Реферат: Тарих | Қазақстан аумағындағы ерте орта ғасырдағы мемлекеттер

Реферат: Тарих | Қазақстан аумағындағы ерте орта ғасырдағы мемлекеттер

1.Қазақстан аумағындағы ерте орта ғасырдағы мемлекеттер (VI-IX ғғ).



VI ғасырдың басында бүгінгі қазақ жерінде аса күрделі бетбұрыстар болған. Алтай-Сібір, Моңғолия жерінде түрік тайпаларының үстем тап өкілдері бірігіп, әскер күшіне сүйенген Түрік қағанаты атты ерте феодалдық мемлекет құрды. Олардың жері шығыс Кореядан бастап, Орта Азияның жерінде қамтылған. Қазақстанда бұл қағандықтың құрамына кірген.



Бұл мемлекет туралы жазба деректер түрік тайпаларының өз тілінде жазылған «Үлкен күлтегін», «Таныкөк» құлпытастарындағы жазуларынан белгілі. Махмұд Қашқари, Рашид-ад-диннің тарихи жазбаларынан көптеген құнды деректер алуға болады. Византия, Қытай тарихшылары да мол мәлімет береді. Қазақстанның тарихында бұл мерзім «Түрік дәуірі» (VI-XIII ғ.ғ.) деген атпен белгілі. Қазақ жерінде көрсетілген мерзімде бірнеше феодалдық мемлекеттер өздерінің саяси-әкімшілік биліктерін жүргізді.



Қазақстанда алғашқы қауымдық құрылыстан кейін V ғасырдан феодалдық қатынастар орнай бастады (немісше феод- «жер», аль- «иесі», яғни жердің иесі деген ұғымды береді.). Ортағасырлық тайпалардың арасында негізгі екі тап: феодалдық табы мен шаруалар табы қалыптасады. Феодалдар мал мен жердің негізгі иесі болады. Феодалдық қатынастардың орнауы Қазақстанның оңтүстігінде басқа өңірлерге қарағанда жедел жүрді. Орта ғасырлардағы Қазақстан тарихының басты ерекшеліктерінің бірі осы феодалдық-патриархаттық қатынастардың орнауы болды.



Түрік қағанаты



Халықтардың ұлы қоныс аудару дәуірі (II-V ғғ.) Қазақстанның Орта Азия мен Шығыс Европаның этникалық және саяси картасын едәуір дәрежеде өзгертті. V ғасырға қарай Солтүстік Моңғолиядан Амударияның атырауына дейінгі ұлаң-ғайыр территорияны тирек деген жалпы аты бар тайпалар мекендеген. Деректемелер олардың ішінде: бұғу, қарлұқ, бұлақ, эдиз, таринах, толенгет, байырқу, беклі, қыбыр, сығыр, зебендер, тарғай, баргур және т.б тайпаларды атайды.



«Түрік» этнонимінің алғаш рет аталуы Қытай жылнамаларында кездеседі және ол 542 жылға жатады.Қытайлар түріктерді сюннулердің ұрпақтары деп санаған.



542 жылы тирек (теле) тайпалары қазіргі Моңғолияның оңтүстік және орталық бөліктерін мекендеген және бұл территорияларға үстемдік еткен аварларға (жуань-жуань) қарсы шабуыл жасап, кескілескен шайқаста Тумын (Бұмын) басқарған теле тайпалары аварларды күйрете жеңеді де, олардың 50 мыңнан астам әскерлі түріктер тұтқынға алады. Осы кезден бастап, бұрын аварларға вассалдық тәуелділікте болған түріктер енді олардың бәсекелестеріне айналады. 552 жылы көктемде түріктер аварлардың ордасына тағы да шабуыл жасап, оларды күйрете жеңеді, авар мемлекетінің қағаны Анағұн өзін-өзі өлтіреді. Осы кезден бастап бұмын өзін «Ел қаған» деп жариялайды. Түрік қағандығының іргесін қалап, шаңырағын көтереді (552 ж.).



Бұмын өлгеннен кейін таққа оның інісі Қара –Еске отырады (552-553жж.). Бұмынның саяси іс-әрекетін оның мұрагерлі Қара-Еске, Мұқан қағандар жалғастырса, ал қағандықтың батысқа қарай шекарасын кеңейту ісін оның інісі Иштеми (572-576 жж.) жүргізген.



Қытай деректемелеріне қарағанда, б.з. 555 ж. Иштемидің (Силзебул) Орта Азияға қарай жасаған жорықтарының бірінде Арал теңізіне дейін жеткендігін хабарлайды. Ал «Күлтегін» үлкен жазуында Мұқан мен Иштеми қағандардың өз халқын «Темір қақпаға» дейін орналастырған. Мұндағы темір қақпа деп отырған жері Согда елі мен Тохарстан елінің арасында Байсын тауындағы өткел.



Түрік қағанатының күшейіп, саяси жағынан белсенділігі артып, тарих сахнасына шыққан кезі VI ғасырдың ортасы. Бұл кезде түрік қағанаты Силзебул Орта Азиядағы эфталиттерді өздеріне толық бағындыруға әрекет жасайды. Алайда бір шеті Каспий теңізінен, екінші шеті Солтустік Үнді ойпатына дейінгі ұлаң-ғайыр жерді алып жатқан эфталиттерді жеңе қою оңайға түсе қоймайтыны білген түрік қағаны Иран шахы Хұсрау I Ануширванмен келісімге келеді (561-563 жж.).



563-567 жылдары эфталиттермен болған ұрыстарда түрік қағанаты жеңіске жетеді. Алайда, осы жеңістен кейін түрік қағанатымен Иран шахының арасындағы достық ұзаққа созылмады. Оған басты себеп, Шығыстан Батысқа қарай созылып жатқан керуен жолының барлығы дерліктей түрік қағанының қарамағында қалып қоюы Иран шахының түріктерге деген наразылығын туғыза бастайды. Дегенмен, екі ел арасында болған соғыс келісімі 563-567 жылдары эфталит патшалығын жоюға мүмкіндік берді дейміз.



Сонымен еліміздің қазіргі шығыс солтүстіктегі өлкелерінен бастап Каспий теңізіне дейінгі ұлаң-байтақ өңірде түрік қағандығы құрылып күшейді. Олардың ордасы Орхон өзенінің бойында орналасты. Осы өңірде мекендеген қазақ тайпалары да түрік қағанатының қол астына қарады.



