Қазақша өлең: Ғабиден Қожахмет (Иіліп сәлем ете ғой, барша отырған халыққа)

Қазақша өлең: Ғабиден Қожахмет (Иіліп сәлем ете ғой, барша отырған халыққа)

Жас отаудан төгіп нұр,
Босағасы берік тұр.
Жаңа түскен келіннің,
Беташарын жасауға,
Жыршыңыз да келіп тұр.

***

Сөздің айтсақ расын,
Тілек-бата ұғасын.
Келіндерге қашаннан,
Сәлем жасау рәсім.
Өткізіп ап өмірден,
Артында елі аһ ұрған.
Қуанышты бүгінгі,
Ол да сезіп жатырған.
Әруақтарға бір сәлем.

Ағайын тұр құралып,
Жанашырын ұғалық.
Қадамыңа сүйініп,
Қайын атаң тұр қуанып.
Сөз айтайық термелеп,
Ішінде болмас қатесі.
Ең алғашқы жанашыр,
Жан-жарыңның әкесі,
Қайын атаңа бір сәлем.

Той болады деген соң,
Жиналды елің сабылып.
Жүргені рас қайын енең,
Ең алдымен шабылып.
Ешкімнің жоқ таласы,
Болса осылай бағасы -
Ана болар өзіңе,
Жан-жарыңның анасы,
Қайын енеңе бір сәлем.

Той болады деген соң,
Жиналды елің айнала.
Ең алдымен жүгірер,
Жанашырың қайнаға.
Жүректе оты ойнаған,
Ақыл сөзін сайлаған.
Тілекші боп қуанып,
Тұрған анау қайнағаң,
Қайнағаңа бір сәлем.

Қуаныштан көзіне,
Бүгін, міне, жас алған.
Тату болса абысын,
Ас көп болар қашаннан.
Абысының алғашқы,
Сырыңды айтар жақының.
Қай істе де бірінші,
Аямайтын ақылын,
Абысынға бір сәлем.

Жүрсе де өзі жат елде,
Төркін қамын ойлаған.
Інісінің тойына,
Бар жабдығын сайлаған.
Қайын апаң қадірлі,
Біледі оны ел демде.
Сәлеміңді ұмытпа,
Қайын апаң келгенде,
Қайын апаңа бір сәлем.

Балдызына қашаннан,
Жаны ашып қиналды.
Тілектес боп бұл тойға,
Жезделер де жиналды.
Сүрінгенде демеген,
Қысылғанда қарасқан.
Балдызымен қашаннан,
Әзілдері жарасқан,
Жезделерге бір сәлем.

Қабағына қарай біл,
Әзілдессең тең көр де.
Қайын ініңді ендігі,
Өз ініңнен кем көрме.
Қалар мәңгі кеудеде,
Бүгінгі күн сақталып.
Жеңгем бар деп ендігі,
Тұрған анау мақтанып.
Қайын ініңе бір сәлем.

Анау тұрған ойнақтап,
Дірілдетіп сырғасын.
Қайын сіңілің ендігі,
Сырыңды айтар сырласың.
Бар ма басқа адамың,
Одан жақын тең келер,
Отырғанда сырласып,
Жеңеше деп еркелер,
Қайын сіңілге бір сәлем.

Ежелден-ақ сын айтып,
Жиенге берер бағасын.
Келіп жетті бұл тойға,
Ең алдымен нағашың.
Жиенге болар жанашыр,
Сөзден болмас таласың,
Ел болады деп жиен де,
Сүйініп тұр нағашың,
Нағашыға бір сәлем.

Әсем ән де айтылсын,
Тарасын бүгін күй елге.
Нағашының тойына,
Келді жетіп жиен де.
Нағашылап келгенде,
Үйдің болар базары.
Сәлем қылшы жақсылап,
Қатты деуші еді назары,
Жиендерге бір сәлем.

Халқымның айтқан сөзіне,
Қашанда да сенем ғой.
Екі аяқты ішінде,
Бөле тату деген ғой.
Рас айтар елім де,
Сөздері бар татырлық.
Арасында бөленің,
Бола берсін татулық,
Бөлелерге бір сәлем.

Хабар қалса үзіліп,
Көңілге алып қынжылдық.
Жиналыпты бұл тойға,
Құдалар да мыңжылдық.
Өз үйіндей кірісіп,
Тойды бірге жасасқан.
Татулыққа серт етіп,
Құйрық-бауыр асасқан,
Құдаларға бір сәлем.

Бірге алар көтеріп,
Ауыр менен жеңілді.
Өз үйіне түскендей,
Көретұғын келінді.
Той хабары шыққаннан,
Осы үйге ағылды.
Ортақ іске жұмылып,
Көршілер де сабылды,
Көршілерге бір сәлем.

Әзілдессе сөздері,
Орныменен келіскен.
Жан-жарыңмен ежелден,
Тай-құлындай тебіскен.
Құрдастар да бұл тойда,
Ойнап-күлді жайраңдай,
Жүретұғын қуанып,
Келіншек өзі алғандай,
Құрдастарға бір сәлем.

Күте берер келінді,
Қашаннан-ақ қатал сын.
Бүгінгі түскен келінің,
Жақсы келін атансын.
Сәлем ету салтымыз,
Келін, енді жалықпа.
Иіліп сәлем ете ғой,
Барша отырған халыққа,
Көпшілікке бір сәлем.
Доп      


Мақала ұнаса, бөлісіңіз:


Іздеп көріңіз:
ғабиден қожахмет, габиден кожахмет олен стихи ғабиден қожахмет өлең на казахском, габиден кожахмет олен, Иіліп сәлем ете ғой барша отырған халыққа өлең

Пікір жазу

  • [cmxfinput_gallery][cmxfinput_youtube]