Қазақша өлең: Мақпал Мыса (Мөлдір шық)

Қазақша өлең: Мақпал Мыса (Мөлдір шық)

Маусым кеші,
қайта оралмас кез бе едің,
Сенің нұрлы көздерің-ай, көздерің...
Өлең жазғым келіп тұрды сол сәтте,
Өлеңіне ұқсамайтын өзгенің.

Белден асса белес, белес, белес күн,
Елесіңе еріп кеткен емеспін.
Бір ән салғым келіп тұрды алдыңда,
Дүниеде шырқамаған әлі ешкім.

Ұқпай жүрмін көңілімнің күйін кей,
Ақ қайыңдай тұрдым, білем иілмей.
Би билегім келді,
шіркін, ырғалып,
Айдындағы аққулардың биіндей.

Ақ самалым желікпе деп желге ұрсып,
Көкжиекке күн де батты көлгірсіп.
Сол бір сезім жанбай қалған жанартау,
Жанарымнан тамбай қалған мөлдір шық...


Маусым кеші,
мазасыздау бұл маусым,
Аңсарыңыз мейір толы жырға аусын.
Аққуларым ақ сағымда адасып,
Ақша бұлттар арасында жүр даусым.

Жастығымның жалт еткенде жанары,
Құралайдың лағындаймын жаралы.
Жер бетінде жалғызсырап мен қалдым,
Көл бетінде көктем қалып барады...

Сәуір кетті, мамыр кетті,
не дейін,
Ерке күннің елесіне ерейін.
Көк өрімін көгертуге көгімнің
Өлеңімнің бұрымдарын өрейін.

Жаһұт-жауһар жаумаса да төбемнен,
Өміріме өрнек салдым өлеңмен.
Көз алдымнан көгілдір тау көрем мен,
Көкжиегі көктем болып көгерген.

Сол маусыммен ұнатамын жазды мен,
Айдынымды аялайтын азды-кем.
Елесіңмен ғұмыр кешіп келемін,
Сағыныш боп саздан ұшты наз кілең...


Аспантауға асылар ақ таң келіп,
Мына түнді мап-мамық мақпал делік.
Құснижырым өзіңе ұшқан қашан,
Ақ қанатын сабыла қаққан керіп.

Маусым әуен...
кездерім жанатын да,
Содан бері қаншама таң атуда.
Ақша бұлттар, аманат өздеріңе,
Ақ сезімім сол құстың қанатында.

Ымырттан соң ататын жаздың таңы-ай,
Қанатымды көгімде жаздым талай.
Арайлысы айдынның аппақ өлең
Ақыныңның арманын аздырмағай!

Жаздың таңы жадырап белден асқан,
Мен сұлулық көрмедім көлден асқан.
Көктеменің көгіндей көгілдір маң
Көктем болып көрінді-ау сендегі аспан.

Мақпал түнде мамық жыр жастай қалып,
Ұшам шіркін...
арманға бастай ма анық?
Көл бетінде қалқимын содан кейін,
Сырғып түсем бір тамшы жасқа айналып...


Жұбататын жырларымен сол ақын,
Жалғыз-жарым қалған кезде құса түн.
Өмір кейде жел секілді соғатын,
Өмір кейде құс секілді ұшатын.

Бұл болмыстың бөлекшелеу бітімі,
Сағыныштың сарғайғанда сағымы.
Мендік жүрек соғысының лүпілі,
Біздің ауыл жұлдызының жарығы.

Тірлігімнің шырқалған жоқ бар әні,
Аспантаудың асқарынан самғау шың.
Бұрымымнан сипап өтіп барады,
Мамырдан соң мамырланған сол маусым.

Айдынымды аймалайды ай жарық,
Аппақ, аппақ армандардың досымын.
Кірпіктерім жұлдыздарға байланып,
Жанарыма жас сыйлады осы күн.

Жел құрғатар жанарымның шықтарын,
Не құдірет қара түннің көзінде?
Өлеңдерім өзің екен ұққаным,
Өлең болып кеттім,
жаным,
өзім де!
Доп      


Мақала ұнаса, бөлісіңіз:


Іздеп көріңіз:
мақпал мыса Мөлдір шық өлең стихи на казахском макпал мыса казакша олен, мақпал мыса өлеңдері сайты, стихи на казахском языке макпал мыса, макпал мыса олендери, Мөлдір шық

Пікір жазу

  • [cmxfinput_gallery][cmxfinput_youtube]