Қазақша өлең: Естеу Нүсіпбеков (Буынсыз тіл)

Қазақша өлең: Естеу Нүсіпбеков (Буынсыз тіл)

Буынсыз тіл қайнағанда,
Балқытады тас көңілді жібітіп.
Буынсыз тіл жайнағанда,
Ұсатады таудың тасын үгітіп.

Буынсыз тіл жай тастаса,
Қақ жарады — қақырайды қарағай.
Буынсыз тіл ой тастаса,
Жұбанады қара дию баладай.

Буынсыз тіл сүт ірітсе,
Шалап етер қымызды да айранды.
Буынсыз тіл сөз жүгіртсе,
Бітпес бүлік елге салар ойранды.

Буынсыз тіл шайтанға ерсе,
Аздырады —
Адастырып жолыңнан.
Буынсыз тіл сайқалға ерсе,
Талатады —
Итін қосып соңыңнан.

Буынсыз тіл бүлік қосса,
Айырады тату-тәтті досыңнан.
Буынсыз тіл иіс қосса,
Аластайды қаһары күш қосыннан.

Буынсыз тіл кесір салса,
Қағыласың ыдысыңда асыңнан.
Буынсыз тіл жесір салса,
Қағыласың иығыңда басыңнан.

Тілі күйген оңа қоймас,
Кәрі-жасқа, қасқа-досқа аян-ақ.
Тіл күйсе жол бола қоймас,
Тілді, ділді ұста, достар, аялап.

Тіл түзуі — діл түзуі.
Тілің, ділің былғанбасын, замандас.
Тіл бұзығы — діл бұзығы.
Бұзық болма тілде, ділде замандас.

Тіл — буынсыз,
Діл — буынды.
Тіл тізгінін ділге ұстат, діт сақта.
Ар, иманды дін туыңды
Төмендетпе,
Діл, дініңді күт, сақта.
Доп      


Мақала ұнаса, бөлісіңіз:


Іздеп көріңіз:
естеу нүсіпбеков Буынсыз тіл өлең естеу нусипбеков олен стих, естеу нүсіпбеков өлеңдері, естеу нүсіпбеков өлең олен скачать, естеу нүсіпбеков все стихи на казахском языке естеу нусипбеков

Пікір жазу

  • [cmxfinput_gallery][cmxfinput_youtube]