Қазақша өлең: Фариза Оңғарсынова (Мақатаев туралы жыр)

Қазақша өлең: Фариза Оңғарсынова (Мақатаев туралы жыр)

Бір өзі мұхит сынды жағасы арман,
ағысы жағасына жара салған;
толқыны, тасқындаса, тау қопарып,
жабықса, жусаннан да аласарған.

Сыздатып кеудесін жыр, таңдайын - ән,
бетке алған сұрапылды қандай ұлан?
Әйтеуір алқам-салқам жолға шықты
киелі Хантәңірінің баурайынан.

Бал күндер тақым салған тайға күрең,
жүдеу кез наны тапшы, айраны кем…
Бұрылып қош айтысты Қарасазбен,
Аршалы сайларымен, сайранымен.

Көз салды балалыққа тағы барлап,
тұрғандай жолын таудың әні жалғап.
Алыста – көз ұшында бір ғажайып
көгілдір әлем тұрды жанын арбап.

Сол әлем жұмақ па бір, жай ма бөтен,
дәл сондай Жер бетінде қайда мекен?
Ай мүйіз арқар ойнап, жүйрік қашып,
Күн құшқан Абайлардың жайлауы екен!

Жай ойнап жүрегі оның жауындаған,
селдетсе – сескенердей дәуір, ғалам.
Ей, әлем!
Құшағыңды аш, тербет жанын –
келеді Қарасаздан дауыл балаң!

Қалмайсың ол дауылдан сауың да аман,
ақын ба жыр дертімен ауырмаған!
Сұрапыл сары балаңның сарынына
құлақ сал, жауыр далам, дауыл-далам!


Аға іздеп асқар көңілі бұлттан асқан,
қалардай жаны жайрап кілт қарастан,
пәктікке аңсары ауып, дүниеден
іздеген мөлдірлікті шықтан асқан.

Сен қалай байқамадың, батыр ғалам,
өртеніп бара жатты ақын балаң:
теңіздей махаббатын көтеретін
жан таппай, өз отына лапылдаған?

Жай тастап тіршілікке теңбілді ала,
жойқындай жыр-әлемге ендің дара.
Найзағай сезіміңді сіңіруге
қайраты жетсе жетер Жердің ғана!

Тынысын тоқтатқанда дара шабыт,
түскендей жәудір көздің қарасы ағып,
аңырап ботасы өлген аруанадай
жыр-ару күңіренді қара салып.

Тым сирек күрсінеді бұлай халық,
салмағын ажалымен сынайды алып.
Күңіренді қазақ жері, кеудесінен
оқ тиген ақ бөкендей шыр айналып.

Бүк түсіп қалды кенет қырат күллі,
қайнары қақталғандай бұлақ тынды.
Аспанның кеудесіне басын сүйеп,
булығып Хантәңірі жылап тұрды.

Тау, дала ұмытқан жоқ сол күнді әлі:
күңіренді Ертіс, Жайық толқындары,
күрсініп Көкшетауда қарағайлар,
жоқтады аспан текті сол тұлғаны.

Шың – Қадыр, бір жағымда шоң Тұманбай
тұрса да, бір тірегі олқы жандай,
жаралы жүрегімді жарға соғам,
орныңды еш тұлғамен толтыра алмай…


Жүрегі жолбарыстай, жаны арайлы,
от-жалын жанарымен жанап Айды,
ол енді сұңқар жырдың қанатында
көктеңбіл планетаны аралайды.

Самғайды қуатты өлең, кермекті өлең,
сырласып жалғыз тілде жер, көкпенен.
Жасындар жанұшырып қорғалайды,
енді оған сөз де өтпеген, оқ жетпеген.

Тойған жер, тойымсыз жер, тойлы дала
бай әлі сүріндірер ой-жыраға.
Сұңқар жыр аспанында саңқылдайды,
мұң тастап ойсызға да, ойлыға да.

Жүргендер жыр басқарып, Күн жастанып
сүңгімес мұң дертіне, тұрмас налып.
Тек көктің шаңқылына елеңдейді
өрт тұнған көкірегіне бір жас халық!

Сол тыңдап шамырқанған көк тарланын,
әнінен ажыратар көп қарғаның.
Шыжғырсын, шырқыратсын шоқтар жанын –
жалғайды ол ғасырларға отты арманын!

Самғар жыр жүректерге таңды ұрлатып,
жанарын жасқай алмай жаңбырлы уақыт,
тыңдатып Күнге ғана мұңды әуенін,
өмірлік нұрға көмер алдын бақыт.

Жалған даңқ, жасанды айбат былай қалып,
жел жеген жартас сынды құлайды алып.
Тағдыр-жыр жасар бірақ іңкәр жерде
мәңгілік Күн-ғұмырды шыр айналып!
Доп      


Мақала ұнаса, бөлісіңіз:


Іздеп көріңіз:
фариза оңғарсынова Мақатаев туралы жыр өлең стихи на казахском фариза онгарсынова казакша олен, фариза оңғарсынова өлеңдері сайты, стихи на казахском языке фариза онгарсынова, фариза онгарсынова олендери, фариза оңғарсынова өлеңі, фариза оңғарсынова өлеңдері, фариза оңғарсынова өлеңдер, фариза онгарсынова стихи, фариза онгарсынова стихи на казахском языке, фариза унгарсынова стихи на казахском, Мақатаев туралы жыр

Пікір жазу

  • [cmxfinput_gallery][cmxfinput_youtube]