Қазақша өлең: 9 Мамыр - Жеңіс күні (Жеңіс)
Сәулесін шашып түнекке,
Ысырып жауды жер-көктен.
Қасірет тұнған жүрекке
Жеңіс боп келді сол көктем.
Бар еді оның салмағы,
Шаттықтың әсем гүлі атты.
Миллионның еді ол арманы,
Миллионды қоса жылатты.
Ерлікті жұрты бағалар,
Із қалған өткен жылдарда.
"Жеңіс!" деп тұрды қалалар,
"Жеңіс!" деп тұрды қырлар да.
Сан рет ел боп егілдің
Уақыттың салған тезіне.
Қымбат қой құны өмірдің,
Қымбатқа түсті өзі де.
Үміт боп елде жағылды,
Құнды еді сосын бұл жеңіс.
Ар жүгі болды арудың
Тындырған тылда іргелі іс.
Кеудеге толып арманды ән,
Қасірет шегіп солды бақ.
Жеңіске барып жалғанған
Солдаттан келген соңғы хат.
"Деуші едің, апа - ақылдым,
Қымбат деп құны ардың да.
Бұл хатты жазып отырмын
Шабуылға шығар алдында".
Еске алар соны ойланған,
Дерек боп түсті бүгін із.
Бір хабар жеткен майданнан:
"Болды деп қаза ұлыңыз..."
Жас ұрпақ үшін бар мәні,
Кемітпес ол да бағаңды.
Сонан соң солдат арманы
Желбіреп көкке қадалды.
Ерлікті содан таба алдың,
Жігерге бөлеп өскінді.
Соғыстан соң да медальдің
Сыңғыры болып естілді.
Тыныштық күннен нұр тамды,
Самғады аппақ қанатта.
Ән болып сосын шырқалды,
Өлең боп түсті параққа.
Заманың алға басар да,
Тарихтан тағлым тыңдатты ой.
Адамдар үшін қашанда
Жеңістің құны қымбат қой!
Авторы: Ғабиден ҚОЖАХМЕТ,
Қызылорда қаласы
Қызылорда қаласы
Мақала ұнаса, бөлісіңіз:
Іздеп көріңіз: