Қазақша өлең: Олжас Отар (Аналарға арнау)

Қазақша өлең: Олжас Отар (Аналарға арнау)

Аналар, ақ пейілін жайғандарым,
Сіздер – менің ең сыйлы меймандарым.
Арыстай талай перзент тудыңыздар,
Алаштың асқақтатқан айбарларын.
«Алдымен жақсылық ет анаңа» деп,
Хадисте текке айтпапты Пайғамбарым.
Сіздердің арқаңызда еркектер жүр,
Сипатып ескен желге айдарларын.
Артық қой әлемдегі бар жылудан,
Бір сүйіп маңдайымнан айналғаның.
Сіздерге деген шексіз алғысымның,
Айтып мен тауысайын қайдан бәрін.
Жырыммен аналарды ырза ете алсам,
Сол менің бұл өнерден бәйге алғаным.


Бұл жерде таппай тұрмын тіпті байыз.
Бар дейсің бұл күндері тіп-тік қай із.
Наурызда аналарға сый ұсынып,
Жылына бір-ақ рет құттықтаймыз.
Аналарға күн сайын алғыс айтпай,
Олардың жағдайынан түк те ұқпаймыз.
Аналарды ардақтап өту керек,
Егер де өссін десек ұлттық пайыз.

Пейілі кең, сезімі терең көлден,
Ананы кем көрмеймін кемеңгерден.
Жақсылықты анадан бастаудың да,
Тәжірбиесі қазақта дәлелденген.
Абай оқу бітіріп келген кезде,
Әуелі анасына сәлем берген.
Өміріміз соларға ұқсаса егер,
Өнегеміз озады бар елдерден.


Отырса да саф алтын тақта бабам,
Ана сүтін кезі жоқ ақтамаған.
Домалақ, Зере, Ұлжан, Айғанымның,
Есімдерін ел бекер жаттамаған.

Бесігіңнен тәрбие болған кезде,
Есігіңнен ешбір жау аттамаған.
Ошағыңда батагөй анаң болса,
Босағаңды еш дұшпан таптамаған.

Анасының көңілін тапқан адам,
Болады Аллаға да жаққан адам.
«Анаңды қадірле» деп Құранда да,
Қадап тұрып айтпап па еді хақ тағалам.

Жанымыз бұған қалай торықпайды,
Айтайық опасыздар нені ұқпайды.
Қарт үйінде қаншама аналар жүр,
Жүрегінде шер менен толып қайғы.
Өз анасын тепкілеп өзегінен,
Қандай перзент құдайдан қорықпайды.
Анасына жақсылық жасамаған,
Алланың мейіріміне жолықпайды.

Керуенмен келешекке көш барады,
Аз қазақ ертең қалай төс қағады.
Ардақтай білсек егер аналарды,
Еш нәрсе жоқ жалғанда еш бағалы.
Халық санын өсірем дейтін ерлер,
Алдымен аналарды еске алады.
Он балалы анаға үй берілсе,
Қапа боп жүрмес еді қас-қабағы.
Аналарды зейнетке шығарайық,
Егер туып өсірсе бес баланы.
Аналардың жағдайы жасалмаса,
Адамдардың арқауы бос болады.
Беретін он мың доллар әр балаға,
Ресейдің ісін тұрмын қостағалы.
Бұл істі бізде бүгін қолға алайық,
Әйтпесе ертең бәрі кеш болады.
Жерімізге еліміз сай келмесе,
Еңбегіміз, ағайын, еш болады.


Бұл күні бір жайтты ойлап қатқан,
Жапырақ тонағандай жасыл бақтан.
Жастардың жан дүниесі жұтаң бүгін,
Болса да, ақыл – жастан, асыл – тастан.
Жақсылық дәнін сепкіш қазақ бүгін,
Жамандықты қалайша жақындатқан.
Қазақтың қағидасы қайда кеткен,
Болғанда бала жастан, қатын бастан.
Қызық қуып қыдырып жүр бүгінде,
Жеңгейлердің желігі басылмастан.
Аналардан абырой, ұят кетсе,
Шуақ пен қуат кетер жас ұрпақтан.

Ардақтап аналарды алғыр ұлың,
Арналсын өздеріңе мәңгі жырым!
Ақындар жырға қосып аналарды,
Дастанға айналдырған әр қылығын.
Ғазалдарға тақырып болған әйел,
Базарларда ах ұрып қалды бүгін.
Далада дорба асып жүрген Ана,
Балаға қалай берер жан жылуын.
Доп      


Мақала ұнаса, бөлісіңіз:


Іздеп көріңіз:
Олжас Отар Аналарға арнау өлең олен Олжас Отар стихи на казахском, Олжас Отар өлеңдері, стихи на казахском языке, казакша олендер, қазақша өлеңдер жинағы скачать бесплатно

Пікір жазу

  • [cmxfinput_gallery][cmxfinput_youtube]