Өз ішінде де саяси билік үшін күрес, талас, сыртқы шапқыншылықтың салдарынан ұлаң-байтақ жерді алып жатқан Түрік қағанаты 603 жылы батыс және шығыс түрік қағанаты болып екіге бөлінді.



Батыс түрік қағанаты (603-704 жж.).



Ежелгі үйсін жерін жайлады. Ол қаратаудың шығыс баурайынан Жоңғарияға дейінгі жерді алып жатты. Қағанаттың астанасы және қағанның қысқы ордасы Шу аңғарындағы Суяб қаласы болды.



Қағандықтың халқының этникалық құрамы «оң оқ бұдын» ру-тайпалары болған. Қаған әрбір оқ бұдыннан 1000 адамға сарбаз алып отырған.



Жазба деректерде қағанаттың саяси-әкімшілік жағынан тарих сахынасына көтерілген кезі Жегу қаған (610-618 жж.) мен Тон қағанның қағандық құрған кездері.



Батыс түрік қағандығындағы билік феодалдық сатылы түрде жүргізілген. Мемлекеттің басшысы-қаған, жоғары билеуші, әскербасы болды. Қағанның билігі шексіз мұрагерлік түрде болды. Батыс түрік мемлекетінде қағаннан кейінгі екінші адам ұлық болған. Үшінші билік қаған руының үстем тап өкілдерінің қолында болды, оларға яғбу, шад, елтебер, тегін сияқты атақтар берілген. Сот қызметтерін бұйрықтар мен тархандар атқарды. Бектер-тайпа бастықтары мен өкілдері жергілікті жерлерде қағанның негізгі тірегі болған. Қара жұмыс істейтін қанаушы халық түркі тілінде «қара бұдындар деп аталған».



Түрік қағанаты көшпелі мал және егіншілік шаруашылығымен шұғылданды.



Жетісу бойында түріктердің қалалары өркендей бастады. Қалаларда сауда-саттық кеңінен жүргізілді. Шу өзенінің бойындағы Суяб қаласына орта Азия және Қытай жерінен неше түрлі заттар әкеп сататын болды. Ұлы Жібек жолының Түрік қағанаты жерінен өткендігі сауда мен қолөнердің дамуына әсер етті.



Түріктердің ежелгі көне жазуы болған. Бізге белгілі Орхон-Енисей жазуы Батыс түрік қағанатының мәдениетінен дерек береді. Моңғолия жерінен табылған Білге қағанның, Күлтегеннің, Тоныкөктің Орхон жазуы бар құлпытастары қағанат мәдениетінің жоғарғы дәрежеде дамығанын көрсетеді. Бұл ескерткішті 716 жылы жазған. Ескерткішті алғаш рет Данияның ғалымы Томсон оқыған. VII ғасырда Батыс түрік қағанатында жазба әдебиеті дамыған. Осы ескерткіштегі тасқа қашап жаздырып қалдырған Білге қағанның «Ілгері-күн шығысында, оң жақта-күн ортасында, кейін-күн батысында, сол жақта-түн ортасында-осының ішіндегі халықтың бәрі маған қарайды» деуі түріктердің қаншалықты зор мемлекет құрғанын көрсетеді. Жалпы алғанда түріктердің мәдениеті көп халықтарға қарағанда жоғары деңгейде болды.



Сонымен, Батыс түрік қағанатында әлеуметтік-экономикалық және саяси қатынастардың ала-құлалығына, үстемдік ету мен бағыну формаларының алуан түрлілігіне қарамастан, Батыс түрік қағанатында таптардың құрылу және ежелгі феодалдық қатынастардың біршама тез қалыптасу процесінің жүргені аңық.



Түргеш қағанаты (704-756 жж.).



Батыс түрік қағанатындағы 16 жылға созылған (640-657 жж.) екі тайпаның (Дулу мен Нишаби) арасындағы соғыс қағандықтың саяси жағынан мүлде әлсіретеді. Батыс түрік қағанатының мұндай іштей әлсіреп жатқанын білген Қытай Тан империясы оның жеріне басып кіреді. Түрік тайпалары, әсіресе, түргештердің саяси белсенділігінің арқасында өздерінің ұзақ жылдарға созылған соғыстың нәтижесінде тәуелсіздігін жеңіп алады. Сөйтіп, VIII ғасырдың басында Батыс түрік қағандығы құлап, оның орнына түргеш қағандығы пайда болады (704 ж.). Олардың билеуші әулетінің атасы Үш-Елік қаған (699-706 жж.) болды. Ол Жетісудан Бөрішадты қуып шығып, Ташкенттен бастап, Бесбалыққа дейін төселіп жатқан жерде өз үкіметін орнатады. Ол ордасын Шу бойындағы Суябқа орналастырды. Оның екінші ордасы Іле өзені жағасындағы Күнгіт қаласында болатын.



Саяси әкімшілік билік қағандықтың ең жоғарғы атағы Басқағанның қолында болды. Ол қағандықты 20 әкімшілік аймақтарға бөлген. Әрбір әкімшілік аймақты тархандар басқарған, аймақтар 7000 әскер жинаған.



Түргеш қағанатында Үш-Еліктен кейін оның мұрагері болып, баласы Сақал-қаған (706-711 жж.) таққа отырды. Түргеш мемлекетінде ішкі бірлік болмады. Мемлекеттің сыртқы жағдайы да аса қиын еді. Сақал-қаған тұсында түргештер батыста соғдылармен бірге арабтарға қарсы табанды күрес жүргізіп жатты, оңтүстікте оларға тан әулетенің әскері зор қауіп төндіріп тұрды, ал шығыс жағынан орталық Азия түріктері айбат шегумен болды. Шығыс түріктер қағаны Қапаған 711 жылы Болучу түбінде (Жөңғария) өткен соғыста түргештерді күйрете жеңеді, ал түргештердің қағаны Сақал тұтқынға түседі.



Екі тайпаның арасындағы тартыста қара түргештер жеңіске жетіп, оның ішінде шапыш тайпасының тарханы Сұлық (Сұлу) қаған болады (715-738 ж.ж). Ол астанасын Тараз қаласына көшіреді.



Сұлудың қағандық құрып тұрған кезде түргеш қағандығының ішкі-сыртқы жағдайының шиеленісіп тұрған мезгілі еді.



Сұлу қағанға өз қағандығының тәуелсіздігі үшін екі жақтан күрес жүргізуге (батысқа және шығыска) тура келді. Батыстан басты жау арабтар болса, шығыстан Қытай өкіметі қауіп төндіріп турды.



Сұлық қаған Тохарстандаға арабтарды біржола талқандау үшін 737 ж. ондағы қарлұқтармен бірлесе отырып, ойдағыдый соққы берген. Ол соғыс майдандарында өзінің тікелей қатысуымен жеңістерге жетіп отырған. Сол үшін де арабтар Сұлу қағанға «Сүзеген» деген ат қойған.



Сұлу қаған шығыстағы жағдайында бейтарап болу үшін әскери келісім шарт жасаумен қатар дипломатиялық әрекеттер жүргізген. Шығыс түрік қағанатының белгілі қағаны Білге мен Тибет патшасының қыздарына құда түсіп, оларды құдандалық байланысты ұстап, саяси жағдайының шиеленісіп кетпеуіне аз да болса мүнкіндік туғызған.



Халықаралық жағдайлардың түргеш қағандығының пайдасы үшін шешілуіне саяси белсенділік көрсетіп жүрген Сұлу қаған Жетісуға оралған кезде 738 жылы өзінің бақталастарының қолынан құрбан болды. Оның қолбасшысы да 739 жылы Сырдарияның бойында арабтардың қолында мерт болды.



Сұлудың орнына оның баласы Тұқарсын Құт-шар қаған болды. Алайда оның қағандық құрған мезгілі бар-жоғы екі жылға ғана созылған. Бұл кезде сары-қара түргештердің арасындағы талас-тартыс ұшығып кеткен еді. Екі тайпаның арасындағы күрес тура 20 жылға созылып қағандықтың саяси және экономикалық жағы мүлде әлсірейді.



Түргеш қағандығының мұндай ауыр жағдайларын біліп отырған қытайлар өздерінің Куш қаласындағы әскерлерін Жетусуға аттандырып 748 жылы Суябты жаулап алады. Одан соң Шашты (Ташкент) алып, оның әмірін өлтіреді. Шаш әмірінің баласы арабтарды көмекке шақырады. 751 жылы Таразға (Талас) жақын жердегі Атлах қаласы түбінде аббаситердің әскербасы Зияд ибн Салих пен Қытай қолбасшысы Гао Саяньжи арасында орасан зор соғыс болады. Айқас бес күнге созылады. Қытай әскері толық күйретіледі. Тан әскері енді Жетісу шебін ғана емес, ұйғырлар мен тибеттердің қысымымен Шығыс Түркістанды да тастап кетуге мәжбүр болады. Талас алқабында арабтар да табан тіреп тұралмай, Шашқа қарай шегініп кетеді. Бірақ ішкі қарқыс, жікке бөлінушілік Түргеш мемлекетін әбден әлсіретіп, тұралатып тастаған еді, сол себепті де ол 756 жылы (766) түрік тілді қарлұқтар тайпаларының тегеурінді шабуылына шыдамай құлап бітеді.



Сонымен 756 жылы түргеш қағандығы құлап, оның орнына қарлұқ қағандығы құрылады.



Түргеш қағанаты Батыс түрік қағанатының мемлекеттік-әкімшілік, әскери және әлеуметтік-мәдени дәстүрлерін жалғастыра берді. Археологиялық зерттеу жұмытарының кезінде Тараз, Баласағұн қалаларынан Түргеш қағанатының Қытай жазуымен жазылған төрт бұрышты ортасында тесігі бар, теңгенің табылуы Қытаймен сауда қатынасының дамығандығын көрсетеді. Олай болса, сондай ауыр талас – тартысқа, соғыстарға қарамастан, Қазақстан жерінде түркі дәуірінде өмір сүрген бұл қағандықтардан тарихи із қалған.



2.Дамыған ортағасырлық мемлекеттер (X-XIII ғғ.).



Қарахан мемлекеті (942-1210 жж.). Қарахан мемлекетінің құрылуы.



X ғасырдың орта кезінде Жетісу аумағында және Шығыс Түркістанның (Қашғардың) бір бөлігінде әлеуметтік құрылымы біршама дамыған Қарахан мемлекеті пайда болды. Орталыға – Баласағұн қаласы. Қарахан мемлекеті тарихының бастапқы кезеңі жөнінде сенімді мағлұматтар деректемелерде сақталмаған, ал алғашқы Қарахандар туралы әңгімелер жартылай аңыз сипатында болып келеді.



Жазба деректерге қарағанда, Қарахан мемлекетінің құрылып, оның дамуының алғашқы кезенің саяси тарихында, қарлұқ тайпалар бірлестігінің орны ерекше болған. Мәселен: Қараханид мемлекетінің негізін қалаушы Сатұқ Бограхан (915-955 жж.), Қарлұқ қағаны Білге Қыдырханның немересі. Сатұқ Бограхан Таразды билеуші Оғұлшаққа қарсы шығып, оны талқандайды, сөйтіп Тараз бен Қашқарды бағындырады; 942 жылы ол Баласағұнда билеушісін құлатып, өзін жоғарғы қаған деп жариялайды. Жаңа билік иелерінің басшысы өзін «қара қаған » немесе «қара хан» деп атады. Осыдан келіп тарихта бұл әулет қарахандықтар әулеті деп аталды. Шынына келгенде, Қарахан мемлекетінің тарихы осы уақыттан басталды.



Сатұқ өлгеннен соң билік оның баласы Мұсаға көшті, ол 960 жылы қағанаттың мемлекеттік діні ислам деп жариялады. Оның астана қаласы-Қашқар болды. Сатұқтың екінші баласы Сүлеймен–ілек Баласағұнды иеленді. Мұса өлген соң жоғарғы қаған атағы оның баласы Әли Арслан-ханға көшті. Оның екінші жерінің орталығы Қашқар болды, сонымен қатар ол Тараз бен Баласағұнның да билеушісі болып есептелді.



Қарахан мемлекетінің саяси тарихы ол өмір сүрген алғашқы ондаған жылдың өзінде-ақ негізінен екі әулеттің Әли Арслан-хан мен Хасан Боғра-ханның ұрпақтары арасындағы өзара қырқысқан күреске толы болды.



Мемлекеттің этникалық құрамы: шігіл, яғма, қарлұқ, оғыз, қаңлы сияқты т.б түрік тілдес тайпалардан тұрған. Шігіл және Яғма тайпалары негізгі роль атқарған. Өкімет басындағы билеушілер алма-кезек осылардан тұрған.



Өкімет ұймы-мемлекеттік қурылым.



Жоғарғы өкімет билігі хақанның (ханның) қолында болды. Ол мұрагерлікке қалып отырған. Үстем тап өкілдеріне ханның ұрпақтары тегіндер, ілек (ел) хандар, бектер, нөкерлер жатқан. Билік үлестік жерлер арқылы жүргізілген. Ұлестік жерлер ірі жене кіші болып бөлінген. Хақанның сарай маңындағы қызметкерлерінен құралған тұрақты ұйымы болды. Ханға ең жақын адамдардың бірі уәзір болды, ол әрі көмекші , әрі кеңесші болып саналады. Қараханидтер кезіндегі уәзірлер, қарлұқ қағанының «көл-еркіндеріне» ұқсас . Махмұд Қашқаридің жазуына қарағанда, «көл-еркіннің» мәні көл-кесір, ұшаң-теңіз, ақыл-ой деген мағынаны білдірген. Шындығында, қазақша уәзір сөзі ақыл-ойдың кені..



Хақанның мемлекеттік саяси-әкімшілік іс жүргізетін жері-орда деп аталған. Онда сарай қызметкерлері тұрған. Олар: хақанның уәзірлері, нөкерлері, орынбасарлары, қазынашылары, елшілері, хат жүргізушілері, аспапшылары және т.б жеңіл-желпі жұмыс істейтіндер.



Қараған мемлекетіндегі қоғамдық құрылыс басқару тәртібі, жер иеленудің түрлері, алым-салық алудың жүйесі, әлеуметтік теңсіздік, қанаудың түрлері туралы сөз еткенде, орта Азиядағы мемлекеттердегі қоғамдық құрылыстың әсері болғандығын ескерген жөн. Мәселен, отырықшы-егіншілік округтерде негізінен саманилер тұсында қолданылған құрылымда сақталды. Мұнда бұрынғысынша қоныс және қала басшылары (мехталар, әкімдер, раистер) болды. Сонымен бірге ілік-хандар тұсында, сахиб-барида (мәліметшілік қызметтерде қоса атқаратын почта бастықтары), мұстауфалар (финанс –салық ведомствосының чиновнигі мен бастығы) және т.б да лауазымдар сақталды.



Қырдағы аймақтағы мал шаруашылығымен айналысатын халықты басқару тәртібі басқаша болды. Ол да иерархиялық принциптерге негізделіп тұрса да, көшпелі қауымдардың әкімшілік басқаруы рулық-тайпалық басшы топтар арқылы, көбінде елші басына, бектер мен хандарға бағынатын ру басылары арқылы жүзеге асырылды.



Қарахан бектерінің билігі әжептәуір мол болды. Олар тәртіп сақталуын қадағалады, оларға сот үкімдерінің және әдеттегі право нормаларының (тору) орындалуын бақылау міндеттелді, шекараларды қорғау да соларға жүктелді.



Қарахан елші- басшылары, бектер мен хандар (ел) ілек-хандарға бағынды, олар үлесті жерлердің билеушілері болды. Хақандар тәрізді олардың өз әкімшілік орталықтары қызметін атқарған сарайлары (қаршылары) және тұрақты ставкалары (ордалары) болды. Ілектер үлесті жерлердің қалалары мен селолық округтерін басқарды. Шонжарлар арасында ілектің алдында жерді сүю дәстүрі болды, бұл вассалдық билеушіге (сюзеренге) тәуелділігінің белгісін білдіретін.



Тұтас алғанда Қарахан мемлекетінің мемлекеттік-әкімшілік жүйесі феодалдық негізде орнықты. Ол отырықшы және көшпелі халық бұқарасын қанап, бағынышта ұстау мақсаттарына қызмет етті.



Жер иелену түрлері. Икта.



Алғашқы кезде бұрыңғы мемлекеттік құрылымдардың дәстуррлерін жалғастырған Қарахан мемлекеті, алайда, экономикалық тұрғыдан да, әлеуметтік тұрғыдан да, олардың қарапайым қайталануы болған жоқ. Қарахан мемлекетіндегі аса маңызды институт әскери- лендік жүйе болды. Хакандар мемлекетке халық жиналатын жерлерді өздерінің туыстарына және жақын адамдарына тарту етіп сыйға берді. Мұндай тартулар парсы тілінде «Икта», ал иеленушілер иктадар деп аталынса, арабша иеленуші «Мукта» деп аталынған. Деректерде иктасы бар мукта, муктаны жаудан қорғауға тиісті болған. Бір ескеретін жағдай, икта муктаға заңды түрде бекітіліп берілмеген. Ал муктадар иктаны өздеріне мәңгі мұрагерлікке бекітіп алуға тырысып отырған.



Иктаны берудің бірнеше жолдары болған. Ол муктаның қоғамдағы орнына байланысты болды.

1. Егер мукта қаған әулетінен болса, оған ірі жер үлестері берілген.

2. Орташа үлестік жерлер бектерге.

3. Кіші үлестік жерлер тәуелді қызметкерлерге берілген.



Қарахан мемлекетіндегі жер иеленудің және бір үлкен көп тараған түрі әскери үлестік (лендік) жерлер. Ол әскери қызмет үшін берілетін болған. Үлеске берілетін жердің мөлшері әскери қызметтердің дәрежесіне, сіңірген еңбегіне, қоғам алдындағы бет-беделіне байланысты болды. Шамасы, әскери үлестік жерлер сарбаздар арсында да бөліске түскен. Кейбір деректер, әскери қызметкерлерге заттай, ақшалай да ақы берілгендікті хабарлайды. Үлестік жер алғандар да, иктадарлар да өздерінің билеушілерінің алдында қажет болған кезде, қару-жарағымен қаруланған сарбаздарымен қызметке дайын болған.



Иктамен қатар жер иеленудің басқа да түрлері болды. Қарахан билеушілері қазынаға түсетін салықтардың көзі және уақытша сыйлық беру қоры болған үлкен-үлкен жер учаскелерін иеленді. Бұл қарахан әулетінің жаулап алынған жерлер, сондай-ақ мемлекет қарамағындағы жерлерден тұрды.



