Өлең өрімдері
Ұрпақ үні
Абай Құнанбаевқа арнау
Мен бақыттымын!
Тәуелсіз елде туылдым,
Өмірге іңкәр, өлеңге құмар қызыңмын.
Кемеңгер ойлы, данышпан Абай атамды,
Жан - тәніммен жырлауға бүгін жүгіндім.
Мен бақыттымын!
Ғұлама Абай – сөз басы,
Қарасөздері - тәлім - тәрбие қоймасы.
Адамдықтың негізін шашқан жырымен,
Шәкәрімнен табылған ой жалғасы.
Мен бақыттымын!
Шаттана маған қараңдар,
Абай менен Шәкәрімдей данам бар.
Ауадай керек дарабоздардың жырлары,
Әр айтқан ойын қазынаға балаңдар!
Мен бақыттымын!
Жаттадым жырын Абайдың,
«Жүректен тербеп» сезімін ашқан талайдың,
Барша қазақтың кемеңгер, асыл ұстазы
Данышпан - Абай, шаттығым - Абай, Абай - мұң.
Мен бақыттымын!
Шәкірт едім жыр қуған,
Абайдан аттап өте алмас ешбір жыр, думан.
Мағжан ақын да бас иіп өткен Абайға
Мұқағали да мұңын шағып, жыр буған.
Мен бақыттымын!
Бақытты менің Отаным,
Абайды айтсам түседі еске Шәкәрім.
«Адамдық борыш – халқыңа еңбек ет» деген,
Абай жолымен жалғастырып сапарын.
Мен бақыттымын!
Абай, Шәкәрім – пырағым,
Екі ғұлама - халқымның екі шырағы.
Қос қайнардай қос арысы қазақтың,
Әдебиетімнің төрінде болар тұрағы.
Мен бақыттымын!
Бақыттың мәні тереңде,
Қос ақынның тарайды маржан әні елге.
Абай мен Шәкәрім сынды қос дана,
Қазақтың атын танытқан барша әлемге!
Фариза Оңғарсыноваға
Жайықтың суындай жағаны соғатын,
Жырларын оқысаң көңілге қонатын,
Фариза ақынның айбынды өлеңі,
Жүректің түбінен өз орнын алатын.
Каспийдің алапат толқыны секілді,
Маңғаз жыр самалы өбеді бетіңді.
Аққудай пәк жырдың иесін пір тұтып,
Өзіңді мен бүгін жырлауға бекіндім.
Батыстың батыл да біртуар қызысың,
Өзіндік орны бар ақынның бірісің
Отанды сүюді үндеген ойыңның
Мәні мен маңызы зор әсте біз үшін.
Жырыңды оқысам нәр алып, нұрланам,
Сол сәтте жүрегім толқындай тулаған.
Тұлғаңды пір тұтқан тек қана мен емес
Ақиық Мұқаңда өзіңді жырлаған.
Әр ақын өзіндік биікке қонады,
Әркімнің өзіндік орны болады.
Фариза секілді дарабоз ақынның
Әрдайым болсыншы жұлдызы жоғары!
Дауылпаз ақын
Дархан халықпыз, дәріптей алар ақынын,
Азаттық үні ер Махамбет батырым.
Еркіндік теңдік керек деп қозғай білді ғой
Ер көңілінің тұнығындағы асылын.
Оттай қызулы, серпіні селдей жырлары,
Ақ жүректерге толқу салды тынбады.
Әлдилеген арманы болған азаттық,
Пір тұтамыз Махамбеттей тұлғаны.
Жыраулар туған құтты мекенде туылдың,
Қылыштай өткір өлеңдеріңді үғындым.
Жүздеген жылдар жылжып өтсе де арада,
Сыры кетпейді, сыны түспейді жырыңның.
Әділетсіздік пен теңсіздікке төзбеді,
Қорғасыннан құйылғандай сөздері,
«Тоқтамай тартып, толарсақтан саз кешіп»,
Ұлттың рухын көтерді соғыс кездері.
Жырларыңды оқыған ұрпақ тілдесіп,
Рухтанар сөзсіз тәуелсіз, азат күй кешіп.
Дауылпаз ақын дәуір сипатын танытты,
Ақындығы мен батырлығы үндесіп.
Махамбет сөзі құрыш болаттай өтімді,
Еркіндік туын желбіретуге бекінді.
Өшпек емес батырдың өжет бейнесі
«Атадан туған ардақты ерлер» секілді.
Қазағымның маңдайына сыймай кеткен сұңқарым Төлеген Айбергеновке арнау
Өлеңі өрт, өшіре алмас ғасыр да,
Төлегенді теңеймін мен асылға,
Ақ жүрегі аңқылдаған ұқсайды,
Мұқағали, Мұхтар сынды досына.
Ай маңдай ақын перзенті едің ұлтымның
Жалын жырмен буырқандың, бұлқындың
Шалқар шабыт алып сенің жырыңнан
Мен де өзіңдей өлең сөзге ұмтылдым.
Аз ғұмырда мол мұраңды қалдырдың
Оқырманға жігер бердің, жандырдың
Ғұмырыңды жалғастырды жырларың,
Құламайтын жыр мұнара салдырдың.
Найзағай жыр, жастық жалын бойыңда,
Жыр оқыдық, міне, бүгін тойыңда
Қазағымның Төлегені өлмейді.
Жырларынан халқы ғибрат алуда.
Источник: bilimdiler.kz
Мақала ұнаса, бөлісіңіз:
Іздеп көріңіз: