Реферат: Тарих | ИСЛАМТАНУ
Мұртаза БҰЛҰТАЙ
Философия ғылымдарының кандидаты,
Дінтанушы, мәдениеттанушы
ИСЛАМТАНУ[1]
Тәухид нанымы негiзiндегi ислам дiнi уә мәдениетiн, әдебиетi уә өркениетiн зерттейтiн ғылымдардың жыйынтық аты. «Аллаһ Тағалаға тәсiлiм болу, берiлу, мойынсұну; сәлеметтiлiкте һәм бейбiтшiлiкте болу» мағыналарындағы «ислам» сөзi Құран Кәрiмдегi көптеген аяттарда кезiгедi. Мәселен; «Аллаһтың хұзырындағы бiрегей хақ дiн – ислам-дүр» (3/19), «Бүгiн сендерге дiндерiңдi кәмiл қылдым, сендерге нығметiмдi тәмам еттiм және сендерге исламның ғана дiн болуына разы болдым» (5/3), «Аллаһ кiмдi тура жолға салғысы келсе, оның жүрегiн исламға ашады» (6/125).
Исламтанудың дінді зерттейтiн ғылым салалары (дiн ғылымдары) мыналар;
1-АҚИДА: «Иғтиқад» деп те аталатын бұл сала иманның негiздерiн, дiннiң сипаттары мен пайдаларын, ислами иманның шарттарын, Аллаһ Тағаланың сипаттарын т.т. зерттейдi. Осы саланың белгiлi тұлғалары Әбу Мансұр Мұхаммед әл-Матұриди (уаф. 944) және Әбу әл-Хасан Әли Исмаилұлы әл-Әшари (873-936).
2-ФИҚҺ: Ислам құқығын зерттейтiн ғылым. Фиқһта негiзiнен төрт сала қарастырылады;
ғибадат – исламның бес парызы деп аталатын намаз, ораза, хажылық және зекет сияқты ғибадаттарға тән мәселелер;
мұнакахат – неке, ажырасу және жанұя қатынастары;
мұғамалат – сауда-саттық, мирас, риба (пайыз алу), жалақы сияқты мәмiлелер жөнiндегi мәселелер;
ұқұбат – қылмыстар мен оларға қолданылатын жазалар.
Фиқһ мәселелерi бойынша келелi еңбектер жазып, өз аттарымен аталған мектептердi (мәзһәбтер) бастаған белгiлi мұжтәһидтер мыналар: Нұғман Сәбитұлы (699-767). Ол Имам Ағзам Әбу Ханифа деген атпен мәшһүр болған. Мәлiк Әнесұлы (708-795), Мұхаммед Идрисұлы әл-Шафиғи (767-820). Ахмед Мұхаммедұлы Ханбалұлы (780-855). Бүгiнгi мұсылмандардың басым көпшiлiгi көбiнесе осы төрт мұжтәһидтiң фиқһ мәселелерi жөнiндегi фәтуалары мен ұстанымдарын қолданады. Олардың ақида мәселелерi бойынша пiкiрлерiнде парық болмағанымен, фиқһ саласына кiретiн мәселелерде өзгеше ұстанымдары бар. Жоғарыда аталған әһли сүннә мәзһәбтеріне қоса шиға (шииттер – М.Б.) мәзһәбтерінің де бар екенін айта кетелік. Өткен ғасырда ешбір мәзһәбке жатпайтын мұсылмандардың көбейгенін айта кеткен жөн. Әсіресе, Батыс елдерінен ислам дінін қабылдап жатқандардың басым көпшілігі тікелей Құранды басшылыққа алатын мұсылмандар.
3-ТӘФСІР: Тәфсiрдiң сөздiктегi мағынасы – жабық нәрсенi ашу, жарықтандыру, анықтау, тәуил ету (баяндау, түсiндiру) дегендi бiлдiредi. Истилахта, яғни дiни термин ретiнде көбiнесе Құран Кәрімнiң аяттарына түсiнiктеме берудi бiлдiредi. Тәфсiр ғылымдарына араб тiлiнiң грамматикасы мен тiлбiлiмiн қамтитын сарф уә наху да кiредi. Ислам дiнiнiң негiзгi бұлағы Құран Кәрім арабша болғандықтан, арабшаның тарихы мен грамматикасын зерттеу исламтануда аса маңызды мәселе ретiнде қарастырылады. Дүние жүзiндегi ешбiр тiлдiң тарихы мен синтаксисi, морфологиясы мен этимологиясы, филологиясы мен лексикологиясы туралы осыншама көп зерттеу жасалмаған шығар. Тiл саласының мәшһүрлерiнен Әбу Осман Амр Бахрұлы әл-Жахиз (775-868), Әбу Бәкір Мұхаммед Мұсаұлы әл-Уасыти (уаф. 928), Әли Исаұлы әл-Рұммани (уаф. 994), әл-Шәриф әл-Мұртаза (уаф. 1044), Абдұлқаһир әл-Жұржани (уаф. 1078), Әбу Бәкір Мұхаммед әл-Бақыллани (уаф. 1012), Махмұд Омарұлы әл-Замахшари (1075-1144), әл-Хұсайн Мұхаммед Рағыб әл-Исфаһани (уаф. 1108), Жалаладдин әл-Сұйұти (уаф. 1505) атауға тұрарлық. Тәфсiр методологиясы (ұсұл әт-тәфсир) сонымен қатар уахи, аят, сүре, Құран Кәрімнiң жазылуы және мұсхаф ретiнде жыйнақталуы, аяттардың түсу себептерi, «мұхкәм» уә «мұтешәбиһ» аяттар, сүрелердiң басындағы әрiптер (әл-хұрұф әл-мұқаттаға), Құран Кәрімдегi анттар мен қасамдар, қиссалар мен қайталаулар, мисалдар мен ауыспалы мағыналар, сұрақтар мен жауаптар сияқты көптеген мәселелердi зерттейдi. Тәфсiр iлiмiнiң қалыптасуы мен дамуында Абдұллаһ Мәсғұдұлы (Ибн Мәсғұд, уаф. 652) мен Абдұллаһ Аббасұлы (Ибн Аббас, уаф. 688?) сияқты сахабалардың (Пайғамбарымыздың сұхбаттастары – М.Б.), Сағид Жұбайрұлы (уаф. 714), Мұжәһид Жәбрұлы (уаф. 721) және Икрима Мәула Аббасұлы (уаф. 725) сияқты табиғиндердiң (сахабалардан кейінгілер – М.Б.), Әли Әбу Талхаұлы (уаф. 762?), Мұқатил Сүлейманұлы (уаф. 767), Йахйа Салламұлы (741-815) және Абдұрраззақ Һәммамұлы (743-827) сияқты әтбағұт-табиғиндердiң (табиғиндерден кейінгілер – М.Б.) орасан зор еңбегi болған. Бұларға қоса Сұфйан әл-Сәури (725-777), Шұғба әл-Хажжажұлы (уаф. 776), Сұфйан Ұйайнаұлы (уаф. 813), Исхақ Рахұйаұлы (уаф. 852), Мұхаммед Жәрирұлы әл-Табери (839-923), Әбу Хамид Мұхаммед әл-Ғазали (1058-1111), Фахрұддин әл-Рази (1149-1209), Қазы Абдұллаһ Омарұлы әл-Байдауи (уаф. 1286), Ибраһим Мұсаұлы әл-Шатыби (уаф. 1388), Ахмед Абдұлхалимұлы Теймийеұлы (Ибн Теймие, 1263-1328), Исмаил Имадұддин Омар ұлы Кәсирұлы (Ибн Кәсир, 1301-1372) тәфсiр саласында маңызды еңбектер жасаған. Заманауи тәфсiршiлерден Тантауи Жәуһәри (1870-1940), Алмалылық Мұхаммед Хамди Йазыр (1877-1942), Әбу әл-Ала әл-Мәудұди (1903-1979), Сәййiд Құтб (1903-1966), Мұхаммед Хамидұллаһ (1906-2002), Мұхаммед Абдұһ (1849-1905) аяттарды жаңа ғылыми табыстармен және хұрафалар мен бидғаттарды мүмкіндігінше ескере отырып, жаңаша көзқарастармен түсiндiрген.
4-ХАДИС: Ислам пайғамбары Әз Мұхаммедтiң (с.а.у.) сөздерi мен фиғылдарын, қысқаша айтқанда сүннетiн зерттейтiн пән. Хадис iлiмi 4 сатыда дамыған:
Тәсбит – Пайғамбарымыздың хадистерiнiң сахабалар тарапынан жазбаша яки жаттау арқылы сақталуы. Дәстүрлі хадистану ғылымы бойынша һижри бiрiншi ғасырды қамтитын осы дәуiрде Абдұллаһ Омарұлы әл-Хаттабұлы (уаф. 703?), Әнес Мәлiкұлы (612?-709?), Айша Әбу Бәкiрқызы (614?-678), Абдұллаһ Аббасұлы Абдұлмұтталибұлы (уаф. 688?) көп хадистердi риуаят еткен сахабалардан. Хадис кітаптары мен тарихи деректерде пайғамбарымыздың өз аузынан Құранның аяттарынан басқа сөздердің жазылуына рұқсат етпегені аңғарылады. Мұндағы мақсат Құранға фәни адам сөзінің араласпауы, бұрынғы үмметтердің қателіктерін қайталамау және Құранды Аллаһтан түскен күйінде сақтау еді.
Тәдуин – «хадис» деп саналған сөздердің ресми түрде жазылып, кiтап ретiнде жыйнақталуы кезеңi. Һижри екiншi ғасырды қамтиды. Әмәуи халифаларынан Омар Абдұлазизұлының (уаф. 720) бұйрығымен тәдуин, яғни жыйнақтау жұмыстары басталған. Тәдуин жұмыстарына үлкен үлес қосқандар Мұхаммед әл-Зұһри (уаф. 741), Ләйс Сағдұлы (уаф. 791), Абдұррахман Әузаи (уаф. 773), Шұғба әл-Хажжажұлы (уаф. 776), Сағид әл-Мұсаййибұлы (уаф. 713).
