Реферат: Қазақ әдебиеті | Малайсары тархан

Реферат: Қазақ әдебиеті | Малайсары тархан

Малайсары батыр. Бұл тұлға туралы деректерді алғаш рет Шоқан жазбаларынан кездестіреміз. Ең алдымен оқырманға ескерте кететін нәрсе, Шоқан Уәлиханов зерттеулеріне қазақ тарихының басты оқиғалары мен ең шешуші тұлғалары іліккені. Қазіргі күні ғылыми тілде бұл мәселені түсіндіру қиын, мүмкін бұл қазақтың дана ұлының табиғи зеректігіне, терең түсінігі мен интуи­циясына байланысты болар, яғни ХVІІІ ғасыр үшін Малайсары батыр Абылай ханмен қатар аталатындай "знаковая фигура”. Ол сол заманның тыныс-тіршілігін, қазақ халқының сыртқы-ішкі жағдайын ашып бере алатын толыққанды тарих қайраткері. Шоқанның аз ғұмырында қазақ тарихының қалың қатпарларынан ең басты мәселелерді, сәулелі тұлғаларды іліп алған талғампаз, көрегендігіне таң қалмасқа болмайды.

Шоқан жинағының бірінші томында "Исторические предания о батырах ХVІІІ века” аталатын мақала бар. Мұнда ғалым ХVІІІ ғасырдың бетке ұстар ұлдарының көпшілігін қазақ аңыздарына сүйене отырып атап кетеді. Шоқан берген баға бойынша Малайсары батырдың тарихтағы орны Қаз дауысты Қазыбек, уақ Деріпсал, Баян батыр деңгейінде. Ғалым былай дейді:

"Когда спросили у Аблая, кого он из батыров более уважает из всех трех орд, он отвечал: "Из предшествовавших мне мужей двое заслуживают удивления: Казы­бек каракесековец, который возвратил от Галдана 90 своих пленных и Дерпсалы уаковец, также возвративший своих пленных. Первый возвратил просьбой и был сам у Галдана, а последний устрашил врага сидя в своем ауле. Из моих батыров басентииновец Малайсары по богатству, храбрости и по характеру, и уаковец Баян по уму и храбрости стоят выше всех” (Ч.Валиханов.Собр.соч. Т.1. с 125).

Біздің ойымызша, Малайсары 1708 жылдары Сырдың бойында Түркістан атырабында туып, кейін Арқаға көшкен. Әкесі түйені көтерген, жолбарысты жалаң қолымен жарып өлтіретін Тоқтауыл батыр. Малайсарының шешесі қалмақтың атақты нояндарының қызы, түп-тегі хошоуыт тайпасы болса керек. Шежіреге қарасақ, аты – Молдыр. Қалмақтың тілінен аударғанда асылтас деген ұғымды білдіреді. Малайсары батырдың анасының атымен аталатын елді мекен, қоныс атауы Павлодар облысы, Май ауданының картасында кездеседі.

Малайсарының Сырдың бойында туғанына дәлел – інілерінің аттары. Бірінің аты – Бағыс, екіншісінің аты – Қарнақ. Бұл екі жер де тарихи орындар, қазақ баласына белгілі. Бағыс осы жақында ғана Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы шекара мәселесіне байланысты елдің құлағында, ал Қарнақ Әзіреті Түркістанға 25 шақырым жерде орналасқан қала. Бұл Қарнақта қасиетті Әзіреті мешітіндегі қазанның жасалғаны, революцияға дейінгі заманда Қарнақтың бір өзінде қазақ балаларын дін жолына тәрбиелейтін 22 медресенің болғаны бәрімізге белгілі.

Шоқан жинағының үшінші томында "Черновой набросок о древних грамотах” дейтін мақаланың тарихи құндылығы өте күшті. Мақаланың мазмұны қазақ хандарына, батыр-билеріне сыртқы елдерден (қалмақ, қытай) келген грамоталар жөнінде. Шоқанның жазуына қарағанда Абылай немерелерінің қолында көптеген тарихи мұралармен бірге Қытай императорлары Цянь-Лун, Цзя-Цин атынан келген грамоталар сақталған. Бұлардың деректік қабілеті ХVІІІ ғасыр тарихын зерттеу үшін өте күшті: "грамоты эти писаны на маньчжурском, калмыцком и на так мало известном (тюркском) языке, на которым говорят жители Малой Бухарии, или китайского Туркестана, и потому имеют немалый интерес для наших ориенталистов”, – дейді зерттеуші.

Шоқан қолындағы грамотаның бірі Жоңғар қонтәжісі Қалдан Сереннің Малайсары батырға "тархан” атағын беру туралы жарлығы. Бұл грамота қалмақ тілінде "тодо бичиг” жазуымен жазылған ("төте жазу” – деген сөз осыдан шығады). Шоқан Малайсарыға берілген грамотаны батырдың ұрпақтарынан алып, өз туысы Абылай Ғаббасұлына оқытады. Ғаббас (қазақ ішінде Ғаббас хазірет дейді) Уәли ханның Ғұбайдолладан кейінгі екінші ұлы, дипломатиялық қызметке жас кезінен бастап дайындалған, Қытайда оқыған адам. Оның баласы Абылай да бірнеше тілде сөйлеп, жаза білетіні ғылыми деректерден белгілі. (Қазақ төрелерінің ішінде өз балаларына аты шыққан, ұлы аталарының атын беру жиі кездеседі. Бұл қалыптасқан дәстүрге ұқсайды. Мысалы Абылай (Әбілмансұр) генеалогиясын қарайық: Шыңғыс хан ® Жошы ® Орда Ежен ® ... Есім ® Салқам Жәңгір ® Аула Бақи ® Абылай (Қанішер) ® Уәли (Көркем) ® Әбілмансұр (Абылай) ® Уәли ® Ғаббас ® Абылай, және т. с. с). Шоқан осы мақалада Малайсарыны "киргизский родоначальник (бий и батыр)” деп атайды. Бұл мысал Абылай тұқымының Малайсары батырдың тарихтағы орнын толық белгілегенін, жоғары баға бергенін көрсетеді.

Қалдан Серен грамотасының негізгі мәтінімен қатар Шоқан Малайсарыға қатысты бірнеше тамаша анықтама береді. Оның жазуынша ол Абылай заманындағы батырлардың ішіндегі ең белгілісі: "Малай – Сара, по калмыцкому произношению Малай - Шора, был одним из самых (влиятельных) биев и батыров Средней Орды во времена ханов (Абульмамбета) и Абылая. Малай - Сара происходил из басен­тийнского рода аргынского племени”(Ч.Ч.Валиханов. Собр.соч. т. 4. с. 302).

Шоқан зерттеуіне қарағанда Малайсарының аты шыға бастаған уақыт XVІІІ ғасырдың бірінші жартысы, қазаққа төрт құбыланың бәрі жау болып, жан қысылған уақыт: "Когда джунгары, буруты (қырғыз – авт.), каракалпаки, башкиры, русские казаки, волжские калмыки со всех сторон теснили и грабили беззащитный народ, в это-то время неурядиц, смут, голодных годов и начинает возвышаться Малай - Сары, один из первых сподвижников султана Абылая...” (Ч.Ч.Валиханов.Собр. соч. 302).

Абылай маңында бұл кезеңде бірнеше саяси бағыт, мүдде, қөзқарас көрініс таба­ды. Солардың ішінде отаншыл бағыттағы топтың (Шоқан жазуынша "патриоттық партия”) көсемі Малайсары болғанға ұқсайды. Ресей бағытында ол кезде Орта жүздің Шақшақ Жәнібек сияқты батыры, ірі ру басшысы болды. Шоқан жазба­ларына, басқа да деректерге қарағанда орыс партиясының ел арасындағы беделі онша болмаған сияқты. Шоқан "русская партия была ничтожна” деп жазады.

Бір ғажабы Шақшақ Жәнібектің Ресейден, ал Малайсарының Жоңғариядан "тархан” атағын алуы қатар болған. Бұл кездейсоқтық емес екені айдан анық. Қазақ басшыларының алдында Шоқан айтқандай екі кеменің біреуінің құйрығын ұстау міндеті тұрды. Бірақ Абылай өзінің кемел ақыл-парасатының, ұстамдылығы мен кемеңгерлігінің арқасында екі жаққа да бой алдырмай, мемлекет тәуелсіздігін қорғай білді.

Шоқан Малайсары туралы жақсы бағасын бұл қолжазбада да қайталайды: "Малай - Сары пользовался уважением в народе и у самого Абылая, ибо был богат, умен и храбр – достоинства, которые редко соединяются в одном лице”.

Енді архив деректеріне келейік. 1743 жылы қыркүйек айының 22-інде Орта жүзге арнайы тыңшылық сапармен барған башқұрт Тоқан Балтасевтың мәлімдесінде казақ – қалмақ одағының нығайғаны, Қалдан Сереннің Абылайды тұтқыннан босатып, сый құрметпен еліне аттандырып салғаны жазылады. Сонымен бірге бұл мәлімдемеде Малайсары аты да аталады: "Аблай и приехавший с Абульмамбетевым сыном киргизец Малай-Сары утверждали, что когда они приедут, то Бараков сын, конечно, отдан будет... Галдан - Чирин причем им награждение учинил, а именно: Аблаю и Малай-Сары — одного знатного ташкентского сарта, который живет у него во владении, Галдана - Чирина, по дочери в замужестве дал, и сверх того, Аблаю обещал дать в Ташкенте несколько в вотчину... А Малай-Сары пожалован в ближние к себе четырем человеком да сто кобылиц за то наипаче...” (Казахско-русские отношения в ХVІ-ХVІІ в., 1961. с. 297).

Бұл дерек ұзақ жылдарға созылған қазақ-қалмақ жаугершілігін тоқтатуға себеп болған үлкен мәмілегерлік келісімнің болғанын, қазақтың үш жүзінен барған тоқсан жақсының ішінде Малайсарының жоғары тұрғандығын көрсетеді. Бұған себеп Малайсарының қазақ пен қалмаққа танылған ерлік даңқы, ақылы мен парасаты, қалмақ ішіндегі жиендік беделі. Батырдың анасы қалмақтың белгілі нояндарының қызы деп жоғарыда айтқанбыз.

Баяндалған оқиғаға қатысты кейбір деректерді орыстың Абылайға келген елшісі капитан Яковлев жазып алады. Деректі айтушы Бөгенбай мен Жәпек батырлар. Бөгенбай қазаққа да, оның сырт көршілеріне де белгілі батыр – қолбасшы, ал Жәпек атығай руынан, Абылайдың сенімді нөкері, тұтқында бірге болған, тағдыры бір адамдар. Олардың баяндауынша Қалдан Серенге қазақтың тоқсан жақсысы Абылайды босату үшін Әбілмәмбет баласы Әбілпейізді аманатқа алып келгенде Қалдан қатты ашуланса керек. Оның түсінігінде Абылайды босату үшін қазақ елі өзінің басты-басты адамдарының балаларын қалмақ ордасына аманатқа түгел беруі керек еді. Қазақтың игі жақсылары осы сәтте қаңтарылып, үндемей қалға­нында қонтәжіге жауапты Малайсары береді: "у нас и в Россию со всех родов в аманаты не требуют, а ты де хочешь быть больше Великорусского государства”. А.И.Яковлевтің жазуына қарағанда әңгіме осылай болған-мыс.

Осы кездесуде жоңғар қонтәжісі тарапынан Малайсарыға тархан атағының берілуі Орталық Азияны мекендеген көшпелі қазақ және қалмақ елдерінің бейбіт қатынасының тамаша бір дәлелі. "Тархан” атағы көнеден келе жатқан лауазым, дәреже, бұл атақтың иелері алым-салықтан босатылады, анау-мынау ұсақ қылмыс бойынша тек хан алдында ғана жауап береді. Көне түркілік "тархан” дәрежесі XVІІІ ғасырда Жоңғария мемлекетінде барынша көрініс табады. Мысалы қалмақ қонтәжісі Батыр қонтәжінің ұлы Сенге 1663 жылы лама дінінің ірі өкілі Кэлэмурчиді шақырып, оған "дархан” атағын тапсырып тұрып былай дейді: "Сэнге щедро одарил их подарками и пожаловал им достоинство дарханов, объявив (при этом): "(Отныне) в нашем (джунгарском) хошуне, если (у вас) лошадь выбьется из сил, то берите (безвозмездно) другую, а если (у вас) кончится провиант, то можете (безвозмездно) брать себе еду” (Норбо Ш. Зая-пандита) Материалы к биографии. (Элиста, 1999. с. 100).

Тарихи деректерге қарағанда Жоңғар мемлекетіндегі күрделі дағдарыс 1745 жылы Қалдан Серен өлімінен кейін басталады. Құдіретті жоңғар басшысының соңында үш ұл бала қалған: "Оның үлкені күңнен туған Лама Доржы, одан кейін кәмелетке толмаған Цэван-Доржы (13 жаста) және кенжесі сегіз жаста қалған еді”. Жоңғар "Заргосының” хан (хан кеңесі) шешімімен таққа ортаншы ұл отырып, бірақ билік жасай алмай, ақыры 1750 жылы Лама - Доржыға тақты берді. Осы кезде елдің берекесі, ынтымағы кете бастаған еді. Даваци, Әмірсана сияқты ұлыс басшылары ханға қарсы болып, азамат соғысы басталып кетті. Ақыры Әмірсана мен Даваци (Лабашы) қашып келіп қазаққа тығылды. Міне Малайсарының архив қағаздарына тағы да түсетін тұсы осы кезең.

Бұл екі қашқын қазақ арасына 1751 жылдың қара күзінде келіп, Жоңғария шека­расына жақын орналасқан Қайып батырды паналады, бірақ Абылаймен ылғи да байланысып, қамқорлық көріп отырды. Қазақтар қалмақтың екі ірі ноянының жан­сауғалап келгенін ырым көріп, қолда барын беріп көмектесті, таршылық көрсеткен жоқ. Даваци мен Әмірсананы қолда ұстап отыру Абылайға да өте тиімді көрінді. Бұл бағытта Абылайды Бөгенбай батыр, Дәуіт тархан, Жәпек батыр, Ералы сұлтан, Төле би (хат арқылы) қолдап отырды.

Ал Әбілмамбет хан, Малайсары батыр, тағы басқалар Даваци мен Әмірсанадан гөрі Лама Доржымен қарым-қатынасты жақсартқан дұрыс деп есептеді. Жоңғария қанша жерден саяси дағдарысты басынан кешкенмен, жыланды үш кессең де ке­сірткедей әлі бар дегендей, әл-қуаты күшті мемлекет болатын. Даваци мен Әмір­сананы бермеген күнде екі арада жаугершілік болатыны сөзсіз еді. Осы себептен Малайсары Лама Доржыдан 1752 жылғы келген Бекей бек бастаған алғашқы елші­лікті күтіп алып, өзінің баласы Тілеуқабыл мен Жәпек батырдың ұлын қосып Қайып ауылына жұмсады. Бірақ Қайып Малайсарының "қалмақпен текке жанжалдас­пайық, қантөгіс болады” дегенін керек қылмай, қайта екі жас жігіттің өтінішіне мойынсұнбай "Малайсары жоңғар жағына болыспасын” деп шығарып салды.

Орыс деректерінде бұл әңгіме былай суреттеледі: "Послан был от зенгорского владельца Бекей-бек во сто человеках калмык для разведывания о ноенах Дебачи и Амурсаны, где и у кого они находятся по надежде к киргизскому старшине Ма­лай-Сары - батырю, которой-де и люди его частые приезды в Зенгорские владение употребляют и приказал им быть у него с месяц и заподлинно о них разведать и как возможно привесть в ургу”.

Абылай Лама Доржыға қарымта елшілік жұмсап Давациді арнайы шақырма­ғандығын, бірақ ұстап та бермейтіндігін білдірді. Екінші елшілік те осындай нәтижемен аяқталды. Абылайдың жинаған 70-тен астам ел басшылары — батырлар мен билер, қашқындарды ұстап бермеуді жақтап шықты.

Қалмақ осы оқиғадан кейін бүлінеді. Қазақ арасына Даваци мен Әмірсананың жақтастарының қашып келуі көбейді. Екі ноян алғашқы уақыттағы Еділ бойына қашамыз деген жоспарынан айнып, енді Абылайдан Лама Доржымен соғысуға көмек сұрай бастайды. Лама Доржы көз алдында болып жатқан бүліншілікті тоқтатпақ болып Саин - Белек бастаған 20 мың әскерді қазақ даласына, Даваци мен Әмірсананы күшпен алып келуге жұмсады. Қазақ-қалмақтың арасындағы кезекті соғыс осылай басталды. 1752 жылдың қыркүйегінде басталған соғыс 1753 жылдың қаңтарында Лама Доржының өлімімен аяқталды. Ханды өлтірген Даваци мен Әмірсана бастап қалмақ ордасына жаугершілікке барған қазақ жауынгерлері еді.

Бұл жерде кім дұрыс, кім бұрыс деп топшылаудың өзі қиын. Егер Әбілмәмбет пен Малайсары ойлағандай болса, Жоңғария мемлекет есебінде көбірек өмір сүрер ме еді, кім білсін?! Жоңғарияның қазақ даласына шығыстан қалқа болып Қытайдың айдаһарынан қорғап тұрғаны да пайдалы шығар?! Бірақ тарихтың қайта шегінер жолы жоқ, болған іс болды, Жоңғария келе-келе жер бетінен мемлекет, ел есебінде өшті.

Енді қазақ шежіресіне келейік. Оның классикалық нұсқалары (Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Шәкәрім, т.б.) тарихи аңыздар мен әңгімелерден, жеке тұлғаларға қатысты қанатты сөздерден тұрады. Бұл қазақ халқының бірнеше мың жыл бойы жинақтаған тарихи білімінің қорытылған, нығыздалған түрі. Шежіре нұсқаларын ақтара отырып Малайсарыға қатысты бірсыпыра деректерді Мәшһүр Жүсіп жазбаларынан кездестіреміз.

Мәшекең Малайсары батырға қатысты қызықты әнгімелерді қазақ батырларына, оның ішінде Олжабайға арналған аңыздар топтамасында келтіреді. Шежірешінің айтуына қарағанда: "Осы Малайсары өз заманында епетейсіз ірі, дөкей батырдың бірі есепті болған” – деп суреттейді. Одан әрі былай деп жазылған:

"Малайсары... баласы Тілеуқабылды қалмаққа ақ үйліге бермек болып, ақ мылтықтың аузын жаласып, анттасып қайтқан екен. Сонан үйіне келіп жаңа "үһ” деп демін алып отырған үстіне қалмаққа қосын жасап, ту тігіп Абылай хан келіп қалыпты.

– Отырма, атқа мін, жүр! – дейді ғой.

Малайсары:

– Мені қой, мен бармаймын, қалмақпен жауласпаймын деп ақ мылтықтың аузын жаласып, анттасып қайтқан едім. Антқа ұшырап қалармын, – дейді.

– Қалмақ шіркіннің анты не қылар дейсің, жүресің, бармасаң болмайды,– деп еркіне қоймай ертіп алып, аттанып қалмаққа барған екен. Барса қалмақ күнбұрын естіп, күтініп, дүние-дүние болғалы, жер-су болғалы жау беттеп бұзып кіріп ала алмайтұғын бір берік қорғандары болады екен. Тас түйін болып бәрі соған қамалған екен. Сонда Абылай хан төрт батырды жіберіпті, қорғанды айналып, болжап келіңдер, бұзып кірер жері бар ма екен деп. Сонда Уақ Сары, Баян жоғары өтіп, қорғанның үстінен үңіліп ішіне қарай бергенде дулығаның қақ маңдайынан оқ тиіп, дулығаның артына қарай, қайқайып қалғанын қалмақ мергендері көріп, жығылды ғой деп қорғанның үстіне шығыпты. Көре сала батырлар жалт беріп қашқанда артынан оқты жаңбырдай жаудырыпты. Сонда Абылай:

– Бір қанды ауыз мылтықтың аузы Малайсарыға дөп келді-ау, құдай-ай, сақтай гөр дегенше болмай, Малайсарының сауытының жыртық жиегінен оқ тиген екен, жөремелете сол қалмақ үш атыпты.

Абылай хан: "Малайсары аман емес, аты кирелеңдеп қалды”, депті. Айтса айт­қандай, Малайсарының белін оқ қиратып тастаған екен. Қосына алып келіп түсіріп, жатқызыпты. Абылай:

– Өзге тамақты бұған бере беріңдер. Жалғыз-ақ ескі қатқан сүр ет бермеңдер, ішегі аман екен. Қатқан сүр ет берсеңдер ішегі жыртылады, онан соң үйірге қосыл­майды, — депті. Малайсарыны бақыршысы бағып, қоста жата береді, өзгесі күнде аттанып қорғанға бара береді.

Қалмақ қорғанда қамалып жатыр, бұлар елсіз-күнсіз далада қамалып жатыр. Түсте бірін, кешке бірін сойып тұратұғын қой-қозы бар ма? Малайсары бақыршысын шақырып:

– Қызыл турам етке тісімді тигізбесең, басыңды шауып тастаймын, – деп қаһар­ланыпты. "Ала қоржын қайда, алып кел, соның түбінен қызыл турам ет табылмаса, менің құрығаным ғой, қарам суалғаны ғой!” – деген соң, бақыршы ала қоржынды алып келіп, ақтарып қараса, бір қазы жатыр екен. Ортасынан тұтамдап кестіріп алып, астырып жепті.

Абылай хан келген соң көрсе, Малайсарының түрі бұзылып, келіспей қалғанын байқап, сүр ет бердіңдер ме дегенде бақыршы:

– Қазының ортасын беріп едік, – депті. Хан:

– Енді болмады, жалғыз-ақ ілініп тұрғандағы ішектің бүтіндігі, әй, қап әттеген-ай, келіспеді-ау, – депті. Сонда Малайсары батыр:

– Әзірейіл, шіркін, бұл қайда жүр өзі дей беруші едім. Сөйтсем, ала қоржынның түбінде бұғып жата берген екен. Сөйтіп, амалын тауып, айласын асырып алмаса, біздей кісіге бадырайып тура келуге оған да жан керек қой, – деген екен. Сол сапарда демі таусылып, сүйегін елге алып келіп қойыпты”.

Малайсарының қайтыс болуы 1754 жылдың оқиғаларына сәйкес келетін сияқты. Бұл кезде Қалдан Серен тағына Даваци (Лабашы) мен Әмірсана күресіп жатқан. Абылай қалмақ ішіндегі азамат соғысына араласып, екі ноянға алма кезек қолдау саясатын жүргізеді.

Абылай алдымен Давацимен одақтасып 1753 жылы дэрбэт ауылдарын шапты. Дэрбэттер Лама-Доржыны, оның оң қолы болған атақты қолбасшы Саин-Белекті, атақты батыр Үнемкей Жырғалды қолдайтын. Давацимен жасалған келісім бойын­ша дэрбэттердің ер азаматтарын Абылай одақтасы Давациге беріп, қатын-баласын түгел өзі алды. Қолға түскен мал-дүние тең бөлінді. Осыдан кейін Әмірсана мен Даваци арасында жаулық басталғанда Абылай Әмірсананы қолдап 1754 жылы Жетісуға 1700 жауынгерден тұратын әскерді бастап келді. Бұл сәуір айы болатын, жоңғарлардың Қаратал бойында он мың адамдық (түмен) үлкен қосыны тұрды. Малайсарының өлімі осы соғыста болған сияқты.

Қаратал өзені екі ғасыр қалмақ қонтәжілерінің ордасы (ұрға) болған үлкен саяси орталық. Қалдан Серен заманында көтерілген құрылыстардың орны бұл жерден әлі де көрінеді. Онымен қатарлас Алтынемел жотасы тұр. Алтынемел атанатын жердің билікке тікелей қатысы бар. Қазақшаға аударғанда "алтын ердің қасы, немесе ердің алтын қасы” деген ұғымды білдіреді. Осы Алтынемел тауының бір сілемінде Малайсары батыр оққа ұшты. Сол заманнан бері бұл жота Малайсары атанады: биіктігі 1446 м, батыстан шығысқа қарай 100 шақырымға созылып жатыр, ені 10-20 шақырым. Жоңғар Алатауының басталатын тұсы да осы жер.

Малайсарыға қатысты тағы бір деректер Жаяу Мұса Байжановтың Қазақ Ұлттық Ғылым академиясының кітапханасында сирек кездесетін қолжазбалар бөліміндегі "Абылай ханның 40 батырымен Сарыарқаны қалмақ ханы Қалдан Сереннен тартып алған уақиғасы” деген қолжазбасында кездеседі. Сондай-ақ келесі ауыз екі мағлұматтар ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында қазақ жерінде өлкетану ісімен шұғылданған орыс зерттеушілерінің жазбаларында да бар. Мәселен В. Никитин "Памятники древности Каркаралинского уезда” атты мақаласында (1895 ж.) Қарқаралы тауларындағы тастан қаланған ірі бекініс жүйесін Малайсары атымен байланыстырады:

"В районе городского выгона на урочище "Мухтарово”, находится стена, сло­женная из булыжника и плитняка. Длина ее по равнине, приблизительно, до 41/2 версть, далее же она подымается в горы, где и теряется среди камней, высота стены не одинакова: в равнине местами доходит она до 3-х арш, а где развалилась, она едва приметна. Об этой стене существует следующий рассказ. Когда в каркаралинских степях впервые появились киргизы, вытиснив калмыков, то один из завоевателей, по имени Малай Сары, выбрал каркаралинскую долину, защищенную большими, почти отвесными горами, для своей кочевки; но так как она была окружена горами только с трех сторон, то с четвертой стороны, где гор не было и где местность была открыта для набегов калмыков, он построил стену. Стена эта долго служила защитою или межей для владении рода Сары и потеряла свое значение лишь с приходом в эти места русских”.

Малайсары туралы деректерді өткен ғасырдың 90-шы жылдары Ертіс өңірінің белгілі өлкетанушысы марқұм Жеңіс Марданов жинақтай бастады. Ертіс бойында қазақ шежіресін, эпикалық жырларын жатқа айтатын адамдар аз болса да өлке­танушы тынбай тіршілік жасап, ауызша деректер мен жазбаша материалдарды ұштастыра отырып Малайсары батырға арналған қысқаша этюдтер жазды. Ол "Дауа” шығармашылық бірлестігі жариялаған "Қазақ халқының каһармандары” кітабының бірінші томында шықты.

Бұл жарияланымдардың ғылыми, әдеби айналымға қосқан деректері батырдың генеалогиясына, жеке портретіне қатысты. Өлкетанушының жазуына қарағанда "Тоқтауыл батырдың Молдыр деген қалмақ әйелінен Малайсары, Қайдауыл, Бағыс туады, ал Алма атты қазақ әйелінен Қарнақ пен Көбес туады”.

"Малайсарының түр келбеті ақсақалдардың айтуынша, батыр ұрпақтарының ата-бабаларынан естіген деректері бойынша кең иықты, ұзын бойлы, алқымды, шекелі, мұрынды болыпты” — деп сипаттайды Жеңіс Марданов. Малайсарының осы сипаттаудан басқа портретіне қатысты ешқандай дерек жоқ. Осыған байланысты батырдың түр-келбетін қайта жаңғыртатын антропологиялық зерттеулердің қажеттілігі туындайды.

Тағы бір әңгіме Қаракерей Кабанбай батырдың жары болыпты делінетін Малайсары батырдың қарындасы Гауһар туралы. Өлкетанушылардың айтуына қарағанда Гауһар батыр ағасы сияқты өте өжет екен. "Калмаққырғанның сыртындағы тауға Гауһар батыр болып қарауылға шығады екен”. Бұл бұрыннан бері ақсақалдардың аузында жүрген дерек болса керек.

Малайсарының ұлы Тілеуқабыл да әрі бай, әрі батыр болыпты. Бірақ көпке дейін ер баласы болмай Құдайға жалбарынып: "Мына қалың жылқыға ие бере көр?” деп сұрайды. Ақыры мұқтажы орындалып, дүниеге келген ер баланың атын Бісміллә қойған екен. Бұл ауызша деректер де "Қазақ халқының каһармандары” кітабына Жеңіс Тілеукеұлы енгізген ел аузынан жиналған дүние.

Малайсары батыр туралы газет мақалалары 90-жылдардан бастап жариялана бастады. Олардың ішінде 1991 жылғы тамыз айында "Дауа” газетінің бетінде жарияланған топтаманы айта кеткен жөн. 2003 жылы қыркүйек-қазан айларында Павлодар облысының "Сарыарқа самалы” газетінде қадірменді ақсақалдар Жұбай Нұрғалиев пен Серік Жақсыбаевтың мақалалары жарияланды. Бұл материалдар батырдың шыққан тегі мен жарқын өмірі, үрім-бұтағы, оның жұмбақ сауыты жөнін­де мәлімет береді, ой салады.

Малайсары батырға қатысты деректерді біз 2005 жылдың желтоқсан айында Алматы облысының Кербұлақ ауданында болған кезімізде де жинастырдық. Осы аты аталған ауданның Малайсары ауылында тұратын 1920 жылы туған Ысқақов Мырзахан ақсақал батырға қатысты бірсыпыра әңгімелерді айтты.

Доп      


Мақала ұнаса, бөлісіңіз:


Іздеп көріңіз:
реферат Малайсары тархан туралы реферат казакша на казахском, реферат на казахском языке скачать бесплатно, рефераттар жинағы жоспарымен, казакша реферат жоспар, Малайсары тархан

Пікір жазу

  • [cmxfinput_gallery][cmxfinput_youtube]