырым Хиуа хандығының жеріне өтіп кетеді. Ел арасына атағы кеңінен тараған батырдан қауіптенген Хиуа ханы оның көзін жоюдың амалын жасайды. Ақыры оның есебін тауып улап өлтіреді. Бұл жөнінде халық ауызында түрлі әңгімелер айтылады.
Шым-шытырық кезеңнің шындығы
немесе жазушы-драматург Рахымжан Отарбаевтың “Сырым батыр” тарихи драмасынан кейінгі ой

Еділ мен Жайықтың аралығы ежелден еркіндік пен азаттық жолындағы қиыр-шиыр күрестің кіндігіне айналып келгені тарихтан белгілі. Кешегі кеңестік кезеңде жазылған “оқулығы жұп-жұқа біздің тарихта” бұл күрестерге ұлт-азаттық қозғалыстар деген сипаттама берілді. Расында да солай ма? Шын мәнінде олар жәй ғана бір қозғалыс деген момақан атаудан әлдеқайда асау кейіптегі көтерілістер емес пе еді? Осы тұрғыда аталған өңірде ең алдымен Арынғазы, Сырым, Исатай-Махамбет, Көтібар (Есет) көтерілістері ауызға алынады.
Бұлардың қай-қайсысы да империялық пиғылдағы отаршылдардың аяусыз іс-әрекеттерін ауыздықтай алмаса да, арқыраған арындарын әжептәуір басқаны анық. Осының ішінде Сырым бастаған көтерілістің орны да, мәні мен маңызы да бөлек дей аламыз. Өйткені, ол ұзақ жылдар бойы тек орыс отаршылдарымен күресіп қана қойған жоқ, сонымен бірге оған башқұрттармен, қалмақтармен, тіпті өзбектермен де тайталасуына тура келді.
Бұған қоса Сырым Датұлы сол тұста Нұралы ханмен де ұстасты. Ол Сырымға тіпті де бөтен адам емес еді. Қазақшалап айтқанда, құйрық-бауыр жескен туған құдасы. Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театры қойған Рахымжан Отар­баевтың “Сырым батыр” тарихи драмасына батыр өмірінің соңғы он жылын қамтитын осындай қым-қиғаш әрі шым-шытырық кезең өзек болып тартылыпты.
Алағай да былағай, аласапыран дүниенің ортасында қалған Сырымды автор қай қырынан көрсеткісі келді екен? Батырлығын ба, әлде көсемдігі мен шешендігін бе? Қаламгердің жаңа туындысында мұның бірде біреуі алдыңғы кезекке шыға қоймаған секілді. Драматургиялық туындыға ең алдымен динамика, интрига, талас-тартыс, іс-әрекет, қимыл-қозғалыс пен қарама-қайшылық тән десек, бұл талаптар қойылымда толығымен ескерілгенін көреміз.
Мұндай жағдайды ескермей сахнада басты кейіпкердің көсемдігі мен шешендігін дәріптеймін деп, бас-көзге қарамай зуылдатып отырса, ол пьеса бола ма? Әрине, болмайды. Сондықтан да мұндай қадамға барудан пьесаның авторы Рахымжан Отарбаев та, оны сахнаға қойған режиссер Мұрат Ахманов та саналы түрде бас тартқаны байқалады.
Сонда олардың көрерменге айтайын, жеткізейін деген басты ойы не? Жазушының жаңа драматургиялық еңбегінде орыс патшайымының жарлығымен Сырымның бас старшын болып сайланған сәті бейнеленген. Шен-шекпенге жақын өзге атаққұмар біреу болса, бұған әжептәуір масайрар еді. Пьесаның басты кейіпкері олай істе­мейді. Бұл шен оған зымиян, сайқал есеппен беріліп отырғанын бірден аңғарған спектакльдің басты кейіпкері одан әрі іштей серпіліп, ширыға түседі.
Ел, халық мүддесі, отаршыл саясат салдарынан орын алған озбырлықтар оның жанын бәрібір жәй таптырмайды. Сөйтіп, орыс патшайымы берген атақ пен шен-шекпенді өз ақылы мен айласын сарп ете отырып, елдікті қорғап, ауызбіршілікті нығайтуға, ел намысын жықпауға, халықтың сағын сындырмауға ұтымды пайдалана біледі. Мүмкін, көсемдік деп жүргеніміздің де бір мысалы осы шығар. Автордың айтайын деген басты ойының бірі де осы төңіректен туындаған секілді.
Әдетте, халық дана деп жатамыз. Қате емес, әрине. Әйтсе де, қоғам мен дүниенің тегершігін дөңгелететіндер тек дара тұлғалар емес пе? Қойылым авторлары Сырымның осындай тарихи дара тұлға ретіндегі сахналық бейнесі мен орамды образын аша алды деп санай аламыз ба? Әрине. С. Датұлы Ресей отаршылдарымен үздіксіз он бес жылға жуық уақыт бойы күрескеніне тарих куә. Ал, осы күрес үдерісі аз ғана уақытпен шектелсе, немесе күрт тоқтаса не болар еді? Сөз жоқ, мұндай жағдайда отаршылдар қазақ сахарасына кеулей еніп, сұғына кіріп, олардың елге тигізетін зияны мен сойқаны бұдан да гөрі тереңірек, молырақ болар еді. Сырым бастаған көтеріліс сол зардаптың уытын азайта алуымен әрі тежеу салуымен де құнды.
Пьесада көрсетілгендей, жасы жетпіске жақындаған Сырымның бір басына жететін дәулеті де, билігі де болды. Батырлығы, көсемдігі мен шешендігі тағы бар. Сонда оған не жетпейді? Құдасы Нұралы ханмен төс соғыстырып, тып-тыныш, мамыражай, қызықты өмір сүруіне әбден болар еді ғой. Алайда, Сырым бұлайша өмір сүре алмайды. Бұлай істеу қолынан келмейді. Қандай қым-қиғаш жағдайда да халық қамын көксеу – оның басты мұраты. Сондықтан да ол осы мақсатын іске асыру үшін басын тауға да, тасқа да соқты.
Міне, тарихи драманың айтайын деген басты ойы осындай десек, шындықтан алшақ кетпейміз. Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында тұңғыш рет сахналанған қойылым мінсіз дүние деуден аулақпыз. Мысалы, режиссерлік шешім болар, о бас­та екі актілі пьесаға арналып жазылған дүниенің кейін біршама қысқарып қалғаны бірден байқалады. Сондықтан да шығар, сахна жабылған кезде көрермендер бейнебір пьеса аяқталмай қалғандай көңіл-күйде қалады. Орыс жазушысы А.П. Чехов айтқандай: қысқалық — таланттылықтың белгісі. Алайда, айтайын деген басты ой мен түйінді шашыратпай, жинақы түсіргенге не жетсін. Ең бір өкініштісі, түпнұсқадағы халықтық қимастық көңіл-күй, олардың зары мен запыраны режиссерлік нұсқада көрініс таба алмай қалған.
Екіншіден айтайын дегеніміз, Сырым ұшқалақ, сабырсыз біреу емес. Ол ой мен ақылдың, білік пен парасаттың адамы. “Ашу — дұшпан, ақыл – дос” екенін әбден зерделей алатын жан. Осындай кемеңгер көсем, тарихи тұлғаның қылышын қайта-қайта жалаңдата бергені де шындыққа жанаса қоймайды. Осындай “әттегенайларға” қарамастан, Мұсағали Бектенов, Боранбай Молдабаев, Қуаныш Амандықов, Теміржан Матаев, Еркін Тасболатов, Самал Әбуов, Айбар Жарыл­ғасовтар өз қабілет-қарымдарына қарай өз рөлдерін сәтті ойнап шықты. Бір айта кететін жайт, талантты режиссер Мұрат Ахманов көрермендерге ұсынылған бұл қойылымды келісім-шарт бойынша республиканың екінші бір қиырындағы Талдықорған қаласынан келіп қойды.....

Доп      


Мақала ұнаса, бөлісіңіз:


Іздеп көріңіз:
реферат ДАТҰЛЫ СЫРЫМ туралы реферат казакша на казахском акпарат малимет, реферат ДАТҰЛЫ СЫРЫМ на казахском языке скачать бесплатно информация, рефераттар жинағы Адебиет жоспарымен, казакша реферат жоспар, ДАТҰЛЫ СЫРЫМ

Пікір жазу

  • [cmxfinput_gallery][cmxfinput_youtube]