Отыз жыл болды ұядан ұшқан күнге


Авторы: Ғабиден ҚОЖАХМЕТ,
Қызылорда қаласы

Отыз жыл болды ұядан ұшқан күнге

Қазалы ауданы №25 мектебінің 37 - түлектерінің мектеп бітіріп, аттестат алған күндеріне де дәл биыл ғана 27 маусымда отыз жыл толмақ. Олардың мектеп табалдырығын аттағанда қабылдап алған алғашқы ұстаздары Әбдіразақов Нұғыман ағай мен Жүсіпов Жанұзақ ағай, ал мектеп бітіріп, түлек болғанда өмір айдынына шығарып салған сынып жетекші ұстаздары Сахиев Қуантқан ағай мен Қуатбаев Мұрат ағай еді.

Отыз дейтін шамшырағы тұр өрде,
Дегендей - ақ өткен жолды түгенде.
Кеше олар іні болып еді баршаға,
Өздері енді аға боп жүр біреуге.

Аға боп жүр кешегі ерке ұл бүгін,
Жары ашып ақ боз үйдің түндігін.
Арман қуып ұшқан қызы кешегі
Кішілерге жеңге болып жүр бүгін.

Өзі бата алған кеше үлкеннен
Аға болып орын апты ұл төрден.
Кеше олар туған жердің төсінде
Нұра жақтан балалықпен гүл терген.

Армандары шақырғандай жырақтан,
Жандарында сосын жастық гүлі атқан.
Кеше олардың сезімдерін сыр етіп
Көше әндері албырт жанын жұбатқан.

Сол әнменен талай кешін өткерген,
Әнге ұйыған қара көзден от көрген.
Әндер еді әуендері әдемі,
Ал сөздері қарапайым боп келген.

Оның сөзін әлі жұрттар біледі,
Гитарада айтылатын үнемі.
Сол әнменен шаттанатын ару жүз,
Жастықпенен албырайтын ұл өңі.

Бет желпіген кешкі самал ескенде,
Айтылатын талай - талай кештерде.
Сол гитара ару қыздың жігітін
Шығарып сап тұрды сосын әскерге.

Мақсаттары қолын бұлғап көш белден,
Әуенменен жастық арман көшке ерген.
Сол гитара сол арудың жігітін
Күтіп алып тұрды сосын әскерден.

Есейді сосын, жылдар жылжып өтпек - ті,
Артқа тастады балалықты, мектепті.
Ал сонан соң бір кездегі балаң ұл
Ұл мен қызға өздері әке боп кетті.

Ергенменен жылдар дейтін ағынға,
Балалығы жүрді ұя сап жанында.
Сосын келіп бір - біріне хат жазды:
"Жиналыңдаршы тағы да бір ауылға!"

Тағы да бір ашылсын сыр сандығы,
Мектеп жақта балалықтың қалды үні.
Сабақ берген ұстаздардың кешегі
Бірі ортада, өмірде жоқ ал бірі.

Жастық шақта ештеңе жоқ бөгердей,
Қалмап еді сезімдері еленбей.
Елеңдейді кей жігіттің жүрегі
Кешегі қыз қандай бопты дегендей.

Елең қақсын, әке болған ұл күлсін,
Хат жазды ма уағында, кім білсін.
Кластастар дейтін жұрттар оларды -
Қалжың айтып бірін - бірі күлдірсін.

Тілек тілеп мектеп қыз бен барша ұлға,
Аттестатын алған олар маусымда.
Есейіңдер деген мектеп оларға,
Балалығың аманат боп қалсын да.

Алды ма олар өмір жолда ұтып бір,
Соны санайды, қадамдарға бітіп гүл.
24 - пен 26 маусымда
Сол қуаныш оларды енді күтіп тұр.

Құрдас, дейді, деме уақыт тапшы ғой,
Жиналып алып, айтайықшы жақсы ой.
Жасайық, дейді, қарт ұстазға құрмет,
Той болғаны, ой болғаны жақсы ғой!

Отыз жылдық ой

Кетсе - дағы сол күндер алыс қалып,
Жетті ме олар өмірде табысқа анық.
Түлектермен бір кезгі Мектеп - Ана
Отыз көктем өтті де қауышты анық.

Олар бүгін басынан кешті нені,
Сол жылы туған перзент ес біледі.
Отыз көктем өтіпті оларға анық,
Соңғы қоңырау дауысын естігелі.

Талпындырып өренін баққа білем,
Мектеп - ұя бұлармен мақтанып ең.
Отыз көктем өтіпті оларға анық,
Қоштасқалы шәкірттік шақтарымен.

Шақырғанда болашақ думана - дүр,
Шығарып сап ұл - қызын тұрған ауыл.
Отыз жыл белестен соң мектебіне
Қауыштырды перзентін туған ауыл.

Мектеп - Ана дәл бүгін мақтанып ал,
Ілікті өмір - жолда баққа бұлар.
Енді бүгін отыз жыл аясында
Отыз жылдық сағыныш ақтарылар.

Алтын ұя дарытып берекесін,
Бүгін де олар кеңейтті керегесін.
Кешегі ұл - қыз бұл күнде жайып бұтақ,
Әлдилейді базбірі немересін.

Кешегі ұл - қыз, кешегі бала бүгін,
Толқиды қайта көріп дала гүлін.
Өмір сыны есейткен ұрпақ енді
Сағынышпен еске алар бала күнін.

Қайта ақтарып отыз жыл парақтарын,
Іздейді олар шәкірттік сол ақ таңын.
Өмірде жоқ еске алып қимастарын,
Түгелдер отыз жылда жоғалтқанын.

Ұстаз - көңіл түлекпен толар да анық,
Кеуделерге той сәні қонар барып.
Қауыштырып шәкіртті мектебімен
Күлімдеп тұр ойлы отыз оларға анық.


Источник: bilimdiler.kz
Доп      


Мақала ұнаса, бөлісіңіз:


Іздеп көріңіз:

Пікір жазу

  • [cmxfinput_gallery][cmxfinput_youtube]