Ірі жер иеленумен қатар мұсылман дін басыларының негізгі материалдық базасы діни мекемелердің пайдасына атақты және бай жер иеленушілер мен көшпелі-әскербасылары өсиет етіп қалдырған учаскелерден тұратын вақфтық жерлер де болды. Әдетте, вакфтық жерлерден мемлекет пайдасына салықтар алынбады. Ірі және орташа феодалдық жер иеленумен қатар ұсақ шаруалар меншігі мен қауымдық иелену сақталды.



Жері жоқ шаруаларды қанаудың кең тараған түрлерінің бірі үлескерлік арқылы жүзеге асырылды. Араб және парсы–тәжік деректемелерінде үлескерлер (шаруарлар) музари немесе барзигар деп аталды. Үлескерліктердің мәні мынада болды: мемлекеттік немесе мұрагерлік жолмен жер иеленушілердің меншігіндегі жер шаруаларға жалға берілді. . Үлескер (шаруа) түсімінің көбін салық түрінде мемлекетке және жерді меншіктенушіге не вакф (вақфтық жер де жалға берілді) иесіне беруге міндеттенді. Үлескерлерге айналушылар әдетте өзінің суармалы жер учаскелері жоқ шаруалар еді.



X-XII ғғ. Қарахан мемлекетінде шаруаларды қанаудың екінші бір түрі коммендация. Оның мәні, ұсақ жер иелері немесе орта шаруалар семьясының, азық-аулақ мал-мүлкі мен байлығы күштілердің таражға түсуінен, зорлық-зомбылығынан сақтану үшін күштілердің қорғануына (патронатына) берілуі. Ол үшін кедейлер өздерінің «қорғаушыларына» тиісті алым-салық төлеп отырған. Дәл осындай жағдай мал шаруашылығымен айналысатын аудандарда да болды.



Өндіргіш күштің өсуіне, өндірістік тәсілдің дамуына байланысты коммендациялық қанау түрі де өзгеріп отырған. Малсыз, жерсіз қалған шаруалар, кедейлер үстем тап өкілдерінің тәуелділігіне толық түсіп отырған. Олар өздерінің «қорғаушыларына» алым-салықпен өтей алмаса, өздерінің борыштарын жауынгерлік қызметпен немесе жұмыспен өтеген.



Сонымен жоғарыдағы көрсетілген әлеуметтік жағдайлар, Қарахан мемлекетінің өзінен бұрыңғы феодалдық мемлекеттердің жай ғана жалғасы болып қоймай, олардың дамыған жалғасы екендігін көрсетеді. Олай болса бұл кез (X-XII ғғ.) Қазақстанның Өңтүстік және Оңтүстік-шығыс аудандарында феодалдық қатынастың қалыптасып болғандығына толық дәлел.



Қыпшақ хандығы (XI ғ басы-1219 ж.). Қыпшақ және олардың қоныстануы.



«Қыпшақ» атауы ең бірінші рет 760 жылы ежелгі түріктің руникалық ескерткіштерінде аталады. Мұсылман деректерінде қыпшақтар тұңғыш рет араб географы Ибн Хордабектің (IX ғ.) жылнамалық жинағында ұшырасады.



656 жылы Батыс түрік қағанаты құлағаннан кейін Алтай тауының Солтүстік жағы мен Ертіс өңірін жайлаған қыпшақтардың едәуір мол топтары кимектердің басшылығы мен тайпалар одағының өзегін құрайды. Алайда негізгі қыпшақ тайпаларының өзін-өзі билеуге ұмтылған талабы VIII ғасырдың соңында оларды кимек мемлекетінің құрамынан бөлініп, батысқа қарай көшуіне апарып соғады. Бірақ қыпшақтар түбірлі тәуелсіздікке жете алмайды, олар VIII-X ғғ. кимек мемлекетінің құрамында болып, қыпшақтар тарихы кимектер тарихымен қоса өрледі.



XI ғасырдың басында Кимек қағанаты тарханнан кейін, кимек, қыпшақ және қуман тайпаларының бұрын жайлаған жерлерінде әскери саяси жетекшілік қыпшақ хандарының қолына көшеді. Қыпшақтың өкімет басына келген ақсүйектер әулеті оңтүстік және батыс бағыттарында белсенді қимыл-әрекеттерге кірісіп, Орта Азия және Оңтүстік Шығыс Европа мемлекеттерімен тікелей байланыс жасауға кіріседі.



Аймақтағы этникалық саяси ахуалдың өзгеруіне сәйкес, XI ғ. екінші жартысында жазба деректерде бұрын осы жерде бұрын аталып келген «Оғыздар даласының» (Мафазат әл-гуз) орнына Дешті- қыпшақ аты пайда болды.



Ертістен Днестірге дейінгі бүкіл территорияны алып жатқан Дешті-қыпшақтың тарихи географиялық облысын шартты түрде Еділ бойы арқылы аса үлкен екі этникалық-территориялық бірлестікке бөлуге болады: басында тоқсоба рулық әулеті тұрған Батыс қыпшақ бірлестігі және Ел-бөрілі руының хан әулеті билеген Шығыс қыпшақ қағанаты.



Қыпшақ этникасының қазақ территориясында құрылуы аса ұзақ процесс болған, ол үш кезеңге бөлінді:

1.VII-VIII ғғ. Kимек қағанатының құрамындағы қыпшақтар;

2.VIII-IX ғғ. Алтай тауларынан батыстағы Еділ өзеніне дейінгі террторияға қоныстанып, саяси үстемдік алған қыпшақтар;

3.XI-XIII ғғ. Шығыс ұлыстағы айбынды қыпшақтар.



XI ғ. екінші жартысынан бастап қыпшақтардың этникалық құрамына енген негізгі тайпалар: қимақтар, баяндурлар, баяуттар, қаңлылар, ұран тайпалары. Әбу-л-Ғазиздің хабары бойынша Ыстық көл мен Талас жағалауына қоныстанған қаңлылар да кірген.



Рашид-ад-Диннің жазуына қарағанда, қыпшақ қоғамында ұран тайпасының беделі ерекше болған. Оған себеп Хорезм шахы Мұхаммед II шешесі Туркан-Хатун осы ұран тайпасынан болған. Моңғол шапқыншылығының қарсаңында қыпшақтармен Хорезм шахының арасындағы жақсы қатынас болған тәрізді. Сонымен қатар қыпшақ әскер басшыларының көпшілігі де ұран тайпасынан болған.



Қыпшақтардың құрамына көрші жатқан түркі тілдес тайпалар да қосылған. Қыпшақтардың саяси салмағының күн санап өсіп бара жатуына байланысты, тайпалар мен этникалық топтар, өздерінің бір этносқа жататынын саналы түрде сезе отырып, қыпшақ атын алады. Алайда қыпшақ жұртынын құрылып, қалыптасуының аяққы кезенін моңғол басқыншылығы үзіп тоқтайды.



Қоныстануы.



XI ғ. орта кезінде қыпшақтар қазіргі Қазақстанның шығысындағы Алтай мен Ертістен бастап, Оңтүстігіндегі Балқаш көлінен теріскейдегі Оңтүстік Батыс Сібірдің орманды дала аймағына дейінгі кең территориясына тарап, емін-еркін қоныстанды.



Қыпшақ хандары өз мемлекетінің шекарасын кеңейте отырып, Оңтүстікте Тараз қаласының маңына дейін жетеді, сөйтіп Қарахандармен шектесіп жатқан жерден Қанжек Сеңгір бекінісін салады.



Қыпшақ тайпаларының этникалық территориясы өздерінің этникалық-саяси бірлестігі шебінің тұрғысынан қарағанда, негізгінен тұрақты болған, тек Оңтүстік-батыс шекарада XII ғ. 30-жылдарынан бастап Хорезм шахтар мемлекеті тым белсенді саясатты жүргізуге көшеді.



Хандықтың құрылуы.



Сырдария бойындағы Оғыздар мемлекетін, Орта азиядағы Хорезм шахтар және Қарахандар әулетімен соғысқа және соқтығыстарға әкеліп жеткізген. XI ғ. бірінші жартысында буырқанған дауылды оқиғалар қыпшақтар мемлекетін құрудың обьективті себебіне айналды.



XI ғасырдың басында Кимек қағанаты құлағаннан кейін Ертістен Еділге дейінгі кең аумақ қыпшақтардың қолына өтті. Осылайша, Қыпшақ хандығы (XI ғ.-1219 ж.) пайда болды. XI-XII ғғ. Орталық Азия мен Шығыс Европадағы түркі тілдес халықтардың ішіндегі саны жағынан ең көбі қыпшақтар болды. Ордасы Сығанақ қаласы.



Қыпшақ мемлекеті өзінің саяси жағынан күшейіп тарих сахнасында елеулі көтерілген кез XI ғасырдың ортасы.



Қыпшақ хандарының билігі әкесінен баласына мұраға қалып отырған. Хандар шығатын әулеттік ру-ел бөрілі деп аталынған. Махмұд Қашқаридің айтуына қарағанда, XI-XIII ғғ басындағы қыпшақ хандары әулетінің алғашқы атасы Абар хан болған екен (Табар). Орда деп аталатын хан ордасында ханның мал-мүлкі мен армиясын басқарған ханның басқару апараты орналасты. Әскери-әкімшілік жағынан Қыпшақ хандығы көне түрік дәстүрлерін сақтап, екі қанатқа бөлінген. Оң қанаты Ордасымен Жайық өзені бойында, Сарайшық қаласының орнында, сол қанат-ордасымен Сығанақ қаласында тұрған. Оң қанат екіншісінен күштірек болған. Әскери ұйымдар мен әскери-әкімшілік басқару жүйесіне айрықша маңыз берілген, өйткені олардан көшпелі тұрмыс ерекшелігі толық көрінген және олар көшпелі өмірге мейлінше сай, мейлінше қолайлы болған.



Билеуші ақсүйек топтарының (хандар, тархандар, басқақтар, югурлар, бектер мен байлар) қатал иерархиялық жүйесі айқын көрініп отырған, бұған қоса рулар мен тайпалардың өзі де әлеуметтік маңызына қарай болінген. Орталық Азиянын көшпелі мемлекеттерінде рулар мен тайпаладың қатаң иерархиясы қоғамдық және тайпалардың қатаң негізгі принципі болды.



Қыпшактардың қогамдық қурылымы.



Қыпшақ қоғамы әлеуметтік және жіктік жағынан тең болмаған. Мүліктік теңсіздіктің негізі- малға жеке меншік болып табылады. Негізгі байлық жылқының саны болған. Жазба деректер хабарына сүйенсек, қыпшақтар еліндегі көптеген кісілердің бірнеше мыңнан жылқысы болған, ал кейбіреулерінің жылқысының саны 10 мыңға жеткен және одан да көп болған. Ибн Батутаның (араб тарихишсы) хабарына қарағанда, жеке меншікті бұзған адам қатал жазаланған, кәдуілгі хұқтың (төрелік айту) нормасы олар айыпталуға тиіс деп есептелген. Мәселен: егер біреудің атын ұрласа, атты қайтарумен бірге 9 ат айып беруге тиісті болған.



Төменгі топқа малы аз шаруалар жатса, ал қолға түскен тұтқындар құл ретіңде пайдаланылды, ешқандай құқы болмаған. Ондайлар Орта Азия, Шығыс елдеріне құлдыққа сатылып отырған. Шежіреде қыпшақ мемлекетінде қарапайым адамдарды «ерлер» деп атаған. Олар заң жүзінде ерікті болғанымен іс жүзінде үстем тап өкілдеріне тәуелді болған. «Ерлерден» хан есебінде жасақтар құрылды. Махмұд Қашғаридің жазуы бойынша малы жоқ кедейлер жатақтар деп аталып, көп жағдайда олар ханның немесе үстем тап өкілдерінің тәуелдігіне түскен.



Сөйтіп, қыпшақ хандығы қалыптасқан ерте феодалдық мемлекет болды, ол көнетүрік мемелекетінің дәстүрін дамытып, жалғастырды.

Қыпшақ хандығы – шамамен 11 – 13-ғасырларда қазіргі қазақ жерінде өмір сүрген мемлекеттік бірлестік. Қимақ (кимек) қағандығы ыдырағаннан кейін әскери-саяси билік қыпшақ ақсүйектерінің қолына көшті. Олар 11-ғасырдың 2-ширегінен бастап Арал мен Каспий өңірлерін жайлаған оғыз тайпаларын ығыстырды. "Оғыздар даласының” (Мафадат әл-ғұз) орнына Дешті Қыпшақ атауы орнықты. 11-ғасырдың ортасынан бастап қыпшақтар Еділден өтіп, батысқа қарай жылжиды. Кейіннен олар Византия империясы мен Болгария жеріне әлсін-әлсін шабуыл жасап, 1071 – 80 ж. Дунай өзеніне келіп жетті. Кейбір рулары басқа түркі тайпаларымен бірлесе отырып, Кіші Азияға тарай бастады. 11 – 12-ғасырларда Алтай мен Ертістен бастап Карпат пен Дунайға дейін созылған даланы мекендеген халықтардың бәрі қыпшақтар деп аталды. 12-ғасырдың ортасынан олар Сырдария бойындағы қалалар үшін Хорезммен соғысты. Қыпшақ ақсүйектерінің бір бөлігі Хорезм шаһына қызмет етті, сондықтан 13-ғасырдың басында хорезмдіктер Сыр бойына толық иелік етіп, Торғай, Ырғыз, Есіл, Нұра өзендерін жайлаған қыпшақтарға жорық жасай бастады. Шыңғыс хан шапқыншылығы қарсаңында қыпшақтар ыдырау алдында тұрды. Таққа тек бөрілі руынан шыққандар мұрагерлік жолмен сайланды. Олар ежелгі түркі дәстүрі бойынша 2 қанатқа бөлінді. Кейіннен Шыңғыс хан әскерлері ретінде Дешті Қыпшаққа Орталық Азиядан келіп сіңген түркі-моңғол тайпалары (керей, меркіт, найман, уақ, жалайыр, қоңырат, т.б.) мен Жошы хан ұрпақтары жергілікті қыпшақтармен араласып, біртұтас халыққа айналды. Сондықтан көп ұзамай Алтын Орда халықтары "Қыпшақ ұлысы”, "Қыпшақ тілдес халықтар” деген жалпылама атаумен аталып кетті. 13-ғасырдың аяғында Алтын Орданың құрамындағы қыпшақ тайпаларының этникалық негізінде құрылған автономиялық бірлестік – Ақ Орда күшейе бастады. 14-ғасырдың аяқ кезінен бастап Ақ Орданы мекендеген қыпшақ тайпалары "өзбек” деген жалпылама атаумен аталды. 15-ғасырдың орта тұсынан бастап "өзбек” терминін "қазақ” атауы ығыстырып шығарды.[1][2]

3. Орта ғасырдағы Қазақстанның рухани мәдениеті .



Тіл және жазу.



Түркі дәуірінде (VI –XII ғғ ). Қазақстанда өмір сүрген ру – тайпалардың түркі тілінде сөйлегендегі түркология ғылымында толығымен дәлелденген. Алайда, тіл ғылымның зерттеулеріне қарағанда, негізгі түркі тілдес қарлұқтардың, қимақ – қыпшақтардың, оғыздардың, ұйғырлардың, қырғыздардың т. б. ру – тайпалардың өздеріне тән диалектілерінің бар екендігі анықталған .



Археологиялық зерттеулерде түркі тілдес ру – тайпалар өмір сүрген жерлердегі ескерткіштерден үлкен – кіші екі жүзден астам көне түркі тіліндегі жазба деректер табылған. Оның ішінде Орхан, Енисей өзендерінің бойындағы Күлтегін, Тоныкөк «алтын тас кітабы» жазулары белгілі болса, қазақ жеріндегі Талас өзені бойындағы Тереңсайдан табылған және т.б. жазулар белгілі.



Түркі тіліндегі жазулар тіл ғылымында руна жазу деп аталған. Ол скандинавия халықтарының тілі бойынша, сыры ашылмаған құпия жазу деген сөз. Бұл жазудың оқылу сырын ашқан сол халықтың атақты тіл білімнің ғалымы Дания университетінің профессоры В.Томсон. Одан кейін Орхан жазуларын орыс тілінде аударған тюрколог ғалым В.Радлов болды. Сөйтіп, ХІХ ғ. аяғында руна жазуының құпия сырының ашылуы ертедегі түркі тілдес халықтардың да өздеріне тән жазуларының болғандығын көрсетеді.



Түркі жазуында бір – бірімен қосылмай жазылатын 38 әріптерден тұратындығы белгілі.



Түркі дәуірінен қалған атақты «Күлтеген», «Білге қаған» сияқты тасқа жазылған дастандар қазақ тіліне аударылып, біздің оқырмандарымыздың қолына тиіп отыр. Қазақ халқы ол дастандарды өздерінің төл дүниесіндей қарсы алды. Оған басты себеп, ондағы жазылған әдет – ғұрып, салт – сана, діни – наным, сенім, мақал – мәтел, батырлық жырлардың үлгілері бәрі, халқымыздың тірлік – тіршілігінен алынғандай ұқсас. Бұл мұралар қазақ халқының ертеден келе жатқан бастауы.



Х ғасырдан бастап ислам дінінің қазақ жерінде етек жая бастауы араб жазуының түркілер арасында ене бастағандығын көрсетеді.



Түркілер арасынан шыққан атақты ғалымдар, ақын–жазушыларымыз Әл – Фараби, Жүсіп Баласағұн, Махмұд Қашғари, Ахмет Яссауилер өз шығармаларын араб жазуымен түркі тілінде жазған. Ал ХІІ ғ. бастап түркі жазуы жазылуы жағынан өмірден шыға бастайды. Дүние жүзіне әйгілі болған жерлесіміз Әл – Фарабидің көптеген еңбектері араб тілінде жазылған.



Діни нанымдар.



VI–XII ғасырлардағы Қазақстан территориясындағы халықтардың арасында алуан түрлі діндер, нанымдар мен сенімдер орын алып отырды. Түркілердің зираттарынан табылған заттар олардың ата – бабалардың әруағына табыну о дүниелік өмірге сену көрсетеді. Олардағы басты бір наным – отқа табыну. Оны археологиялық зерттеулерден жерленген адамдардың заттарымен, мініс аттарымен бірге өртеліп қойылатын әдет – ғұрыптары да анықталған. Ол адам денесін отпен аластау болса керек. Түркілер табиғатқа да табынған. Олар өлген адамның денесін жер ананың қойынына өртеп, күл мен көмірін ғана жерлеген. Егер адам көктемде немесе жазда өлсе, ол адамның туған – туыстары бір төбеге жиналып киіз үй тігіп, алып барған малдарын құрбандыққа шалып, одан кейін өлген адамның мәйітін, атын, заттарын өртеп, уақытша сақтап, күзде шөп сарғайғанда ғана жерлейтін болған. Ал егер адам күзде не қыста қайтыс болса, ол адамды жоғарыдағы әдет –ғұрыптарын жасап, көктемде жер көгеріп, шөп шығып, жапырақтар жайқалабастаған кезде жерлейтін. Бұл әдет наным – сенімнен табиғаттыңтөрт кезеңіне толық табынуды байқатады.



Түркілердің көкке немесе аспан әлеміне сиынушыларын күлтегін жазуындағы мына шумақтан анық байқалады:

- Көкке түркі тәңірісі,

- Тәңірі қуат берген соң,

- Тәңірі жарылқағандықтан.



Мұндай әдет, наным – сенімдер қазақтарда бүгінгікүнге дейін орыналыпжүр. Түркілерде адам баласының тірегі тіршіліктің тұтқасы, отбасы, ошақ қасы болып табылатын анаға «Умай ана» деген ат беріп, оған табынған. Жетісу қазақтардың «Умай анаға» табынатын Ш. Уәлиханов та жазған болатын. Кейбір жазба деректерге қарағанда, қимақтар мен қыпшақтар күнге, жұлдыздарға табынған.



Археологиялық зерттеулерге қарағанда, түркілерде христиан, манихей, будда діндері болған.



Түркі тайпалары ІХ ғ. бастап жаппай мұсылман дініне ене бастайды. Ал мұсылман дінінің мемлекеттік дін есебінде алғашқы болып қабылдаған Қарахан мемлекеті. Сатұқ Бограханның баласы Муса ханның билік құрған жылдары (960 ж.).



Сөйтіп, Х ғ. бастап Оңтүстік Шығыс Қазақстан жерлерінде мұсылман діні кең түрде етек жая бастайды .



4. Орта ғасырдағы Қазақстанның материалдық мәдениеті.



Жеріміздегі түркі дәуірінің алты ғасырға жуық (VI–XII ғғ.) мерзім ішінде өмір сүрген түрік, батыс түрік, түркеш, қарлұқ, оғыз, қимақ, қыпшақ және қараған хандықтарының әрқайсысының өздеріне тән дамыған материалдық мәдениеттері болды. Алайда, олардың мәдениеттерін жеке – жеке талдап көрсету мүмкін болмай отыр. Төбе –төбе болып жатқан қыстақ кенттермен қала жұрттарының орындарына жүргізілген археологиялық жұмыстар, түркі тілдес тайпалардыңVI–XII ғғ. өзінде тұрақты мекен – жай салып отырықшыланған өмірлерін байқатады. Әсіресе, Қазақстанның оңтүстік және шығыс аудандарында отырықшылық басым болған.



Түркі дәуіріндегі обалардың адамдарды киімдерімен жерленгендер белгілі. Мәселен, Солтүстік, Шығыс Қазақстан жеріндегі зираттардан былғары қамзолдар табылған. Зираттардан жүннен токылған көйлектер, теріден жасалған тон, ішіктердің қалдығы кездеседі. Түркілер тамаша етікшілер болған. Табылған аяқ киімдердің ішінде өкшесі биік емес, қайқы бас етіктер және кебіс қалдықтары кездескен. Сол сияқты теріден белдіктер, тамаша безендірілген кеселер де болды. Әсіресе, кеселер алтын, күміс және қымбат бағалы тастармен безендірілген.



Материалдық мәдениеттің көрінісінің бірі сәулет өнері. Тараз маңындағы Бабаджа – хатун кесенесі (Х–XII ғғ.) орта ғасырдағы сәулет өнерінің ең ертедегі ескерткіші болып табылады. Осыған жақын орналасқан Айша бибі кесенесі (Х– XII ғғ.) және Тараздың өз ішіндегі Қарахан кесенесі де көне заман ескерткіштері.



Сырдария, Талас, Шу, Іле, Испиджаб, Отырар, Тараз, Сығанақ, Баласағұн, Суяб, Мерке, т.б қалалар және егіншілік оазисі мен көшпенділер даласы арасындағы Ұлы Жібек жолында Батыс пен Шығыс арасында қолөнер, сауда және байланыс орталықтары болды.



Сонымен VI–XII ғғ. Қазақстан жерін мекендеген тайпалар қыпшақ –оғыз, қарлұқ–ұйғыр тілдерінде сөйлеп, осы тілдерде тарихи-әдеби шығармалар шығарып, өмір сүрген.



Х–XII ғғ. материалдық мәдениетін өркендету ісіне елеулі өзгерістер енгені байқалады. Қазақстанның Оңтүстігі мен Жетісуды халифаттың, Саманилер, Қарахандар мемлекеттерінің саяси экономикалық және мәдени қарым–қатынастары аясына тарту әрекеті біз зерттеп отырған халықтарды Орта Азиямен жақындастырады. Қала мәдениетін өркендетуде енді жаңа дін–ислам маңызды роль атқара бастайды.



Тақырып бойынша сұрақтар:



1. Түрік тайпаларының ежелгі мемлекеті қалай аталды? Оның негізін салған кім?

2. Қарлұқ мемлекеті қай жылдары өмір сүрді?

3. Оғыз мемлекетінің астанасы қай қала?

4. Қарахан әулетінің негізгі қалаған кім?

5. Қарақытайлар мемлекеті қай жерде орналасты?

6. Наймандар мен керейіттер қай территорияны алып жатты?

7. «Ұлы Жібек жолы» қашан пайда болып, жұмыс істей бастады?

8. Диуани Хикмет («Даналық» кітабі ) авторы кім?

9. Махмұд Қашғари қай жылдары өмір сүріп , қандай еңбек жазды?

10. Қазақстан территориясында VI–XII ғғ. Қалалар қай жерде пайда болды?

11. Орта ғасырлық Қазақстанда өмір сүрген халықтардың діни – нанымдарын атаңдар.

12. Көне түркі жазуы қалай аталынды?

Доп      


Мақала ұнаса, бөлісіңіз:


Іздеп көріңіз:
реферат Қазақстан аумағындағы ерте орта ғасырдағы мемлекеттер туралы реферат тарих казакша на казахском, реферат Қазақстан аумағындағы ерте орта ғасырдағы мемлекеттер на казахском языке история скачать бесплатно, тарих пәні рефераттар жинағы жоспарымен, казакша реферат жоспар тарих казакстан дуниежузи тарихы

Пікір жазу

  • [cmxfinput_gallery][cmxfinput_youtube]