Өлең: Жетім көдек (Қазақ ауыз әдебиеті)

Өлең: Жетім көдек (Қазақ ауыз әдебиеті)

Қолыма қалам алдым хат жазғалы,
Бiрталай заман болды халық озғалы.
Жақсылар, құлақ салып тыңдасаңыз,
Дейтұғын жетiм көдек сөз қозғалы.
Ертеде бiр шал болған Түркiстанда,
Бейшара қасiретпен өткен онда.
Екi ұлы қолқабысар жас едi әлi,
Күн кешiп жарлылықпен, болған кемда.
Жарлы шал жүрушi едi жусан шауып,
Байғұстың кемтарлықпен көңлi ауып.
Жусанды әдетiнше шауып жүрiп,
Ол жерден бiр жұмыртқа алды тауып.
Шалда бар адал малдан жалғыз түйе,
Оған да жарлылықпен болған ие.
Қолымнан бұл шыққанда болмайды деп,
Жанындай сақтар едi оны сүйе.
Бiр күнi жусан артып базар кеттi,
Көрiңiз онда болған ғадалеттi.
Алдынан қарсы шығып бiр бай жөйiт оған:
— Сатыңыз жусаныңды маған, — дептi.
— Жусанды мен сатамын, балам, саған,
Пұлын бер базарқы сен де маған.
Ол жөйiт те пұлын берiп алды дағы,
Және айтты: — Сiзге айтам маған қараң.
Бұл сөзбен ол жөйiтке шал да бақты,
Есептеп жусанның пұлын апты.
— Жан балам, не айтасың маған? — десе,
Жөйiт айтты: — Бар нәрсеңдi маған сатшы.
Менде жоқ ешбiр нәрсе, жаным балам,
Жусанды кеше шауып, бүгiн салам.
Қалайша басқа бiр зат менде болсын,
Күнделiк ауқат болмас пұлын алған.
— Қарашы өз бойыңды, ата, келiп,
Сөзiме менiң айтқан анық сенiп.
Сiзде бар бiр нәрсенiң нышанасы,
Сол затың балқытып тұр менi ерiтiп.
Менде жоқ ешбiр нәрсе, қараққанам,
Қайталап сұрай берме, сөзiме нан.
Басқа зат қай түрiммен болсын менде,
Шал едiм бала жастан жарымаған.
Осылай бiр ишарат жөйiт сұрады,
— Бар, ата, маған бергiн, — деп сұрады.
Жусанда қалтадағы жұмыртқасын
Шал дағы қоймаған соң ап бередi.
— Ақына қанша аласың мұның? — дедi,
Берiп кет осы затты маған ендi.
— Бiлмеймiн, өзiң бершi, жаным балам,
Әуелден емес едi мәлiм маған.
Шырағым, қанша берсең, өзiң бергiн,
Ат-түйе деп ойладың ба менен алған.
Ол шалға жөйiт бердi бiрқанша пұл,
— Әй, ата, және болса алып кеп тұр.
Мен сiзге артықша ақша берiп тұрмын,
Һәр күнi маған мұны келтiрiп тұр.
Ол жөйiттен қуанып шал пұлын алды,
Бейшара ұстамаған мұндай пұлды.
Қашанда жарлылықпен күнi кешiп,
Құдайға нала болып зарлар едi.
«Қалайша мұнша ақшаны жөйiт бердi», — деп,
Бейшара қайта-қайта санар едi.
«Бiр мұнша ақша бердi ол жөйiт маған,
Адам ем әуел бастан жарымаған.
Япырым-ау, өңiм болса жарар ед, — деп,
Болмасын ол жөйiт менi және алдаған».
Осындай қиялменен бейшара шал
Санайды қайта-қайта пұлын алған.
«Жарлы едiм қазiр ғана бiр пұлға зар,
Қалайша бердi маған ол ақылдар.
Бұл ақша алғандығым рас болса,
Және де түсiм болмай, өңiм болса,
Әр түрлi қымбат баға матаны алып,
Түйемнiң жүгiн бiт қып қайтсам жарар».
Базардан сауда қылып мата алды,
Көрген жан танымады жәудiр шалды.
«Базарда бiр жұмыртқа бiр пұл болса,
Не үшiн ол жөйiт маған көп пұл бердi».
Бiр ғана жұмыртқаның ақшасына
Қаншама хараж қылып қайтады ендi.
Үйiне өлеңдетiп жәудiр келдi,
Дүниеде көрмеген ед мұнша пұлды.
«Жұмыртқа күнде мұндай табылса, — деп,
Жөйiттен аламын, — деп, — мен көп пұлды».
Алдынан қатын шықты, бала шулай:
— Өзгеше күндегiден бүгiн шырай,
Нелiктен өлеңдетiп қайттың, шалым,
Бердi ме ғайыптан пұл саған Құдай.
Болмаса бар ақшаңа арақ iшiп,
Келдiң бе масқара боп, сен сұмырай.
Қақақтап қартайғанда тауыққа ұсап,
Нелiктен сонша есiрдiң, байғұсым-ай.
Өмiрiңде жарымаған шал едiң сен,
Құдайдың ұшырапсың қарғысына-ай.
Бұл сөздi есiткен соң шал да састы,
Жәудiр шал ұялғаннан бетiн басты.
Жауабын толық қылып айта алмастан,
«Пұл таптым, пұл таптым» деп тұра қашты.
— Япырым-ау, жын ұрды ма сен байғұсты,
Қалайша кәрiп басың болған күштi.
Ап келдiң мұнша затты қайдан тауып,
Қылдың ба әлде ұрлық, қылмас iстi.
Ол бастан жарымаған шал едiң сен,
Әлдекiм мұнша ақшаны саған берген.
Япырым-ау, қайдан алдың, шыныңды айт,
Мата екен өмiрiмде мен көрмеген.
Дұрыстап шыныңды айтшы ендi, шалым,
Тапқансың қандай түрде мұның бәрiн.
Қай түрлi Алла бердi мұны саған,
Баян ет раушан етiп ахуалын.
— Сен, кемпiр, айтпасыма еш қоймадың,
Ал, тыңда, мұның жайын ендi айтайын.
Есiркеп бай жөйiт өзi маған бердi,
Ап келдiм соның үшiн мұның бәрiн.
— Мұнан да анығырақ айтшы, шалым,
Раушан iстiң қалай болғандарын.
Бұл нешiк жерден ақша тауып алдың ба,
Болмайды жай табуға мұның бәрiн.
— Мен барып мұнан тұра жусан шаптым,
Жусаннан бiр ғажайып жұмыртқа таптым.
Базарға оны апарып жөйiтке сатып,
Пұлына мұнша затты алып қайттым.
— Жусаннан бiр жұмыртқа тауып алған,
Базарға ат-түйедей оны салған.
Нәйетi сатқаныңыз бiр жұмыртқа,
Қалайша мұншама зат пұлы болған?
Ақылға бұл айтылған тура келмес,
Һеш уақытта көп ақшаны жөйiт бермес.
Алдамай шыныңды айтшы қартайғанда,
Бiр жұмыртқа мұнша болу жөнi келмес.
— Базарға мен жусанды салып едiм,
Жақындап жөйiт үйiне барып едiм.
Алдымнан қарсы шығып бiр науша жөйiт:
«Маған сат жусаныңды, ата», — дедi.
Жусанды жөйiтке саттым пұлын алып,
Қалтама жұмыртқаны қойғам салып.
Жөйiт айтты маған қарап: — Тыңда, ата, — деп,
Сiзде бар және бiр зат, бер, — дедi, — алып.
Маған бер ол затыңды, ата, — дедi,
Ақына аласыз пұл, яки мата, — дедi.
Сiздi мен құрсант етiп қайтарармын,
Болмассыз менен, ата, қапа, — дедi.
Таңғалдым мен де бұған ойланып көп,
«Менде жоқ бұдан басқа еш нәрсе», — деп.
Жұмыртқа қалтамдағы ойға түсiп,
Ап бердiм сұрағаның бұл болар, — деп.
Ол жөйiт те ырза болды мұны көрiп,
Жанынан бiрқанша ақша тағы берiп.
— Бұл нәрсе екiншi рет және болса,
Сатып тұр пұлын алып әр күн келiп.
Ақына не берейiн мұның саған,
Осындай тағы бар ма алып қалған.
Бар болса осы заттан қалдырмай бер,
Пұлына ырза болып менен алған.
Мен кеттiм пұлын алып қош болғай деп,
Базардан мұнша затты және алдым көп.
Осындай құрсант қылды менi Алла,
Сұрасаң ахуалым бұл болар деп.
Қуанды мұны есiтiп қатын-бала,
Әр момынды қуантқай Алла Тағала.
Жәудiр шал бұл әлпезбен сатып тұрды,
Бейшараға жар болған соң Қыдыр баба.
Мұнымен бiрнеше күн шал өткiздi,
Жөйiтiне уағда еткен берiп тұрды.
Алла иiп Қыдыр баба жар болған соң,
Жәудiр шал кедейлiктен есiн жиды.
Әр iс бар таңғаларлық табиғатта,
Дәмi мен ырзық берген ұшқан құсқа.
Зарлаған кеше ғана жарлы едi,
Теңелдi бiрдей болып әр тарапқа.
Саулықтың жүретiн ед саясында,
Жас едi екi бiрдей баласы да.
Бағыт және Сағыт деп ат қойылған,
Көзiнiң ағы менен қарасы да.

Жәудiр шалдың бiр күнi науқастанып, әлi нашарланған соң, екi баласына айтқан өсиетi:

Бiр күнi шалда қатты болды науқас,
Жәудiрдiң науқастығын айтып болмас.
Дәрiгер, молда, тәуiп қараса да,
Әл кетiп жәудiр шалдан, жүдедi рас.
Осындай шалдың әлi болды қатты,
Тағдырлы сапарына жолын сапты.
Шақыртып балаларын өз алдына,
Наслихат соңғы сөзiн айтып жатты.
Балалар шақырған соң келдi шауып,
Атамыз не айтар деп көңлi ауып.
Айықпас бұл кеселден жәудiр шал да,
Әрекет көп етсе де молда, тәуiп.
— Сiздердi шақырған соң келдiң, балам,
Болайын мен де разы ендi саған.
Атаңның өсиетiн еш ұмытпа,
Алладан ажал келiп жеттi қазам.
Құлыным, етсем керек ақтық iсiн,
Адамзат тоқтата алмас Құдай iсiн.
Жақында қазам жетiп мен өлермiн,
Балларым, көп қайғырма оның үшiн.
Бiздерге хазiрет Адамнан мұрас қалған,
Бұл дүние өте шығар бәрi жалған.
Мен көрдiм қуанышыңды, балаларым,
Кәзiр де өлсем де жоқ менде арман.
Адамнан туған ұғыл екеу болған,
Оны да аман қоймай бұл сұм жалған.
Шайтанның азғырушы тiлiне ерiп,
Пышақтап бiрiн-бiрi олар сойған.
Осындай қысастықпен өлтiргенмен,
Қимастан көпке дейiн алып жүрген.
Көмбестен көпке дейiн жүргенiмен,
Бiр күнi тағы шайтан жол көрсеткен.
Өлiп жатқан қарғаны шайтан тапты,
Апарып оны жерге көме сапты.
Топырақпен денесiн көмдi дағы,
Көрсетiп бiр қанатын сыртқа ап қапты.
Ағамды мен де осындай етейiн деп,
Бұл дағы топырақпен мықтап жапты.
Осындай ол ағасын көмсе дағы,
Шапанның бiр шалғайын сыртқа ап қапты.
Көргендер сен ағаңды өлтiрдiң деп,
Жан-жақтан айқай-ұйқай дауға қапты.
Әуелде көмудi де бiлмейдi екен,
Шайтаннан жерге көмiп өрнек сапты.
Мұндай iс тiптi iстемес өзiн бiлген,
Шайтанның азғырылған тiлiне ерген.
Осындайдан сақтанған адам болар,
Ақымақ ол шайтанның тiлiне ерген.
Мекем тұт наслихатым, балаларым,
Мен айттым, сiз ұғыңыз мұның бәрiн.
Ақымақ азғырушы тiлге ермей,
Мықтап ұқ атаң айтқан өсиетiн.
Әуелден өлiм бiзге болды мұрас,
Мұрас iс ақ жолында бәрi де рас.
Жамандық надан адам қас қылады,
Ондайдан дәйiм түрде сiздер де қаш.
Жамандық жақсылыққа болар ма тұс,
Жақсы адамда болмайды жарамас iс.
Әуелден қастық қылмақ — наданшылық,
Жаманда тек болмайды ғазабат күш.
Құлыным, мұндай iстен сiздер жирен,
Жаманнан аулақ болғын жаны күйген.
Жақсылық — жақсылыққа тәлiп болар,
Өлген соң сөз сөйлемес менiң мүрдем.
Және бiр наслихатым сiздерге бар,
Тағы да табылмаспын кетсем изһар.
Iзет ет өзiм деген тiрi жанға,
Дос болғын жақсылармен, етпе қаһар.

