Қазақша өлең: Тыныштықбек Әбдікәкімұлы (Түнгі күзет)

Қазақша өлең: Тыныштықбек Әбдікәкімұлы (Түнгі күзет)

Не деп саған жазайын,.. қой қоздаған,
Тау мөңіреп, аспанда Ай боздаған.
Жұлдыздар да түрткілеп түйсігімді,..
түсініксіз діріл бар бойда аздаған.

Не деп саған жазайын,.. төбет үрген...
Сандырақтап Түз жатыр көне тілде.
Аш байғыздар пәлекет шақырады,
осы түнде қырылып өлетіндей.

Не деп саған жазайын,.. көк өспеген.
Өмір сүріп жатырмыз елеспенен.
Тірі тышқан көрмеген тарғыл мысық
даңғырлатып ойнайды тегешпенен.

Сұқ саусағы әр қойын санап бағар
Қойшы қойды қораға қаматпаған.
Түн қылауын қидалап құлағымен,
осқырынып қояды торы ат маған.

Сабыр сақтар адаммын, есір емен,
күйіп-пісе беремін несіне мен?!
Мың ашылып ауызы, мың қисайып,
жапан түзде жалғыз үй есінеген.

Өз басынан өткермей сенген бе өзге,
ертек сынды бәрі де көрген көзге.
Дем алармын, желіні сыздап Таңның,
қозы-бұлттар жамырап емген кезде.
Доп      


Мақала ұнаса, бөлісіңіз:


Іздеп көріңіз:
Тыныштықбек Әбдікәкімұлы Түнгі күзет өлең олен Тыныштыкбек абдикакимов стихи на казахском, стихи на казахском языке, казакша олендер, қазақша өлеңдер жинағы скачать бесплатно

Пікір жазу

  • [cmxfinput_gallery][cmxfinput_youtube]