Қазақша өлең: Бекболат Тілеухан (Қайда барам?)

Қазақша өлең: Бекболат Тілеухан (Қайда барам?)

Бір итің көріп үрсе айдаладан,
Өкпелеп саған елім, қайда барам?
Балаша бұртиғанмен біреулерге,
Оңаша өзің жайлы ойға қалам.

Ықылас, пейілің ғой сая бағым.
Білесің, бәз қалпында баяғы әнім.
Сөзіңді сөйлер жерде іркілмедім,
Өзімді от пен судан аямадым.

Білмесең бұлдамаймын қадірімді.
Сарқырмын сын сағатта сабырымды.
Анадан сіңіргенмін мейірімді,
Атадан алып өстім тағылымды.

Мастықпен өткізгем жоқ жас күнімді.
Жолыңа мұрат еттім бас тігуді.
Қолыма қобызыңды ап жырыңды айттым,
Өміршең еткім келіп дәстүріңді.

Қыз қуып, қызық қуып, қыр аспадым.
Сызылып көрінгенге сыр ашпадым.
Қазтуған, Ақтамберді батырлығы
Қаладым ұрпағыңа ұласқанын.

Ұлтымның ұлы болу – ұлы арманым.
Жұртыма бөлінбе деп ұрандадым.
Намысың аяқасты болар тұста,
Басымды төмен салып бұға алмадым.

Бай емен бірді беріп, мыңды айдаған.
Сонда да елін сүйсе тынбайды адам
Қай жерде қажетіңе жарасам деп,
Лүп еткен жүрегіңді тыңдай қалам.
Руға, жүзге ешкімді бөлгенім жоқ,
Баласы бар қазақтың бірдей маған.

Жауыңа жаутаңдамай көп қасқайдым.
Жоғыңды қалай сенің жоқтаспаймын?
Мен сенің қылышыңмын қылшылдаған,
Қынында жатып бекер тот баспаймын!
Доп      


Мақала ұнаса, бөлісіңіз:


Іздеп көріңіз:
өлең бекболат тлеуханов қайда барам олен бекболат тілеухан өлеңдері, бекболат тілеухан өлеңдері, бекболат тілеухан өлеңдері қазақша казакша, бекболат тлеуханов стихи на казахском

Пікір жазу

  • [cmxfinput_gallery][cmxfinput_youtube]