Жәудiр шалдың балаларына екiншi айтқан тапсырмасы мен өсиетi төмендегiше:
Және бiр тапсырық iс бар-ды сiзге,
Жан балам, ырза болғын ендi бiзге.
Досыңмен өзiң бiлiп ойнап-күлгiн,
Дуадан дәйiм бiздi етпе кемде.
Сен, балам, мұнан тура жусанға бар,
Болсаңдар сiздер жақсы, болмассың қор.
Қарақшы белгi болар мен iстеген,
Сол жерде бiр ғажайып жұмыртқа бар.
Қалада пәлен бай жөйiт үйiне бар,
Мен айтқан жұмыртқаны соған апар.
Ол жөйiттен әрқашанда пұлын алып,
Сонымен пайдаланып тұрғайсыңдар.
Балларға ата осындай өсиет айтты,
Дүниеден мұны айтып жәудiр қайтты.
Қаншама ғұламаны жинап алып,
Атасын салтанатпен дәпiн еттi.
Жәудiр шал өсиет айтып дүниеден өттi,
Баллары жақсы етiп жаназа еттi.
Ол марқұм өлер шақта ақыл айтып,
Мейiрбан мархабатпен ырза еттi.
Мұнан соң айтқан жерге баллар барып,
Ол жерден жұмыртқасын тауып алып,
Қалада бай жөйiтiне берiп тұрды,
Ол жөйiттен есептесiп пұлын алып.
Мұнымен бiрнеше күн өттi арада,
Құдайым, рақым етсең жас балаға.
Жетi мен сегiз жаста тым жас едi,
Сақтасаң рақым етiп өзiң, Алла.
Сақтай гөр жас балларды өзiң, Алла,
Атадан жастай қалған бұл бейшара.
Бұл қу жөйiт бұйрық еттi «ұстап бер» деп,
Құтылар ендi бұдан амал бар ма?!

Жөйiттiң [баллардың] анасын қызмет етуге бұйырғаны және жұмыртқаны туғанды ұстау әдiсi:

Бiр күнi ол жөйiт былай әмiр еттi:
— Қызметкер анаң маған босын, — дептi.
Жассыңдар әлi сендер күнiң кешпес,
Анаңыз бiздiң кiрдi жусын, — дептi.
Табиғым мархабатты жас балаға,
Атадан жастай қалған бейшараға.
Өзi жас екi бала жастай қалған,
Адам жоқ оны былай басқарарға.
Анасын өзi ертiп жөйiтке апарды,
Кiр жуып, отын тасып көп сандалды.
Баллар да жұмыртқасын жөйiтке апарып,
Әдетте бiрнеше күн пұлын алды.
Бiр күнi жөйiт айтты басқа мәндi,
Бiр сұмдық тағы келдi бастағалы.
— Осыны туып жүрген не зат болса,
Ұстап бер маған оны, балам, — дедi.
Ұстап бер бұл нәрсенi, балам, маған,
Ол үшiн ақша берем мен көп саған.
Не түрлi зат екенiн көрмек дәркар,
Соның үшiн айтамын, балам, саған.
Бәлеге қалып жүрме ұстап бермей,
Мен ендi тұра алмаймын оны көрмей.
Құлдықта азат басың қалар, балам,
Науада оны ұстап маған бермей.

Балалардың «мұны қалай ұстаймын» деп анасына келiп жылап айтқаны:

— Әй, ана, сiзге айтамын бiр ахуал,
Бұл сұм жөйiт бiзге еттi тағы қаһар.
Жұмыртқаны туғанды ұста, — дейдi,
Қалайда құтылуға не айла бар.
Айналайын, жан ана,
Бiр айла тауып бер, ана.
Бұл нәрсенi ұста деп,
Қорқытады менi, ана.
Бұл залымнан құтылуға
Бiр айла тауып бер, ана.
Амал таппай мен бұған,
Қорқамын бұдан мен және.
Жылады бұған жас бала,
Қайғырды оған қарт ана.
— Бұл құсымды ұстауға
Себеп бер, — деп, — бiр Алла.
Келмейiн деп ем мен бұған,
Балалық болды себепкер.
Жад етiп Аққа жылатып,
Алла, өзiң медет бер.
Өзiңнен медет болмаса,
Азат басым құл етер.
Табамын қайдан бұл құсты,
Құлдықта өлем құр бекер.
Жаратқан менi Құдайым,
Бiр өзiңе жылайын.
Жад етiп саған жыласам,
Менде қалмас уайым.

Балалары тарығып жылаған соң, ана сор[лы] зарланып құсты ұстау әдiсiн айтқаны:

— Зарламашы, қарағым,
Күйiп-жанып барамын.
Ол құсыңды ұстауға
Оңласа Тәңiрiм табарын.
Қол тұзақ деген тұзақ бар,
Оны құрып қарағын.
Құтыларсың бәледен,
Жар болса бабаң, қарағым.
Тақия тұзақ мен iстеп,
Көрсетейiн құруын.
Әжеп емес iлiнсе,
Ол құс келiп, құлыным.
Iстедi ана тұзақты,
Көрсеттi және құрмақты.
Тәуекелге бел байлап,
Анасы ғарiп жылапты.
Құрды келiп жас батыр,
Масқара қылма деп жатыр.
Бабам өзi жар болса,
Ұстармыз құсты бiз пақыр.
Тұзақты құрды жас бала,
Түссiн дедi құс қана.
Өзiң медет ойласаң,
Тосқау болмас еш шара.
Осымен тұзақ құрып алды көп,
Құдайым, өзiң иiп жар болғай деп.
Көктен келiп бiр көк құс жұмыртқаға,
Түсiптi Бағыт құрған бұл тұзаққа.
Қараса, түсiп жатыр бiр көк тауық,
Тәңiрiм иiсе, бендеге болмас қауiп.
Осы екен жұмыртқаны туып жүрген,
Жөйiтке алып барды мұны тауып.
Бұл тауық көк реңдi тауық едi,
Жерге туып, аспанға ауып едi.
Бұл затты Бағыт бала таппағанда,
Өмiрiне осы жолы қауiп едi.
Құдайдың құдiретi сондай күштi,
Бұрында көрген бе едiң бұндай iстi?
Аспанда жай уақта ұшып жүрiп,
Кезiнде жұмыртқалар жерге түстi.
Осыны көп қуанды жөйiт көрiп,
Бағытқа риза болды сыйлық берiп.
Сағыт жас Аққа нала еткеннен соң,
Тiлегiн берген екен Құдай иiп.
Мұнымен бұл жөйiт қылды тағы жарлық:
— Асып бер, — дедi, — маған мұны сарқып.
Бiр түгiн түсiрместен тiрiдей ас,
Болмайды сойсаң әгар мұны қан қып.
Жарлығын жөйiттiң ана етпек болды,
Соймастан ол тауықты суға салды.
Қайнаған қазандағы суға түсiп,
Тапырлап ыстық суға өлiп қалды.
Қайнатты онан әрi тауық етiн,
Болмады ешкiм бiлiп жөйiттiң ниетiн.
Елжiреп ет сүйегi ажырады,
Солайда қайнатуда жағып отын.
Қайнауда тауық әлi тұр қазанда,
Айтпайды не қыларын еш адамға.
«От жағып қайната бер әлi», — дейдi,
Көрмеген адам туып бұл заманда.
Далада екi бала ойнауда едi,
Жүгiрiп анасына баллар келдi.
Қараса қазанды ашып екi бала,
Көк тауық қайнатулы көзi көрдi.
Балалар бұл ахуалға көп таңғалып,
Әр түрлi сөз айтады ойға қалып.
«Япырым-ай, жүнiн жұлмай сағаны»,
Таңғалып тұрар едi қайран қалып.
Анасын даладағы шақырып кеп,
Сұрады тауық халiн «бұл қалай?» деп,
Нелiктен бұл тауықтың халi бұлай,
Ол жөйiттiң қарны ашқан ба, не үшiн? — деп.
Бұл нешiк маған айтшы, апа, — дедi,
Не үшiн жүнiн жұлмай салғаны тек.
Ажалы жануардың жеткен екен,
Жүнiмен ол қазанда қайнады көп.
Анасы балларға айтты тауық халiн,
Асқызған залым жөйiттiң пәрменi оның.
Тiрiдей қазанға сап қайнатқанын,
Тоқтаусыз қайната бер дегендерiн.
Анадан баллар сұрап сыбағасын,
Бересiң сыбаға үшiн бұдан несiн.
Барлық етiн залымға берiп қойып,
Ол жөйiт жеп, балаларың құр қамасын.
— Дәметпе бұл тауықтан, балаларым,
Жөйiттiң көрдiңiз ғой жалаларын.
Бұл тауықтың етiнен сiзге берсем,
Залымның және көрем қаһарларын.
Баллар айтты анасына: — Бiзге қара,
Ол жөйiтке жегiзбеспiз бәрiн және.
Өзiмiз алайық деп сыбағасын,
Шөмiштi ап жетiп барды ол қазанға.
Қимастан балаларын ана пақыр,
Қаншама айтса дағы болмады ақыр.
Ылажсыз балларына рұқсат берiп,
Болар ма әлдеқалай заманақыр.
Үлкенi басын алды шөмiш салып,
Кiшiсi жүрек алды о да барып.
Екеуi iлiнгенiн алды дағы,
Далаға ойнағалы кеттi алып.
Бiлмейдi не қыларын ана ғарiп,
Жөйiттен қорықты қатты көп сандалып.
Ол залым сұрамаса жарар едi деп,
Қазанды қайнатуда отын жағып.
Қазанда қайнатулы отын жағып,
Анаға жөйiт ұрыспасын ендi нағып.
Балалар сыбағасын алып кеткен,
Бiр уақта жөйiт те келдi ендi лағып.
— Кәне, ендi маған әпер ол тауықты,
Керегiн алып жейiн өзiм тауып.
Қараса, басы менен жүрегi жоқ,
Бөксермек сорлы ананы иттей қауып.
Келтiрдiң бас, жүрегiн алып қалып,
Бәлеге қалдың менен сен жасырып.
Маған еш басқа етiнiң керегi жоқ,
Тауып бер қайдан тапсаң онан тауып.
Таппасаң, өлтiремiн мен сенi, — деп,
Зәлiм жөйiт ендi мiндi қаһарына.
Басың мен жүрегiңдi алам және,
Алып кел қайда қойсаң, ғарiп ана.
Өзiң жесең, шыныңды айт, маған қара,
Ол үшiн бас, жүрегiң алам және.
Рас айт жасырмастан, ғарiп ана,
Жүрмесiн алып кетiп екi бала.
Әгарда олар мұны алған болса,
Әкеп бер басы менен жүрегiн де.
Сенуге маған рас болсын десең,
Қанына бояп әкел көйлегiн де.
Балларын айтуға ана көзi қимай,
Көлдеттi көздерiнен жасын тыймай.
Балларым еркелiкпен алып едi деп,
Жөйiтке «рақым етiң» кешiрiм сұрай.
— Қайтейiн, баллар едi мұны қылған,
Айтпасқа қоймадың ғой өзiң, балам.
Мархабат екi ұлыма етсеңшi, — деп,
Қамығып ана пақыр зар жылаған.
Жөйiт айтты ол кемпiрге: — Ана ғарiп,
Басын ал бас жегеннiң тездеп барып.
Жүрек жеген баланың жүрегiн ал,
Көйлегiн маған ап кел қанға салып.
Болмайды мархабат қып ендi бұған,
Қылармын ашулансам тiптен жаман.
Тезiрек бұл бұйрықты сен орындап,
Алдыма айтқанымды келтiр маған.

— Бас пен жүректi балаларым еркелiкпен алып едi. Жас баллар ғой, кешiр, шырағым, — дедi кемпiр. Жөйiт бұл жауапқа өршеленiп, «кешiрмеймiн» деп байлаудағы қара төбетше арпылдап анаға әкiреңдеген соң:

— Қап, балам, балларымның көз жасы сенi жiбермес, қалайда бiр айламен балларымды аман алып қалармын, — деп кемпiр жылап балаларына барды. Балларының көйлегiн алып, бiр өлейiн деп жатқан иттiң қанына көйлегiн қандап және басы мен жүрегiн алып балтамен шапқылап Жөйiтке жегiзедi.

Анада ес қалмады титтей буын,
«Құдай-ау, оңдай көр, — деп, — iстiң түрiн».
Зар жылап балаларға келе жатты,
Етсiн деп өзi түзер ақыр түбiн.
Далбақтап аяқтарын зорға басар,
Сүйтсе де бұған айла табады ақыр.
«Сен жөйiттi бiр айламен түсiрем», — деп,
Зарлана балларына келдi ақыр.
Бұрыннан жатар едi бiр ит аунап,
Ол итке ана келдi «иә, Құдайлап».
Көйлегiн балларының алды дағы,
Балтамен иттi шапты артын ойлап.
Баллардан ана пақыр көйлек алып,
Қараса өлер халде итке барып.
Дыбысы әлi шығар өлiмсiреп,
Қанына боямақшы көйлек салып.
Балтамен шапқылады иттi ана,
Қан ақты қара қошқыл иттен және.
Баллар тұр төбесiнде мұның қарап,
Қанына көп бояды көйлек сала.
Бұл iске таңырқады екi бала,
Селтиiп шүметейi тұрды және.
Жалаңаш, көйлек қанға боялған соң,
Бұл iстi анасынан сұрап қана.
Кемпiрге баллар айтты: — Е, ана, — деп,
Бұл иттi не себептен өлтiрдiң кеп.
Сiз шаппастан өзi де өлер едi,
Балтамен шапқыладың мұншама көп.
Және де бұл күшiктен аққан қанға
Көйлектi бiзден алып боядың бек.
Ит қаны ұстамаққа харам болар,
Көйлектi тазалап жу, бiзге бер, — деп.
Ана айтты балларына бұлайша деп:
— Шырағым, бұл iсiмде себеп көп бек.
Сiздердi өлтiруге жарлық еттi,
Құлыным, соның үшiн жыладым көп.
Сiздерге мен айтамын көп насихат,
Балларым, ұмытпастан ойыңа ал жад.
Кешегi көк тауықтың бас, жүрегiн
Кәзiрде керек қылды мына қу жөйiт.
Басың мен жүрегiңдi аламын деп,
Қаншама маған бердi көп ақырет.
Бас жесең, басың жеймiн сенiң де, — деп,
Сол үшiн жүрегiңдi алсам керек.
Науада балаң мұны алған болса,
Басы мен жүрегiн де келтiргiн, — деп.
Сенуге маған дұрыс болсын десең,
Көйлегiн қанға бояп көрсет әкеп.
Осындай залым жөйiттен болды пәрмен,
Көнбедi кешiр десем одан да әрмен.
Бұл iстi iстемекте мақсатым сол —
Көрсету ол залымға мұны қанмен.
Құлыным, ендi тыңда айтқан зарым,
Ұмытпа не айтсам да нақылдарым.
Қандаған бұл көйлектi соған берiп,
Ажалдан құтқармақпын сiздi, жаным.
Басы мен жүрегiн ап мынау иттiң,
Жегiзем жөйiттi алдап мұны апарып.
Көйлектi қанға бояп көрсеткен соң,
Ол залым нанса керек көзi ағарып.
Ендi зыт, бекер қарап тұрма мұнда,
Қашумен құтылады әрбiр пенде.
Көрiнген анау тұрған қалың орман,
Көрiнбей жасырынып тұрғын сонда.
Ол жерге мен тұрамын күнде барып,
Бақшадан қайтар едiм отын алып.
Тезiрек киiм, ауқат жеткiзермiн,
Отынға күндегiдей мен де барып.

Ана күндегi әдетiнше отынға барған адам болып, қапқа салып балаларына ауқат, киiм-кешек алып барып бердi. Және иттiң басы мен жүрегiн апарып Жөйiтке алдап жегiздi. Жөйiт алданып бұған риза боп разылық ойын айтты.

Басы мен жүрек алып келдi ана:
— Шырағым, сөзiмдi ұқ, маған қара.
Орнына бұйрығыңды мен келтiрдiм,
Тағдырда солай болса, бар ма шара.
Көйлегiн және ап келдiм екi балам,
Сақтасын бiз ғарiптi Алла Тағалам.
Әуелде тағдыр солай болған шығар,
Есiмнен тiптi шықпас екi балам.
— Сөзiңе бек сенемiн, ғарiп ана,
Өлдi ме қаза тауып екi бала.
Әуелде тағдыр солай болса керек,
Өлiмнен құтылдың ғой сен, бейшара.
Сұрамай рұқсатсыз жегенi үшiн
Өлтiрдiң, әжеп болды мұның және.
Жазасын әркiм солай тартса керек,
Қысаспен мен де жейiн, маған қара.
Тексермей жөйiт те жедi бас, жүректi,
— Әй, ана, сауап болды мұның, — дептi.
Мен жейтiн заттарымды жегенi үшiн
Қастықпен мен де жейiн дайын еттi.
Осылай жөйiт те жедi көзi ағарып,
Құтқарды айламенен ана ғарiп.
Әгарда мұндай ақыл таппағанда,
Баллардан айрылар ед жалғыз қалып.
Балларға жолықты ана шарбаққа кеп,
— Көрiнбе тiрi жанға, шырағым, — деп.
Бейшара бастан-аяқ өсиетiн
Балларға айтар едi «ұққайсың» деп.
Мұнымен киiм-кешек, ауқат берiп,
Әр күнi жүретiн ед көзбен көрiп.
Бұл жерде тұра берсе бiлiнер деп,
Жiбердi алыс жаққа рұқсат берiп.
Жол азық, балаларға ақша берiп,
Насихат айтар едi күнде келiп.
Ол жөйiттен ақыл тауып құтқарғанмен,
Таба алмай тоқтарға бермедi ерiк.
Тоқтама ендi мұнда, балаларым,
Не түрлi жөйiттiң көрдiң жалаларын.
Бiледi мұнда тұрсаң бiздердi деп,
Онан соң өлтiредi жанның бәрiн.
Балларын ана салмақ ұзақ жолға,
— Құдай-ау, жас балларым өзiң қолда.
Әгарда сiзден медет болмағанда,
Балларым өлер едi осы жолда.

Балларын ұзақ жолға салмақшы болып, ана сор[лы] далбырақтап басқа сөз айтуға аузы бармады. Тек «Құдайға тапсырдымнан» басқа сөз айта алмай, буыны босап, әлi құрып тұрды. Анасымен қоштасып балаларының айтқаны:

— Айналайын, анамыз,
Алла оңдаса барамыз.
Жеткерсе Тәңiрiм ниетке,
Жаһан кезiп шоламыз.
Қам көңiл болып жыламай,
Алладан сiз де сұраңыз.
Жеткiзсе Тәңiрiм мақсатқа,
Жөйiттiң көзiн оямыз.
Табанға сап жүн етiп,
Кектi сүйтiп аламыз.
Ажал жетiп күн бiтсе,
Тағдырға оны санаңыз.
Жас едi деп ойлама,
Жас та болсақ барамыз.
Рақым етсе бар Құдай,
Және сiздi табамыз.
Ажал келсе Алладан,
Ақ сүтiңе риза боп,
Тәуекелге бел байлап,
Бiздердi жоққа санаңыз.
Сабыр берсе ажалға,
Қабыл боп сiздiң табаңыз.
Шаттыққа бала белiңдi,
Бар деп бiздей балаңыз.
Сағыт бала жылайды,
Жыламасқа болмайды,
Табиатты өлең қып,
Көзiнiң жасын бұлайды.
— Жад еттiм сiздi, Жаппар Ақ,
Рақым етiп сөзге бақ.
Бiр жақсылық көрмедiк,
Жастай жетiм бiз бейбақ.
Рақым етсең өзiң бiл,
Анамды сiзге тапсырдым,
Он сегiз мың ғаламның
Падишасы Жаппар Ақ.
Қолдан келер шара жоқ,
Залым жөйiт қылды ғазабат.
Өзiң рақым етпесең,
Анамыз көрер зұлымат.
Соның үшiн зарладым,
Он сегiз мың ғаламға
Патша болған Зұлзалат,
Анамызға рақым ет.
Iшiм — жалын, сыртым — сау,
Залым жөйiт болды бiзге жау.
Қайдан ғана кез болдық
Бұл залымға, япырым-ау.
Айналайын, жан ана,
Қам көңiл болып жылама.
Сабыр берсе ажалға,
Балларың жөйiттi қояр ма?!
Көргенше ендi аман бол,
Балларыңа тұс келер
Нендей таулы биiк өр,
Нендей шыңды жартас, бел,
Нендей сулы шалқар көл,
Нендей сусыз жапан шөл,
Нендей ғажап қотан жер,
Нендей рахат салқын бел.
Бәрiнен, ана, өтермiз,
Алла оңдаса нетермiз,
Жөйiттi iреп сетермiз,
Сiздi алып кетермiз.
Аман бол ендi, жан ана,
Жылама бiзге зарлана.
Тәңiрiм өзi оңдаса,
Оярмыз жөйiттен көз және.

Бұл сөздi айтып балалар екеуi қол ұстасып жөнеп қалды. Баллардың бет-аузы, қол-басынан, маңдайынан сүйiп, ана «Құдайға тапсырдым» деп, дал болып зар жылап, арттарынан көзiн айырмай қарап тұрды. Баллар көз қарасынан ұзап көрiнбей кеткен соң, ана бүкiл табиатты өлең қып шыдап тұра алмай зар-зар жылап айтқаны:

Баллар кетiп, бұл ана жалғыз қалды,
Қайдағы қасiреттi ойына алды.
Балалар көз шалымынан ұзаған соң,
Зарлана бар даусымен айқай салды.
— Айырдың өзiң берiп, Құдiрет Кәрiм,
Зарлана мен де айттым арзы-халiм.
Балларды өзiң берiп тiрi айырдың,
Жылаттың ақырында, Пәруардәрiм.
Ғаламды он сегiз мың жаратқан Ақ,
Көп берiп бiреуге мал, бiреуге бақ.
Бiреудi ғалым етiп, бiреудi залым,
Жараттың бiреудi мұңды, бiреудi шат.
Тамаша аспан менен жерi қандай,
Зеңгiр тау, дария шалқар көлi қандай.
Гүлденген орман, тоғай, бақшалары,
Соларды пайдаланған елi қандай.
Қарасам көзiм тоймас тамашасын,
Ми жетпей қисабына адасасың.
Заң түзеп, закон жайып патша тұрып,
Қараған әдiлетпен қарашасын.
Таласқан аспанменен таулар биiк,
Мекендер аю, қасқыр, марал, киiк.
Ұжмақтың шашмасындай бұлағына
Кеткендей қарап тұрсаң iштен күйiк.
Аспанда ай мен жұлдыз күнi қандай,
Қалғыған мұнарланып түнi қандай.
Көлде құс, суда балық, тоғайда аңдар
Шулаған неше түрлi үнi қандай.
Жаннаттай тамашасы жазы қандай,
Келетiн ұшып аққу, қазы қандай.
Ескерiп өткен күндi кәрiлерi,
Жастардың және де айтқан назы қандай.
Сықырлап келiп қалған қысы қандай,
Қар жауып су қатырған мұзы қандай.
Берген соң Алла қуат жан сақтарлық,
Жүредi-ау мақұлықтар үсiк алмай.
Бiз ғарiп сол панаңда саялаған,
Зұлым жөйiт рақымсыз аямаған.
Жiберсең жалғыз тамшы рақымыңнан,
Болса да құтылар-ек қай арадан.
Балалар жолға түсiп жүредi көп,
Жаладан аулақ болып ажалға сеп.
Жол жүрiп бiрнеше күн әлi құрып,
Бейшара баса алмады аяғын бек.
Демалмай жетi күнде таудан асты,
Табаны көп ойылған тастар жырып.
Ақыры жапан түзге барып шықты,
Көп күндей тыным алмай әлi құрып.
Тiрелдi сар далаға баллар барып,
Солайда тыным алмай болды ғарiп.
Жүредi ұзақ күнде жолға салып,
Және бiр мұнарланып тау көрiнiп.
Түн болып, қас қарайып, күн де батты,
Жас баллар қарны ашып, шөлдеп қатты.
Ақыры шаршап барып тапқан едi,
Жолдағы сылдыр аққан бiр бұлақты.
Жуынып ол бұлақтың суын iштi,
Көрмеген туылғалы мұндай iстi.
Азырақ ауқаттанып демiн алып,
Тағы да қалыбындай жолға түстi.
Келедi жолға түсiп Құдайым деп,
Қасiрет, жүрегiнде уайым көп.
Бағыт пен Сағыт бала жүрiп,
Айтар ед бiр-бiрiне жүрсейшi деп.
Алыс жол жас балларды шаршатты бек,
Айтар ед бiр-бiрiне жүрсейшi деп.
Қашанда ағасы алда, iнiсi — артта,
Ұйқы да бiр жағынан шаршатты кеп.
Демалып осы тауда үш күн тұрды,
Тынығып есiн жинап ойнап-күлдi.
Жан-жағын тамашалап бұлар көрдi,
Шың жартас, сылдыр бұлақ, өзен-көлдi.
Бұл таудың ғажап бiткен құрылысы,
Көрмеген адам туып бұл жұмысты.
Көрiндi таңғаларлық дарақтары,
Жемiстi, тым көрнектi ағаш бәрi.
Бұл дарақ таңырқатты екi жасты,
Алмасы қызыл-шұбар тым сымбатты.
Асыл тас құндызға ұқсас жылтылдады,
Балларды қуаныш кернеп, шаттық асты.
Таңғалып баллар бұған елден ерек,
Тағы да жан-жағына қарады көп.
Шулаған неше түрлi үн шығады,
Ол тауда жабайы аң да болса керек
Қарады және артына ол бұрылып,
Көрiндi жартастарда марал, киiк.
Бұларға жақын келiп маңырап тұрды,
Оларды баласынып ғажап көрiп.
Көтерiп тұмсықтарын бұлар маңырап,
Балларға ұстатқалы келе жаздап.
Бұлардан киiк, марал қашпаған соң,
Халiне жастар тұрды бұған таң қап.
Бұл түрде ағасы айтты: — Кетелiк бiз,
Бұл таудан тездеп асып кетелiк бiз.
Және де аю, қасқыр мұнда болар,
Бұл таудан асығыспен өтелiк бiз.
Науада аю, қасқыр бiздi көрсе,
Жеп қояр бұл араға олар келсе.
Бұлар да екеумiздi баласынып,
Қашпауын марал, киiк көрмейсiң бе.
Дедi де баллар кеттi таудан асып,
Қасқырдан қорыққаннан соң асып-сасып.
Тездiкпен асығыстан асты таудан,
Үш күндей асқан екен қия жардан.
Болғанда төртiншi күн таудан асты,
Демалмай асығыстап қадам басты.
Ол таудан тездiкпенен асқаны үшiн,
Тағы да әлi құрып шаршап қапты.
Кез болды таудан асып құла түзге,
Безектеп жүрiп келед жапан түзде.
Аршындап қадам басып келе жатыр,
Адамдай рұқсат алып қайтқан үйге.
Балалар осы түрде көп күн жүрдi,
Ойылып, табандарын тастар жырды.
Тынбастан бiрнеше күн жолда жүрiп,
Және де сар далаға келiп кiрдi.
Түн болды қас қарайып, күн де батты,
Баллар шаршап, бейшара, жүре алмапты.
Бұл түрлi сандалумен келе жатып,
Екеуi жол айырықта ажырапты.
Жас баллар жол айырықта ажырасты,
Сонда да тоқтамастан жүрдi қатты.
Ойында ағасы алда, iнiсi — артта,
«Жүрсейшi, жүремiн» деп iнiсi айтты.
Осы әлпез сандалумен көп жер алды,
Жүре алмай айдалада жатып қалды.
Екеуi екi жақта жатты дағы,
Шаршаумен әлi құрып ұйықтап қалды.
Балалар жатқан едi әлi құрып,
Шошынып ерте оянды Бағыт тұрып.
Қараса, артына ерген iнiсi жоқ,
Тағы да зар жылады iшi күйiп.

