Қазақша өлең: Темірхан Медетбек (Қош келдіңіздер!)

Қазақша өлең: Темірхан Медетбек (Қош келдіңіздер!)

(Дүниежүзі қазақтарының II құрылтайында оқылған өлең)

Өткен замандарда,
Қандай дархан едік.
Қандай тарпаң едік!

Жауларым
Алты қырдың астынан
Гүшігімнің үргенін естіп,
Безіп қашатын.
Төріме шықпақ түгілі,
Төбеме шықпақ түгілі –
Қаңсыған тулағымды
Оюулы етіктерін
Шешіп басатын.

Жалымыз қарағайдай
Жанымыз
Сарыарқадай кең болатын!
Көптігіміз сондай
Қатар тұрып түкірсек,
Түкірігіміздің өзі
Айдын шалқар көл болатын!

Арда ұлдарымыз
Алшаң-алшаң жүретін,
Балпаң-балпаң басатын,
Ханышаларының шымылдығын
Найзасының ұшымен ашатын.

Сондай елді жау
Қиындыққа салды,
Қиянатқа шалды!

Сонан кейін
Талай-талай бауырды –
Қойдай маңыратып,
Жылқыдай кісінетіп,
Түйедей боздатып –
Елінен бездіріп,
Дүниені кездіріп жіберді.
Балшықтай илеп
Ез қылып жіберді.

Айым қайта туды,
Күнім қайта шықты!

Енді, міне –
Дүниенің түкпір-түкпірінен
Қаздардай қаңқылдап,
Сұңқардай сұңқылдап
Аспанымның астын,
Жерімнің үстін толтырып
Келіп жатырсыңдар!
Тәуелсіздігімізге тәубе деп,
Еркіндігімді
Көріп жатырсыңдар! Көгімде
Көк байрағым желбіреп тұр!
Қазақстанымның жүрегі –
Өздеріңді көріп
Елжіреп тұр!
Қош келдіңіздер!
Доп      


Мақала ұнаса, бөлісіңіз:


Іздеп көріңіз:
темирхан медетбек Қош келдіңіздер олендери стихи на казахском языке темірхан медетбек өлеңдері, темірхан медетбек өлеңдері, темирхан медетбек олендери, темирхан медетбек стихи на казахском языке, Қош келдіңіздер

Пікір жазу

  • [cmxfinput_gallery][cmxfinput_youtube]