Реферат: Тарих | ҚАЗАҚ ТЕРМИНОГРАФИЯСЫНЫҢ ТАРИХЫНДАҒЫ АЛАШ КЕЗЕҢІ
Ербол Әбдірәсілов
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия
Ұлттық университетінің доценті,
филология ғылымдарының докторы
ҚАЗАҚ ТЕРМИНОГРАФИЯСЫНЫҢ ТАРИХЫНДАҒЫ
«АЛАШ» КЕЗЕҢІ
Терминологиялық сөздіктер тарихын сөз етер болсақ, оны «алаш» зиялыларының қайраткерлік қызметімен байланыстырмай өту мүмкін емес. Мысалы, қазақ терминографиясындағы алғашқы сөздіктердің қатарына жатқызылып жүрген сөздіктерге алаштықтар шығарған, 1927 жылы жарық көрген Н. Қаратышқановтың «Пән сөздері» мен 1931 жылы Қызылорда қаласынан басылып шыққан «Атаулар сөздігі» жатады.
Алғашқы терминологиялық сөздіктер ретінде бұл екі сөздіктен басқа да сөздіктер өзіндік мүмкіндігімен терминографиялық еңбектер тарихына кіре алады, бұл сөздіктер белгілі бір қызметі жағынан терминография тарихында қарастырылып, терминографиялық еңбектің қызметін атқарған сөздіктер ретінде бағалана алады. Мұндай сөздіктердің қатарына 1925 жылы Мәскеу қаласынан жарық көрген Қ. Кемеңгерұлының басшылығымен құрастырылған «Қазақша-орысша тілмаш» пен 1926 жылы Қызылорда қаласынан басылып шыққан «Орысша-қазақша әскерлік атаулар» сөздігі жатады.
Аталған сөздіктердің құрылымындағы ерекшеліктер мен терминдерді жүйелеу ісіндегі ұқсас сипаттар – терминологиялық сөздіктерді шығару, терминдерді қолданушысына жеткізу, жүйелеу істеріндегі «алаш» кезеңінің өзіндік үдерісі мен бет-бейнесін айшықтай түседі.
Солардың бірі – атауы жағынан терминографиялық сөздік деп есептеуге болатын – «Орысша-қазақша әскерлік атаулары» [1]. Бұл сөздік білім кеңесінің ұйғарымымен 5000 данада Қызылорда қаласынан 1926 жылы басылып шыққан. Сөздіктегі мәліметтерге жүгінсек, сөздікте берілген терминдердің аудармашысы – А.Өтембаев деген кісі. Сөздіктің соңғы жағында берілген тағы бір дерек – А.Байтұрсынұлы мен Ғаббас Нұрымұлының берген анықтамасы. Сол кездегі Қазақ білім комиссиясының төрағасы ретінде А.Байтұрсынұлы бастаған комиссия бұл сөздікке енген терминдерді, жалпы сөздікті өз тараптарынан ресми түрде бекіте отырып шығарған.
Сөздік құрылымында терминдер әліпби ретімен орналастырылып берілген. Олардың басым бөлігі мүмкіндігінше аударылып берілгендігін байқауға болады: авангард – алғы әскер, адская машина – ажал машинасы, атака – шабуыл, банда – басбашы, барабан – дабыл, батальон – қос, батарея – зеңбірек қосы, пешая – жаяу, конная – атты, зенитная – тік, безоружный – қарусыз, битва – соғыс, бинт – орауыш, боевое столкновение – жауға қағысу, наступительный – ұмтыла, оборонительный қорғана, морской – теңіз, рукопашный – қоян-қолтық, заграждение – бөгет, колодка прицельная – сығалау табаны, пулеметная – оқ шашар, т.б. Бұл сөздікті тізе берсек, бүкіл сөздіктің материалдарының басым бөлігін, тіпті барлығына дерлігін қамтып шығуға тура келеді. Басты байқалатыны – қазақ тілінің сөзімен беруге, аударып қалыптастыруға деген ұмтылыстың алғашқы бесжылдық, онжылдықтағы ізденісін байқай аласыз.
Ал өзге тілдегі нұсқасы қабылданып алынған терминдер қазақ тілінің заңдылығына икемделіп қабылданып алынған. Бұл 1925 жылдан бергі осы кезеңде шығарылған сөздіктердің барлығында, тіпті 1931 жылы кеңестік биліктің басқаруымен шыққан алғашқы сөздікте де солай. Оған дәлел осы сөздіктен келтіре кетуге болатын автомат – абтамат, агитсут – үгіт соты, академия – академие, баллистические приборы – балістіке құралы, барометр – барометір, брезент – бірезент, вольтметр – болтметр, вымпел – бемпел, газ – ғаз, градус – қырадыс, инспектирование – інспектеу, инспектор – інспектір, канал – қанал, капот – көпет, капсюль – кәпсүл, комутатор – көмететір, комиссар – кемесер, лаборатория – лабыратыр, магазин – магажін, микрофон – мекіропон, перископ – перескеп, планшет – пыланшет, почта – пошта, рапорт – ырапырт, химия – кемие, шлея – шілійа, т.б.
Бір мән берерлігі – осы кезеңдегі шығарылған басқа сөздіктердегі сияқты бұл сөздікте де кірме терминдердің сол қалпында алынған түрін байқай қоймайсыз. Осы сияқты кірме терминдердің ішінде қазіргі үрдіс бойынша сол қалпында алынған терминдерді іздеп көргенімізде, өзге тілдегі нұсқасын сақтап жазылған динамит – динамит, штат – штат түрінде берілген бар болғаны 3-4 терминді ғана кездестірдік. Қалғаны жоғарыдағыдай өзгертіліп жазылған, қазақтың тіліне жатық қалпында берілген. Ал басым көпшілігінің аударылып берілгендігін еріксіз аңғаруға болады. Олардың барлығы өз тілімізден алынған баламалармен немесе тіркесті баламалармен аударылған. Сол қалпында, сол кезеңнен бастап қолданыла беріп кете бергенде, қазіргі айтып жүргендей жай сөз жүзінде емес, шынында терминдердің көпшілігі қазақтың өз тілінде сөйлер ме еді деген тұжырымның шындыққа жақын екендігіне нақты дәлелдермен, осы сөздікте көрінетін мысалдармен көз жеткізе түсуге болады. Бұл қазіргі кезде жай сөз деп айтылып жүрген ұлттық терминдер қалыптастыру бағытының мүмкін екендігін айғақтай алады. Сөздікпен танысып шыққан әрбір ғалым, әрбір термин зерттеуші, әрбір қолданушы тілде термин жасау мүмкіндігінің табиғатына, сол кездегі термин жасаудың табиғи үлгісіне тереңдей еніп, жаңа сөз, термин жасаудың қыр-сырын тұла бойымен түсіне алатын болады.
Сөздік соңында «Қазақ білім кемесиесінің ағасы Байтұрсын ұлы Ақымет, Кемесие қатшысы Нұрым ұлы Ғаббас» деп қол қойылған, «12-інші үйен 1926-ыншы жыл» деп мерзімі көрсетіліп: «Бұл атаулар қазақ білім кемесиесінің 1925-інші жылғы октәбірден 1926-ыншы жылғы үйенге шейін болған мәжілістерінде тексеріліп осы күйінде қабыл алынды», - деп анықтама жазылғандығын да қосымша ақпарат ретінде көрсете кетуге болады [1].
Бір айта кетерлігі – қазіргі лексикография мен терминографияда өзекті болып есептеліп жүрген тақырыптық сөздік құрастыру, тақырыптық сөздіктің құрылымына қатысты топтастырып беру жүйесі осы сөздіктің соңына қарай қосымша қамтылған. Әліпби ретімен терминдерді тізіп, аудармасын берген сөздіктің негізгі бөлігінен басқа, соңында бірқатар терминдер тақырыптарға топтастырылып берілген. Әскер саласындағы маңыздылығына немесе бөлек жүйемен беруге оңтайлы болғандығынан болса керек, негізінен қарулардың ішінде қолданылатын ұғымдар «Бесатардың атаулары», «Оқшашар бөлшектерінің атаулары» деген тақырыптар аясының ішіне топтастырылып, әліпби ретімен жеке тізілген. Сондай-ақ оны бекітіп, ресми пікір білдірген де сол кезеңдегі термин жасау ісін басқарушы зиялы ғалымдардың бірі, Қазақстан білім комиссиясының төрағасы Ахмет Байтұрсынұлы болған. Алғашқы еңбек болса да, үлкен ізденіспен басталған қазақ терминологиялық сөздігінің қазақ терминографиясы тарихында өзіндік маңызды орны бар.
1925-1927 жылдары шығарылған терминография тарихындағы маңызды еңбектердің бірі – Н.Қаратышқанұлы құрастырған «Пән сөздері». Сөздіктің ішінде берілген терминдердің аудармасынан, олардың берілісінен оның өз кезеңінде ауқымды міндеттер мен мақсаттарды орындап, іске жарай алғандығын байқауға болады. Әсіресе көзге бірден түсетін ерекшелік қайсыбір терминнің қазіргі сөздіктердей кірме нұсқасын бере салуды бұл сөздіктен сирек кездестіресіз. Сөздік мүмкіндігінше терминдер мен термин емес сөздердің орыс тіліндегі нұсқасын қазақшалауға ұмтылған. Мысалы, абберация – бұлдырлық, агит суд – үгіт соты, аквариум – су қора, анатомия тән жүйесі, выводная труба – шүмек, высший центр мозга, вычитаемое – азайтқыш, гипноз – ұйыту, испарение – кебу, каолин – ақ саз, поршень – іскек, потсобник – көмекші, растворитель – ерітпе, регресс – кер кету, уголовно-процессуальный кодекс – қылмыстық істерді жүргізу заңы, т.б. Мән беріп қарасақ, қазіргі сөздіктердей көптеген кірме терминдердің нұсқасын тұлғасында бере салу мұнда жоқтың қасы. Тіпті аудармалардың өзінде терминдік табиғат пен ерекшеліктер сақталмай жатса да, таза қазақы түсінік, қазақ тілділерге түсінікті аударма кездеседі. Мысалы, уголовно-процессуальный кодексті қазіргі тіліміздегідей қылмыстық іс кодексі деп аудара салмай, қылмыстық істерді жүргізу заңы деп қазақ тілділерге түсінікті етіп аударып берудің өзінде үлкен ұтымдылық бар. Осы сияқты ұтымды аудармалар берілген тәжірибе қазіргі терминография үшін жетпей жатқан мәселе. Немесе жоғарыда берілген аквариумды – су қора деп аудару қазіргі терминді қазақ тіліне аударушылардың ойына келмейтін қолданыс. Әрине, бұл аударма қазіргі қазақ тілінің даму деңгейіне, лингвостилистикалық, танымдық дамуына байланысты талапқа сәйкес келе қоймайтын аударма болып көрінуі де ықтимал. Алайда, екінші жағынан, таза қазақтық тіл деген мен қазіргі қазақ тілінің, қазақ тілділердің сол кезеңдегі санасы мен қазіргі тілдік санасының арасындағы алшақтықты да көрсетпек. Ондай аудармалардың қазіргі терминологиямыз бен тілімізде жат болып көрінуі, ондай аудармаларға жатырқай қарауымыз да сондықтан болар. «Бұл – даму көрсеткіші ме, әлде тілдік танымды түсіну деңгейінен айырылып қалу көрсеткіші ме?» деген заңды сұрақ туындайды. Қазіргі тілдік санамызға тереңдеп қарасақ, бұл дамудан гөрі, тілдің табиғатын тұла бойымызбен түсінуден алшақтап қалуға жақынырақ келетін сияқты. Немесе қазіргі тіліміздің қабылдауына да жат болып көріне қоймайтын астрономия – аспан тану, буксир – жетек, вена – көк тамыр, зубная эмаль – тіс кіреукесі, иллюзия – алданыс, инфракрасный – сауыр қызыл, нервная система – жүйке жүйесі, параллелограм – қиықша, пантамима – ымдасу, плотина – бөгет, пленум – толық мәжіліс, пружина – серіппе, равносильное уравнение – мәндес теңдеулер, симпатия – сүйкім сынды аудармалар қазіргі терминдерді аудару ісіне жөн сілтеуге жарарлық. Сондықтан мұндай аудармаларды қазірге тілімізге алу жағынан да, тілдің сол кезеңдегі саф, бұзылмаған табиғатын түсіну тұрғысынан да сөздіктің маңызды еңбек болып қала беретіндігін ескеруіміз қажет.
Н.Қаратышқанұлы құрастырған бұл сөздік туралы айта кетерлік тағы бір ерекшелік – бұл сөздікте математика терминдерінің берілуі. Сөздікте қазіргі терминологиямыз үшін аудару мен өз тілімізге икемдеп алу қиындау болып отырған математика саласына қатысты терминдер беріледі. Жоғарыда келтірілген Н.Қаратышқанұлының осы сөздігі туралы мақала жазған С.Е. Елубаевтың өзі де мақаласында: «Н.Қаратышқанұлы құрастырған сөздіктегі математика терминдерінің төрттен бірі дұрыс жасалған еді», – деген тұжырым жасауы да бекер емес [2, 91 б.]. Расында, терминологиялық сөздіктің құрылымында математика терминдері басым жағдайда аударылып берілген. Мысалы, сөздік құрылымынан: алгебра – алжебір, аргумент –дәлел, арифметическая прогрессия – айырымдық дәуірлеу, арифметическая средина – айырымдық орта, вертикальные углы – тұстас бұрыштар, вертикальная линия – тік сызық, высота наклонной плоскости – көлбеу жазықтығы, вычитание – азайту, вычитаемое – азайтқыш, гипотенуза – қиғаш сызық, горизонтальная линия – жатық сызық, горизонтальное направление – жатық бағыт, делимое – бөлінер, делитель – бөлгіш, диаметр – өре, длина – тұрық, единица – бірлік, единица измерения – өлшеуіш, именное число – деректі сан, квадрат – шаршы, ось – шүлдік, параллель – қатар, параллелограм – қиықша, периметр – жиек, синус – синус, cotg – котангеніс, треугольник – үшкіл, уравнение – теңдеу, формула – өрнек, целое – бүтін, т.б. Аталған терминдердің барлығын бірдей дұрыс еді демесек те, математика терминдерін алғаш сөздікте қамтып, қазақшалап берген автордың үлкен еңбегін атап айтпасқа болмайды. Сонымен бірге осы терминдердің ішіндегі уравнение – теңдеу, формула – өрнек, целое – бүтін, квадрат – шаршы, синус – синус, cotg – котангеніс сияқты терминдер қазіргі математикада, оның ішінде алгебра мен геометрияда, тіпті физикада да, жалпы математикамен байланысты салаларда қолданылып жүр. Одан басқа келтірілген терминдердің ішіндегі алгебра – алжебір, аргумент – дәлел, арифметическая средина – айырымдық орта, вертикальные углы – тұстас бұрыштар, высота наклонной плоскости – көлбеу жазықтығы, вычитание – азайту, вычитаемое – азайтқыш, гипотенуза – қиғаш сызық, горизонтальная линия – жатық сызық, горизонтальное направление – жатық бағыт, делимое – бөлінер, делитель – бөлгіш, диаметр – өре, периметр – жиек, треугольник – үшкіл т.б. терминдерді қазіргі математикада да қолдануға болатын терминдер қатарына жатқызуға болады. Тіпті бұл терминдердің біразы қазіргі математикада басқа нұсқасында қалыптасып кетті дегеннің өзінде, ғалымның құрастырған сөздігінде берілген термин жасау үлгісін алдағы жаратылыстану ғылымдарының терминдерін жасауда, аударуда, қалыптастыруда, қабылдауда үлгі ретінде негізге алуға боларлық тізбелер екендігін көрсетуге міндеттіміз.
Егер осы талданып өткен, 1925 жылы шыққан «Орысша-қазақша әскерлік атаулар» сөздігі мен 1927 жылы Н.Қаратышқанұлының басқаруымен шыққан «Пән сөздері» сөздігін салыстырып, екі сөздіктің ішіндегі терминдермен, терминдердің берілісімен, құрылымымен мұқият танысатын болсақ, үлкен ұқсастықты аңғаруға болады. Бір байқалатыны – алғашқы сөздік пен екінші сөздіктегі терминдердің құрамы қайталанады, көпшілік терминдер бірдей. Яғни қамтылған терминдерінің көпшілігі алғашқы сөздікте берілген терминдер болып келеді. Тіпті аудармасы мен тыныс белгілеріне дейін бірдей болып сәйкеседі. Бір қолдан немесе құрастырушылар тобынан шыққан қолтаңбаны байқауға болады. Бұдан бұл екі сөздік те арнайы мекеменің жоспарлауымен шығарылған, тек екіншісі – қайта басылып шыққан нұсқасы деген қорытынды жасауға болады. Расында да, алғашқы сөздікпен танысып шығып, екінші сөздікпен таныса бастаған қолданушы екеуінің материалдарының көпшілігі бірдей терминдер екендігін аңғарады. Ал айырмашылық – алғашқы терминографиялық еңбекте әскери атауларға басымдық беріліп, оған қосымша басқа ғылым салаларына да тән терминдерді араластырып берсе, екіншісінде әскерлік атаулардың орнын математика терминдері басып, негізінен математика терминдерін қамтуға басымдылық беріледі. Дәлел болу үшін бір-екі мысал келтіре кетсек, екі сөздікте де
агитация – үгіт, агитация – үгіт соты, аэростат – айырастат, глицерин – күлсерен деп бірдей нұсқада, бірдей қалыпта кездеседі. Егер әліпби ретімен берілген әр әріпке қатысты термин сөздер тізбегін салыстырсақ, кейінгі сөздікте математика терминдерімен бірге толықтырудың негізі барлығына мән бересіз. Бір ғана «А» әрпіне қатысты алғашқы сөздікте берілген терминдер санынан екінші сөздікте берілген терминдер саны көбірек болып шығады, толықтырылғандығы көрініп тұрады.
Бұл сөздіктердің мұндай қайталаулармен, бірінен соң екіншісінің аз уақыт ішінде қайта баспадан жарық көріп жатуының өзіндік себептері де жоқ емес сияқты. Өйткені біріншіден, қазақ терминологиясы көптеген терминдік бірліктерін қалыптастырып жатқан тұс осы кезеңмен сәйкес келсе, екіншіден, сол мақсаттарда қолданыс сұранысына ие осы терминографиялық еңбектер болған еді.
Сөздік терминдерді реттеп берген алғашқы сөздіктердің бірі болғандықтан, құрылымында тек математика терминдерін берумен шектелмеген. Сөздікте сол кезде алғаш ресми түрде қазақ терминологиясының қолданысына ене бастаған механика, физика, медицина, биология, әдебиеттану, тіл білімі сынды бірнеше ғылым салаларының терминдері қамтылып берілген. Алғашқы сөздіктердің қатарына жататындықтан, әр сала терминдері араластырылып берілген деген кемшілікті бұл сөздікке қатысты таға алмаймыз.