Бағыт iнiсiнiң қайда қалғанын бiлмей ыза болып айтқаны және Қыдыр әлейһиссаламға жолығып айтқан сөзi:

— Құдай-ау, маған берген iсiң бе бұл,
Айырдың жалғызымнан, түсiм бе бұл?!
Сандалып сар далада жүргенiмде,
Әлжеттiк маған қылған күнiң бе бұл?!
Атадан екеу едiк әуел бастан,
Жүрушi ек күнi-түнi айырылмастан.
Айырдың бұл арада құдiретiңмен,
Көрсеттiң қасiреттi бала жастан.
Қаңғырып табам мұны қайда барып,
Қойдың ғой мұндай халге өзiң салып.
Жаратқан, менi мұнша зар қылғанша,
Менiң де қойсаң едiң жанымды алып.
Сағытжан, менiң қарағым,
Құтты болсын қадамың.
Бас айналып, көз тынды,
Бiлмедiм қалай боларын.
Қай жақта қалдың, бiлмедiм,
Алла оңласын барарын.
Жолсыз шөлде қай жерде
Қалдың, Сағыт қарағым.
Бiр шығаршы даусыңды,
Қай бағыт екен талабың.
Есiтпей шыққан даусыңды,
Мен сор[лы] бiлмес қайда барарын.
Қазаң жетiп бұл жолда,
Қасiретпен жөнелсең,
Алла оңдап, қарағым,
Жұмақтан болсын сарайың.
Екеу едiк әуелде,
Жалғыз қалдым, қарағым.
Тәңiрi оңдаса сапарды,
Көрем бе деймiн талабын.
Бағыт жас мұны айтып зар жылады,
Сағытты әрдайымда ойға алады.
Бағыттың зарыққанын Алла бiлiп,
Сол жерде Қыдыр баба кез болады.

Қыдыр бабаның Бағытқа айтқаны:

Бағытқа Қыдыр айтты: — Ғарiп бала,
Өзiңе сөз айтамын, маған қара.
Қырық күнде жолығарсыз iнiңiзге,
Құр жылап бұл арада тұрма және.
Мен айтқан, Бағыт балам, сөзiме бақ,
Көрiнген күншығыста үлкен дарақ.
Тезiрек бұл арада жылап тұрмай,
Дәулетке онда барсаң боларсың тап.
Бұл жерде босқа жылап тұрма қарап,
Көңiлiңе шығыстағы дарақты ап.
Жиналған ол шарбақта көп адам бар,
Дәулетке онда барсаң, боларсың тап.
Ол жерден iнiңдi iздеп кетпе, балам,
Iнiңе жәрдем берер Алла Тағалам.
Сар дала, жолсыз шөлде iнiң қалған,
Оны сен iздегенмен таба алмайсың.
Бұл жерден iнiңдi iздеп сен де кетпе,
Сабыр ет Құдай iсi, Құдiретке.
Қырық күнде Сағыт iнiң өзi келер,
Жетерсiң, иншалла, көп дәулетке.
Көзiнен бұл сөздi айтып болды ғайып,
Бағытқа жүрмегiн деп жолдан тайып.
«Япырым-ау, бұл көрiнген неме ед», — деп,
Жас Бағыт дал болады қайран қалып.
Сүйттi де күншығысқа жүрiп кеттi,
Көрiнген бау-шарбаққа келiп жеттi.
Алыстан мұнарланып көрiнген ед,
Сәскеде шаршап барып зорға жеттi.
Жиналған бiрнеше адам қабақ салық,
Сөйлейдi бiр нәрсенi ойына алып.
Бағыттың сұрауына адам болмай,
Қасына барып тұрды қайран қалып.
Көрiндi бiр мард кiсi жылы шырай,
Бағытқа кез қылған-ды мұны Құдай.
Көз түсiп жас баланың порымына,
Таңырқап әл сұрауға келдi мұнда-ай.
— Қай жақтан келiп тұрсың, жаным балам,
Нәсiлiң кiм, қайсы шаһар, асыл задам.
Осынша жол бейнетiн көп көрiпсiң,
Кез келдiң қандай iспен, шаһизадам.
Жөнiңдi айт, мұнда келдiң не себептен,
Етермiн ол iсiңе мен де жәрдем.
Қарасам порымыңа — шаһизатсың,
Қалдырмай сырыңды айт, шаһизадам.
Шыныңды айт ендi маған, шаһизадам,
Өзiңдi ренжiткен қандай адам.
Алыстан жол азабын көп көрiпсiң,
Перi ме сенi айдаған, әлде адам.
Бағыттан жөн сұрады ақыл Дана,
Тұруға жауап бермей бар ма шара?!
Туғаннан көргенiнiң бәрiн де айтты,
Ол ер де көп рақым еттi және.
Сұрады ол кiсiден Бағыт тұрып:
— Жиналған мұншама адам сенiм құрып.
Ойына бiр нәрсе алып сөйлесер сөз,
Қарамас еш адамға мойын бұрып.
— Себеп бар бұл шарбаққа жиналмақта,
Патшамыз отырушы едi алтын тақта.
Күн кеше ажал жетiп қаза тапты,
Жүредi бұлар патша сайламаққа.
Сен ендi, жаным балам, сөзiм тыңда,
Құданың құдiретiмен келдiң мұнда.
Осындай бұл шаһардың рәсiмi бар,
Ұшырар дәулет құсты қазiр мұнда.
Дәулет құс кiмнiң қонса басына кеп,
Сол адам патша болар бiздерге деп.
Сондықтан, жаным балам, саған айтам,
Қалайда бұл арада сабыр ет деп.
Науада саған келiп қонса дағы,
Сiздi бiз патша етiп сайлаймыз кеп.
Бұл адам бас уәзiр падишаға,
Атқарған талай iстi ақыл, Дана.
Бағытқа Құдай өзi кез қылған ед,
Көз көрiп мейiрбан боп сүйiп және.
Жас Бағыт бас уәзiрден мұны бiлiп,
Барады айтқан сайын iшi жылып.
— Япырым-ау, мынау кiсi атамдай-ақ,
Көп айтты мейiрбандық менi сүйiп.
Бұл кiсi қасиеттi адам болғай,
Азаптан құтылармын Құдай иiп.
Кез болып Сағыт жаным өзi келсе,
Қайғыдан құтылар ем жаным тынып.
Құдай-ау, ендi iсiмдi оңдағай, — деп,
Ол жерде тұрды қарап көп сүйiнiп.
Осымен бiраз ғана уақыт өттi,
Дәулеттi ұшыратын мезгiл жеттi.
Ақырын не де болса көрейiн деп,
Сол жерде Бағыт бала сабыр еттi.
Ұшырды дәулет құсты алтын тақтан,
Ер Бағыт қасiретпен мұны тапқан.
Қонар деп қайсымызға дәулет келiп,
Шулаған дауыс шықты әрбiр жақтан.
Дәулет құс аспанға ұшып бiр айналды,
Ол көптiң басына кеп еш қонбады.
Айналып және қайтып оралғанда,
Бағыттың басына кеп қона қалды.
Бағытқа жүгiрiп келдi уәзiр Дана,
Көтерiп аспанға атып мұны және.
Тигiзбей аяқ-қолын көтерiп ап,
Мiнгiздi алтын таққа оны апара.
Бұл Бағыт дәулет қонып патша болды,
Қасiретпен кезген едi талай жердi.
Қасында баста көрген Дана уәзiр,
Балаға насихатын көп бередi.
Бағытқа өсиет қылып уәзiр Дана:
— Әй, ұлым, саған айтам маған қара.
Iнiңдi анаңменен көп ойламай,
Аз уақыт сабыр етiп тұрсаң және.
Әй, балам, менiң айтқан сөзiме бақ,
Дәулетке өзiң келiп болдың ғой тап.
Көңiлiңде қасiреттi бола бермей,
Қашанда өзi рақым етсе бiр әл-Хақ.
Балаға жұрттың көзi тоймады көп,
Айтар ед «қалай патша болады?» — деп.
«Баласы қайсы патша болады екен,
Халыққа бас болмаққа бала ғой бек».

Бұл халықтардың Бағытты баласынғанын Дана уәзiр былай деп басар едi:

Бұл сөздi басар едi уәзiр Дана,
Халқына былайша деп айтты және:
— Бала деп мұны қашан кемсiнбеңiз,
Жеткiздi бiзге мұны Алла Тағала.
Баланың атасы — Нұр, анасы — Үр,
Нұрдан да бұл шаһизат артықша-дүр.
Ойланса дегдар жердiң баласы бұл,
Порымына қара дағы патша деп бiл.
Бұл бала баласы едi Нұр патшаның,
Кез болған патша бол деп бiзге оның.
Келiптi соның үшiн бұл жас ұлан,
Келтiрген өзi айдап Тәңiрiм менiң.
Халқына Дана уәзiр ақыл айтып көп,
Патшамыз дана ұлан, әсiлi тек.
Қашанда бiзге бұйрық етер болса,
Жарлығын екi қылмай жүремiз деп.
Бағыт жас Тәңiрiм қалап патша болды,
Дәулетке жас Бағыттың көңлi толды.
Бұл Бағыт патша болып тұра тұрсын,
Iзделiк Сағыт бала қалған жолды.
Жас баллар келе жатқан жолда шаршап,
Қашанда момындарды Тәңiрiм жақтап.
Көп шаршап екеуiнен әл бiткен соң,
Жүршi деп айтқан едi сандырақтап.
Жапан түз Сағыт қалған сар далада,
Iздеген оны қайдан таба алар ма?!
Жолынан шығып барып құлаған ед,
Елсiзде айтып болмас шөл далада.
Сол жерден сәске түсте Сағыт тұрып,
Жан-жаққа қараған ед мойын бұрып.
Қасында ағасы жоқ артына ерген,
Сандалды жүре алмастан әлi құрып.
Қай жақтан бiлмес едi келген жерiн,
Жүрерiн және бiлмес қайда тағы.
Жас бала түс көргендей болды дағы,
Басы ауған жаққа қарай жүрдi тағы.
Жүредi басы ауған жаққа қарап,
Сандалды сар далада жалғыз жылап.
Жан-жаққа қарағанмен түк көрiнбес,
Шамада ел, отау жоқ еткен тұрақ.
Төменде жердi көрдi, көкте — аспан,
Көңiлде арылмастай қайғы басқан.
Шырылдап көкте ұшқан торғай көрiп,
Торғайға мұңын айтып зар жылаған.
— Е, шырылдап ұшқан бозторғай,
Рас айтшы, япырым-ай.
Қайда қалды Бағытым,
Көрдiң бе оны, бозторғай?
Аспандап ұшып қарашы,
Көрiнер ме қарасы.
Көрiнбесе қарасы,
Алладан болған қазасы.
Қай жерде көкем қалды екен,
Жер жүзiн шолып қарашы.
Жалғанда көкем болмаса,
Маған да тисiн қазасы.

Сағыт мұны айтып зар жылап жүр едi, Бағытқа жолыққан Қыдыр баба: «мен тосыннан көрiнсем, бұл жас бала қорқар және
маған елiгiп жұбанар», — деп әлдеқайдан көрiнiп, қолында аса, қолтығында алашасы бар бiр көрнектi қарт кiсi боп келдi. Жолда тауда көрiнген марал, киiк бақ пен қыдыр едi. Сағытқа және жолықты.

Жолыққан Бағытқа да Қыдыр баба,
Кез қылды Сағытқа да Алла Тағала.
Зарығып сар далада жүргенiнде,
Рақыммен кезi келдi бұған және.
Балларға Тәңiрiм берген бастан медет,
Қолдаған әулиелер бәрi жебеп.
Тауында Шөгiрлiнiң шаршағанда,
Марал мен киiк болып бұлар кеп ед.
Бақ пенен қыдыр едi киiк, марал,
Бәледен құтылады болмаса ажал.
Сол жердiң қасқыры жеп қояр едi,
Науада жүрмегенде сол күн бұлар.
Киiк пен марал келдi Құдай иiп,
Оларды жiберген ед Ақ бұйырып.
Қорқуды қасқырдан да бiлмей ме деп,
Балларға сездiр деп ед Ақ бұйырып.
Тауында Шөгiрлiнiң шулаған аң,
Ол жердi мекендеген сондай жаман.
Жер едi сол сағатта баллар жүргенде,
Құдайдан сақтау болып қалды аман.
Сол үшiн бақ пен қыдыр марал, киiк,
Жiбердi бұл екеуiн Ақ бұйырып.
Жастықпен жыртқыш аңнан қорықпай ма деп,
Келген ед сездiрмек боп марал, киiк.
Маңырап ед бастарын да сол жаққа иiп,
Бұлардың нұсқауларын баллар бiлiп.
Және де қашпағанын ғажап көрiп,
Ол таудан асқан едi жүрек күйiп.
Сол киiк және келдi Сағыт жасқа,
Қолдады тарыққанда әр тарапта.
Тосыннан көрiнгенмен қорқады деп,
Көрiп әлдеқайдан келдi баба.
Жолықты Қыдыр баба балаға кеп,
Жас бала көп шаршаған далада бек.
Қолтықта алашасы, қолында аса,
Бiр шал да тұра қалды алдына кеп.
Қуанды шалды көрiп бала және,
Нұрлы жүз, бурыл сақал, мұны қара.
Еркелеп құшақ жайып тұра ұмтылды,
«Баба» деп бар даусымен айқай сала.

Бабасы Сағытты бауырына қысып жұбатып, Сағытқа айтқан сөзi:

— Е, балам, жыламастан жасыңды тый,
Бұл күнде әлiң бiтiп, қалмаған күй.
Шаршадың жаяу жүрiп қанша, балам,
Же дағы бұл тағамды, есiңдi жи.
Балаға Қыдыр баба бердi тамақ,
Қаншама жолда көрген бiрнеше азап.
Бабадан ауқаттанып әлге кiрiп,
Сол жерде ойын керек болды бiрақ.
Бабаға Сағыт айтты: — Айтшы, баба,
Бағыт та көрiндi ме сiзге жолда.
Қай жерде қалғандығын мен бiлмеймiн,
Айрылғам келе жатып түнде жолда.
Баланың Қыдыр келiп көзiн сүрттi,
— Көр, балам, Құдай iсi құдiреттi.
Ағаңа жолығарсың жақын күнде,
Бiр елге ағаң болған патша, — дептi.
Жақында жолығарсыз ағаңызға,
Бiр шаһарға ағаң болған патшазада.
Жылама, мақсатыңа жетерсiздер,
Боларсыз жақын күнде шаһизада.
Балаға Қыдыр айтты: — Сөзiм тыңда,
Ағаңа кез боларсың жақын күнде.
Зарлаған жөйiтте қалған анаң келер,
Иншалла, жетерсiздер мақсатыңа.
Анаңыз жақын күнде мұнда келер,
Патшалық салтыменен дәурен сүрер.
Берейiн алаша мен бұл асаны,
Жерiңе мұғадалы бұл жеткiзер.
Дедi де Қыдыр кеттi өз жолымен,
Алаша асаменен Қыдыр берген.
«Жерiңе ойыңа алған жеткiзер», — деп,
Балаға Қыдыр баба кезi келген.
Ат қылып бала ойнады бұл асаны,
Үстiне алашаны жапты оның.
«Көтер, деп, — е, алаша» дегенiнде,
Аспанға көтерiп ап ұшты оны.
Iс болды табиғатта өте күштi,
Бұрында есiтпеген мұндай iстi.
Аспандап осы әлпезбен ұшып жүрiп,
Қонатын мезгiлiнде жерге түстi.
Алаша асаменен болды кеме,
Демалсын уақты болмай жерге неге.
Аспандап осы әлпезбен ұшып жүрiп,
Жолықты аспанда ұшқан бiр перiге.
Бұл едi ұшып жүрген перi қызы,
Сағытқа Құдай айдап келдi кезi.
Қимастан айналқастап жас баланы,
Қасынан кете алмастан жүрдi өзi.
Балаға махаббаты қыздың құлай,
Қасында бiрнеше күн жүрдi бұлай.
Қанша күн ұйықтамастан ұшып жүрдi,
«Ұйықтайық жерге түсiп, — дедi, — апай».
Ұйықтатты жерге түсiп баланы қыз,
Сағыт та жата қалып ұйықтады тез.
Қасынан дәйiм түрде ұзап шықпай,
Мысалы анасындай мейiрбан қыз.
Перi қыз өте сұлу жаннан асқан,
Балаға ашық қылды оны бастан.
Көрген соң айналқастап кете алмады,
Ашықтық жүрегiнде от тұтасқан.
Оянды ұйқысынан бала тұрып,
Ол қызға қарамады көңлiн бұрып.
«Ағамды бар арманым тапсам», — дейдi,
Қарайды көкте шарлап ұшып жүрiп.
Және де қыз бен бала аспанға ұшып,
Қонады уақытында жерге түсiп.
Осындай қыз бен бала бiрге ұшқанмен,
Қалар ед екi жаққа ол тартысып.
Тартады бала ағаға, қыз перiге,
Екi жас бармақ болып өз жерiне.
Осындай қыз бен бала тартысқанда,
Алаша алып ұшты өз жөнiне.
Алаша қоя бердi қыз еркiне,
Тұп-тура алып барды ол перiге.
Бек ғажап бiр шарбаққа алып барды,
Айласын перi қыздың көрмейсiз бе.
Қараса, бiр ғажайып көрдi шарбақ,
Бұл жердi өңшең перi қылған тұрақ.
Қолынан ешбiр жанның келер емес,
Жаһанда таң-тамаша өскен дарақ.
Пiсiп тұр дарақтарда түрлi жемiс,
Бұл шарбақ адамзаттан көрген емес.
Сайраған түрлi құстар бұтағында,
Бұл түрлi таңғажайып көрген емес.
Сайраған ол шарбақта бұлбұл, тоты,
Жас бала қарап тұрды кетiп еркi.
Ауызбен қанша айтқанмен келтiре алмас,
Суреттеп болар емес бұл шарбақты.
Әр жерден фантан суы аспанға атқан,
Гауһар тас ол шарбақты жарық қылған.
Жолбарыс, арыстанның суретiнен
Фантан ғып ауызынан су атқызған.
Әдейi апарған ед ол перi қызы,
Сағыттың тамашалап көрдi көзi.
Балаға бұл шарбақты көрсетуде
Мақсат сол — елiгер деп үмiт қылды.
Бұған да елiкпедi Сағыт бала,
Салған-ды сарсаң күйге Алла Тағала.
Қалайда бұл баланы ап қалмақ боп,
Көрсеттi бұдан басқа қызық және.
Сонда да бала бұған болар емес,
Ауғанмен көп қызыққа және де ес.
Баланың елiкпейтiн пейiлiн бiлiп,
Ол қыз да былайша деп қылды кеңес.
— Сен ендi, Сағыт бала, сөзiме бақ,
Бұл жерге менiменен келдiң ғой тап.
Бұл жерден менi тастап сен де кетпе,
Бұл шарбақ екеумiзге болады нақ.
Бұл сөзге жас бала да тұрды көнбей,
Тағат жоқ ол ағасын қарай алмай.
Болмаса мен ағамды қарайын деп,
Ол жерден көтерiлдi сөзге ермей.
Қыз қалмас бұл балаға болған ашық,
Жүре алмас ашықтықтан қадам басып.
Баладан тағы қалмай жүрмек болды,
Ақыры көндiрем деп, болса нәсiп.
Екеуi алашамен ұшты былай,
Балаға ашық қылды қызды мұндай.
Осындай аспанда ұшты бiрнеше күн,
Дем алмас жерге қонып және тынбай.
Дем алды бiр күн бұлар жерге түсiп,
Неше күн ассыз-сусыз, ұйқы қысып.
Жата сап ол жас бала ұйықтап қалды,
Таң атты қыз ұйықтамай iшi пысып.
Бота көз перi қызы, қайқы кiрпiк,
Ләззатты қызыл гүлдей ашаң бүртiк.
Баланың елiкпейтiн пейiлiн танып,
Алады көзден жасын iркiп-iркiп.
Балаға перi қызы болған ашық,
Қасынан ұзамады қадам басып.
Осындай бiр қанша күн бiр жүргенмен,
Жас бала сөз қатпады оған ашып.
Қараса бұл балаға, жасы әлi жас,
Қаншама қарағанмен қызға болмас.
Мұнан да кетейiн деп өз жолыма,
Алуға алаша, аса қойды ықылас.
Бала ұйықтап алашада жатты шетте,
Құдай-ау, жас балаға мұның еп пе.
Сұмдықпен алашадан қағып тастап,
Аса мен алашаны алып кеттi.
Қатты ұйықтап жатқан едi ол жас бала,
Далада қалдырды қыз жалғыз және.
Оянып қарап едi, жатыр жерде,
Орнынан түрегелдi айқай сала.
Бала да орынынан тұрды жылай,
Түсiрдiң мұндай халге және, Құдай.
Тағы да бабам оған тұс келер ме,
Аса мен алаша алған перi қызға-ай.
Япырым-ау, не iстермiн бұған шара,
Қалдырды жапан түзде менi және.
Бейнеттен бабам шынымен құтқарып ед,
Оңдай гөр жалғыз өзiң, Ахир Алла.
Жүредi бет алдына бала ғарiп,
Аштық пен жаяулыққа бiрдей қалып.
Зар еңiреп сар далада келе жатыр,
Ағасын анасымен ойына алып.
Табармын мұны iздеп ендi қайдан,
Бар Құдай, медет бердiң әрбiр жайдан.
Алаша, асам едi бабам берген,
Қу жәлеп алып кетiп, қылдың ойран.
Кез қылдың мұны маған, бiр Құдайым,
Дем бiтiп қуат кетiп, таусылды әлiм.
Тағы да бабам маған кез келер ме,
Япырым-ау, арылмайтын болды уайым.
Атадан екеу едiк әуел баста,
Ол бастан серт жасап ек айрылмасқа.
Айырдың қасiретпен өзiң, Алла,
Қайғылы көкiрегiм, көзiм жаста.
Көп азап, жастайымнан қайғы тартып,
Көл болып көзде жасым, қасiрет артып.
Айырып ата-анадан, ағадан да,
Қор болып ақырында жалғыз қаппын.
Көп бердiң қасiреттiң бәрiн маған,
Туғаннан мен бейшара зар жылаған.
Мұншама зар жылатып қойғаныңша,
Айдасаң ақырет сапар, Алла Тағалам.
Осындай ғарiп бала жылады зар,
Ағамды көрем деген ойымда бар.
Зарланып лағуменен келе жатып,
Көрiндi алдында бiр жақында ел бар.
Жақындап ол елге де келдi бала,
Салған-ды сарсаң күйге Алла Тағала.
Бiр үйде жарық сәуле шыққан едi,
Сол үйге сәлем берiп кiрдi және.
Қараса, ол үйде отыр жалғыз кемпiр,
От жағып, қазан асқан көзi соқыр.
Астына құрмет етiп, көрпе салып,
Және айтты: — Жоғарыға шығып отыр.
Баланы отырғызды көрпе салып,
Қуанып бала отырды таңға қалып.
— Жол болсын, қайсы жақтан келесiң, — деп,
Балаға кемпiр айтты сөзге салып.
Келесiң қайсы жақтан, жаным балам,
Көрiпсiң жол азабын, қараққанам.
Ойыңда қасiреттiң белгiсi бар,
Перi ме сенi айдаған, әлде адам.
Осындай жөн сұрады кемпiр жастан,
Не үшiн жүрегiңдi қайғы басқан.
Бұл жердiң баласына ұқсамайсың,
Нелiктен қасiретте қалдың жастан.
Кемпiрдiң жауап берiп сұрауына,
Жай адам мұнда келiп тұрады ма.
Туғаннан бастан-аяқ бәрiн де айтты,
Не көрген қасiрет, азап бұларын да.
Баладан мұны есiтiп рақым келдi,
Қалайша келгенiне таң қалды ендi.
«Туылған қандай болып бала едiң», — деп,
Балаға кемпiр ендi сырын айтты.
— Мен едiм жәудiр кемпiр бұ заманда,
Жалғыз ұл ер баладан бар ед менде.
Жалғызым ер жеткен соң батыр болып,
Аттанды жау қалмаққа жақын күнде.
Сен ендi бала болғын маған, — дедi,
Боламын мен де сенiң анаң, — дедi.
Менiң де балам аман келер болса,
Қосармын iнiң ед деп оған, — дедi.
Осымен ендi сөздi ұзартпалық,
Кемпiрге бала болды Сағыт барып.
Бала боп бұл кемпiрде тұра тұрсын,
Көрелiк туған елден хабар алып.
Мұнымен тұра тұрсын екi бала,
Хабарын жөйiтте қалған ғарiп ана.
Ғазаппен залым жөйiтте қалған едi,
Япырым-ау, не болды екен сол бейшара.
Бiр күнi ол ұйқыда көрiптi түс,
Анаға жорытуға бұл жақсы iс.
Тұңғиық суға кеттi ол түсiнде,
Шығыпты бiр жартасқа болған соң тұс.
Жартасқа шығып тұрды ана қарап,
Жартас та биiк болған сондай бiрақ.
Әлемнiң дүние жүзiн бәрiн көрiп,
Биiк құз шың жар болып шыққан құлап.

Ананың жорытып айтқан сөзi және жорушы сөзi:

Ұйқыда ана көрген бiр ғажап түс,
Жақсылап жорытуға келдi ғой тұс.
Түсiнде ай мен күндi көрiп едi,
Жеткiздi қолын созып көп етiп күш.
Түңғиық суға түскен ол басында,
Тағдырда құдiреттi iс болмасын ба?!
Шың құздың ең басына шығып тұрып,
Қараса, күн мен айы тұр қасында.
Қарады шың жартасқа шығып тұрып,
Күн мен ай қасында тұр жақын келiп.
Таңқалып қолын созды ұстайын деп,
Қуанды, ай мен күнге қолы жетiп.
Басында ана кеткен бiр тұңғиық суға,
Қуанды қолы жетiп күн мен айға.
— Япырым-ау, жаңа ғана су iшiнде алқынып ем,
Жартас та қай йағымнан болды пайда.
Тұңғиық суға кетiп алқындым көп,
Тiрелдiм қандай қылып жартасқа кеп.
Шошынып ұйқысынан ана оянды,
Балаған ай мен күнге, шырағым, — деп.
Қараса, атқан екен таң саз берiп,
Шолпан да раушанданған көтерiлiп.
Оңдағын бұл iсiмдi, Құдай, өзiң, — деп,
Жорытты көрген түсiн ерте келiп.
Әуелi түсiн айтты күн мен айды,
Жалынып жалбарушы ед бiр Құдайдан.
Осындай ықыласпен айтқанында,
Жаулығын ол ананың жұлып алды.
— Сүйiншi, ана, маған бершi, — дедi,
Сөзiме менiң айтқан сеншi, — дедi.
Көрiнген ол ай мен күн — екi балаң,
Бәледен құтылыпсың ендi, — дедi.
Сүйiншi, ана пақыр, бершi маған,
Етiптi мархабатты Алла саған.
Түсiңде ол көрiнген күн мен айың,
Болыпты патшазада екi балаң.
Тұңғиық суға кеттiң әуел баста,
Шығыпсың көп алқынып сен жартасқа.
Жеткiздiң ай мен күнге қолың созып,
Жеткенiң қасiреттен сен мақсатқа.
Ақиқат басыңда едi мынау жұмыс,
Көрiнген раушан болып ол тұспа-тұс.
Жартастай ауыр едi және терең шың,
Бәрiнен құтылыпсың ендi, байғұс.
Тұңғиық судан шықтың қасiретпен,
Ағылған көз жасыңды Тәңiрiм көрген.
Бейшара, бұл жауыздан құтылыпсың,
Ақиқатты нақақ қылмас Құдай бiлген.
Көрiпсiң ай мен күндi, ғарiп ана,
Сынбайды-ақ иiлiп Ақ Тағала.
Көрiнген қасындағы барлық жұлдыз,
Бұқара болар бәрi күн мен айға.
Бұл iстiң ақиқаты осы болар,
Уайымнан, иншалла, көңiлiң тынар.
Iстеген бұл жауыз жөйiт сiзге зұлым,
Жалынып аяғыңа ол бас ұрар.
Осындай жақсылыққа жорыды көп,
Бұл түсiң патшалыққа тұс болғай деп.
Тапқанын палбасысын оған берiп,
«Балларым аман болса жарар ед», — деп.
Ана айтты жорушыға «әумин» деп,
— Жорыдың жақсылыққа сiз мұны көп.
Ем болғай ауызыңнан шыққан сөзiң,
Перiште құлағына шалынсын, — деп.

Ана бұл жоруға қуанып және балаларын сағынып, айтқан сөзi:

— Е, бұл ғаламның қорғаны,
Жад еттiм сiздi, Жаппар Ақ.
Бiр өзiңе тапсырдым,
Екi балам — аманат.
Еттiм сiздi мiнәжат,
Жөйiттен көрдiм ғазабат.
Он сегiз мың ғаламға
Патша болған Зұлзалат.
Сiздерден медет сұраймын,
Құдайдың досы Мұхамбет.
Бiз ғарiпке жәрдем ет,
Құдiреттi керемет.
Қыдыр Iлияс жолдасың,
Көп жебегей бақ-дәулет.
Балларым сiзге аманат,
Түркiстанда — құл Қожа Ахмет.
Түсiмде көрдiм күн мен ай,
Рас болғай, япырым-ай,
Балгердiң айтқаны-ай,
Көрсеттiң өзiң, бiр Құдай.
Ақ жарылқап күн туғай,
Зарладым сiзге, бiр Құдай.
Көз жасым көл боп жүргенде,
Екi ұл бердiң мен құлға-ай.
Ақырында зар еттiң
Iзiне басқан, япырым-ай.
Өзiң берiп айырдың,
Тiлегiн келiп мен құлды-ай.
Ботасынан айырған
Боздаттың менi түйедей.
Күнi-түнi аңырадым,
Тапсырдым сiзге ұлымды-ай.
Мұнымен жөйiтте тұрсын ғарiп ана,
Бiр елде қалған едi Сағыт бала.
Кемпiрге өзi барып бала болған,
Тұрма екен анасындай болып және.
Кемпiрге бала болған Сағыт жастан,
Туғаннан ғазап көрiп көзiн ашқан.
Ол жасқа Қыдыр баба көп сөз айтып,
Алаша, аса бердi әуел бастан.
Осымен ендi сөздi ұзартпалық,
Кемпiрге бала болды Сағыт барып.
Бұл үйде ауқаттанып жатпақ болды,
Шешесi бергеннен соң төсек салып.
Төсекте ендi ұйықтап Сағыт жатты,
Түс көрiп рахаттанып құп ұйықтады.
Төсегiн таң атқан соң жинарында,
Көрпенiң қабатынан көп ақша тапты.
Ақшаны шешесi алып сүйiндi бек,
Қалайша жас балада мұнша ақша көп.
Айтпастан сол күйiмен ала бердi,
Таңқалып жүретiн ед «бұл қалай?» деп.
Сағыттан жәудiр кемпiр көп ақша алды,
Ақшаның көптiгiне таңға қалды.
Арада осы түрлi көп күн өттi,
Сағытты аңдымақ боп ойға қалды.
«Япырым-ау, неткен ақша балада көп,
Азаймас күннен-күнге, көбейер, — деп.
Жай адамда болмайды мұндай ақша,
Асады күннен-күнге сомасы бек».
Баланы кемпiр ендi аңдымаққа,
Жай салды Сағыт жасты жатқызбаққа.
Сағытты төсегiне жатқызып сап,
Отырды өзi барып босағада.
Қолына кемпiр отыр қылыш алып,
Қорлықпен мұнда келген бала ғарiп.
Мақсат сол — ол баланы аңдымақта,
Қылт етсе тастамақшы басын қағып.
«Бұл өзi жас та болса ұры бала,
Алдамақ бала болып менi және.
Ұйықтатып күнде менi тастаған соң,
Патшаның барып түсер қазынасына.
Алады ақша қайдан бұл жүгермек,
Басын кесiп тастасам болар өрнек.
Патшаға басын кесiп апарайын,
Зиянын бұл жүгермек көп келтiрмек».
Және де бұл сөздi айтты кемпiр ойлап,
Бiр жастың мақұл ма екен көзiн жоймақ.
Далаға тысқа шығар әрбiр пенде,
Ақырын абайлайын соңын байқап.
Бұл бала заһар қыштап шықса тысқа,
Тастасам басын кесiп қапылыста.
Ол iсiм өзiме ақыр жақсы болмас,
Нақақтан бiр жас бала қаны ақса.
Дедi де және айтты кемпiр ғарiп,
Қылт етсе тастамайын басын қағып.
Артынан қайда барса мұны аңдиын,
Сабыр қып байқап қарап қылыш алып.
Бұл сөзбен кемпiр отыр босағада,
Жас Сағыт қозғалмастан төсегiнде.
Тырп етiп таң атқанша қозғалмайды,
Кемпiрдiң босқа шықты өсегi де.
Ол шеше кiрпiк қақпай таң атырды,
Сағытты шаппақ болып ол отырды.
Төсегiн және дағы жинарында,
Кемпiрдiң көзi көрдi қанша пұлды.
Япырым-ау, қасиеттi болар бала,
Аңдаусыз шаба жаздап мен бейшара.
Шайтанның тiлiне ерiп шаппақ болдым,
Алладан тоқтау болды, мұны қара.
Сағыттың ақша табар себебi бұл,
Жақсылар, құлық салып көңiлдi бұр.
Әуелде ол жүректi жеген едi,
Тауық едi қасиеттi ол, емес құр.
Ол тауық қасиеттi тауық едi,
Жерге туып, аспанға ауып едi.
Жусанның арасында жұмыртқасын
Жәудiр шал кезi келiп тауып едi.
Жөйiттiң пәрменiмен тұзақ құрып,
Ұстап ап жөйiтке апарып берiп едi.
Тауықтың сол жүрегiн жегеннен соң,
Сағытқа қасиетi ауып едi.
Тауықта жөйiт бiлген қасиет барын,
Сондықтан жұмыртқасын алды оның.
Пәрмен ғып жас балларға «ұста» дедi,
Қорқытып балаларды жөйiт залым.
Жас бала бұл ақшаның қадiрiн бiлмес,
Көрсе де тастап кетер, керек емес.
Ойында бұл ақшаны керек қылмай,
Жасынан мұңаюда, ойнап-күлмес.
Сағыттың дәйiм түрде көңлi алаң,
Алаң болмай тұруға бар ма шараң.
Бiр күнi ойнап жүрсе балалармен,
Мынадай сөз есiттi одан арман.
Балалар көп кеңестi әрбiр жақта:
— Күнi ертең барамыз, — деп, — пәлен жаққа,
Ақша алып бiр ғажайып көрмек үшiн,
Отырар ханның қызы алтын тақта.
Көремiз ақша берiп қызды бiздер,
Талапкер болғандарың жүрiңiздер.
Онда бiр ғажайып сурет көрiп,
Ақшамен оны барып көресiздер.

Сағыттың кемпiрге келiп ақша сұрап тұрған жерi (налалық жыры):

— Е, көптi көрген анамыз,
Бұл сөздi тыңдап қараңыз.
Баллардың бәрi барады,
Олардан қалай қаламыз.
Есiркесең ақша бер,
Мұнша ақшамен барамыз.
Ханның көрiп қыздарын,
Қайтып сiздi табамыз.
Ақша бергiн, жан ана,
Сiзге болдым мен бала.
Осы ақшаны бермесең,
Мұнда тұрмайым мен және.
Баладан мұны есiтiп кемпiр састы,
Барды да бiр сандықтың аузын ашты.
Сұраған ақшасын да бере салды,
Осымен риза қылды Сағыт жасты.
Балалар ақша берiп сурет көрiп,
Алдынан бiр нешiк зат өттi келiп.
Жылт етiп алдарынан өте шығар,
Болмады раушан қылып анық көрiп.
Балалар өз-өздерi сөз сөйлестi:
— Бұл көру көрiс емес бiзге, — дестi.
Ауылға қайта барып ақша алып кеп,
Көремiз анық өзiн мұның, — дестi.
Сағыт та келе жатып ойланып көп,
Қалайша бере берсiн ақшаны деп.
Мен өзiм бiр мүсәпiр жетiм болсам,
Зарлана ақша сұрай кемпiрге кеп.
Сағыт та ақша бер деп анасына,
Анасы ол ақшаны аясын ба?!
Сұраған ақшасын да бере салды,
Сағыттың жолыққан ол қазынасына.
Көп бердi сұрағаннан бiрқанша пұл:
— Сағытжан, қараққанам, ендi өзiң бiл.
Ол қызды ақша берiп көргеннен соң,
Кеш қалмай үйге қарай қайтуды бiл.
Сағыт та ақшаны алды қош болғай деп,
Баллармен қызды көрдi ол мұнда кеп.
Ақиқат айтқанындай сұлу екен,
Алдында жайтаңдады бiрнеше рет.
Бек сұлу патша қызы едi сондай,
Аш белi қыпшамалы тартқан сымдай.
Сайраған сәрi уақта бақта бұлбұл,
Жаратқан адамзаттан оны мұндай.
Бота көз, ақ маңдайы ақ күмiстей,
Бөлекше бұл адамнан құдiрет күштей.
Қолаң шаш, арқасында өрген бұрым,
Көрсеткен покiс * пенен ол бiр iстей. (* Покіс (о) — фокус)
Тiлменен еш болмады түсiндiрiп,
Мысалы ай туғандай раушанданып.
Адамнан қандай түрде туылған деп,
Сәулелi күн шыққандай өте жылып.
Суреттеп еш болмады қыздың түрiн,
Сұлулық артық бiткен оның порымын.
Адамнан мұндай болып туған емес,
Бiтпеген тiрi жанға мұның көркiн.
Безелген қыз мекенi бау-шарбақта,
Отырған қыз патшасы алтын тақта.
Себеп бар балаларды шақырмақта,
Жақында хабарланған әр тарапқа.
Сағыттың ағасының хатын алып,
Шақырған балаларды жинап алып.
Сондықтан картина қып көрсетiлген,
Сағыт та келе ме деп бұл мақсатта.
Жан-жақтан көремiз деп баллар келер,
Сағыттан тiрi болса хабар берер.
Қалайда көрсетейiн суретiмдi,
Балларға бұл ойыншық мақұл көрер.
Бұл ақыл патша қызы ойлап тапқан,
Есiтiп баллар келген әрбiр жақтан.
Бар болса бұл жалғанда келедi деп,
Отырған тақты құрып бұл мақсатпен.
Сайраған ол шарбақта сандуғаштар,
Жиналған бұл шарбаққа өңшең жастар.
Жұлдыздар қоршалаған айдай толып,
Әлемдi патша қызы жарық қылар.
Қасында қырық қызы бар жолдас еткен,
Қасiретi бұл жас бала күнге жеткен.
«Қалайда Сағыт жасты табамыз», — деп,
Хан қызы жолдасы мен көп кеңескен.
Өйткенi хат жазған ед патшазада,
Тиген ед ол хат келiп бұл патшаға.
Ол зада ағасы едi Сағыт жастың,
Қайғырып хатты жазған ол көп және.
Ол хатты атасынан қыз да алып,
Оқыды жолдас қыздар құлақ салып.
Ол хатты оқып көрсе былай жазған,
«Қасiретпен айырылдым, — деп, — жалғыз қалып».
Хатында Бағыт патша жазған мұндай:
— Айырды жалғызымнан менi Құдай.
Сандалып сар далада келе жатып,
Айырылған менен жалғыз Сағытым-ай.
Және айтқан жаздым сәлем, достым, сiзге,
Ләззатпен құлағың сал айтқан сөзге.
Баладан бiр хабарын бiлген болсаң,
Сiз де жаз мархабатты сәлем бiзге.
Бiр елге падишамын, атым — Бағыт,
Жақында дәулет қонған маған нақыл.
Сандалған сар далада жетiм едiм,
Бiр Алла өзi қойған падиша қып.
Мұны айтып қолын қойған жазып сәлем,
Мөр басқан сәлемнен соң айтып әлем.
«Хабарын Сағыт жастың берсеңiз», — деп,
Мархабат жалынышты жазған сәлем.
Мұны оқып қайғыланды патша қызы,
Бiр қанша қаржы еттi ол көп пұлды.
Суретшi шаһарынан ол алдырып,
Суретiн картина ғып шығарды ендi.
Бұл қыздың рақымы келiп жас балаға,
Қаншама сарып етiп жаратты ақша.
Балларды елiндегi жинаған сол,
Картина көрсетуi көп балаға.
Жаратқан артық қылып қызды Құдай,
Балаға мейiрбандық еттi мұндай.
Қасында қырық қызы бар жолдас еткен,
Жүгiрер қыз бұйрығын екi қылмай.
Сағыттан сұрады ендi қыз да былай:
Қай жақтан келiп едiң, — дедi, — мұнда-ай.
Нәсiлiң кiм, қайсы жақтан келiп тұрсың,
Көрсеттi сенi ыстық маған Құдай.
Сағыт та қызға расын, шынын айтты,
Қалдырмай көргенiнiң бәрiн де айтты.
Сандалып сар далада жүргенiнде
Қыдыр баба жолыққан сырын да айтты.
Алаша, асаменен Қыдыр берген,
Ұшып жүрiп перiге кезi келген.
Ол қызбен бiрнеше күн бiрге ұшып,
Ұйқыда алаша, аса қыз алып кеткен.
Сағыттан бұл жауапты есiтiп қыз,
— Кетпестен бұл арада сiз тұрыңыз.
Ағаңа жақын күнде жолығарсыз,
Анықтап сүйiншiнi бiз сұрармыз.

Басқа балаларға жауап берiп, жiберiп, Сағытты қыз алып қалды. Және балаларға айтты: — Кемпiрге айтып барыңдар «хан
қызы Сағытты алып қалды, кейiн келер деп айтасыңдар», — дедi. Және де Сағытты өзiнiң бөлмесiне алып барып, мына сөздi
айтты:

Қыздың сөзi:

Сағытты қыз ап қалды елден ерек,
Жас Сағыт тым сүйкiмдi болса керек.
Ап қалды ажыратып көп баллардан,
Қыз айтар мұғадасы болса керек.
Отырды бөлмесiнде қыз толғанып,
Бiр уақта бұл сөздi айтты ол ойланып.
Сағыттың порымынан байқап едi,
Аузынан емшек сүтi тұрған тамып.
— Шын айттың, мен разы болдым саған,
Жасыңнан жетiм қапсың сен атадан.
Сырыңды нендей көрген бәрiн де айттың,
Бұрын да жолы солай адамзаттың.
Қаншама жас күнiңнен қорлық көрiп,
Бұл жерде Құдай айдап менi таптың.
Қам жеме азап күнiң кетер бастан,
Зарладың жас басыңмен көзiңдi ашқан.
Рахатқа бұдан былай жолығарсың,
Мархабат болып саған жалғыз Ақтан.
Қарасам порымыңа, жас ұлансың,
Қиянат көп көргендей адамзаттан.
Көзiме от көрсеттi сенi баста,
Ойланбай еш болмады сөз қатпасқа.
Сүйiншi, шынымды айтсам не бересiң,
Бiр елге ағаң сенiң болған патша.
Жылама, рахат күнiң болар, — дедi,
Басыңа бақыт құсың қонар, — дедi.
Қаңғыртқан сенi мұндай жас басыңнан,
Залым жөйiттiң көзiне құмды тас толар, — дедi.
Және де анаң келер салтанатпен,
Бұл iсiң мәлiм едi маған көптен.
Хабарың ағаң жазып бiзге және,
Жақында бiр пошташы келiп кеткен.
Ағаңыз сiз туралы бердi хабар,
Е, Сағыт, сабыр етiп тұрсаң жарар.
Шаһардан әскер жинап сiздi апарып,
Ағаңа салтанатпен ол көрсетер.
Бұл iстi атама айтып берiп хабар,
Әскердiң шаһардағы бәрiн жинар.
Мұратың хасыл болды Құдай қалап,
Патшалық салтыменен сiздi апарар.
Қуанды мұны естiп Сағыт бала,
Бұл жұмыс түс көргендей болды және.
Сандалып сар далада сорлап едiм,
Бұл iстi өңiм қылғай өзiң, Алла.
Менiң бұл ойлар едi түсiм ғой деп,
Қасында ханның қызын көредi бек.
Балаға қыздар келiп тәуелдi боп,
Ағаңа апарамыз бiз сiздi деп.
Қуанды қыздан былай Сағыт бала,
Не түрлi азаптанған көптен және.
— Е, ханша, олай болса жарар ед, — деп,
Шаттықпен жауап бердi қызға о да.
Хан қызы атасына берiп хабар,
Бұл iстi iстемекте бiр себеп бар.
Ағасы сәлем бұған жолдаған соң,
Сол үшiн көп балларды жиындылар.
Мақсат сол — балаларды қыз жимақта,
Әр жақтан баллар келсе бұл шарбаққа.
Сағыттың бiр хабарын бередi деп,
Көрсеткен картинаны сол мақсатта.
Қыз айтты атасына берiп хабар:
— Әй, ата, сiзге айтатын арызым бар.
Баллар мен Сағыт бала өзi келген,
Сол үшiн әскерлердi жинаңыздар.
Патшалық салтыменен мұны апарып,
Жасынан кемдiк көрген осы ғарiп.
Бiзге арнап сәлемнама жiберген ед,
Сол үшiн бiр жақсылық бiз қылалық.
Падиша есiткен соң бұл хабарды,
Әскерiн шаһарындағы жинап алды.
Жау-жарақ бiрқаншама сиясатпен
Сағытты iзет етiп жолға салды.
Бағыттың бұған жазған сәлемiне
Бұл патша мархабатпен бiр хат жазды.
Бағытқа сүйiншiге адам салды,
Арада алты күн қонып, онда барды.
Патшаға патша жазған хатты берiп,
Сарбаздар әдеп сақтап тұрып қалды.
Бұл хатты патша оқыса iшiн ашып,
Ол патша былай жазған мөрiн басып:
Бұл хатта патша оқыса: — Достым, — деген,
Бiзге сiз бiр аманат қостың, — деген.
Бұл бала өзi келдi Құдай айдап,
Жiбердiм iнiңiздi әскерменен.
Ол үшiн қыздың айтқан қылғандарын,
Балларды елiндегi жиғандарын.
Суреттi көремiн деп келер Сағыт,
Суреттi сол мақсатпен құрғандарын.
Айтыпты мұны жазып сәлем деп көп,
Iнiңдi, достым, сiзге жiбердiм, — деп.
Қасына әскер қостым бiрнеше адам,
Қол қойып, мөрiн басқан дос болдық деп.

«Қуанған мен қорыққан бiрдей» дегендей, Бағыт патша шыдап тұра алмай әскерменен шаһар халқын сап түзеп, iнiсiнiң алдына шығып айтқан қуанышты сөздерi:

Уәзiр, патша әлiне қуанып көп,
— Тақтыңа отыр, — дедi патшаға кеп,
Бұған сiз қуанудан жылауың не,
Жеткiзген фазылымен бiр Алла, — деп.
Падиша сабыр етiп таққа мiндi,
Әскерiн, шаһар халқын бәрiн жиды.
Қаншама жау-жарақпен мүзiке алып,
Алдынан iнiсiнiң қарсы жүрдi.
Әскерлер дабыл қағып мүзiке тартты,
Сап түзеп қала халқы алға басты.
Патшалық салтанаты — сырнай-керней,
Балқытар адамзатты әнге сапты.
Сондай-ақ сиясатпен шықты алдынан,
Ол жақтан көп әскердi көрдi алдынан.
Олар да сырнай-керней дабыл қағып,
Жер-көктi жаңғыртумен шықты алдынан.
Қарасын iнiсiнiң патша көрiп,
Жақындап келген сайын бойы ерiп.
Алдында жарқ-жұрқ еткен сиясатпен,
Iнiсi жақындасып қалған келiп.
Падиша мынаны айтты оны көрiп,
Болмады сөйлемеске бермей ерiк.
Жақындап Сағыт бала келген сайын,
Патшаның тұла бойы бiрден ерiп.
— Көресiздер ме, жарандар,
Алдыңызға қараңдар.
Көрiнедi мұнша көп,
Әскершi адам, сарбаздар.
Қарағым менiң келедi,
Мейiрбаным, қараңдар.
Жарылар ма жүрегiм,
Сағыт па рас, жарандар.
Келе жатыр қарағым,
Жарқылдатып жарағын.
Құтты болып қадамың,
Оңласа Алла барарын.
Сар далада қалып ең,
Жеттiң бе, Сағыт қарағым.
Тәңiрiм саған жар бол деп,
Ертелi-кеш сұрадым.
Жарылсаңшы жүрегiм,
Табылғанда тiрегiң.
Ашылсаңшы қабағым,
Жанғанда өшкен шырағың.
Жүгiрсеңшi қадамым,
Жоғалған тап боп пырағың.
Өңiм бе, әлде түсiм бе,
Келдiң бе, Сағыт шырағым.
Мұндай деп зарланады екi бала,
Жүгiрдi екеуi де құшақ жая.
Құшақтап бiр-бiрiне қадалады,
Бұл күнге өзi салған Алла Тағала.

Екi баланы жұбатып Дана уәзiрдiң айтқан сөзi:

— Бағыт, Сағыт шырағым,
Құтты болсын қадамың.
Жоғалған iнiң келсiн деп,
Құдайдан мен де сұрадым.
Жоғалған iнiң келiп тұр,
Тәңiрiм тiлек берiп тұр.
Қабыл болып тiлегiң,
Анық көзiң көрiп тұр.
Дәулетке, мiне, жолықтың,
Бағыт, Сағыт шырағым.
Ақ жарылқап күн туды,
Хасыл болып мұрадың.
Қамығып бұған жылама,
Өмiрлерiң сұрағын,
Қуанышты күн бүгiн,
Жанғанда өшкен шырағың.
Құдай көрiп көз жасың,
Қабыл болды мұрадың.
Ақ жарылқап күн туды,
Бағыт, Сағыт шырағым.
Қонды дәулет, атты таң,
Мейiрбан өзi жасаған.
Мiне, келдi сиясатпен,
Кем емес мысал патшадан.
Осынша-ай саған атты таң,
Кемi жоқ ешбiр патшадан.
Құдай көрiп көз жасың,
Қуаныш қыл, шаһизадам.
Жұбатып уәзiр Дана: — Қойғыл, — дедi,
Көз көрдi анық мұны ендi, — дедi.
Бұған сiз қуаныш қыл, қос бекзада,
Атырапқа ат шаптырып той қыл, — дедi.
Осындай сиясатпен екi бала,
Патшалық сарайына келдi және.
Жан-жаққа ат шаптырып, жар салдырып,
Қырық күн той ұдайы қылды онда.
Атыраптың бәрi келдi шақырған соң,
Патшаға Ақ жарылқап күн туған соң.
Күн ұдай қырық күн көрдi тамашаны,
Ақыры ғажап болып тарқады оның.
Той тарқап елдерiне қайтпақ болды,
Бұл тойды уәзiр Дана өзi басқарды.
Тон берiп, ат мiнгiзiп сый қонаққа,
Тарқатты разы қылып бәрiн де ендi.
Той тарқап разы болып қайтты бәрi,
Сағыттың ағасына айтқан арызы.
Анасын көрмей шыдап еш болмады,
Бағыттан рұқсат сұрап айтты арызды.
— Ей, аға, арызым тыңда, құлағың сал,
Сiзге мен арыз айтам бiр ахуал.
Жөйiттегi азап көрген анамызға
Мен барам, бұл сөзiмдi есiңе ал.
Бала деп сұрады ғой сiз бен бiздi,
Төрт бөлiп түн ұйқысын, бiздi емiздi.
Анасыз бұл жалғанда тұрып болмас,
Құлақ сал, рұқсат бер, бұл арызды.
— Қарағым, айналайын, Сағыт жаным,
Сен едiң бұл заманда менде барым.
Баруыңа саған онда мен тiлектес,
Бiрақта жалғыз өзiң барма, жаным.
Тiледiм мен де сенi жалғыз Ақтан,
Айырып сенен менi зар жылатқан.
Тауында Шөгiрлiнiң көрiп ең ғой,
Мекенi ол жер едi айуанаттың.
Ол тауды мекендеген аю, қасқыр,
Бiздердi Құдай өзi қаққан ақыр.
Сол жыртқыш онда барсаң жейдi сөзсiз,
Бәлеге жолығарсың барсаң ақыр.
Баруың жалғыз өзiң, мақұл болмас,
Сен жассың, ол жөйiт саған бере қоймас.
Қалайда баруыңа тiлектеспiн,
Әскер ал бiрқаншама болар жолдас.
Сағыт жас анасына бармақ үшiн,
Әскер ап жау-жарақ пен жиды күшiн.
Қалайша ол залым жөйiт бермес екен,
Сынасып мен көрейiн оның күшiн.
Жау-жарақ бiрқаншама әскер алып,
Анаға бармақ болды қаһарланып.
Тарттырып сырнай-керней жолға түстi,
Анасын алып қайтпақ жөйiттен барып.
Арада бiрнеше күн жүрдi олар,
Бел асып шың-құз, таудан өттi бұлар.
Жолында көл де, шөл де қалып жатыр,
Адамзат өте алмастай биiк таулар.
Жон асты орта жолда таудан бұлар,
Шалқар көл, сахара шөл, биiк шыңдар.
Әскерлер бәрiнен де өтiп жатыр,
Басында қалай өткен ғарiп баллар?!
Ол баста қалай өткен таудан бұлар,
Жолшыбай бiрнеше азап көрдi олар.
Сар дала нендей қиын жерден өтiп,
Осымен Түркiстанға келдi бұлар.

