Өлең: Жұмағали Саин (Доспен сырласу)

Өлең: Жұмағали Саин (Доспен сырласу)

Өтер күн, сағымдайын өтер жылдар,
Қартаяр сансыз адам өмір зырлар,
Сенімен біз жайлаған Көкше сырын
Жыр етер сұңқылдаған талай ділмар.
Қауданды, қарағайлы жерін де айтар,
Сүйікті қыз көзіндей көзін де айтар,
Жаз бен қыс баурайында мекендеген,
Меймандос берекелі елін де айтар.
Біреулер сырлы, жұмбақ қызын да айтар,
Бұлт басқан тау өркештен күзін де айтар,
Мақтасар аспанын да, жерін - дағы
Қыратты, жоңышқалы түзін де айтар.
* * *
Жүр менімен енді ілгері сен бірге,
Бақыт пенен мехнатты жең бірге.
Мезгіл-мезгіл үрлеп ыстық лебіңмен
Махаббаттың жанған отын сөндірме!
Сезбедім мен, жүрдім ұзақ сезбедім,
Алаңымен өмірдегі өзгенің.
Шіркін, жүрек, білмей қалдым сырыңды,
Жайған өрттей лауларыңды кезбедің!
Күндіз өткен... Жай өтпеген ұрланып,
Білте шамдай жана берген сұрланып,
Енді міне қарағанда жүзіңе
Абыржимын бір тұтанып, бір жанып.
Бұл немене? Қан мен жанды тербеген,
Тілмен айтып жеткізуге келмеген,
Жүрегімнің айғайы ма шақырған,
Сезімі ме тал бойымның сен деген.
Не болса сен әкелдің, сен бердің,
Жұмбақ сырлы бір жолменен мен келдім,
Білмей қалдым жолда жанар жүректі,
Білмей қалдым тірілерін еткеннің...
* * *
Одан да биік аспандап
Мен тынымсыз ағармын.
Мүмкін осы бұлттан —
Көк бақшасын табармын.
Бұлттан бұлтқа сөгілермін
Көкке асармын тағы да,
Адам мәңгі өлмейтін
Кездесер шаптал бағыма.
* * *
Жел болсам тегіс құшып өбер едім,
От болсам жылуымды себер едім,
Амал жоқ, алынбайды - ау, дос жолына
Сый етіп жүрегімді берер едім.
Дән ексем жерге достық егер едім,
Бұлт болсам соған тамшы себер едім.
Жайнаған гүлден гөрі, ыстық құмға
Дос үшін жылда айналып келер едім.
Жүрсе де біреу сырда, біреу қырда,
Қосылар дос жүрегі әрбір жылда,
Туысқан алыстағы қырғыз достан
Ардақты Қасекең де отыр мұнда.
Алыңдар,
Көтеріңдер шараптарды,
Таң болып күміс бокал қарап қалды,
Кәнекей, мадақтайық, көтерейік,
Достарды, сый, құрметті дастарқанды!
* * *
Көзіме не елестейді алыста
Жұмбақ емес жаста көрген таныста,
— Ей, жолдас - ау,
айтшы мынау кеш жайын,
Таңданбаңыз
Біз көреміз күн сайын!
Не қылған көш?
Бұлар қайда барады!
Бедірейіп бетіме ол қарады.
Неге сонша тамашалап сұрадың,
Сығандарды білмейсің бе, шырағым.
Ауыл емес, сығандар ғой, сығандар.
Байқамаппын, тым алыстан кім аңдар,
...Өткен ғасыр, өшкен өмір қалтырап:—
Қатын, бала, қоқыстарын артып ап,
Бір топ сыған көз алдыма басылды,
Ақты, қара, қызыл менен жасылды.
Күйме жеккен...
Аттары арық, кемпір, шал,
Жігіт, қызы, жас баласы тағы бар.
Жүздеген жыл сыған біткен кешеді,
Қыста боран, жазда селдер кеш еді,
Көрген жандар:—тұрағы жоқ, жері жоқ
Сыған жел ме, жел сыған ба деседі.
* * *
Лапылдаған жалыны бар кеудемнің
Мұзды дауыл бұрқанса да сөнбейді,
Қызыл шоқтар шалқар көкті өрлейді,
Маздайды от,
Қыздырады маңайын,
Кел, достарым, құшағыма, кел дейді.
Мыңдар сүйіп
Күш береді, үрлейді,
Шалқиды ұшқын сөнуді бір білмейді,
Отқа құмар жандар мені қоршайды,
Түн баласы маңайымнан жүрмейді.
Қызыл жалын
Лапылдайды, маздайды,
Қаулай атқан екпінінен жазбайды,
Лақтырады жалынды өлең жолдарын
Көкірегімді күйдіре де жаздайды...
Қызыл шоқтан жаратамын жырымды,
Ыстық леп күйдіреді тілімді,
Туады өлең жүрегімнен балқыған,
Отты сөзбен мадақтаймын бүгінді.
Күндер батсын, таңдар атсын жаңғырып,
Өгей жандар дала кезсін қаңғырып.
Мен ортаңда ұшқындарын, болармын,
От жүрегім қалар менің мәңгілік.
* * *
Тітірейді, қалшылдайды жер мен көк,
Нажағайға қарсы тұрар дәрмен жоқ,
Қара бұлттар соқтығысар аспанда
Таңғажайып табиғатта сырлар көп...
Жел құтырып кейде дауыл шақырар,
Ойран етіп жер, аспанды сыпырар,
Тыныш жатқан теңіз кенет жынданар,
Кемені ұрып, су түбіне батырар.
Күркіретіп, дірілдетіп жай үстін,
Бұлтты кезер жарқылдаған нажағай,
Дәл нажағай секілденіп бір ұшқын,
Өн бойымда тұтанады, ғажап - ай,!..
Ұшқын менен қызуы бір сапырған,
Бұрқылдаған жүрегімнің қаны бар,
Нажағайдай жарқыл қағып атылған,
Жалын болмай өмірдің не сәні бар.
Доп      


Мақала ұнаса, бөлісіңіз:


Іздеп көріңіз:
жұмағали саин сайын Доспен сырласу өлең стихи на казахском жумагали саин казакша олен, жұмағали саин сайын өлеңдері шығармашылығы, жумагали саин стихи на казахском языке, жумагали саин олендери шыгармашылыгы, Доспен сырласу

Пікір жазу

  • [cmxfinput_gallery][cmxfinput_youtube]