Осы сөздіктің кирилл әріптеріне көшіріліп, қайта басылып шыққан нұсқасына алғысөз жазған ғалым Ш.Құрманбайұлы сөздіктің маңызы туралы: «Арнаулы сөздіктер түзу ісі бір ғасырға жуық даму жолынан өткеніне қарамастан, бұл саладағы кемшіліктерден әлі арыла алмай отырғанда, ұлт тіліндегі термин шығармашылығы жаңадан қолға алына бастаған кезеңде жарық көрген алғашқы терминологиялық сөздікке сын айтудың өзі де артықтау болар», - дей келіп, келесі ойларының бірінде: «...Н.Қаратышқанұлының құрастырған сөздігінен термин шығармашылығының кезеңдік келбетін айқын аңғаруға болады», - деп сөздіктің маңызды тұсын дәл көрсетеді. Бұл – біздің жоғарыда термин шығармашылығындағы алаш зиялыларының ұстанымына қатысты тұжырымымызды нақтылай алатын дәлел [3, 12 б.].
Терминографиялық еңбектерді жарыққа шығарудағы «алаштықтардың» қолтаңбасын айшықтай түсетін еңбектің біріне Қ.Кемеңгерұлының басқаруымен шыққан «Қазақша-орысша тілмашты» жатқызуға болады [4].
1925 жылы Мәскеу қаласынан жарық көрген бұл сөздік Тіл комитетінің тапсырысы бойынша 2005 жылы баспадан қайта жарық көріп, терминография тарихын жүйелеудегі ізденісті жеңілдетіп, тәжірибелік терминография тарихының қорын тағы бір еңбекпен, қажетті дерекпен байыта түсті.
Бұл сөздіктің құрастырушылары Қошке Кемеңгерұлы, Мұстафа Боралқайұлы, Абдолла Байтасұлы, Есім Байғасқаұлы, Шәкір Баймақанұлы, Ғаббас Дәулетбекұлы, Сұлтан Темірбекұлы, Төлеутай Сәрсенбайұлы болған.
Қошке осы сөздік туралы өзі жазған мақалаларының бірінде: «Біздер «тілмашты» жағропалықтарға арнап жазғандықтан, өте сирек айтылатын сөздерді кіргіздік», – деп көрсетеді [4, 9 б.]. Мәліметтерінде бұл сөздіктің «қараушысы – Мағжан» болғандығы да көрсетіледі. Бұл да сөздікте қамтылған материалдардың маңызы туралы ақпарат беретін мәлімет.
Ғалым Д.Қамзабекұлы бұл дерекпен байланыстыра отырып, сөздіктің маңызы туралы мынадай пікір айтады: «Мына қызықты қараңызшы: Қошкелер сөздікті еуропалықтарға арнап жазады, ал ол еуропалануға бағыт алған болашақ қазақтарға да арналғандай. «Өз қазағымызды» өзіміз тілі басқа деп танитынымызды кім болжаған? Бірақ шындықтан қашып құтыла алмаймыз. Бүгін Қ.Кемеңгерұлы жетекшілігімен шыққан сөздік еуропаланған қазақ түгіл тіл құбылысы мен заңдылығын жанымен сезіну қабілетінен айырылып қалған кәдімгі қазаққа да ділгір» [4, 9 б.].
Бұдан шығатын қорытынды, сөздік өз бойына сол кезеңдегі қазақ сөзінің таза алтын сарайын қамтып, оны аударма өнерімен ұштастырып бере алған. Еңбек сол кезеңдегі таза қазақ сөзінің келбеті мен тіл өнерінің нағыз қазақтың тіліне тән бояуын көрсетуімен құнды. Бұл жөнінде де алғы сөз авторы: «...1925 жылы Мәскеуде басылған «Қазақша-орысша тілмаш» осыдан бір ғасыр бұрынғы сөздерді, ұғымдарды қағазға қаттаумен құнды», – деп қорытады [4, 10 б.].
Терминографиялық тұрғыдан қарастырсақ, бұл арнайы, мақсатты түрде шығарылған терминологиялық сөздік емес. Соған қарамастан, сөздік құрастырудағы алғашқы тәжірибелердің бірі ретінде сол кезеңде шығарылған, талданып өткен терминологиялық сөздіктердің шығарылуына негіз бола алды. Бірақ «Тілмашта» тек лексикалық бірліктер қамтылған деп айтуға келмейді. Өйткені орыс тілінен аударылған ұғымдарды беруде көптеген сөздер жасалған. Сол сөздердің арасында термин сөздер бар. Тағы бір аңғарарлығы – сөздерді жасаудың үлгілері, термин жасаудың табиғатына жақын, термин жасауда да қолдануға, негіз болуға жарарлық. Сөздікте берілген жүйелі сөз жасау үлгілері осындай тұжырым жасауға жетелейді. Бұл ойды «Тілмаштан» мысалдар ала отырып нақтылауымызға да болады: атыс – стрельба, атыспақ – перестреливаться, атыстырмақ – пон.зал.от гл. атыспақ. Немесе сөздікте осы сияқты әсер, әсерленбек, әсерленбірмек, әсерлі; балшық, балшықты, балшықшы; жауап, жауапты, жауапкер; тіл, тілазар, тілалмақ, тіләуезділігі, тілтимек, тілдеспек, тілсіз күш, тіл қисыны, тілмаш, тілмарлама; сияқты жүйелі сөз жасау, сөз аудару үлгілерін кездестіруге болады.
Демек, өз кезеңінде маңызды лексикографиялық еңбек болғандығына қарамастан, «Қазақша-орысша тілмаш» – терминдерді беруде де, оны жасаудың тілдік үлгілерін көрсетуде де үлкен рөл атқарған, терминографияның терминологиялық лексикография бағытын дамытуға үлес қосқан сөздік болып бағалана алады. Ол өз кезегінде терминдерді қалыптастыруға, қолданушысына жеткізуде үлкен қызмет атқаратын терминография тәжірибесіндегі қажетті бағыт.
Ал терминография ұғымының тек терминологиялық сөздіктермен шектелмейтіндігін, терминологиялық сөздіктер оның негізгі зерттеу нысандарының бірі ғана екендігін, терминографияның терминдерді реттеп, жүйелеуші жұмыстармен байланысты мәселелердің барлығын қамтитындығын ескерсек, терминография тарихының бастау көздерін алғашқы басылып шыққан терминографиялық сөздікпен шектеу де дұрыс болмайды.
Жаңа терминдердің берілуінде оқулықтар мен оқу құралдарының да терминографиядағы орнын ұмытпаған дұрыс. Оқулықтар – терминдерді салалық ғылыми жүйеге сәйкес реттеп көрсететін әрі оларды нақты ғылыми мәтін ішінде қолдана отырып сұрыптайтын терминографиялық еңбек. Ал көптеген жаңа терминдер қалыптасып жатқан 20-30 жылдардың кезеңінде жарық көрген оқулық еңбектер ол терминдердің қолданысқа еніп, қалыптасуы, жарамсыз терминдердің сұрыпталып, реттелуі үшін үлкен терминографиялық еңбектерге тән қызметтерді атқарғандығын мойындауымыз керек. Мұндай оқулықтардың қатарына М.Дулатовтың «Есеп құралын» (Орынбор, 1918), К.Жәленовтың «Есеп тану» (Ташкент, 1923), Ж.Күдериннің «Өсімдіктану» (Қызылорда, 1927), С.Қожановтың «Есептану құралы» (Ташкент, 1924) т.б. еңбектерді атап, оларды алғашқы кезеңдегі терминографияның бірқатар қызметтерін атқарған жұмыстар ретінде тануға толық негіз бар.
Терминографияның теориялық мәселелері ХХ ғасыр басында мүлдем көтерілмеді деп айта алмаймыз. Айталық, «Атаулар сөздігінің» алғысөзін жазушылардың өзі терминдерді терминологиялық сөздікте берудің мәселелеріне бара алған. Жалпы, сонымен бірге, осы кезеңде зиялы қауым мен ғалымдардың шама-шарқынша шығарып келген сөздіктерінің қай-қайсысына да алғысөз жазылып, алғашқы терминологиялық сөздіктер болғандықтан, түсіндірмелер беріліп отырған. Сөздікті қолдануға, жасау барысындағы ұстанымдарға, сөздікте берілген терминдердің берілу ерекшеліктеріне тоқталған осы алғысөздерде көтерілген мәселелердің мазмұны сол кезеңде терминографияның теориялық мәселелері терминографтар мен тілші-ғалымдардың алдынан шығып отырғандығын айғақтайды. Тіпті, мұндай теориялық мәселелер жекелеген ғылым тіліне, термин сөздердің мәселелеріне арналған баяндамалар мен ғылыми мақалаларда да қамтылып отырған. Демек, ХХ ғасыр басында орыс терминтану іліміндегідей, арнайы «терминография», «терминограф» терминдері қолданылмаса да, оның негізгі мәселелері жалпы қазақ терминтану ілімінің аясында қарастырылып, талдаулар мен терминологиялық сөздіктерді құрастыру ісінің нысаны болып келген.
Айтылған ойлар тізбегіне сол кезеңдегі қазақ зиялыларының еңбектерінен дәйек үшін нақты мысалдар келтіре түсуге болары хақ. Мысалы, Елдес Омарұлының «Қазақша пән сөздер» атты баяндамасында мынандай сөйлемдерді кездестіруге болады: «Сөздердің өзі де – тізілуі де қазақша болу шараларын істеу керек.
Сөзді қазақша тізу қолдан келмейтін жұмыс емес: Ол үшін жазушы жат тілдің сөз тізіміне әуес болуды қойып, қазақша сөйлем жүйесінің тиісті ережесін жаттап алса, – қазақша сөйлемнің анықтауышы анықталатын сөздің алдына, толықтауыш, пысықтауыштар өздерінің толықтап пысықтайтын сөздерінің алдына келіп арасына басқа сөз салмай жалғаса тізіледі – деген жалғыз ережені жаттап алса болады» [5, 75 б.]. Аңғаратынымыз, ғылым тілін жасаушылар оқулықтарында болсын, сөздіктерінде болсын қазақ тілінде жасалған сөздерді мүмкіндігінше қазаққа түсінікті етіп түзгені орынды екендігі талданады. Сол кезең үшін қазіргі қазақ терминографиясында қалыптасып отырған жағдай сынды қазақ терминологиялық сөздіктерінде қазақ терминдерінің барынша басым берілуі өзекті мәселе болғанға ұқсайды.
Бұл – Елдес Омарұлының 1925 жылы Орынбор қаласында өткен Қазақ білімпаздарының тұңғыш сиезінде жасаған баяндамасы. Баяндама осы жиынның соңында зиялы қауым тарапынан талқыланып, арнайы қаулы шығарылған. Қаулының соңғы тармағы былай деп келеді: «Қазақша сөздер әліпби ретімен тізіліп, лұғат кітебі болып жазылып шығарылсын». Арнайы комиссия немесе жиын тарапынан талданып, қабылданған терминдердің сөздік ретінде басылып шығарылуына мән беріліп отырған.
Ал «Атаулар сөздігі» – алаштықтар шығарған терминологиялық сөздіктердің жинақталып берілген соңғы нұсқасы және алаш зиялыларының терминдерді жүйелеу ісіндегі айрықша қолтаңбасы. «Атаулар сөздігінің» терминдерді жүйелеудегі қызметі мен қазақ терминографиясының тарихындағы орны бөлек. Бұл жөнінде «Атаулар сөздігіне» қатысты жан-жақты талдаулар арнайы жасалды да [6, с. 11-12]..
Терминдік ұғымдар мен атаулар «Қазақ» газетінің беттерінде, кейіннен жарық көріп отырған «Айқап», «Абай» журналдарында, «Сарыарқа» газеттерінде басылып тұрғандығы белгілі. Бұған дәлел – біріншіден, аталған газеттердің сол кезеңде қазақ ұлтының арасында үлкен беделге ие болғандығы. Сондықтан ондай газеттерде жаңалықтар ретінің бірінші кезекте басылатындығы белгілі. Екіншіден, аталған газет беттерінде термин саласының өзекті мәселелеріне қатысты ғылыми мақалалар жарияланып отырған. Үшіншіден, терминдердің газет беттерінің соңында беріліп отырғандығы жөніндегі мәліметтер ғалымдардың еңбектерінен де кездеседі.
Осы бұқаралық ақпарат құралдары мен оқулықтарда, оқу құралдарында, қарастырылып өткен, 1925-1927 жылдарда шығарылған маңызды сөздіктерде берілген терминдер 1931 жылы Қызылорда қаласынан 5000 дана таралыммен Халық ағарту комиссариаты білім кеңесінің терминология комиссиясының шығаруымен жарияланған «Атаулар сөздігінде» жинақталып, жеке сөздік ретінде басылып шыққан.
Латын тілінде басылып шыққан бұл сөздік алғашқы сөздіктердің біріне жататындығына қарамастан, терминологиялық сөздіктердің қызметін, терминологиялық сөздік ретінде алдына қойған мақсатын атқара алған. Сапалық жағынан, ең алдымен, сол кезеңдегі ғылым мен техника салаларына тән қалыптасқан жаңа атауларды (терминдерді) барынша жинақтап, қамтып берген.
Екіншіден, сөздік әрі ақпарат, мәлімет беру, әрі жаңа атаулардың (терминдердің) аудармасын беру мақсаттарын көздеген. Сөздіктің бұл екі мақсатты да жүзеге асыра алғандығын байқауға болады.
Үшіншіден, алдына қойған мақсатын мүмкіндігінше орындауға ұмтылған. «Атаулар сөздігінің» мақсаттары – жаңа атаулар жөнінде ғылыми қауымға көпшілікке ақпарат беру, терминдердің аудармасын беру, термин сөздердің қолданысын бірізге түсіру.
Осы мақсаттардың сөздіктің құрылымындағы орындалу деңгейіне тоқталсақ, «Атаулар сөздігінің» терминдерді аударып беру сапасы, терминдердің қазақ тіліндегі нұсқасы қазіргі терминологиялық сөздіктерден салыстырмалы түрде болса да жақсырақ екендігіне көз жеткізуге болады.
Бұл туралы сөздіктің алғы сөзін немесе кіріспе орнына берілген, «Атаулар сөздігінің» өзінде көрсетілген «Бір-екі сөзін» жазушы-сөздікті құрастырушылардың өзі: «Бұл сөздікке еуропадан сегіз мыңнан аса сөз алынып, оның көпшілігі қазақ тіліне аударылды», - деп көрсетеді [7, 3 б.]. Мұны сөздіктің құрылымындағы көптеген сөздердің аудармасы нақтылай алады. Мысалы, давление – қызу, бинокль – дүрбі, заготовка – даярлау, ряд – қатар, транспортир – бұрыштық, изображение – кескіндеу, избиратель – сайлаушы, маска – түс перде, мастер – шебер, налог – салық, перепись – санақ, угол – бұрыш, целое – бүтін, часть – бөлім, член – мүше, т.б.
Енді осыдан бағамдап көрсек, сол кезеңдегі тілі мен ділі, діні таза, шұбарланып, санасы уланбаған қазақ тілінің өкілі үшін термин болсын, басқа сөз болсын өз тіліңнің ішінен шықпаған, өзгеден алынайын деп тұрған сөзді аудару немесе қазақтың сөйлеуі мен айтуына икемдеу қалыпты, дұрыс құбылыс, бағыт болып есептелген. Сондықтан да олар қазіргідей «аударып қажеті не», «қажеті қанша», «үйреніп те қалдық», «оларды түсінбеу деген жай сөз» деп ат тондарын ала қашып, ұра түрегеліп, үрке шаппайды, жатырқай қарамайды, алагөздік танытпайды. Керісінше, «көпшілігі қазақ тіліне» аударылды деп, соның өзін аяғына дейін орындай алмағандығына өкініш білдіреді. Саналардың арасындағы айырмашылықты, тілдік сананың көрінісін терминография да айғақтап беретіндігін тарихи терминографияны талдау да дәлелдеп отыр.
Жинақтай айтқанда, қазақ терминографиясының тарихындағы «алаш» кезеңінің өзіндік қолтаңбасы айрықша. «Алаш» зиялыларының терминография саласындағы мұралары терең зерттеле түсуі қажеттігі айқын.
Пайдаланған әдебиеттер:
1 Орысша-қазақша әскерлік атаулары / Жалпы редакциясын басқарған
Ш. Құрманбайұлы. Астана: 1С-Сервис, 2005. – 136 б.
2 Елубаев С.Е. Основные принципы образования терминологии по математике // Қазақ терминологиясының мәселелері. Алматы: Ғылым, 1986. – 89-92 бб.
3 Қаратышқанов Н. Пән сөздері (1927). Алматы: Ер-Дәулет, 2004.
– 128 б.
4 Қазақша-орысша тілмаш (1925) / Басқарушы: Қ. Кемеңгерұлы. Астана: Келешек-пресс, 2005. – 288 б.
5 Омарұлы Елдес. Қазақша пән сөздері // Қазақ білімпаздарының тұңғыш сійезі: сиез материалдары. Орынбор, 1925. – 75 б.
6 Атаулар сөздігі. Алматы: «Сөздік-Словарь», 2004. – 184 б.
7 Атаулар сөздігі / Жалпы редакциясын басқарған А. Байтұрсынұлы. Қызылорда: Қазағыстан, 1931. – 168 б.
Алаш ұғымы қазақ танымындағы ең қасиетті метаұғым екенін оның этимологиясы айқындайтынын, ежелгі түрік сөзі «бауырластар, қандастар, туыстар» деген мағынада екені, «Алаш» сөзі «Қазақ» атауының баламасы ретінде айтылатынын белгілі. Алаштың ұранға айналған дәуірлі кезеңі тарихи санада сақталған. Ал, ұран дегеніміз рухқа негізделеді. Рух –философиядағы негізгі ұғымдардың бірі.
Тұрдығұл Шаңбай

Мақала ұнаса, бөлісіңіз:
Ұқсас мақалалар:
» Өмірбаян: Айбек Қалиев (1978 жылы 19 сәуір)
» Сабақ жоспары (ұмж): «Алаш» қозғалысы және қазақ ұлттық идеясым 2-сабақ (Қазақстан тарихы, 9 сынып, І тоқсан)
» Реферат: Қазақ әдебиеті | Эдуард Джилкибаев
» Сабақ жоспары (ұмж): «Алаш» қозғалысы және қазақ ұлттық идеясы (Қазақстан тарихы, 9 сынып, І тоқсан)
» Қазақша өмірбаян: Қалқаман Сарин Айымғазыұлы (1978)

Іздеп көріңіз: