Қазақша өлең: Ақберен Елгезек (Бір кісі)

Қазақша өлең: Ақберен Елгезек (Бір кісі)

Менің жұмық көздеріммен бір кісі
Жылап отыр...
Сондай оның күлкісі.
Жұлдыздардан тәспі тартар түн бойы,
Иығынан пыр-пыр етіп пір-құсы.
Тілеулеске көкте тұрған Айды алып.
Көлеңкелі көңіліне қайғы алып,
Кірпігімнен тамшылаған көз жаспен
Жыр ояды құлпытасқа, майда қып...

Оның жасы – мыңжылдықтар құрдасы,
Оның сөзі – мың мұңлықтың сырласы.
Үміт іздер түйсігімнің түбінен,
Көк Тәңірден үрейленген сұлбасы.
Менің соқыр саусағымды шошайтып,
Бәз-біреуге күрсінеді, қош айтып.
Содан кейін менен шарап сұрайды.
Сіміре сап, тұңғиыққа құлайды,
Жүрегімді масайтып.

Бір қазада, еріп келген қорымнан,
Бұл кісімен мұңдас едім бұрыннан.
Жетімек шал...
Орын беріп ішімнен...
Содан бері қара дертке ұрынғам.

Ол қиялға берілгенде бүрісіп,
Менің мүлде жоғалады тынышым.
Бір нүктенің мекен етіп бұрышын,
Оның түсін мен көремін түн іші.
Қаракөк нұр – түсімдегі денесі.
Ғұмыр бойы күтер Көктің кемесін.
«Құс жолынан» желкен жайған сол кеме –
болашақтың елесі.

Қашып жүрген Жаратқан мен сайтаннан,
Тыншымайды ішімдегі майталман.
Оның түсі өмірім бе, өңім бе,
Менің түсім оның түсі? Айта алман!
Санамалап әр аптаны, күн, айды,

Өкінеді,
Ағыл-тегіл жылайды.
Қолындағы сезім шашқан шырағы
Аспан жаққа құлайды...

Сондай жұмбақ – санамдағы сыңарым.
Өзім кіммін? Қайда менің тұрағым?
Жазмышым ше, қара сөз бе, өлең бе,
Сыңарымнан сұрағым кеп тұрады.

Көк аспаннан мен де күтем кемемді,
Ал, сыңарым қалшылдатып денемді,
Кірпігімнен тамшылаған көз жаспен
Қашап тұрар құлпытасқа өлеңді...
Доп      


Мақала ұнаса, бөлісіңіз:


Іздеп көріңіз:
акберен елгезек Бір кісі өлең стих олен ақберен елгезек өлең, ақберен елгезек өлеңдері, ақберен елгезек сайты, акберен елгезек сайты олен стих, акберен елгезек стихи на казахском

Пікір жазу

  • [cmxfinput_gallery][cmxfinput_youtube]