Қазақша өлең: Қадыр Мырза Әли (Той - тамаша пернесі)

Қазақша өлең: Қадыр Мырза Әли (Той - тамаша пернесі)

Қызығыңнан қартаймас;
Қазағыңның әулеті.
Дос-жолдастан ортаймас
Дастарханның дәулеті.

Саяқ бұлттай көшіпті
Сал-серілер жасында.
Даудың өзін шешіпті
Дастарханның басында.

Қарыздар боп қайтыпты
Қазақтарға қайсың да.
Билігін ел айтыпты
Дастарханның басында.

Атамыздың асынан
Үлкен емес тақ биік.
Жыланның да басына
Шығарған ол ақ құйып!

***

Ағайын, не аңғардың?
Аңғармасаң, қарашы:
Танымайтын жандардың
Түбі – жиен-нағашы.

***

Шақырды ма?
Кезінде
Бару, досым, міндет бұл.
Суық түннің өзін де
Май тоңғысыз түн деп біл!

Қыз-қырқыннан сын көрсең,
Қызарарсың терлеп бір.
Қай орынға дәл келсең,
Сол орынды төр деп біл!

Алып жібер қинаса,
Ал, ағайын, ал! – деп бір.
Қай шараппен сыйласа,
Сол шарапты бал деп біл!

Қожайынды сен тегі,
Құлақкесті құл деп біл.
Жарын – сұлу,
Тентегін –
Тәрбиелі ұл деп біл!

***

Қызықтан,
Құмар-сайраннан,
Қолыңнан келсе,
Тартынба!
Жұртпенен бірге жайраңда,
Жұртпенен бірге жарқылда.

Біреулер ішер тамсанып,
Ішпесең ішпе, сүймесең.
Жұртпенен бірге ән салып,
Жұртпенен бірге биле сен!

Дулатып тойды тамада,
Болмайды, жігіт, бұл айып.
Ойлай да білген адамға
Тойлай да білген лайық!

***

Бастасаң әнді бір ғажап,
Бүкіл жұрт болып қолдайды.
Өнерсіз жанды бұл қазақ
Қатарына қоспайды.

Жігітпен түзде түлеген
Қалайша бір жыр шықпайды?!
Қазақтың ұлттық тілі – өлең,
Өлеңсіз сені ол ұқпайды.

Бейтаныс тілде салсаң да,
Болғаны – берсең ән салып.
Жаңыла жаздап қалсаң да,
Тыңдаймыз сені тамсанып.

«О баста өнер қонбаса,
Сол үшін тойда күймек пе ер?!»
Күйеді!
Даусың болмаса,
Ортаға шығып билеп бер!

Өйтпесең, жұрттың оншама
Көңілі саған толмайды...
Өнерсіз адам болса да,
Өнерсіз қазақ болмайды!

***

Жетеді өнер жұртыма,
Жадыралық ән салып.
Жыр таусылса,
Сыр тыңдап,
Сүйсінелік тамсанып.

Жат отыр деп қасымда,
Жалақтама, жолдасым.
Тек
Дастархан басында
Өсек-аяң болмасын!

Мән бермегін, толайым,
Көрсең көңіл тасқынын.
Жақсы болсақ болайық,
Жамандамай басқаны!

Емес ерге лайық
Ойлау қара бас қамын.
Үлкен болсақ болайық,
Кішірейтпей басқаны!

Өліспес те беріспес
Құрып кетсін тамам дау!
Жас қыранға келіспес
Жапалақты жамандау.

***

Ауыр
Тойдың өзінде
Азаматтың жүгі тым.
Бір үзіліс кезінде
Бәйбішеңе, жігітім:

«Қатарыңның ең әсем,
Ең сұлуы – өзің!» де.
Демедің бе?
Демесең,
Дәм болмайды сөзіңде.
Сөйлегенде қамықпа
Айтпадым деп ұлы сөз.
Қажет кейде халыққа
Ұлы сөздей жылы сөз!

***

Тентек су
Ерді қалайды
Тынбайды дейміз өлтірмей.
Ішетін ел бар алайда
Араққа бір сөз келтірмей.

Жігіттің жампоз жайсаңы
Жырласа қызып,
Күлмеңдер...
Ішкіштер емес – той сәні,
Той сәні – іше білгендер!
Доп      


Мақала ұнаса, бөлісіңіз:


Іздеп көріңіз:
той туралы өлеңдер, той туралы олендер, стихи на казахском языке про той, қадыр мырза әли өлеңі олен стих, қадыр мырза әли өлеңдері әдеби әлем, кадыр мырза али стихи на казахском, қадыр мырза әлі өлеңдер жинағы, қадыр мырза әли өлеңдер жинағы

Пікір жазу

  • [cmxfinput_gallery][cmxfinput_youtube]