Қазақша өлең: Қайсар Қауымбек (Қалалық қызға)

Қазақша өлең: Қайсар Қауымбек (Қалалық қызға)

Қаладағы, қайдағы сайқалға еріп,
Періштем-ау, кетерсің сайтан болып.
Айлы түнде, ауылда, қырда өбісіп,
Сыр бөлісіп оңаша қайтар ма едік?!

Жүрші, жаным, барайық баққа қарай,
Нұр шуағын біздерге ақтарады ай.
Ақ ниетпен жыр жолдап тұрар бізге,
Көкжиектен күлімдеп атқан арай.

Аппақ ардай жаралған кереметтен,
Бір перизат бар ма екен сенен өткен?!
Маған еріп көк белге барасың ба?
Бала болып ойнатам көбелекпен.

Ұмыттырып жаныңнан қайғы-мұңды,
Саған ерттеп берейін Тайбурылды.
Бәрін жайып тастайын ақ жолыңа,
Тауларымды, даламды – байлығымды.

Ойнақтатып арғымақ дала-қырда,
Шуақ тұнсын мойылдай жанарыңда.
Нағашымның үйіне кетем алып,
«Келін келді!!!» дегізіп бар ауылға.

Қара жеңгем қуанып тұр анамдай,
Бақыт туар басыңа, сірә, қандай!
Аң-таң болып қаларсың қапелімде,
Жылай алмай немесе күле де алмай.

Басымызға қонған бақ сәл күттіріп,
Босағадан енсе ғой шалқып, күліп!
Бал татыған мен сонда бар деміңе,
Балқып тұрып, өлсем-ау, балқып тұрып!

Бара жаздап тағдырың жарға кеше,
Ойларсың-ау қуанып, сонда неше.
Қайтер едің қалалық сырластарың,
«Сонда тапқан жігітің сол ма...» десе?!

***

("Әй, әлгі көршінің қызы күйеуге шықты. соған қамданып жатырмыз" деп нағашы жеңгем телефон шалып тұр)

Бала едік қой, бала едік, балғын ой көп,
Балалықты біліппіз мәңгі ғой деп.
Мені өсірген өзімнің «пайғамбарым»
Жолдасы еді әкеңнің қанды көйлек.

Бірге ойнадық, бірге өстік, бөлінбеуші ек,
Бүйтер ме едік сондағы көңілге ерсек?!
Қылығыңа мәз болып, қайран атам,
Тұлымыңнан иіскеп «келін» деуші ед.

Ал мен тентек білуші ем бір бәлені,
Сол сөз үшін жүрегім құрбан еді.
Қыдырлы өмір шалдардың шарапаты,
Құлын көңіл сезімнің құндағы еді.

Бүлінді бақ, ақ көңіл шал да кетті,
Бөлтірік ем, бақты өмір, Арлан етті.
Бұрымыңдай екіге бөлінді ірге,
Бұлттай бастан ай мен жыл аунап өтті.

Жалған өмір күттірген баққа бола,
Жалғыз жортып кетіппін жат қалаға.
Сеніміңді сезбесем, кешір мені,
Сері күнді кешірсін хақ тағала.

Жібек мінез періштем сен едің ғой,
Жетелеген жақсы аға мен едім ғой.
Адал, аңқау, о, менің махаббатым,
Аяқталмай қалған бір өлеңімдей.

Тұғырдағы құс едік шал қайырған,
Түлеп ұштың,
алмайын шалғайыңнан.
Саған жар да, маған жат бақыт көрдім,
Менің атам иіскеген маңдайыңнан.

2006
Доп      


Мақала ұнаса, бөлісіңіз:


Іздеп көріңіз:
қайсар қауымбек Қалалық қызға өлең стихи на казахском кайсар кауымбек казакша олен, қайсар қауымбек өлеңдері сайты, стихи на казахском языке кайсар кауымбек, кайсар кауымбек олендери, Қалалық қызға, стихи на казахском языке про девушек, қалалық қыз туралы өлең, қыз туралы өлең шумақтары, қыз туралы өлең жолдары

Пікір жазу

  • [cmxfinput_gallery][cmxfinput_youtube]