Қазақша өлең: Алмас Темірбай (Көктем, сен қашан келесің?!)

Қазақша өлең: Алмас Темірбай (Көктем, сен қашан келесің?!)

Көктем, сен қашан келесің?!
Мен сені сағындым...

Күн нұры ойнаған күніңді сағындым,
Бұлбұлы сайраған түніңді сағындым,
Бәйшешек, сарғалдақ, жауқазын, қызғалдақ,
Жыл сайын теретін гүліңді сағындым...

...Қар басқан қайыңның шынтағы тұр сынып,
Теңселген теректер түнімен күрсініп.
Ақ қардың астында жатыр ғой тұншығып,
Көктемге жете алмай, о, қанша, тіршілік?!

Ақ боран ұлып тұр қасқырдай уілдеп,
Күтемін көктемді қалардай бүгін кеп...
Қыс түссе, мен неге қыздарды аяймын,
Қып-қызыл еріні жүретін дірілдеп...

Көшелер гүл аңқып, ағаштар бүр жарып,
Тіршілік тірілер аспаннан нұр жауып.
О, қанша көліктің тұмсығы бұзылар,
Көшеге қыз шықса ырғалып-жырғалып...

Наурызды еске алып, көктемді жыр етем,
Біреудің әкесін сықпыртып жүр әкем:
«Жаңа жыл көктемнен басталу керек қой,
«Бірінші қаңтар» деп шатасқан кім екен?! »

Аязды, ақ қарды, ақпанды ұмытып,
Боранда бүріскен шақтарды ұмытып.
Жатсам ғой шалқамнан көк шөптің үстінде,
Жатсам ғой жалаңаш кеудемді жылытып...

Ақпан пен наурыздың арасы бір-ақ ай,
Бір-ақ ай дегенің не тәйір, құдай-ай,
Қанша рет мұңайдың, қанша рет өкіндің,
Көктемнен көктемге жеткенше шыдамай?!

Бүгінгі арманым ─ Ертеңгі жан-жарым,
Биылғы көктемді мен саған арнадым!
...Әркімнің өзінің көктемі болады,
Бұл көктем ─ сенікі, ала ғой, ал, бәрін...

Көктемдей көкөрім кезімді сағындым,
Алғашқы алдамшы сезімді сағындым.
...Өзгеріп кетіппін, өмір-ай, баяғы
Өзіме ұнайтын Өзімді сағындым...

Көктем, сен қашан келесің?!
Мен сені сағындым,
сағындым, сағындым...
Доп      


Мақала ұнаса, бөлісіңіз:


Іздеп көріңіз:
көктем туралы өлеңдер, алмас темірбай Көктем сен қашан келесің өлең коктем сен кашан келесин koktem алмас темирбай олендери, алмас темірбай өлеңдер, алмас темірбай өлеңдер жинағы, алмас темірбай өлең, алмас темирбай олендери, алмаз темирбаев стихи на казахском

Пікір жазу

  • [cmxfinput_gallery][cmxfinput_youtube]