Тасниф – тәдуин кезеңiнде жыйнақталған хадистердi сұрыптау, тақырыптары мен сенiмдiлiк дәрежелерi бойынша жіктеу, классификациялау, жүйелеу дәуiрi. Негiзiнен һижри 3-4 ғасырларды қамтиды. Хадистердiң таснифi саласында қомақты еңбек iстегендер Мәлiк Әнесұлы Мәлiкұлы (708-795), Ахмед Ханбалұлы (780-855), Мұхаммед Исмаилұлы әл-Бұхари (810-870), Мұслим әл-Хажжажұлы әл-Құшайри (817-875), Әбу Дәуiт Сүлейман Ашасұлы (817-888), Әбу Иса әл-Тирмизи (824-892), Ахмед Шұғайыбұлы әл-Несаи (830-915), Мұхаммед Йәзидұлы Мажеұлы (Ибн Маже, 824-886). Соңғы алтауы атақты «кұтұб-ұс ситтә» деп аталатын алты хадис жыйнағын құрастырушылар.
Тәһзиб – хадистану саласындағы тасниф жұмыстарынан бүгiнгi күнге дейiнгі зерттеу жұмыстарын «тәһзиб» деп атайды. Тәһзиб дегенiмiз өңдеу, толықтыру, кемелдендiру, жақсарту, тазалау дегендi бiлдiредi. Хадис ғылымы исламтанудың маңызды салаларының бiрi. Дәстүрлі фиқһтағы бек көп әмiрлер мен шектеулер хадистер негiзiнде қалыптасқан. Хадистердi риуаят етушi сахабалар мен олардан кейiнгi ұрпақтардың өмiрiн зерттейтiн «табақат» iлiмi осы салаға жатады. Мұнда он мыңдаған адамдардың өмiрбаяндары туралы мәлiметтер келтiрiледi. Бүгінгі мұсылмандар хадис мәселесінде аса құнттылық танытқаны жөн. Ислам дінін бұрмалаушы топтар мен ағымдар өздеріне Құран Кәрімнен негіз таба алмағандықтан, қолдан жалған хадис жасау арқылы дінімізге үлкен қиянаттық жасаған. Сондықтан, әрқандай бір хадистің мәтіні мен мағынасын Құран таразысына салып, тексеріп алған жөн. Жалған хадистер туралы жазылған еңбектерді оқу арқылы мәліметтенуге де болады.
5-ИСЛАМ ТАРИХЫ: Пайғамбарымыздың өмiрi мен ғазауаттары жөнiнде жазылған «әл-Сияр» кiтаптарымен тарих ғылымының алғашқы туындылары көрiне бастайды. Исламнан бұрынғы араб қоғамы, Пайғамбарымыздың шежiресi, жастығы, нәбилік дәуiрi осы салаға кiредi. Бұған қоса алғашқы төрт әміршінің (Әбу Бәкір, Омар, Осман, Әли) тарихы мен Әмәуи, Аббаси, Мәмлүк және Османия дәулеттерінің уә ұлан-байтақ территорияға ие болған мұсылман елдерінің тарихы ислам тарихы пәнiнiң зерттеу саласына кiредi. Ислам тарихын тек Құранның толықтай түсіп болуымен шектейтін көзқарастар да бар. Бұл пікір бойынша ислам дінінің тарихы Құранның алғашқы аятымен басталып, соңғы аятымен біткен, одан кейінгісі – мұсылмандардың тарихы. Ислам тарихы саласының танымал тұлғаларынан Әбу Абдұллаһ Мұхаммед Исхақұлы (Ибн Исхақ, 704-767), Әбу Абдұллаһ Мұхаммед Омарұлы әл-Уақыди (747-823), Әбу Осман Амр Бахрұлы әл-Жахиз (775-868), Мұхаммед Жәрирұлы әл-Табери (839-923), Әбу әл-Хасан Әли Хұсайынұлы әл-Мәсұди (888?-957), Исмаил Имадұддин Омарұлы Кәсирұлы (Ибн Кәсир, 1301-1372), Мұхаммед Ахмедұлы әл-Мақдиси (әл-Мұқаддаси деп те аталады, 946-1000?), Иззеддин әл-Әсирұлы (Ибн әл-Әсир, 1160-1233), Әбу әл-Аббас Ахмед Халлиқанұлы (Ибн Халлиқан, 1211-1282), Ахмед Йахйаұлы әл-Балазұри (811-892), Әбу Бәкір Мұхаммед Жағфарұлы әл-Наршахи (899-959), Йақұт әл-Хамауи (1179-1229), Ахмед әл-Аббасұлы Рашидұлы Фадланұлы (Ибн Фадлан, Х ғ.), Зәһәби әл-Түркмани (1274-1348), Әбу әл-Фида Исмаил Әлиұлы (Әбіл Фида, 1273-1331), Абдұррахман Мұхаммедұлы Халдұнұлы (Ибн Халдұн, 1332-1406), сияқты мәшһүр тарихшыларды атауға болады.
Жоғарыда аталған дiнтану ғылымдарына қоса ислам философиясы, кәлам, тасаввуф (суфизм) iлiмдерiн де айтуға болады. Исламтануға сонымен қатар ислам мәдениетiн зерттейтiн яки мұсылман авторлар тарапынан заманауи ғылымдар негiзiнде құрастырылған пәндер де кiредi. Мұсылман саяхаткерлер мен теңiзшiлер әлемнiң бұрыш-бұрышын аралап, кезген елдерi хақында егжей-тегжейлi мәлiметтердi жазбаша түрде қалдырған. Әбу әл-Қасым Ұбайдұллаһ Абдұллахұлы Хұрдадбиһұлы (Ибн Хұрдадбиһ, 820?-885? яки 912?), Сүлейман әл-Тәжир (уаф. 851?), Әбу Әли Ахмед Омарұлы Рұстеһұлы (Ибн Рұстеһ, уаф. 913), Әбу Исхақ Ибраһим Мұхаммед әл-Истахри (уаф. 950?), Әбу әл-Фараж Мұхаммед Исхақұлы Әби Йақұбұлы әл-Нәдимұлы әл-Бағдади (Ибн әл-Нәдим, уаф. 995), Әбу Абдұллаһ Мұхаммед әл-Идриси (1100-1166), Зәкария Қазуини (1203-1283), Әбу әл-Хасан Әли Саидұлы әл-Мағриби (Ибн Саид, 1214-1274 яки 1286), Шәмседдин Мұхаммед әл-Димашқи (1256-1327), Абдұррашид Салихұлы Нұриұлы әл-Бақуи (Ибн әл-Бақуи, ХV ғ.), Ахмед Әлиұлы әл-Мақризи (1364?-1442), Әбу әл-Фадл (Әбіл Фадл, 1551-1602). Мұсылман ғалымдар медицина, астрономия, химия, мантиқ (логика), физика, математика, экономика, музыка, психология, социология салаларында да көптеген ғылыми жаңалықтарды ашқан. Бұлардың басқа авторлардан парқы – ислам ғылымдарының «тәухид» нанымы негiзiнде, гуманизм мен универсалдылық қағидасы бойынша қалыптасқандығында.
Бүгiнгi күнi исламтану саласында Америка мен Еуропа елдерiнде қыруар зерттеулер жүзеге асырылуда. Батыс елдерiндегi көптеген университеттерде исламтану мамандығы бойынша студенттер бiлiм алуда. Исламтану саласында Т.У. Арнолд (T.W. Arnold, 1864-1930), Станлей Лейн-Пул (Stanley Lane-Poole, 1854-1931), Алойс Шпренжер (Aloys Sprenger. 1813-1893), Э.У. Лейн (Edward William Lane, 1801-1876), А. Винсинк (A.J. Winsinck), Р.А. Николсон (R.A. Nicholson, 1868-1945), Филип Хитти (Philipp Hitti, 1886-1978), Карл Брокельман (Carl Brockelmann, 1868-1956), У. Смит (W.C. Smith, 1916-2000), А.Р. Гибб (A.R. Gibb, 1895-1971), Арнолд Тойнби (Arnold Toynbee, 1889-1975) маңызды еңбектер жазған.
Мұсылман елдерiнде де исламтануға қызығушылық жыл сайын арта түсуде. Мәселен, елiмiздегi бiрнеше жоғары оқу орындарында дiнтану, исламтану мамандықтары бойынша исламтанушы кадрлар мен зерттеушiлер дайындалуда. Оның ішінде халықаралық мәртебеге ие Нұр-Мүбәрәк атындағы «Мысыр ислам мәдениеті университетін» айрықша атауымыз ләзім. Осы оқу орнында елімізде тұңғыш рет ғылыми негізде және араб тілін терең меңгерген исламтанушылар мен дінтанушылар дайындалуда. Заманауи исламтанушы ғалымдар Йұсұф әл-Қардауи (1927- ), Әбу әл-Хасан әл-Недеуи (1913-1999), Абдұллаһ Йұсұф Әли (1872-1953), Мұхаммед Хамидұллаһ (1906-2002), Мұхаммед Мұстафа әл-Ағзами, Мұхаммед Әсед (1900-1992), Мәриям Жәмиле (1934- ), Шибли Нұғмани (1857-1914), Сүлейман әл-Недуи (1884-1953), Мәулана Әбу әл-Калам Азад (уаф. 1959), Хұршид Ахмед (1932- ), Ахмед Әмин, Шәкиб Арслан (1879-1946), Мұстафа Ахмед әл-Зарқа (1904-1999), Нәдим әл-Жиср, Сәййід Құтб (1906-1966), Мұхаммед Құтб (Сәййід Құтбтың інісі – М.Б.), Мұхаммед әл-Мүбарак (1912-1981), Мұхаммед Хұсайн (1935- ), Мұхаммед Абдұһ (1849-1905), Жамаладдин әл-Афғани (1839-1898), Рашид Рида (1865-1935), Әли әл-Тантауи (1908-1999), Фазлұр Рахман (1919-1988), Ерол Гүнгөр (1938-1983), Хайреддин Қараман (1934- ), Сүлейман Хайри Болай (1937- ), Йашар Нұри Өзтүрiк (1945- ), Фұад Көпрүлү (1890-1966), Хилми Зия Үлкен (1901-1974), Сабахаддин Заим (1926- ) т.т. еңбектерi көптеген тiлдерге аударылған, өзiндiк ғылыми әдiстемесi мен мектебi қалыптасқан ғалымдар.
[1] Мұртаза БҰЛҰТАЙ, Исламтану. «Қазақстан» Ұлттық Энциклопедия. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясының» Бас редакциясы, 2002 ж., 326-бет.
ИСЛАМ ФИЛОСОФИЯСЫ [1]
Негiзiнен ислам мәдениетi ортасындағы уә мұсылман елдерiндегi философтар қалыптастырған, басты туындылары VIII-XIIІ ғасырларда дүниеге келген терең философиялық ойлар жүйесiн «ислам философиясы» деп атаймыз. Ислам философиясы тiркесiндегi «ислам» сөзi дiннен гөрi философтың мәдени ортасын түсiндiру мақсатымен қолданылады. Өйткенi, ислам философиялық жүйенiң емес, дiннiң аты. Мұсылман елдерiнде ХIХ-ғасырға дейiн философияның орнына көбiнесе «хикмет» (даналық) және кейінірек грекшеден енген «фәлсәфә» сөздерi қолданылған. ХIХ-ғасырдан бастап, еуропалық шығыстанушылар «ислам философиясы» терминiн ғылыми айналымға енгiзген. Алайда, кейбiр зерттеушiлер бұдан басқа «араб философиясы», «мұсылман философиясы» және «исламдағы философия» атауларын қолдануда. Ислам философиясы туындыларының басым көпшiлiгi араб тiлiнде жазылғандығына қарап, мұны араб философиясы деп атау дұрыс болмайды. Өйткенi, Мұхаммед Әбу Насыр әл-Фараби (870-950), Әбу Райхан Мұхаммед Ахмедұлы әл-Бирұни (973-1048), Әбу Әли әл-Хұсейн Абдұллаһұлы Синаұлы (Ибн Сина, 980-1037), Жалаладдин әл-Руми (1207-1273) қатарлы көптеген хакiмдер мен ойшылдар араб емес. Сондықтан, ислам дiнiне сенетiн философтардың философиялық ой-сана жүйесiн «мұсылман философиясы» деп атаған дұрысырақ сияқты.
Мұсылман философтардың басты бұлақтары Құран Кәрим және Әз Мұхаммедтiң (с.а.у.) хадистерi. Абдұлуәлид Мұхаммед Рұшдұлы (Ибн Рұшд, 1126-1198) «Китабұ Фасл-ил Мақал» атты еңбегiнде Құран аяттарын мысал ете отырып, мұсылмандардың философиямен шұғылдануының аса маңызды фарыз екенiн айтқан. Ал, Әбу Әли Ахмед Мұхаммедұлы Мискауайхұлы (Ибн Мискауайх, уаф. 1030) «Китаб-ұл Фәуз-ұл Асқар» атты еңбегiнде рухтың өлiмнен кейiнгi болмысын Құран Кәримдегi аяттардан илһам алып (инспирация – М.Б.) түсiндiредi. Т. Де Боер (T.J. De Boer, 1859-1927) және Леон Готье (Leon Gauthier, 1862-1949) қатарлы шығыстанушылар мұсылман философтар дiни бұлақтарды пайдаланған жоқ десе, Анри Корбэн (Henry Corbin, 1903-1978) секiлдi көптеген шығыстанушылар мен философтардың пiкiрiнше мұсылман философтар еңбектерiнде аяттар мен хадистердi, діни мәтіндерді басшылыққа алған.
Ислам философиясы қалыптасу кезеңiнде мынандай философиялардың әсерiне ұшыраған: 1-Антикалық грек және эллинистiк философия 2-Иран-Сасани философиясы 3-Үндi философиясы. Бұлардан соңғы екеуiнiң ықпалы аздау. Осы тұрғыдан алғанда ислам философиясы көне дәуiр грек философиясы мен бүгiнгi Батыс философиясын дәнекерлеушi көпiр iспеттi. Өйткенi, көне дәуiрлердегі Сократ (м.б. 469-399), Платон (м.б. 427-347), Аристотель (м.б. 384-322) секiлдi мәшһүр ойшылдар уә хакiмдер жазған фәлсәфи шығармаларды жер-жерден iздестiрiп, оларды арабшаға аудартқызып, оларға түсiнiктемелер жазып, философиялық ойлардың сапасы мен деңгейiн жаңа сатыға көтерген мұсылман ойшылдар мен хакімдер болған.
Ислам философиясының кейбiр негiзгi туындылары мыналар: Йақұб Исхақұлы әл-Кинди (800?-873) – «Рисалә фи хұдұд-ил әшйа уә рұсұмұмиһә», әл-Фараби (870-950) – «әт-Тағлиқат», Әбу әл-Фараж Мұхаммед Исхақұлы Әби Йақұбұлы әл-Нәдимұлы әл-Бағдади (Ибн әл-Нәдим, уаф. 995) – «Фиһрист әл-ұлұм», Сұлейман Хасанұлы Жұлжұлұлы (Ибн Жұлжұл, 919-987) – «Тарих әл-әтибба уә-л-хұкама», Қазы Саид Ахмедұлы әл-Әндұлұси (Қазы Ибн Саид, 1030-1070) – «Табақат әл-ұмәм», Әбу Уәлид Абдұллаһ әл-Фарази (962-1013) – «Тарихұ ұлама-ил Әндалұс», Әбу әл-Қасым Башқуалұлы (Ибн Башқуал, 1101-1183) – «Китаб әс-Сыла», Мұхаммед Махмұдұлы Шәһрәзұри (уаф. 1214) – «Нұзһәт әл-әруах», Әбу әл-Хасан Әли әл-Байхақи (1106-1174) – «Тарих Хұкама-ил Ислам» және «Мұнтеһәб Тәтиммат Сиуан әл-Хикмә», Жамаладдин Әбу әл-Хасан Әли Йұсұфұлы әл-Қыфти (1172-1248) – «Ихбар-ұл ұлама би Ахбар-ил Хұкама», Әбу әл-Аббас Ахмед әл-Қасымұлы Әбу Ұсайбиаұлы (1203-1270) – «ұйұн-ұл әнба фи табақат-ил әтибба», Әбу әл-Аббас Ахмед Халлиқанұлы (Ибн Халлиқан, 1211-1282) – «Уафайат-ұл айан», Мұхаммед Шәкирұлы әл-Құтұби (уаф. 1363) – «Фауат-ұл Уафайат», Ибн Сина (980-1037) – «Сирәт-ұш шәйх әр-рәис» және «Рисалә фи-л хұдұд», әл-Ғазали (1058-1111) – «әл-мұнқызұ мин әд-Далал» және «Мақасид-ұл Фәласифа», Ибн Халдұн (1332-1406) – «әт-Тағриф би Ибн Халдұн уә рихлатұһұ шәрқан уә ғарбан», әл-Бирұни (973-1048) – «Рисалә фи Мұәлләфат Мұхаммед Зәкәрия әр-Рази», Әбу Сүлейман Мұхаммед әл-Сижистани (932-1000) – «Сиуан ұл-хикма», Ибн Һинду (уаф. 1018?) – «әл-Кәлим-ұр руханиййе фи-л хикәм-ил йұнаниййин», Әли Мұхаммедұлы Әбу Хаййан әл-Тәухиди (930-1023) – «әл-Мұкабасат», Фахрұддин әл-Рази (1149-1209) – «Мұхассал».
Мұсылмандардың философиямен танысуы 635-710 жылдары аралығында мұсылман арабтардың Сирия, Ирақ, Мысыр, Палестина және Кiшi Азия (бүгiнгi Түркия) жерiн жаулап алуымен басталған. Халифа Маруан әл-Хакемұлының билiгiнде 683-684 жж. алғашқы кiтаптар сирия, грек және қыбти тiлдерiнен арабшаға аударылады. Осыдан бастап Шам, Бағдад, Кұфа, Басра, Құдс (Иерусалим), Фұстат қатарлы көптеген қалаларда философия, тыб (медицина), химия, астрономия салаларында жазылған кiтаптар арабшаға аударылады. Мұсылман ғалымдар аталмыш еңбектердi оқыған сайын және басқа дiн уәкiлдерiмен араласқан сайын көптеген жаңа мәселелерден хабардар болады. Мiне, осындай жағдайда олар тұспа-тұс келiнген проблемалар жөнiнде мұсылмандардың өз сенiмдерi және мәдени ерекшелiктерiнен туындаған пiкiрлердi алға тарта бастайды. Мұсылман хакімдер грек философтарының iшiнде Аристотель (арабша еңбектерде – Аристу, м.б. 384-322) мен Платонның (арабша еңбектерде - Әфлатұн, м.б. 427-347) еңбектерiне көбiрек мән берген. Мұның себебi, ғылыми пiкiр таластарда мұсылман еместердiң Аристотельдiң логикасын жиi пайдалануы және Платонның еңбектерiндегі мистикалық сарынның басымдығы, жоғары ахлақи құндылықтар мен идеялар секiлдi абстракты ұғымдарға көбiрек мән берiлгендiгiнде болса керек.
Ислам философиясының даму жолына қарағанымызда мынадай негiзгi философиялық ағымдардың пайда болғанын көремiз:
1-Дәһриййұн: Философиялық материализмнiң уәкiлдерi. Бұларға «маддиййұн», «мұаттыла» және «занадықа» да делiнген. Бұл философиялық ағым мұсылманшылықтан емес, мұсылмандар жаулап алған Орта Шығыс елдерiндегi йаһұди, христиан яки басға дiндердегi (маздакизм, пұтқақұлдық) философтардың әсерiнен пайда болған. Басты өкiлдерi Әбу Әли Рижа, Әбу Иса әл-Уаррақ (уаф. 861), Башшар Бұрдұлы (Ибн Бұрд, 714-783) және Ахмед Йахйаұлы Исхақұлы әл-Рауанди (Ибн Рауанди, 815-910?).
2-Табиғиййұн: натуралистiк философияның өкiлдерi. Мутазиланың рационалды философиясының дамыған түрi болып саналады. Бұларды ампиристер десе де болғандай. Негiзгi өкiлдерi әл-Серахси (770-818), Әбу Бәкiр Мұхаммед Зәкарияұлы әл-Рази (841?-925).
3-Тiл және аналитикалық философия: Құран Кәрім аяттары мен хадистердiң мағыналарын дұрыс түсiну үшiн араб тiлiнiң морфологиясы (әл-Сарф) уә синтаксы (әл-Наху) жөнiнде көптеген жұмыстар жасалған. Осы салада қомақты еңбектер жазған ғалымдар Әбу Бишр Амр Османұлы Сибеуейх (760?-793?), Әбу Мұса Жәбир Хаййанұлы (Ибн Хаййан, 721-815), Әбу Абдұррахман әл-Халил Ахмедұлы (Ибн Ахмед, 718-791?). Белгiлi хакім Әбу Хамза әл-Хасанұлы әл-Исфаһани (893-961?) оларды «әл-Фәласифат-ұн нахуиййұн», яғни тiлбiлiмi саласының хакімдері деп атаған.
4-Метафизикалық философия: «илаһиййұн» деп аталған осы топтан Йақұб Исхақұлы әл-Кинди (800?-873), Мұхаммед Әбу Насыр әл-Фараби (870-950) және Әбу Хамид Мұхаммед әл-Ғазали (1058-1111) сияқты мәшһүр ойшылдарды айтуға болады. Әл-Кинди еңбектерiнде неоплатонист аристотелшi ағымның ақыл теориясын дамытқан. Көптеген философиялық еңбектердiң авторы жерлесiмiз әл-Фараби кейiнiрек «ишрақиййұн» деп аталған «Шығыс философиясын» жасау қажеттiгi туралы алғаш рет пiкiр бiлдiрген хакім, ойшыл. Басра шаһарында аты-жөндерi белгiсiз философтар тарапынан 946-950 жылдары шамасында құрылған «Ихуан-ұс Сафа» (саф бауырлар) философтар қоғамы Бағдад уә Мысыр шаһарларында бөлiмшелер ашып, неоплатонист және неопифагорист бағыттарды қамтитын 51 рисаладан құралған ғылымдар энциклопедиясын шығарған. Шығыс философиясын жеке сала ретiнде дамыту жолында ең сүбелі жұмысты жасаған хакімдердің қатарынан Ибн Сина (980-1037) ерекше атауға тұрарлық тұлға. Ол «Мантиқ-ұл мәшриқиййин» (шығыстықтардың логикасы) және «әл-Хикмәт-ұл мәшриқиййа» (шығыстықтардың даналықтары) атты еңбектердi жазған. Әл-Ғазали (1058-1111) еңбектерiнде неоплатонизм мен аристотелизмге қарсы пiкiрлер айтылған, ғалым философияны дiни шеңберде пайдаланып, әл-Әшаридiң (873-936) кәлам жүйесiн негiзге алған.
711-1492 жылдары аралығында бүгiнгi Испания мен Португалия жерiн билеген мұсылман мемлекеттерi тұсында бұл өлкеде көптеген хакімдер өмiр сүрген. Патша II әл-Хакемнiң (961-976) билiгi тұсында орталық кiтапханадағы қолжазба кiтаптардың саны 400 мың томнан асқан! Әндүлүс философтары деп аталатын осы топтан Абдұррахман Исмаилұлы әл-Ұклидиси (Х ғ.), Әбу Абдұллаһ Мұхаммед әл-Құртұби (Ибн Құртұби, уаф. 1272) «әл-жамиғ ли ахкам әл-құран», Әбу Осман Саид Фәтхұнұлы (Х-ХІ ғғ.) «Шәжәрәт-ұл хикмәт», Ахмед Хафсанұлы, Мұхаммед Абдұллаһұлы Массараұлы (Ибн Массара, 883?-931) «китаб әл-табсир», «китаб әл-хуруф», Әбу Бәкір Мұхаммед Йахйаұлы Бажжаұлы (Ибн Бажжа, 1077?-1138) «Таалиқ фи-л һандаса», «Рисалат әл-уәда», «Рисала тәдбир әл-мұтауахид», Әбу Бәкір Мұхаммед Абдұлмәлікұлы Туфейлұлы (Ибн Тұфейл, 1106?-1185) «Хай ибн йақзан», Абдұлуәлид Мұхаммед Рұшдұлы (Ибн Рұшд, 1126-1198) «Китаб фасл әл-мақал», «Китаб әл-кәшф ан манаһиж әл-әдилла», Ибн Абдұррахман Мұхаммедұлы Халдұнұлы (Ибн Халдұн, 1332-1406) «Мұқаддима» атауға тұрарлық. Әл-Ғазали өзiнен кейiнгi философтарға күшті тәсір жасаған. ХIII-ғасырдан бастап, «кәлами философия» (бүгiнгi теологиялық философия сарындас – М.Б.) деп аталған әл-Ғазали мектебi өкiлдерiнен Насреддин әл-Тұси (1200-1273) «әл-Тәзкира фи илм», «Тахрир әл-мәжисти», Фахрұддин әл-Рази (1149-1209), Әбу әл-Фәтх Мұхаммед әл-Шәһристани (1076-1153) «Китаб әл-миләл уә-н ниһәл», Сиражұддин әл-Ұрмәуи (уаф. 1283), Сәййид Шәриф әл-Жұржани (1340-1413), Садұддин Мәсұд Омарұлы әл-Тафтазани (1322-1390) «Шарх әл-тасриф», «әл-Талуих», «әл-Мифтах» Мұслихиддин Мұстафа (уаф. 1488?) «Шархи ақаид», «Һәшия абұдия» Мұхаммед Йұсұфұлы Абдұллатиф әл-Бағдади (1163-1231) «әл-Ифада уә-л иғтибар», Әбу әл-Баракат әл-Бағдади (1076-1152?) «Китаб сахих адиллат әл-нақл фи махиййат әл-ақл».
