Қазақша өлең: Мерген Тоқсанбай (Жезөкше)
(Пойызда танысқан жігітің әңгімесі)
Бір ауыр мұң үйір болып басына,
Кімдер келіп, кім кетпеген қасына?!
Қойынымда жылап жатты жезөкше,
Темекінің иісі сіңген шашына.
Жапырақсыз көңілі күздей тұлданған.
(Бір жақсылық күтті ме екен бұл да алдан?)
Жанын айтам аққу құстай жаралы,
Арын қайтем? – Ақ төсектей былғанған.
Көзден ағып өмірге айтар өкпесі,
Ағыл-тегіл жылай-жылай кетті есі.
Қадірінің қашқандығы сияқты,
Жамылғысыз жалаңаш қап бөксесі.
Жылап жатты... Есіне алып өткенді.
Тағдырына, өзіне өзі кектенді.
Бұрын мені қалай сүйсе риясыз,
Бүгін мені тура солай жек көрді.
Осы қызға бұрын қанша гүлді үздім,
Сырымызды жасыратын түн біздің.
Күлімдеген көзі еді ғой жұлдыз мың,
Бүлінбеген кезі еді ғой бұл қыздың.
Қыз еді ғой қылығы бал-шекердей,
Бір жігітті шын бақытты етердей.
Енді бүгін әркім кіріп-шығатын,
Жын жайлаған жалдамалы пәтердей.
Кім кінәлі?
Анасы өліп, ішіп кеткен әке ме?
Ажырасып тынған - сәтсіз неке ме?
Жалақысы жарты айға да жетпейтін,
Кінәлі ме мемлекеттік мекеме?!
Алты күндей зулап өткен алты жыл,
(Арты - өкініш бұл өмірдің алды - зіл!)
Алқаракөк түндер қайда кешегі,
Мен сыйлаған гүлдер қайда алқызыл?
Қап-қара боп солған гүлдер алқызыл,
Танымастай өзгертті оны алты жыл.
Көктемінен қалған жалғыз белгі еді,
Елдің қамын ойлар ма ертең жалғыз ұл?!
...Мен кетерде сұр төсектен түрегеп,
Ол отырған төмен қарап, жүрелеп.
Кенет күлді сақылықтап сайтандай:
«Мен осындай болып кеттім, міне»,– деп.
Сол бір сөзі жанды көктей солғызды,
Қоспасы анық енді қайтіп жол бізді.
Бір-екі мың артық бердім: «шайға», – деп.
Ал сен қалай жұбатар ең ол қызды?!
Автор: Мерген Тоқсанбай
Мақала ұнаса, бөлісіңіз:
Іздеп көріңіз: