Реферат: Тарих | Торғай көтерілісі

Реферат: Тарих | Торғай көтерілісі


1916 жылғы патшаның "июнь жарлығынан” кейін жер-жерде басталған толқулар Қазақстанның көп өңірлерін қамтыды, ең ірі қозғалыстар Жетісу, Торғай – Ырғыз өлкелерінде болды. Мыңдаған қазақ сарбаздары патша әскерлерімен шайқасты, жүздеп оққа ұшты. Көп қазақтар елін, жерін тастап Қытайға, Ауғанстанға қашты.

Жоңғар шапқыншылығынан кейін қазақ халқының басына түскен ірі зобалаң осы болды.

Торғай өлкесіндегі көтеріліс туралы айтатын болсақ, патшаның "июнь жарлығы” елге жетісімен-ақ, ауыл-ауылдардың бәрінде халық дүрлігіп көтеріле бастады. Көтерілісті барша халық жақтады: көп жерде бай-болыстар да көтерісшілер жа­ғында болды. Әбдіғапар, Карбоз, Садуақас, Қосжан, Өмен сияқты би-болыстар сар­баздарға бас-көз болды, көтерілісті өздері ұйымдастырып, басшылықты қолдарына алды. Кешегі бұзақы, сотқар-тентек аталған Амангелді Үдербайұлы, Уәлі Жалма­ғамбетұлы, Бекболат Отызбайұлы, Омар Тынымұлы сияқты азаматтар ел басына "күн туғанда” көтеріліс туы астына кірді, батыр атанды.

Қазан айының аяқ кезінде болыстарда ірі сарбаздар тобы құрылды. Әр топтың басшысы да айқындалды. Бәрі жиылып орталарынан хан сайлады. Мысалы, Торғай үйезінің шығысы мен батысы Әбдіғапар Жанбосынұлы мен Оспан Шолақұлын хан сайлады. Әбдіғапар ел арасында аты әйгілі Нияз хан ұрпағынан болатын. Осындай ауыр заманда хан болу оңай емес еді. Академик Манаш Қозыбаев бұл туралы мынадай тұжырым айтқан болатын:

…осындай ауыр заманда ту көтерген ерлердің бірі әмір Әбдіғапар даңқ үшін әмір болмады, ел есімін атады, ол көнді, Отан үшін жанын пида етіп, шүберекке байлады. Патша жендеттерінен аман қалған әмір Әбдіғапар большевиктік экстремизмнің құрбаны болды.

Көрші Ырғыз өлкесінде сайланған хандардың ішінде іс-қимылымен аты шыққан Айжарқын Қанайұлы болды.

Ұлт-азаттық көтерілістің өрбуіне бірнеше себептер болды. Ең негізгісі жер мәселесі еді. Ресей патшалығы қазақтың шұрайлы жерлерін күшпен тартып алып, мұжықтарына, казактарына таратып беретін. Тұрар Рысқұловтың 1926 жылы жүргізген зерттеуі бойынша бір 1916 жылы солтүстік аудандардан патша әкімдері қазақтың 30 млн. гектар жерін тәркілеген.

Шілде айының аяғында қазақтардан 19 бен 43 жастың арасындағы еркектері "қара жұмыс армиясына алынсын” деген патша жарлығы елге таратылды. Бұрыннан орыс патшалығы қазақтарды армияға алмайтын. Енді патша "уәдесін бұзып, соғыс жұмысына орыстан басқа ұлттардың еркектерін алу керек” деген шешімге келіп, оны тездетіп орындауға кірісті. Бұл кезде орыс әскерлері немістермен соғысып, жеңіліп, масқара болып жатқан кез еді.

Патшаның соғыс күшінің қорына деп ел мойнына қосымша салық салып, жәрдем ақша жинады. Ең ақыры "соғыс жабдығына керек” деп самаурынның сары жезі, қалайы мен қорғасынға дейін жиылды.

Торғай өлкесінде әскер тамағы үшін сойыс малын жинап жүрген үйездің көмекшісі Ткаченкомен Қараторғай жастары, Батпаққара басында соғысуға дейін барған. Орыс тілінде сөйлей алатын Жағыпар Жанбосынұлы Ткаченкодан: "Патша ағзамның антын бұзғаны қалай?! Әскерге алмаймыз деген уәдесі қайда?” – деп сұрайды. Бұрын-соңды қыр қазағының бірі бетіне қарсы келмейтінін білетін Ткаченко ашуланып: "Ақ патшаның ақ дегені – алғыс, қара дегені – қарғыс”, дейді. "Орыс халқы қанын төгіп Германмен соғысып жатқанда, "қара жұмысына бармаймыз” дегендерің – бүлік”, дейді. Осы айқайды естіген қазақтар тапсырып тұрған малдарын қайтарып, ауыл-ауылына кетіп отырады. Ткаченко Торғай қапасына келіп жұрттың көтеріліс жасайтын түрінен толық мағлұмат береді.

1916 жыл. Шілденің 27-сі. (Орынбордан) Полковник Татаринов жіберген жасырын телеграммадан: "Торғай, Орал облыстарындағы толқулар қауіпті түрге айналып бара жатыр.

1916 жыл. Тамыздың 30-ы. Торғай үйез бастығы Р.Г.Гарфтың Торғай облысының генерал-губернаторы М.М.Эверсманға берген рапортынан:

…барлық болыстардың қолындағы тізімдер тартылып алынған, ал болыстардың өздері күзетілуде. Қырғыздар 10 мыңдай адам жиналып, қаруланып, қалаға шабуыл жасамақшы…

Атқа мініп, қолына қару алған жастардың аузында бір-ақ сөз болды: "окопта қырылғанша, жерімізді, намысымызды қорғап елде өлгеніміз артық”. Ұйымдасқан топтар қазан айының орта кезінде Торғай қаласына жақын Сужарғанда кездесетін болып келісті.

Патша ағзамға сенетін бай-болыстар да қарап жатпай, ортасынан 40 мыңдай ақша жинап, Смағұл Төкеұлын басшы етіп, ізденуге Петроградқа жұмсады.

Осылайша бүкіл Торғай өлкесі патша жарлығына қарсы шығып, қолдарына қару алып, дабырлап жатқанда, оқыған, көзі ашық Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейханұлы, Міржақып Дулатұлы сияқты зиялыларымыз "Қазақ” газеті арқылы көтерілісшілерге "тынышталыңдар, патшаға қарсы шықпаңдар” деп жатты. Арнайы жазылған үндеулерінде мынадай үгіт сөздері бар: "Патшаның бұйрығы – ақиқат” оны орындамауға болмайды, жан тәтті, бірақ бұйрық қатал” дегендей...

Орынбордан "көшіп-қону” жер мәселесіне байланысты Ахмет Байтұрсынұлы мен Мурзин екеуі келіп, Торғай елін аралап жүрді. Ара-арасында жұртпен кездесіп, патша жарлығын түсіндіргілері келді. Ақыры тамыз айының аяғында біраз халықты Батпаққарадағы Файзолла ишанның мешітіне жинап, үлкен жиылыс өткізді, мұнда да сол идеяларын айтып көріп еді, тыңдаушы жастармен тіл табыса алмады. Халықтың түгелдей көтерілісті жақтайтынына көздері жетті. Бұған қоса Қараторғай болысына әскерімен келген Ткаченконы жастардың қуып шыққанын көрді.

Қазан айының аяғында болыстарда жинақталған сарбаздар Торғай қаласының маңында, Сужарғанда жиналды. Көртоғай, Қараторғай болыстарының сарбаздарын Әбдіғапар бастап келді, бұлар Жанғожа аталарының көк-жасыл шұбар туын ұстап келді. Аққұм болысының жігіттері Көбек батырдың туымен келді. Сарыторғай қазақтарын атақты Жәуке батырдың немересі Орманбек пен Мұсабай қажының ұлы Өмен ақ ту көтеріп бастап келді, Қайдауыл болысының сарбаздарын Кенесары заманындағы Иман батырдың немересі Амангелді ертіп келді.

Әбдіғапардың айналасына небәрі 6000-дай сарбаз жиналды. Бұларға Аққұм болысынан Карбоз бастаған 1500 сарбаз келіп қосылуы керек. Оспан ханның 3000 сарбазын қоссақ, жалпы сарбаздар саны 10 мыңдай еді.

Бес-алты күн Әбдіғапар Оспан хан сарбаздарын тәртіпке келтіріп, шабуылдың жоспарын жасады, бәрінің мақсаты бір – Торғай гарнизонын басып алу, қару-жараққа қол жеткізу.

Қазан айының соңғы күндері көтерілісшілер ойламаған оқиғаға тап болды: Карбоз Алқау көлі тұсында қарамағына келген Сарманұлы Бектің, Үркімбайұлы Қияқбайдың, Тынымұлы Омардың сарбаздарын қабылдап жатқан кезде "жау кеп қалды” деген хабар жетеді. Хандармен ақылдасып жатуға уақыт болмаған. Өздері келісіп, Татыр көліне келіп қалған казак жүздігіне қарсы шыққан.

Карбоздың қолында небәрі 30 шақты мылтық болған, көбісі ауыл-ауылда сақталып келген шиті мылтықтар еді. Біреуі алыстан тиетін Қалабайұлы Арғынбай ұста өңдеген қару, ол сол күні Қияқбайдың қолында екен. Осылайша, екі жақ бесінге дейін атысқан, ақыры шабысқа шыққан. "Қызыл жоса қанға батып” шегінеді. Мылтық, наганы бар казактардың күші басым еді. Осы шайқаста Қияқбай ерлік көрсетіп, бір казакты атып түсірген. Бәрінен де оның туысы Әсемғазы Тобажанұлының ерлігі айтарлықтай: төрт әскердің ортасына түсіп қалып, найза салып екеуін өлтірген, өзі де жаралы болған, қылыштың жүзі төбесін қырқып кетіпті, денесінің көп жері тілінген. Осы шайқаста Қияқбайдың шешесі Жаңыл анамыздың ерлігі таңғаларлық оқиға. Құлаған бір сарбаздың айбалтасын ала салып, жауға шауып, бір әскерді жаралап, құлатқан. Өзі де жараланыпты, қызумен білмеген, қылыш арқасын тіліп кетіпті. Осы соғыста сарбаздың қолынан казактардың 6-ы өлген. Қияқбай тобы олжалы болып, қолдарына 5 винтовка түсірген.

Карбозбен соғысқан әскер тобына Қостанай жағынын көмекке келе жатқан 140 атты әскері ертесіне Торғай қаласына жеткен. Бұдан бұрын Торғай бекінісінде 200-дей атты казактар, 100-ге жуық жаяу әскер болатын, оқ-дәрілері жеткілікті еді.

Татырда Торғай қазақтары алғашқы рет қарулы орыс әскеріне қарсы шығып шайқасқан.

Қарашаның 5-і күні түнде, қаланың жоғарғы жағында, өзеннен өтетін көпір жасалды. 10 мындай сарбаз бір түнде қала жақ бетке өткен. Әбдіғапар тобындағы жортуылшылар түнделетіп шолу жасап, қала жасақшыларының қай тұста орналасқанын бақылаған.

Оспан хан сардары Қасымханмен қаланы күнбатыс жағынан шабуылдап, шығыстан Әбдіғапар мен Амангелді, оңтүстіктен Жәуке батырдың баласы Орманбек шабуылға шықты. Гарнизон жолында винтовкамен қаруланған жасақтар тұрды. Оған қоса көшелердің бәрінде тосқауылдар жасалған болатын. Атты сарбаздар шауып өте алмады, жаяулап, үйлерді тасалап атысты. Сарбаздар жасақтарды, оларға көмекке келген солдаттарды ығыстырып, гарнизон қоршауына жеткен. Сарбаздардан күш көрсеткендер: Әбдіғапар тобынан Амангелді, Жағыпар болды. Оспанхан сарбаздарынан ерлік көрсеткендер: мыңбасы Қазы Сәтпаев пен Әубәкірдің Хамиті. Ұрыс кезінде Хамит үш қатар тікенек сымдарын үзіп, жол ашқан, өзі оққа ұшқан.

Сарбаздар тобы тікенек қорғаннан өтіп, гарнизонға ұмтылған, бірақ оқшашардың шарпуына шыдамаған, біраз жігіттерінен айырылып, шегінген. Түс ауа сарбаздардың барлығы Сужарғанға оралған.

Сарбаздар Тoрғай горнизонын басып ала алмады, сонда да осы оқиғаның мәні зор еді.

Ырғыз қазақтары да, басқа үйездегілер сияқты, 1916 жылы шілде айында "патша жарлығын мойындамай” көтерілген болатын. Бұлар да Петроградтан "шындық” іздеп Аманкөл болысының азаматы, (оқыған) адвокат Жанша Сейдалин мен Тәуіп болысынан ақын Исатайды жіберген. Бұлардың сенген адамдарының бірі Бірімжанов Ахмет болатын. Бұлар да Петроградтан еш нәрсе өндіре алмай қайтқан.

…Сонымен 1917 жылдың қаһарлы қысының бас кезінде Ырғыз өлкесіндегі көтеріліс доғарылды, барлық болыстардан "шақырылуға тиісті жастар топ-тобымен жинастырылып, Шалқарға жіберілді. Г.Станкевичтің айтуы бойынша, жиналған қазақтардан 2 эшалон адам майданға кетіп те үлгірген. Әбдіғапар қарамағындағы ауылдардан бір де бір адам "соғыс” жұмысына бармады.

Әбдіғапар мен Амангелді қыс бойы сарбаздарын соғысқа дайындады: қатал әскер тәртібі енгізілді, соғыс тәсілдері үйретілді. Осындай жағдайда Әбдіғапар барлық істі ақылдасып, елмен (6 болыс арғын, 6 болыс қыпшақ, 1 болыс найман) бірге шешуді дұрыс көрді.

Әбдіғапар ханның ордасы Үрпекке 15 шақырым жердегі Дүкенбайұлы Сейдіғазым­ның қыстауында орналасты. Хан кеңесінің шeшімі болмай, біp де біp шаруашылық, coғыс мәселесі орындалмайтын. Кеңес үкім шығарып, ауылдарға "қызыл бекет арқылы, бұйрықтар таратып отырды. Шығарылған үкім қағаздары заңды болу үшін ханның мөрі басылатын. Хан жарлығы мен кеңестің шешімдерін іске асыру үшін, көмекші уәзір сайланды, әскербасы-сардарлыққа Үдербайұлы Амангелді тағайындалды. Қазына шаруасын басқару жұмысы Ержанұлы Дәуітке тапсырылды. Елшілік мәселесі, қару-жарақпен қамтамасыз ету Жанбосынұлы Садуақасқа жүктелді. Бұл екеуі де есепке жүйрік болатын, екеуі де Орынбор гимназиясын тәмамдағандар.

Қазылық-би жұмысы – Досан Қарабайұлына, Қосжан Манабайұлына, сот Дәуіт Ержанұлына тапсырылды. Бұл аты аталған азаматтар түгелдей кеңестің құрамына енді. Хан жарлығын іске асыру үшін болыстарда елбегілер сайланды. Елбегілер тікелей Дәуітке бағынатын. Олар мал-жанның есебін алды, елден сарбаздардың мұқтаждығына ақша, мал жинады. Хан жарлығы бойынша байлар 40 қойдан 1 қой, 5 қарадан 1 қара мал зекет берді, қару-жарақ алу үшін, елшілердің жол қаражаты үшін ақша қоры қазынашылар қолында жиналды. Елде тәртіп болу үшін ұрлық-қарлыққа қарсы қатал жарлық шықты. Бұйрық қағаздарын, жалпы хабарларды тарату үшін әpбіp 15-20 шақырым жерде байланыс бекеттер орнатылды, халық оларды "қызыл бекеттер” деп атады. Себебі, орналасқан үйлердің көбі қызыл кірпіштен еді.

Әбдіғапардың қарамағындағы сарбаздардың саны күннен-күнге өсті.

Сарбаздарды топтастыруда, мылтықтары бар 200 сарбаздан 5 ерекше мергендер тобы құрылды (әрқайсысында 40 мергеннен болды), соның екі тобы винтовкамен қаруланған еді. Мыңбасылары жорыққа шыққанда жанында 40 мерген ертіп жүретін. Мергендерді жаттықтыруға Кейкі, Жағыпар тағайындалды. Кейкі бүкіл Торғай еліне аты шыққан мерген, халық оны "қол мерген” деп атайтын, себебі, мылтығын бір қолымен ұстап сермеп қалып, атып дәл тигізетін. Өзі де қарулы болған, мінезі шатақтау, аяушылықты білмеген.

1917 жыл. Қаңтардың 5-і. (А.Г.Сандецкийдің бас штабқа берген хабарынан):

...Торғай маңында үлкен екі қарақшылар тобы бар: біріншісі… (бұл кезде тарап кеткен), екіншісі қаланың солтүстігінен 150 шақырымда Қараторғай болысында, Әбдіғапар Жанбосынов хандікі... Жанбосын ханның көтерілісшілерінің бір тобы Шолақсай керуен жолын торуда, мақсаттары керуендерді басып алу.

Күздегі келісім бойынша, Қостанай жағынан келетін әскер жолы торуылданды. 16-ның соңы мен 17-нің басы өте суық болды. Қақаған аязда ауылдан 150 шақырым жортуылдап, боранды далаға патша әскерлерімен шайқасу жолын бөгеу ерлік емес пе!. …

Файзолла ақын "Әбдіғапар хан” атты поэмасында былай дейді:

Қыстың суық күні еді тұрған қақап,

Үскірік қызыл аяз қарып тұтап.

Хан мен сардар шақырды жүз мергенді,

Бөлектеп көп ішінен атын атап.

Жүз жігіт жетіп келді Қапар ханға,

Мен мұндалап аттары аталғанға.

Кейкі менен Өменді басшы қылып

50-ден аттандырды "Тышқан тамға

Шыны солай болған, Амангелді мен Кейкі аз ғана (100-ге жуық) мергенімен қантардың 13-і күні Шолақсайға жетіп, онда Садуақас пен Досан жинаған Науырзымның 1500 жігіттерін қосып алып, Қостанай әскеріне қарсы шыққан.

Әбдіғапар мен Амангелді сарбаздарын соғыс тәсілдеріне үйрете отырып, дүркін-дүркін мыңбасыларын жорықтарға шығарып отырды. Ақпанның ортасында Уәлі сарбаздары Қарақоғада күшті әскер тобын қарсы алып, күні бойы соғысты, бір-екі күннен кейін осы әскермен Қосжан, Карбоз сарбаздары Құмкешуде шайқасқа түскен. Сарбаздардың батыл қимылдарын проф.К.Харлампович (1926 жылы жазған кітабында) былай түсіндіреді:

…Сарбаздар кешегі ауылдың балалары, соғыспақ түгіл мылтықтың не екенін білмейтін жастар… Кенесары сарбаздарына ылғи кедейлерге: "сендерді байытамын” деп армиясын құрды. Ал бүгінгі сарбаздар саналы түрде елін-жерін, қазағын қорғаймын деп келді. Сондықтан да олар қолында тек шоқпары болса да, жан-тәнін аямай, азулы жауға қарсы тайсалмай тиісетін.

Амангелді мен Өмен мергендер тобын үшке бөліп, осы тұстан өтеді-ау деген болжаммен, қалың тоғайдың шетінде орналастырды: бір тобын Кейкі, екіншісін Өменнің өзі, үшіншісін Жағыпар басқаратын болды. Бәрі Кейкінің бастауын күтеді. Мылтықтың тең жартысы ғана винтовка. Орыс әскерлеріне күш көрсететін осылар.

Мергендерге жәрдемге келетін атты сарбаздар сай ішінде, басшылары Қарабай­дың Әлжаны, Оған жақын Қосжанның сарбаздары. Әріде Дәуіт пен Уәлінің сарбаз­дары. Бұлар қылыш-найзамен қаруланған, олар өзен бойында қалың қамыс пен тоғай тасасына орналасқан.

Ақпанның 23-і күні. Таң атты, күн шығып көтеріле бастады, күшті аяз.

Ертемен сырнайлатып, барабандарын соғып патша солдаттары тегіс соғысқа шықты. Әскер Қарасудан өтіп Доғалға келіп тоқтады. Полк бастығы Тургенев пен офицерлер қаз-қатар тұрып дүрбілерімен Доғал Ypпeк арасындағы тоғайлар мен қамыстар жағын сүзгілеп қарап жатыр. Кешеден бері жүргізген барлау жұмысынан бұл маңайда сарбаздардың қалай орналасқанын біле алмаған, барлаушылардың бірінші тобы Үрпекке жетпей-ақ, Кейкінің жігіттеріне кез болып, оққа ұшқан еді.

Казактар өліктің аузындағы "тығынды” көріп, әбден ашуланып: "қырғыздардан өш аламыз” деп кіжініп, "шанышқыларын” қадап алып жаяу шайқасқа ұмтылған. Бұларға әскербасы тоғайға қарай жүруге рұқсат берді, өздері қыр басына зеңбі­ректерін орната бастады. 50-ге жуық жаяу әскер тобы мергендерге тұспа-тұс келе жатты. Жау жақындап қалды, бір кезде Кейкінің "ат” деген дауысы гүр ете түсті, мылтықтарын кезеп отырған мергендер екі дүркін оқ жіберді, осы біp атыстан казак­тардың жартысы құлап түсті, қалғандары есін жинап, атысып еді, мергендердің атыстары күшті болды. Казактар шегініп барып жата қалды, қашқандары да оққа ұшты. Бұрын-соңды сарбаздардың мұндай қимылын көрмеген әскербасы, офицер­леріне жаңа бұйрық беріп жатты.

Тургенев жаяу әскермен қатар, Доғалдың оң жағымен кеткен эскадронның найзашылардың қоршауына түсіп, кескілесіп жатқанын көрді. Оларды құтқару үшін көмекке тағы жүздіктің қалған бөлігін жұмсады. Тек солардың көмегі арқасында біразы кері оралды. Артынан қуып келген сарбаздардың қалың "қолын” оқшашарлар қарсы алды. Сарбаздардың алдыңғы қатары жапырылып оққа ұшты, қалғандары тез бұрылып кері шапты.

Осыдан кейін екі жақ та тым-тырыс бола қалды. Тургенев сарбаздардың қалай орналасқанын көзіне елестеткен болу керек, шабуылдың түрін өзгертті. Біраздан кейін зеңбіректері гүрс етті, алғашқы оқтары өзеннің бергі беттегі Доғал бойына, әр жерге түсіп жарылды. Ол аздай, бірнеше оқшашарлары жақын келіп, өзенге қарай сатырлатып ата бастады. Бір мезетте зеңбіректің атыстары да тоқтады, іле-шала "солдаттар ұшып тұрып уралап алға ұмтылды, біраз жүгіріп тоғайға да еніп, мергендерді таба алмай, тағы да алға жүгірді, тоғайдан өтіп алаңға шыға бергенде, мергендер "сатырлатып” атты. Алды-артынан біразы құлады. Ызалы әскер өлген-тірілгеніне қарамай алға ұмтылды, мергендерге жақындап қалған еді, аңдып тұрған Дәуіт жүздігімен қиқулатып шыға келіп, солдаттарды қым-қиғаш шауып, таптап өте шықты. Тургенев те сол қанаттағы эскадронның бөлігін осы топқа жұмсады, сол сәтте Уәлі басқарған 100 шақты атты сарбаздар оған қарсы шықты да, жетпей орағытып кері қашты. Атты казактар далақтап қуа жөнелді, соғыс шебіне жақындай бергенде, тасада күтіп тұрған Амангелді, Әлжан найзалы қазақтарымен, эскадронға бүйірден келіп тиісті. Ә, дегенше казактарды быт-шыт қылды. Бұл Әбдіғапар ұсынған соғысу тәсілі еді, Амангелді оны шебер қолданды.

Түс ауып, күн еңкейе бастаған кез. Оқшашардың жақын келіп атқылауына шыдамаған мергендер шегіне бастады. Тургенев әскері сарбаздарды жан-жақтан қоршауға айналды. Амангелді "шегініңдер” деген бұйрық берді. Доғалдың оң жағынан айналып өткен атты казактар тобы, өзен бойындағы сарбаздарды қоршауға алып, қырмақшы. Бірақ мұнда да сарбаздар бұрынырақ шығып, басы Әбдіғапар болып, Ағаштыкөлге бет алған. Казактар далаға шыққан сарбаздарды шабуылдамады, қорықты.

Торғай қазақтарының 1916-1917 жылдардағы патшаға қарсы жүргізген соғыс әрекеттері ерліктің ұлы өнегесі еді. Ресейде 1917 жылғы ақпанда буржуазиялық-демократиялық көтеріліс жеңіске жетті, патша тағынан түсті. Уақытша үкімет жазалаушы іскерлер тобын кері қайтарды.

1936 жылдан бастап Кеңес Одағында, әсіресе, Қазақстанда, қандай да болмасын оқиға, коммунистік идеологияға бағындырылды, соның ішінде, 1916-1917 жылдың тарих мәселелеріне көзқарас күрт өзгерді: жеке адамға табынушылық саясаты жүргізілді. Батыр аталарымыздың аттары құрдымға жіберілді. Доғал соғысында, жанын-тәнін аямай ерлік көрсеткен азаматтар әдейі ұмыт болды, аруақтарын аяқ асты етті.

Шын мағынасында, мақтау бәріне де жететін еді. Сол бір батыр аталарымыздың аруақтары риза болсын деп, осы бір әңгімені халыққа ұсынып отырмыз.


Авторы: Марат МЫРЗАҒАЛИҰЛЫ.

Доп      


Мақала ұнаса, бөлісіңіз:


Іздеп көріңіз:
реферат Торғай көтерілісі туралы реферат тарих казакша на казахском, реферат Торғай көтерілісі на казахском языке история скачать бесплатно, тарих пәні рефераттар жинағы жоспарымен, казакша реферат жоспар тарих казакстан дуниежузи тарихы

Пікір жазу

  • [cmxfinput_gallery][cmxfinput_youtube]