Қазақша өлең: Орынбай ақын Бертағыұлы (Бұл күнде бірлік кеткен мұсылманнан)

Қазақша өлең: Орынбай ақын Бертағыұлы (Бұл күнде бірлік кеткен мұсылманнан)

Бір жан жоқ болыстыққа талас емес,
Бір-бірінен көңілі аласа емес.
Бір Құдайдан басқаға исінбеген,
Біздің қожа үш жүздің баласы емес.
Бастан бұлт кетпейді күн жайланып,
Сақау озды шешеннен тіл байланып.
Тұлпардан есек озып бәйге алып жүр,
Бұл күнде заман кеткен теріс айналып.
Тұлпар басы тоқтамас тасқа ұрынбай,
Ораз атаң отаудың басқұрындай.
Жақсылық жақсы күнде атың шығар,
«Ене табар Қайнардың қасқырындай».
Шын болат шынар шапса, майрылмас-ты,
Ермек бажаң ұраны - айрылмас-ты.
Бір жаман ұран айтып, салса сауын,
Қатыны, бажаң түгіл, қайрылмас-ты.
Оман аққан дарияның құруы жоқ,
Әділ төре билігін бұруы жоқ.
Тіріліп Наушаруан Әділ келсе,
Бұл күнде болыс болмас руы жоқ.
Насыбайға жарымас шақшасы жоқ,
Қызға көпшік жараспас боқшасы жоқ.
Қайратқа Рүстем - Дастан болсаң дағы,
Бұл күнде болыс болмас ақшасы жоқ.
Керуен шығар қалаға қостарымен,
Амандасып кетеді достарымен.
Әркім теке қояды өз лағын,
Ісі бар ма біреудің қошқарымен?!
Әркім тойда сөйлесер іңкәрімен,
Бектер аңға шығады сұңқарымен.
Әркім бақпай өзінің қотыр тайын,
Ісі бар ма біреудің тұлпарымен?!
Бір атты бір атпенен өңгере ме,
Айбатын арыстаннан кем көре ме?
Әркім бақпай өзінің көтеремін,
Біреудің тұлпарына жем бере ме?!
Асқар таудың айбыны қарыменен,
Өзен көркін көреміз жарыменен.
Әркім үкі тағады ботасына,
Ісі бар ма біреудің нарыменен?!
Есті кісі есермен ойнамайды,
Бойы қысқа тереңге бойламайды.
Ақша берген кісіні болыс сайлап,
Елубасы ел қамын ойламайды.
Орның бар өткен биден, өткен ханнан,
Озып жүрген тұлпар бар мың мен саннан.
Көкірексіз көзіменен ой ойлайды,
Бұ күнде бірлік кеткен мұсылманнан...
Сөйлейді әр алуан пенде ағасы,
Жыласа, қабыл болар көздің жасы.
Закон жабу жабады шолпыменен,
Есекті ат сайласа елубасы.
Құдайым барша жанды жаратып тұр,
Бірін аз, бірін көп қып таратып тұр.
Елубасы тышқанды болыс сайлап,
Арыстанды аузына қаратып тұр.
Ақшаңды шашып кара, иә, сенбесең,
Құлан жылқы бола ма, кісендесең?
Ағайынның аздығы бұл тұрғаным,
Болмаса мен де осал кісі емес ем.
Қартайып, ақылымнан танғаным жоқ,
Әлемде алдыма жан салғаным жоқ.
Руымның аздығы бұл тұрысым,
Болмаса ғибрат таппай қалғаным жоқ.
Көкірегім дариадай шалқушы еді,
Қызыл тілім кемедей қалқушы еді.
Сөйлесем мың кісінің ортасында,
Тындаған қорғасындай балқушы еді.
Қанша шешен болғанмен тілің балдай,
Қалың жұртың болмаса қара талдай,
Қара тасты балқытсын қанша тілің,
Сайлау күні болмайды керім салдай.
Халал жүрген жігітке Алла жар-ды,
Харам жүрген жігіттің пиғылы тар-ды.
Хүкімдердің сайлауы ғаділетті,
Өз қолыңа береді ықтиярды.
Көп хүкімді өткіздік көзімізден,
Қате кетсе, кешіргейсіз, сөзімізден.
Кімдер бар ғаділетпен сайлау түзер,
Бұқара ғайып етсе өзіңізден?
Қарағай тораңғыдан өсер бойлап,
Елубасы іс қылмас түбін ойлап.
Осы күнде көбінің миы ашып жүр,
Жол көрмеген қойшыны болыс сайлап.
Бәз болыстар, қарызға батып жүрсің,
Бал де ұрттап, заһарды татып жүрсің.
Хүкімдер ықтиярды берді өзіңе,
Бұқара, бір-біріңді сатып жүрсің.
Сөзі үлгі болады нақылдының,
Онбасы сый көп шығар жақындының.
Ақша шашқан адамдар болыс болып,
Бәрі де жайында жүр ақылдының.
Доп      


Мақала ұнаса, бөлісіңіз:


Іздеп көріңіз:
орынбай акын Бұл күнде бірлік кеткен мұсылманнан олен өлең, орынбай ақын өлең, орынбай ақынның әдеби мұрасы, стихи на казахском языке орынбай акын, орынбай акын олен өлең, Орынбай ақын Бертағыұлы өлең қазақша

Пікір жазу

  • [cmxfinput_gallery][cmxfinput_youtube]