Ислам философиясы бұрынырықта қозғалмаған мәселелердi қозғап, көптеген жаңа философиялық теориялардың негiзiн қалаған. Мәселен, бiрiншi рет әл-Фараби субстанцияны болуы мiндеттi және ерiктi деп ерекшелеген. Мiндеттiлiк концепциясы, логикалық мiндеттiлiк және онтологиялық мiндеттiлiк ұғымдарын бiрiншi рет әл-Ғазали қарастырған. Методологиялық скептицизм мен окказионализмнiң, тарих философиясы уә дiндер феноменологиясының негiзiн мұсылман философтар қалаған. Олар өздерiнен бұрынғы философтардың еңбектерiне түсiнiктемелер жазып, керек кезiнде оларды сынай бiлген және олардың ой желiлерiн әжептәуiр дамытқан. IХ-ХIIІ ғасырларда жазылған ислам философиясы туындыларының бiртiндеп Батыс тiлдерiне аударылуының арқасында жоғалып кеткен фәлсәфә iлiмi Еуропада қайтадан жанданып, мұның нәтижесiнде қайтадан жаңғыру және ағару дәуiрi басталған.
Аталмыш дәуiрдегi Батыс философтарының еңбектерiнде мұсылман хакімдердің тәсірiн байқау қыйын емес. Мәселен, Оверндік Гильом (Guillaume d’Auvergne, 1180-1249) уә Aлбертус Магнус (Albertus Magnus, 1206-1280) кiтаптарында әл-Киндидiң атын атап, оның iлiмiн пайдаланғандарын жазған. ХIII-ғасырдағы философ Аквиналық Фома (Thomas Aquinas, 1225-1274) «Summa contra Gentiles» (пұтқа табынушыларға қарсы уәждер – М.Б.) атты еңбегiнде әл-Киндидiң ақыл теориясын қабылдаған. Әл-Фараби христиан философтарға зор ықпал еткен. Албертус Магнус, Аквиналық Фома, Доминикус Гундисалви (Dominicus Gundisalvi, уаф. 1175), Мұса Меймұнұлы (Моисей бен Меймонид, 1135-1204) ғылымдардың классификациясы, онтология теориясы, Құдайдың барлығының дәлелдерi, рух мәселесi тақырыптарында әл-Фарабидiң пiкiрлерiн дәлме-дәл қайталаумен болған. Роджер Бэкон (Roger Bacon, 1214-1294), Албертус Магнус, Рене Декарт (Rene Descartes, 1596-1650) және Уильям Оккам (William Occam, 1285?-1349) еңбектерiнде Ибн Синаға көптеген сiлтемелер жасаған, һашиялар алған. Әл-Ғазалидiң батыс философтарына жасаған әсерi өз алдына бiр төбе. Раймонд Мартинис (Raymond Martini, 1220-1284), Аквиналық Фома, Раймонд Луллий (Raymond Lulle, 1235-1315), У. Оккам, Блез Паскаль (Blaise Pascal, 1623-1662) қатарлы философтар әл-Ғазалидiң номиналист және методологиялық скептицизм, эмоционализм туралы ойларынан әсер алған. Иммануил Кант (Immanuel Kant, 1724-1804) категорияларында, Самуил Кларк (Samuel Clarke, 1675-1729) пен Г.В. Лейбниц (Gottfried Wilhelm von Leibniz, 1646-1716) айтыстарында, Барух Спиноза (Baruch Spinoza, 1632-1677) мен Мозес Менделсон (Moses Mendelssohn, 1729-1786) еңбектерiнде әл-Ғазалидiң пiкiрлерiн пайдаланған. Ибн Туфейлдiң (1106-1186) «Хайй ибн Йакзан» атты романы көптеген батыс тiлдерiне аударылған. Осы роман Еуропада ғылыми-философиялық роман жанрының және натурализм уә ампиризм философияларының пайда болуына әсер еткен. Френсис Беконның (Francis Bacon, 1561-1626) «Жаңа Атлантида», Томас Морустың (Thomas Morus, 1478-1535) «Утопия» және Даниель Дефоның (Daniel Defoe, 1660-1731) «Робинзон Крузо» атты туындылары Ибн Туфейлдiң романының тәсiрiмен жазылған. Ибн Рұшдтың батысқа тәсiрiнiң күштiлiгi соншалық, 1209, 1205 және 1277 жылғы шешiмдермен католик шiркеуi оның философиясын пайдалануға тыйым салған! Мишель Монтень (Michel Montaigne, 1533-1592), Девид Юм (David Hume, 1711-1776), Декарт, Спиноза және Лейбниц еңбектерiнде Аверроес деп аталған Ибн Рұшдтың философиялық көзқарастарын жиi пайдаланған.

Мақала ұнаса, бөлісіңіз:
Іздеп көріңіз: