Қазақша өлең: Мағжан Жұмабаев (Жауға түскен жанға)

Қазақша өлең: Мағжан Жұмабаев (Жауға түскен жанға)

Дамыл көрмей ерте-кеш,
Жұрттың қамын көп жедiң.
Байладың белдi, салып күш,
Тыныштық жүзiн көрмедiң.

Жағаластың жауменен,
“Бермеймiн жұртым, жаным”, – деп.
Алыспақ болдың тауменен,
“Жұрт үшiн төгем қаным”, – деп.

“Оян! – дедiң жұртыңа, –
Бас көтерiп, тiрлiк қыл!”
Ақыл айттың ұлтыңа:
“Таста талас, бiрлiк қыл!”

Бiр шешпедiң белiңдi,
Жұрт үшiн уайым-қайғы жеп,
Сақтамақ болып елiңдi:
“Қара күн алда, бекiн”, – деп.
Менменсiген күштi жау
Көздеп тұрды iсiңдi.
Қоймады сенi есен-сау,
Алды қолдан күшiңдi.

Қараңғы үйге қамады,
Мейiрiмсiз өңшең тасбауыр.
Сорлыға Тәңiрi пана-ды,
Болса да бейнет қанша ауыр.

Қиялға ескi бата бер,
Қайра өзiңдi, дәрмен не?
Уайымсыз, ойсыз жата бер,
Жұрт үшiн түстiң, арман не?

Көзiн ашып, артыңда
Жұртың ойлар: “Бұл қалай?
Тайынба, қорықпа, тартынба!” –
Деушi болар бiрталай.

Ұмытпаған өз ұлтын
Қайратты жас жiгiттер
Жұрт үшiн салар мал-мүлкiн,
Бiрiн-бiрi үгiттер.

Ұстасын, жапсын, уайым жоқ:
“Қоймай қуса қорқақты –
Батыр болар” деген көп,
Батыр ғып, одан не тапты?

Өрнек болар мұндай iс
Кейiнгi жанған жастарға.
Қайраттанып, күйiп iш,
Азуын шайнар қастарға.

Қараңғы болса қанша түн,
Жұлдыз сонша жарқырар.
Бұлт басса да Алтын күн,
Бiр шығар, жердi жарық қылар.

Келешек күнде қағазға,
Алтынмен жазар атыңды.
Құшақтап сүйер, қағазда
Көрсе жазған хатыңды.

Уайым-қайғы жұтады,
Сенi ойлап, сорлы жұрт.
Аңдыған жау ұтады,
Тәңiрi, соның түбiн құрт.

Саған көк те тiлектес,
Бұралған өңшең нәзiк бел,
Перiштелер жаныңда!
Еш қайғырма, рақат – анық бiл...

Мейiрiмi кең күштi Ием,
Сорлы жұртты оң баста.
Дұшпан – құлаш, бiз – сүйем,
Рақмет ұшқынын таста!

Көбейсiн елде қайратты ер,
Жұрт үшiн болсын қара тер.
Сорлы жұртты бастасын,
Жасаған, соған көмек бер!
Доп      


Мақала ұнаса, бөлісіңіз:


Іздеп көріңіз:
мағжан жұмабаев Жауға түскен жанға өлең олен стих, стихи магжан жумабаев на казахском языке, мағжан жұмабаев Қазақша өлең, казакша олен магжан жумабаев, мағжан жұмабаев казакша олен, мағжан жұмабаев өлеңдері, магжан жумабаев олендери на казахском языке, магжан жумабаев стихи, магжан жумабаев стихи на казахском языке, магжан жумабаев олендери, мағжан жұмабаев Жауға түскен жанға өлең олен магжан жумабаев стихи на казахском, мағжан жұмабаев өлең олен стих

Пікір жазу

  • [cmxfinput_gallery][cmxfinput_youtube]