Қазақша өлең: Мақпал Мыса (Арай ғұмыр...)

Қазақша өлең: Мақпал Мыса (Арай ғұмыр...)

Жалғанды жалған дейді пенде ғана,
Арманды сен ғана ма,
мен ғана ма?
Дүниені тұяғымен дүбірлетіп,
Ақбөкен жүйткиді кең далада.

Бұл өңір талай жүйрік өскен өңір,
Көгердім көмкергендей кестеге гүл.
Ақбөкен жанарында...
ақ пен қара,
Көлбеңдеп көз алдынан көшкен өмір.

Тұяғы тиген жерге құт қонатын,
Жанарын, жанын талай ұққан ақын.
Өргізсе құралай да құралайын
Сұқ көздер сұлулыққа сұқтананатын.

Жаныңнан арай көргем, нұр да көргем,
Жылыстап жылап аққан жылға көргем.
Еңсені еңіс те емес езетұғын,
Мен сені жазиралы қырда көргем.

Көгерер сені көрсем көп өлеңім,
Жаратқан, қандай ғана шебер едің!
Ақбөкен аң ішінде ару десем,
Ақ дүние,
ақыныңа не дер едің?

Көзіне бір қарасаң көңіл емі,
Бұл өзі неткен ғажап өмір еді?!
Дүниенің бар бояуы ақбөкенге
Ғажабы – ақ, қара боп көрінеді.

Тулайды туа сала қаны ішінде,
Зулайды басындағы бағы үшін де.
Жақыны сен шығарсың жанымыздың,
Ақыны сен шығарсың аң ішінде!

Басыңнан байрақты бұл шақ та өтеді,
Баптаған балғын күннен бақ мекені.
Ақ, қара арасынан арай іздер,
Ақынның мен шығармын ақбөкені...

Бұл да бір түсінгенге талайлы жыр,
Туған соң талайлы жыр тарайды нұр.
Бар білем бір жақындық екеумізде,
Ақбөкен айналайын, арай ғұмыр!
Доп      


Мақала ұнаса, бөлісіңіз:


Іздеп көріңіз:
мақпал мыса Арай ғұмыр... өлең стихи на казахском макпал мыса казакша олен, мақпал мыса өлеңдері сайты, стихи на казахском языке макпал мыса, макпал мыса олендери, Арай ғұмыр...

Пікір жазу

  • [cmxfinput_gallery][cmxfinput_youtube]