Реферат: Қазақ әдебиеті | Балпық би

Реферат: Қазақ әдебиеті | Балпық би

Балпық би (1694 —1784 жж.) Осыдан 280 жылдай уақыт бұрын Жалайыр елінде әрі көсем, әрі шешен, әрі би, әрі қол бастаған батыр атанған Балпықтың тарихи еңбегі ерекше. Ескелді би, Қабылиса (Қабан) ақынмен бірге ол да көзі тірісінде әулие саналған, 1694 жылы дүниеге келіп, Қаратал, Көксу бойында 1784 жылы қайтыс болса керек.
Мазмұны
1 Өмірбаяны
2 Балпық би туралы жырлар
3 Шешендік сөздері
4 Қосымша
5 Пайдаланған әдебиет
Өмірбаяны

Балпық он екі ата Жалайырдың ең үлкені Андас тармағына жатады. Қай жерде, қандай жағдайда болмасын өзінен екі жас үлкен Ескелді бимен аты қатар аталған. Жүздеген жылдар бойы үздіксіз шапқын жасап тұрған Жоңғар қалмақтарынан ығысып, Сыр бойын, Шу бойын паналап жүрген Жалайырлардың басын құрап, Ескелді, Қабан ақын, Орақ батырлармен бірге жаудан босаған Жетісу өлкесіне көшіріп әкеліп, қоныстандырған еңбегі ел аузында ерекше айтылады. Бұл жөнінде мынадай жыр жолдары сақталған:
Сырдарияның бойында,
Қазалының ойында,
Халқын түгел жинаған.
Қараталдың бойына,
Текелінің ойына,
Қоныстанып тойлаған.
Нақтылы деректерге сүйенсек, Балпық, Ескелді, Орақ батыр Аңырақай шайқасында Жалайырлардың қолын бастап, қалмақтарды Ӏле дариясына тоғытқан. Жаудың негізгі күші Талдықорған жаққа қашқанда үлкен бір тобы қасқа жолдан шалғайда жатқан Ӏле, Балқаш, Қамау жақты паналамақ болады. Ұлы қолбасшылар Кіші жүздің ханы Әбілқайыр, Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай, Жаныс Өтеген, Албан Райымбектер қалмақтарды күншығыс жаққа түре қуғанда, артта, қапталда қалған жау тобын жайратуды Ескелді, Балпық, Орақ батырлардың жасағына тапсырса керек. Қапшағайдан Балқашқа дейінгі 500 шақырымдай ұзақ жолда олар жүргізген жойқын жорық жайында ел аузында аңыз, әңгіме көп. Осы күнге дейін Ӏле, Жиделінің құйылысында, Балқаш теңізіне жақындау аймақта Үш қалмақ деген шұрайлы жер бар. Сол үшеуі өз еркімен жалайырлардың қолбасшыларына тыңшылық қызмет етсе керек, содан сол жер үшеуіне сыйға берілген тәрізді.
Балпық би туралы жырлар

XIX ғасырда өмір сүрген өрен жүйрік ақын Бақтыбай "Қамау сапары" атты толғауында былай дейді:
Байұзақ, Мәмбет еді Абақтағы,
Ескелді, Балпық еді Тарақтағы.
Бар еді Жақсымбетте Асан, Сиық,
Осылар кембағалды жылатпады.
Асанда Қабылиса деген өтті,
Жемітті өле-өлгенше ұнатпады.
Ескелді, Балпық, Сиық, Қабылиса
Жарлыны жарға итеріп құлатпады.
Андаста аты шыққан Қарынбай би
Бөлені маңайына жолатпады.
XX ғасырдың ақыны Қалқа Жапсарбайұлы:
Сүйсінді Балпық көрген соң,
Іздеп тапқан жеріне,
Жеріне сөйкес көліне,
Жеріне шыққан шөбіне,
Осы жер қоныс болар деп,
Негізгі менің еліме...
Ел орнығып толған соң,
Меншікті жері болған соң,
Балпық пенен Орақты
Ескелді биді басшы ғып,
Алдынан жер шолады, — деп жырласа, "Жетісу" деген өлеңінде:
Жалайыр деген елімнің
Үш жүз жылғы өткені,
Ескелді мен Балпықтың
Бастап келген мекені, — деп анық айтады.
Есенкелді Ӏлімдіұлы деген ақын былайша сөйлейді:
Қаратал, Көксу бойында
Қатар жатқан ел едік.
Үш әулие тұсында
Ұзаққа қолды сермедік.
Үш әулие тұсында
Біз кімдерден кем едік?!
Үш әулие тұсында
Талайға теңдік бермедік.
Үш әулие тұсында
Қалмақ пенен Ойратты,
Обыр менен озбырды
Табанға салып иледік,
Үш әулие тұсында
Қаратал, Көксу өлкесін
Содан бері жерледік.
Мұндағы қайталанып аталатын үш әулие — Қабылиса-Қабан ақын, Ескелді мен Балпық би екені өзінен-өзі түсінікті. Ал енді Қадырәлі ақынға сөз берейік:
Байтақ жатқан жерім бар,
Айдын-шалқар көлім бар.
Осы жердің иесі,
Әулие шалған киелі
Жалайыр деген елім бар,
Сол жерімді корғайтын,
Елім болып қолдайтын,
Жоқтаушысы жерімнің,
Қамқоршысы елімнің,
Арқа тұтып ардақтар
Балпық атты ерім бар!
Сейдахмет Қосжанұлы өзінің "Дана бабам" деген ұзақ толғауында былай дейді:
Балпық би Ескелдінің тете інісі,
Тең болған көріпкелдік, нақ киесі.
Зобалаң ойраттардан туған шақта,
Қол бастап болған екен ел иесі.
Арасы алыс емес екі-үш жастан
Пір тұтқан Ескелдіні әуел бастан.
Әзіл-қалжың арада болғанменен
Есекеңсіз татпаған алдағы астан.
Ескелді өтерінде Балпыққа айтқан:
Ел ішін алауыздық, даудан сақтан.
Біреуін алыстау деп сыртқа теуіп,
Біреуін жақындау деп ішке тартқан.
Соны айтып Ескелді би дүние салған,
Ерлігі ел аралық содан қалған.
Балпық би берген антын ағасына
Өлгенше сөзден тайып бір бұзбаған.
"Балпық сынды бабамыз" деген өлеңінде Сейітқали Елтайұлы өзінше толғайды:
Қазағымның қолдан бермей құрығын,
Ата-бабам сеуіп кеткен ұрығын.
Даласына шарапат боп дарыған,
Ескелді мен Балпық деген бір ұғым.
Күнә болар өз ойыңды көрген деу,
Қиын білем қиянатқа "көнем" деу.
Есекеңді аға тұту үлгісі
Бапакеңнің жатқандығы төмендеу.
Мен қалайша өздеріңді жат етем,
Өкініштен туар сөзің "қап" екен.
Аттарыңды тура айтып жатырмыз,
Кешіре гөр, Есекең мен Бапеке!
Серікбай Тұрланов деген талапкер ақын былай дейді:
Майысқан ойпаң, беткейлі қайың мың бұрау,
Талдырған жанар боз селеу шексіз жазықтар.
Қыш құбыр құшқан қорған ба, әлде арықтар,
Мүлгіген аруақ тастүйін мүсін қазықтар.
Оянды алып қолбасшы батыр Қабанбай,
Ескелді, Балпық билерім дана алаудай.
Рухымен бабам дүркіреп кетті ел-жұртым,
Қуаныш-теңіз толқынды шегін таба алмай.
Шешендік сөздері

Балпық айтты деген шешендік сөздер 1993 жылы жарық көрген ғылым докторы Нысанбек Төреқұловтың "Қазақтың би-шешендері" деген кітабына енген. Әлі де ел аузында жүрген, жиналып-қатталмаған қаншама үлағатты сөздер бар десеңізші. Өйткені тоқсан жас жасаған әулие қарияның ұрпаққа қалдырған мұрасы үшан-теңіз екеніне күмән жоқ. Мен реті келген соң республикалық, облыстық баспасөзде жарияланған кейбір сөздерін келтіре кетуді жөн көрдім:
Ауызбірлік болмаса, көпте береке болмайды,
Изен-жусан болмаса, шөпте береке болмайды.
Теңімен ойнап-күлмесе, жаста береке болмайды.
Кеңінен ойлап істемей, баста береке болмайды.
Көп болмас жақсыға сөз айтқанменен
Шөп болмас арқалап сөз қайтқанменен.
Шоқ болмас құр жалпылдақ жаққанменен
Ақымақ сөзге көнбес айтқанменен.
Дүниенің қызуы күннен,
Киімнің жылуы жүннен.
Қараңғыны қаралап қайтеміз,
Жұлдыздың жарқырауы түннен.
Кімнің батыр екенін жау келгенде білерсің,
Кімнің шешен екенін дау келгенде білерсің.
Жақсыдан жаман туса, жыннан болар,
Жаманнан жақсы туса, нұрдан болар.
Ханның ісі қараға түсер.
Көрінің ісі балаға түсер.
Басқы істің басында болмасаң,
Аяққы істің қасында болма.
Ерді құдай, етікті нөл сақтайды,
Ерен жүйрік бәйгеде алшақтайды.
Үйірін жақсы айғырдың ат сақтайды.
Ерінбегеннің еңбегі жанады,
Үйіне қызыр қонады.
Жегенде бал тәтті,
Шығарда жан тәтті.
Біреудің қайғысын айықтыра алмасаң да,
Алданыш айт, мейіріңді сезер.
Көшкен жұрттың қадірі қонғанда өтер,
Жақсының қадірі өлгенде өтер.
Бай болып ешкім жаппас жердің жүзін,
Сұлу болып ешкім жаппас күннің көзін.
Адамды асқынған ауру, жасанған жау,
Онан соң күйкі тірлік жеңеді.
Ағайын қадірі — адалдық,
Аулақ жүрсін жамандық.
Жаманға бойды алдыртпа,
Қаларсың түнек, тарлықта.
Ұрыға құн жоқ.
Ұрыға құн болса,
Момынға күн жоқ.
Ғұмырды алла береді,
Нәсібін пенде береді.
Ұзақ жасаған көп көреді.
Атаңа не қылсаң,
Алдыңа сол келеді.
Ерден ердің артығы бар, несі артық?
Топ жарып сөйлеген сөзі артық.
Аттан аттың артығы бар, несі артық?
Аршындай басқан адымы артық.
Әйелден әйелдің артығы бар, несі артық?
Тыныш жүріп тындырған ісі артық.
Өлі арыстаннан тышқан артық.
Бәрінен де некелі жарды құшқан артық.
Ауылыңда қария болса, салынған жолмен тең,
Атадан жақсы ұл туса, жалғыз да болса онмен тең.
Атадан жаман ұл туса,
Маңдайға біткен сормен тең.
Ағайын-жұртың көп болса,
Бастап жүрген қолмен тең.
Алғаның жақсы болса,
Пейіштен шыққан хормен тең.
Ажалың жетсе,
Алдыңда жатқан ормен тең.
Бұл сөздердің көбісі бұрынғы Талдықорған облыстық "[Жерұйық газетіЖерұйық", Қаратал аудандық "Қаратал" газеттерінде жарияланған. Әулие баба ғибраттарын жинауда Қазақстан журналистер одағының мүшесі, Көксу ауданында тұратын С.Тәнекеев мырза көп еңбек етіпті. Ол Алматыда тұратын Дәндібайұлы Байжомарт, Қызылтоған ауылында тұратын Әлдибекұлы Тәңірберген, Бесқайнар|Бесқайнардағы Алдиярұлы Қабсөлім жөне осы ауылда тұрған марқұм Оспанұлы Нұрқасым, аудан орталығы Балпық кентінде тұратын Смағұлұлы Жапарқұл, "Қарашоқы" ауылында тұратын Халимолла қарт, "Мұқыры" ауылында тұратын Атанбайұлы Рыскелді сияқты көнекөз, құйма құлақ қариялардан 1964 жылдың қыркүйегіне дейін қағазға түсіріп, "Жерұйықта" жарияланған екен.
Екі ел басы кездессе,
Ел-жұрттың тірлігін айтады.
Екі батыр кездессе,
Жауын шауып қырғанын айтады.
Екі абысын кездессе,
Алғаны мен бергенін айтады.
Екі малшы кездессе, ойдағы мен қырдағыны айтады,
Екі ұста кездессе, балғасының салмағын айтады.
Екі ұры кездессе, қайдағы мен жайдағыны айтады.
Екі жаман кездессе, тауды ұмытып, сайдағыны айтады.
Таудан аққан тас бұлақ, ол да құяр теңізге,
Арамза адам көз салар, мал ішінде егізге.
Атадан жаман туса да, тартпай қоймас негізге
Жақсыдан хат қалады,
Темірден тат қалады.
Ақыл ауысады,
Ырыс жұғысады.
Татулық үшін дау жаман,
Ӏштен шыққан жау жаман.
Үйіңді тікпей тұрып, көршіңді сайла,
Су салмай тұрып, құлағын байла.
Артық ас — арам,
Қайта құссаң — харам.
Қиянат қылма досқа,
Қадірің кетер босқа.
Өсер елдің баласы арманшыл келеді,
Өшер елдің баласы жанжалшыл келеді.
Оңашада ойыңды өлше,
Көп ішінде бойыңды өлше.
Ағайынның аласы жаман,
Абысынның жаласы жаман.
Ат сүрінбей жер танымас,
Ер сүрінбей ел танымас.
Жөн білсең, жолдасыңды сыйла,
Досың үшін жаныңды қина.
Қу таяқты кедейге дәулет бітпес деме,
Бақ пен дәулет басымнан кетпес деме.
Сортаңға тұқым шашпа жер екен деп,
Бойлама иірімге көл екен деп.
Қадірін білсең, ар қымбат,
Бағалай білсең, бар қымбат.
Есекті өмілдіріктесең де ат болмайды,
Жаманды үйретсең де бас болмайды.
Ит құтырса, иесін қабады,
Торғай құтырса, бүркітке шабады.
Құл құтырса, құдыққа қармақ салады.
Опасызға жолама — ойран салар,
Ойнасшылға жолама — басың дауда қалар.
Жақсы келін — от басының олжасы,
Жаман келін — күйеуінің қолбасы.
Аш адам не жемейді,
Жас адам не көрмейді.
Жақсыға айтсаң біледі,
Жаманға айтсаң күледі.
Тегі бір теппейді,
Түбі бір кетпейді.
Қыз өссе — үйдің көркі,
Гүл өссе — жердің көркі.
Патшаңыз түзік болса,
Жердің үсті қызық.
Патшаңыз бұзық болса,
Жердің асты қызық.
Бірлік бар жерде тірлік бар,
Ру бар жерде бұру бар.
Балта сабынан озбайды,
Соқыр көргенін жазбайды.
Бақ кетпейді, қуған жетпейді.
Уайым түбі — тұңғиық, түсерсің де кетерсің,
Тәуекел түбі — жел қайық, өтерсің де кетерсің.
Бойдақ қатын үйде тұрмас,
Оймақсыз ине қолға тұрмас.
Ән — сәнің, күй — көркің.
Ұрпақтан ұрпаққа жеткен осынау ұлағатты сөздер айтқан адамды әулие емес деп кім айтады. Балпық — батагөй қария, ділмәр шешен ғана емес, ел басшысы — көсем болғаны айдай анық. Оның қарапайымдылығы мен данышпандығы қатар жүргенін мынадан да байқауға болады: дүниеден өзінен бұрын өткен екі-ақ жас үлкен Ескелдіні аға тұтып, өзін жерлегенде денесін екі шақырымдай жерге төменірек қоюды аманат еткен! Екеуінің туғанына да үш жүз жыл толуына байланысты өткен тойларына қатысқанда байқағаным, қайта көтерілген кесенелеріне ағайын-туыстары ғана емес, сол маңайдағы орыстар да, немістер де, корейлер де, барша қауымның аянбай ат салысқаны. Екі жүз жылдан бері бастарына түнегендер бала тауып, ауруынан жазылып, қырсығынан арылып келе жатқан қос әулиеге тұрғызылған зәулім ескерткіштер — ұрпақтар ұмытпайтын белгідей болып алыстан жарқырап көрініп тұр.

Доп      


Мақала ұнаса, бөлісіңіз:


Іздеп көріңіз:
реферат Балпық би туралы реферат казакша на казахском, реферат на казахском языке скачать бесплатно, рефераттар жинағы жоспарымен, казакша реферат жоспар, Балпық би

Пікір жазу

  • [cmxfinput_gallery][cmxfinput_youtube]