Реферат: Тарих | Хақназар хан

Реферат: Тарих | Хақназар хан

Хақназар хан

(1538-1580ж.ж. билік құрған)



Қасым ханның баласы Хақназар (Ақназар) хан тұсында қазақ хандығы қайта бірігіп дами түсті. Хақназар қазақ хандығын 42 жыл биледі. Қазақ хандығының 300 жылдық тарихында Хақназардай ұзақ жыл ел билеген хан болған емес. Ол ел басқару, қиын-қыстау, әскери-саяси істері жағында қажырлы да қабілетті қайраткер болды. Оның үстіне аса күрделі сыртқы жағдайларда дипломатиялық дарыны мол майталман екендігін көрсетті.



Хақназар хан таққа отырған соң хандық үкіметтің билігін нығайтуға және күшейтуге қажырлы қайрат жұмсады. Өзінен бұрынғы Тапир хан және Бұйдаш хан тұсында бытыраңқы жағдайға түскен Қазақ хандығын қайта біріктірді. 1523-1524 жылдары жарыққа шыққан қазақ-қырғыз одағын үздіксіз нығайтты, тіпті сол заманның тарихи деректерінде Хақназар хан "қазақтар мен қырғыздардың патшасы" деп аталды. Ол осы қазақ-қырғыз одағына сүйене отырып, Моғолстан хандарының Жетісу мен Ыстықкөл алабын жаулап алу әрекетіне тойтарыс берді.



Хақназар хандық құрған дәуірде қазақ хандығының сыртқы жағдайында аса ірі тарихи оқиғалар туды. Бұл кезде батыста күшейе түскен орыс мемлекеті шығысқа қарай ірге кеңейтіп 1552 жылы Қазан хандығын, 1556 жылы Астрахань хандығын Россияға бағындырды. Осы жағдайға байланысты, Еділ мен Жайық арасында ұлан-байтақ өңірді мекендеген Ноғай ордасы ыдырай бастады. Ноғай ордасын билеген маңғыт мырзаларының арасында үкімет билігіне таласқан феодалдық қырқыс үдей түсті, бұл қырқыстар халық бұқарасын қатты күйзелтіп, жаппай наразылық тудырды, Ноғай одағы құлдырап, ауыр дағдарысқа тап болды. Хақназар хан тұсында Қазақ хандығының күшеюі және халық өмірінің оңалуы, Ноғай ордасына қарасты қазақ тайпаларын қызықтырып өзіне тартты. Ноғай одағына қарасты көшпелі тайпалардың бір бөлігі қаңлылар, қыпшақтар тағы басқалар Қазақ хандығына келіп қосылып жатты.



Оларды Хақназар хан қарсы алып отырды. Ноғай ордасы н билеушілерінің бірі Ысмағыл мырза ішкі феодалдық қырқыста өз ағасы Жүсіп мырзаны өлтірді. Жүсіп мырзаның балалары Ысмағыл мырзамен соғысты. Ноғай ордасында өзара қырқысқан екі топ пайда болды. Ысмағыл мырзаның тобы Москва княздығына қосылуды жақтады, оған қарсы топ Қазақ хандығына қосылуға бой ұрды. Бұл жағдайды пайдаланған қазақ ханы Хақназар Ноғай ордасының көп ұлысын (бұлардың көбі қазақтың кіші жүзі алшын одағына енген тайпалар) өзіне қосып алды. 1557 жылы Ноғай мырзасы Ысмағыл орыс патшасы Иван IV ке: «Менің туыстарым қазір Жайықтың арғы жағында, бізден қалып қойып, қазақ патшасына қосылып кетті» деп арыз айтты. Хақназар хан Ноғай ордасының ыдырауын пайдаланып Жайық жағалауындағы көшпелі тайпаларды қазақ хандығына қосып алумен ғана тынбады, Ысмағыл мырза бастап, батысқа қарай ауған ноғайларға қуалай шабуыл жасап, оларды одан әрмен ығыстырып, ірге кеңейту әрекетін жасады. Орыс патшасы Иван IV-нің ноғай арасына жіберген елшісі Семен Мальцев 1569-жылы орыс патшасына: «Хақназар патшаның, Шығай ханзаданың, Шалым ханзаданың қазақ ордалары, ал олармен қоса 20 ханзада ноғайға келіп, ұрыс болды» деп хабарлаған.



Кейбір зерттеушілердің айтуына қарағанда, жоғарыдағы шабуылдар батысқа қарай ауған ноғай тайпаларының Еділ мен Жайық өңірін тастап, Дон сахараларына қарай кетуіне себеп болған көрінеді. Бұл жөнінде тарихшы Ахмет Заки Уәлиди: «1969-жылы Шығай, Хақназар, Шалым сұлтандар бірлесіп, Ысмағылдың баласы Орыс сұлтанға шабуыл жасады, осыдан соң ұзақ тұрмай ноғай мырзалары ақырындап елдерін Жайық пен Еділдің батыс жағына, Дон сахараларына көшіруге, башқұрт елдерін тастауға мәжбүр болды» дейді. Бұл жеңіс Қазақ хандығының жерін кеңейтіп, күш-қуаты мен беделін арттырды, тарихи деректемелерде қазақ ханы Хақназарды «қазақтар мен ноғайлардың ханы» деп атаған.



XVI ғасырдың ортасында ауыр дағдарысқа ұшыраған Ноғай одағы ішкі феодалдық қайшылықтар мен қырқыстардың және халық бұқарасының феодалдық үстемдікпен қанауға қарсы күрестерінің нәтижесінде бордай тозып, 1569-жылдан соң мемлекет ретінде өмір сүруден қалды. Бұрын Ноғай одағына қараған қазақ тайпалары және олардың этникалық территориясы Қазақ хандығына бірікті. Бұрын Ноғай одағының астанасы болып келген Сарайшық қаласы да қазаақ хандығына өттіі. Бұл қазақ хандығының, қазақ тайпаларының және қазақтаардың этникалық территориясыын біріктіру жолында жасаған жеңісті қадамдарының бірі болды. Сонымен қатар ноғайлы дәуірінде жасалған немесе жаңғыртылып жырланған қыруар жырлар, «Қырық батыр жыры» сынды алып эпос қазақ мәдениетінің қазынасына қосылды.



Ноғай ордасының ыдырауы, оған қарасты қазақ тайпалары мен олардың мекендеген жерлерінің қазақ хандығына қосылуы хандықтың батыс,солтүстік және оңтүстік жағындағы жағдайда өзгеріс тудырды. Орыс мемлекеті мен қазақ хандығы арасындағы кең өңірді алып жатқан Ноғай одағының ыдырауы, оның бір бөлігінің қазақ хандығына қосылып, енді бір бөлігінің орыс патшасына бағынуы, шығысқа қарай кеңейіп келе жатқан орыс мемлекетінің шекарасын қазақ хандығына жақындата түсті. 1563-жылы Сібір хандығының билігін тартып алған Көшім хан ендігі жерде қазақ хандығына дұшпандық позиция ұстады. Оның үстіне моңғол билеушілері мен қазақ хандары арасында да қақтығыстар болып отырды.



Осындай күрделі жағдайлармен есептескен Хақназар хан Қазаақ хандығының сыртқы саясатын өзгертті. Өзінен бұрынғы қазақ хандары үнемі жауласып келген Мауараннахрдағы Шайбани әулетімен одақтастық байланыс орнатуға ұмтылды. Орта Азияның ең ірі қалаларының бірі Ташкентті басып алуға бағытталған әскери қимылдарын тоқтатты. Сөйтіп, шайбани әулетінен шыққан Бұхара ханы Абдолла ІІ-мен қазақ ханы Хақназар «қастаспай дос болып, өзара көмектесу» жөнінде «анттастық шарт» жасасты. Хақназар ханның бұл дипломатиялық шарасы оңды болды.

XVI ғасырдың 60-жылдарының соңы мен 70-жылдарының басында соғыс қимылдары тоқтап, бейбітшілік орнады, қазақтардың Орта Азия халқымен сауда-саттық қарым-қатынасы, экономикалық байланысы одан әрі өрістеді. Мұның өзі қазақ хандығының ішкі жағдайын жақсартуға, халқының шаруашылық өмірінің оңалуына тиімді болды. Сонымен қатар қазақ хандығын да нығайта түсті.



Бұхара ханы Абдолла ІІ (1557-1598) тұсында Ташкент маңын Норозахмет (Барақ) ханның баласы Баба сұлтан биледі. Ол Бұхараға бағынбай өз алдына тұрды. Үнемі Абдолла ханмен соғысты. Сөйтіп, Баба сұлтан Бұхара хандығынан бөлініп шығуға әрекет етті. Қазақ ханы Хақназар өзбек хандарының өзара қырқысына араласып, біресе Абдолла ханды, біресе Баба сұлтанды қолдап екеуін де әлсіретуге, осы арқылы өздеріне үлкен пайда түсіруге тырысып бақты. 1579-жылы Абдолла хан екінші шеру тартып Баба сұлтанға қарсы жорық жасады. Қазақ ханы Хақназар оның Баба сұлтанға қарсы күресін қолдады. Қазақ хандығы осының бодауына Абдолла ханнан Түркістан аймағындағы бірнеше қаланы қайтарып алды. Бұдан кейін Ташкент билеушісі Баба сұлтан қазақ хандығына Түркістан, Сауран қалаларын бергенде, қазақ сұлтандары бір мезгіл Баба сұлтанды қолдады.



1579-жылдың екінші жартысында қазақ сұлтандары әскерлерімен Ташкентке келді. Олар қайтадан Абдолла жаққа шықпақ болып, Ташкент билеушісі Баба сұлтанға қарсы астыртын әрекет істеді. Бірақ бұл астыртын әрекетті сезген Баба сұлтан қазақ сұлтаны Жалымды, оның екі ұлын, Хақназар ханның екі ұлын өлтірді. Іле-шала оның астыртын жіберген адамы 1580-жылы Хақназар ханды өлтірді.



Әдебиеттер:



XVI-XVII ғасырлардағы қазақ хандықтары. Хақназар хан туралы // Қазақ ССР тарихы.- Алматы,1957.- Т.1.- Б. 188-189

Қазақ хандығының қайта дәуірлеуі. Хақназар хандық құрған дәуірде // Қазақтың көне тарихы.- Алматы, 1993.- Б.251-255

Қазақстанның Россияға қосылуының тарихи алғы шарттары: Хақназар хан // Сабырханов А. Ұлы бетбұрыс.- Алматы, 1981.- Б.13-18

Мағауин М. Қиғылық жылдар: (Хақназар хан туралы) // Мағауин М. Қазақ тарихының әліппесі.- Алматы, 1995.- Б. 27-30

Хақназар хан // Қазақтар: Көпшілікке арналған тоғыз томдық анықтамалық.- Алматы, 1998.- Т.2. Тарихи тұлғалар.- Б.71-72



* * *

Әбусейітова М. Хақназар және XVI ғасырдың екінші жартысында мемлекеттің нығаюы // Егемен Қазақстан.- 1998.- 11 қараша.

Доп      


Мақала ұнаса, бөлісіңіз:

Ұқсас мақалалар:
» Реферат: Хақназар хан
» Қазақша реферат: Хақназар хан (1538-1580)
» Сабақ жоспары (ұмж): Неліктен Хақназар хан билеген кезеңді Қазақ хандығының «Қайта өрлеуі» деп атайды 2-сабақ (Қазақстан тарихы, 7 сынып, ІV тоқсан)
» Сабақ жоспары (ұмж): Хақназар хан кезіндегі Қазақ хандығының сыртқы саясаты 1-сабақ (Қазақстан тарихы, 6 сынып, ІV тоқсан)
» Сабақ жоспары (ұмж): Қазақ хандығы жерлерін Хақназар хан кеңейте алды ма? (Қазақстан тарихы, 7 сынып, ІV тоқсан)

Іздеп көріңіз:
реферат Хақназар хан туралы реферат тарих казакша на казахском, реферат Хақназар хан на казахском языке история скачать бесплатно, тарих пәні рефераттар жинағы жоспарымен, казакша реферат жоспар тарих казакстан дуниежузи тарихы

Пікір жазу

  • [cmxfinput_gallery][cmxfinput_youtube]