Сағыт әскерлерiн баяғы өздерi жасырынған бау-шарбаққа қойып: — Сiздердi керек қылсам сырнай тартармын, құлақ салып тыңдап тұрасыздар, — дедi Сағыт. — Және мен ескерусiз дуана бала болып барып, ананың әлiн бiлейiн. Жөйiт қалай азаптады екен, оны байқайын деп барып тыңдаса, ана мына зарлы әуенге салып балларын жоқтағанын есiттi. Ананың балаларын жоқтағаны:

— Е, балларым құны бiр тауық,
Сатылып кеттi базарға.
Атасы басқа залым жөйiт
Қарамады ажарға.
Бiр бас пенен бiр жүрек
Кез болған ба ед ажалға.
Жаны ашыған жарандар
Ала жүрсiн назарға.
Басымнан кешкен оқиға,
Есiм лайық жазарға.
Көрмедi Алла лайық,
Балларым маған базарда.
Көрген түстей күнi өттi,
Болған соң солай әзелде.
Қуанышында көрсетiп,
Тартқызған қайғы жаңда.
Қараңғыда қалдым мен,
Шам-шырақ сөнген заманда.
Сендерден қалып не көрдiм,
Жетпедi менiң қазам да.
Iшiме толды ыстық дерт,
Қайнаған судай қазанда.
Бұзылды күлкi, түнгi ұйқы,
Тiледiм Ақтан азанда.
Қайдан ғана тапты екен,
Жұмыртқа берген сазаң ба?!
Ажалыңа мен шұнақ,
Тақия тұзақ салам ба.
Сол тауықтың киесi
Қасiрет болды саған да.
Осындай қылып зарласып,
Көрсетер ма екен маған да.
Қайдан тапқан атаң сор,
Жөйiтке сатқан сазаң ба.
Қасiретте қалды балларың,
Жолықты жала таңда.
Қай пейiлiмнен тапты екем,
Мұндай азап маған да.
Мәшһүр күнi болғанда
Көруге Алла жазар ма?!
Арасында екi оттың
Менi, Алла, қор еттiң.
Ғарiптiң көңiлiн мұңайтып,
Залым жөйiттi зар еттiң.
Мұндай зарлы қылғандай
Мен бейшара не еттiм.
Жыладым зарлап, балам жоқ,
Iсiне көндiм Құдiреттiң.
Мұны айтып зар жылады ғарiп ана,
Бейшара жүретiн ед етiп нала.
Көз жасын Ақ Тағала қабыл көрiп,
Келген ед Сағыт атты кiшi бала.
Құдайдан жүрушi едi мұны сұрап,
Айтылған жоғарыда мұңын айтып.
Бейшара жүрушi едi зарлап жылап,
Бұл зарын есiтiп тұр Сағыт тыңдап.

Ана сорлы балларын айтып жыласа, Жөйiт зекiрiп ұрсып тастайтын едi. Осы күнi өлтiрiп жiберсе де, арманымды айтып шерiмдi
тарқатайын деп осы жоқтауды айтып тұрғанын Сағыт тыңдап, әбден есiтiп дуана бала болып Жөйiтке Сағыттың айтқан ғазал сөзi:

Жөйiтке дуана боп Сағыт барып,
Ол жөйiттен қайыр сұрап әнге салып.
Алланы аузына алып айтар едi,
Ғарiптiк өзiн-өзi жолға салып.
Ақ Алла ақ сардары,
Жөйiтке келдiм алғалы.
Қайыр-зекет бермесе,
Жаһаннам кеткей жандары-ақ!
Диуана, пәлекет!
Уа, Алла Ақ, жарандар,
Осы жөйiтте анам бар.
Бад ықыраж етпесе,
Малы-басын талаңдар-ақ!
Уа, Алла Ақ, жөйiт баба,
Алыстан келген мен бала.
Қолыңда ғарiп анама
Азап бердiң сен және-ақ!
Балларынан айырдың,
Өлген бе едi ол баллар.
Сiзден көрiп ғазабат,
Жылауда қалған сорлы ана!
Тауып бергiн анамды,
Кеттi қайда ол ана.
Әгар тауып бермесең,
Кереметiм көр және ақ!
Өлген бе едi баллары,
Қайда кеткен ол бала.
Тауып бермей анамды,
Бәлеге қалма, жөйiт баба.

«Аһ, пәлекет, диуана! Ана диуана баланың сөзi маған жақпады, айдап жiбер әрi», — дедi жөйiт. Ана аңқаусырап танымады.

Жөйiттен мұны есiтiп ана пақыр,
Далаға шығайын деп келе жатыр.
Жөйiттiң кiрiн жуып, отын жаққан,
Қасiретте зар жылаумен қалған ақыр.
Баласын танымады көзбен көрiп,
Жаратқан салған күйге оны көр қып.
Зарланып жалғыз бала есiкте тұр,
Бiрақ та ағытылған емшегi иiп.

Сонда бала сөйлейдi, сөйлегенде бүй дейдi:

— Е, ғарiп болған анамыз,
Қайда кеткен балаңыз.
Тiрi ме едi, өлi ме ед,
Нешеу едi балаңыз?
Ұқсар ма едi мен сорға,
Анықтап маған қараңыз.
Тiрi айырып балаңнан,
Бердi ме қу жөйiт сазаңыз.
Балаң келдi, қарашы,
Қабыл боп сiздiң тобаңыз.
Алла бердi тiлектi,
Жөйiттiң көзiн оямыз.
Қандай едi балаңыз,
Анықтап маған қараңыз.
Менен үлкен балаңыз —
Бағыт патшазадаңыз.
Алдыңда тұрған мен сорың —
Сағыт атты кiшi ұлыңыз.
Танымай, ана, балаңды,
Мақұл ма екен мұныңыз.
Сағыттан мұны есiтiп ғарiп ана,
Жығылды есiн танып жерге және.
Ана деп басын бала сүйеп отыр,
Бұл халге қайран болды жөйiт таңғала.
Орнынан бiр мезгiлде ана тұрып,
Құдiретке риза болды есiн жиып.
Бiр күнi түсте көрген күн мен айы,
Келтiрдi мiне бүгiн бiр Құдайы.
Жылады ғарiп ана: — Түсiм бе бұл,
Болмаса мархабатты iсiң бе бұл?!
Қалайша жас балларым патша болсын,
Көрсеткен құдiретiңмен күшiң бе бұл?!
Сағытжан, рас болса келшi маған,
Болайын екеуiңнен мен садағаң.
Мамаң ед мынау сенiң жасыңда емген,
Және емшi рас болса, қараққанам.
Сағыт та бұған келдi сендiргелi,
Мамасын анасының келiп емдi.
Ғажайып бұл кемпiрдiң бойы балқып,
Шандырдан ағытылып сүт жөнелдi.
Бұл iстi көрген жандар таңға қалды,
Жөйiт те шыдай алмай көп сандалды.
Сағыт та қырға шығып сырнай шалып,
Әскерiн бау-шарбақтан шақырып алды.
Малғұнды жағасынан буындырып,
Қылышпен екi жаққа салды бөлiп.
«Мард кессiн басың кессе» деген мысал,
Тағдыры ол, залым жөйiт қалды өлiп.
Бұл түрлi ананы алып Сағыт бала,
Әскермен сырнайлатып қайтты және.
Бұлайша сиясатпен келед ханға,
«Қалайша ғадиса» деп айтады ана.
Бейшара бiлмес едi өң мен түсiн,
Тосыннан мұғадасы болған үшiн.
Шүкiрлiк көргенiне көп келтiрiп,
Таңғалып әр қалайда өткен iсiн.
Мұнымен бiрнеше күн өттi арада,
Жол жүрдi сахара шөл, биiк шыңда.
Бұл тауда көп әскерлер мүзiке тартып,
Күллi әлем айқайлады тау жаңғыра.
Бұл тауда сырнай-керней әскер тартты,
Нақышты көркем әуен әнге сапты.
Қосылған тау жаңғырып сай-салалар,
Балқытты әдден аса табиғатты.
Бұл тауда осы әлпезбен екi күн жатты,
Демалып оқтын-оқтын сырнай тартты.
Тағдырын табиғаттың шешкенiндей-ақ,
Ананы құп жақсы етiп тамашалатты.
Осындай тамашамен аңдар атты,
Жыртқыш аң тұс-тұсынан қарсы шапты.
Еркiне жабайы аңды қояр ма әскер,
Әр жақтан тым-тырақай қырып сапты.
Осындай сиясатта ғарiп анам,
Болам деп екi ұлына мен садағаң.
Тәуба деп шүкiр етiп жолға түстi,
Талабым тез көрсем деп үлкен балам.
Өңiм деп ойламас ед бұл жұмысын,
Тосаттан мақсатты ойы болған үшiн.
Менiң бұл көргенiм өңiм болса,
Тезiрек көрейiн деп патша ұлын.
Ана айтты: — Тез жүгiргiн деп әскерге онда-ай,
Бiр минүт алда болмас нақ бiр жылдай.
Ұшуға қанаты жоқ, келе жатыр
Көргенше патша ұлын жаны тынбай.
Шаңғытып жүрдi қатты әскерлер де,
Тау асып, қыр қалдырып орта жолда.
Осындай қатты басып жүрдi дағы,
Жетiптi Бағыт тұрған байтақ елге.
Бағыт та шығар едi тау басына,
Есiнде ана, Сағыт болмасын ба.
«Сағытжан ананы алып келедi», — деп,
Дүрбiмен қараған ед жол басына.
Дүрбiмен Бағыт ер де қараушы едi,
Келе жатқан жол басында әскер көрдi.
«Мақсатқа Тәңiрiм менi жеткiздi», — деп,
Алдынан көп адаммен қарсы жүрдi.
Әскерлер құрмет етiп дабыл қақты,
Мұңды күй сырнай-керней әнге сапты.
Ол жерде қатты тартқан мүзiкеге
Ғаламды тау жаңғырып таңырқатты.
Жақындап келе жатты әскерлер де,
Ат қойды шыдай алмай Бағыт ендi.
Әскерден озып шықты құйындатып,
Қарқынмен жалғыз шығып жетiп келдi.
Жығылды мұны көрiп сорлы ана,
Қайғырып мұны сүйеп екi бала.
Мұңдығы ғарiп ана тәсiр етiп,
Қоршаған күңiрендi әскер және.
Ана сорлы талып жатты есiн бiлмей,
Шүкiрлiк Аққа айтып тiлге келмей.
Жылаған мейiр түсiп дүйiм әскер,
Жан-жаққа жүгiруде ананы емдей.
Ол бастан мейiрбан ед уәзiр Дана,
Қоршаған көп әскердi сырды және.
Қолында дәрiсi бар неше түрлi,
Алып кеп гүл су бүрiктi ол анаға.

Бiр уақта ана есiн жиып алып, шүкiрлiк келтiрiп разы болып айтқан сөзi:

Анаға гүл су септi уәзiр Дана,
Жақсылық көп iстеген падишаға.
Көргеннен атасындай мейiрбан боп,
Әр күнi насихатын айтқан онда.
Гүл суы уәзiрдiң дәру болып,
Ана да есiн жинап келдi өзiне.
Орнынан жерде жатқан ана тұрып,
Құдайға шүкiр дедi анық көрiп.
— Құдай-а, мың қатира құдiретiңе,
Күн туды Ақ жарылқап бiз жетiмге.
Айырылған тiрлiкте сағыр едiк,
Қосқаның өзiң айдап бұл жетiмге.
Жалғаннан кәзiр өлсем, арманым жоқ,
Көзiме көрiнбеушi едi, дүние боқ.
Құдайдан жатсам-тұрсам өлiм сұрап,
Зар жылап тисiн деп ем ажалды оқ.
Қазiр де құдiретiңмен жарылқадың,
Кемтарды дәйiм түрде бек қолдадың.
Бiзге де өзiң, Алла, мейiрбан бол,
Бiр елге жетiм балам патша қылдың.
Бұл iстiң боларлығын түсте көрiп,
Мархабат бiз ғарiпке өзiң берiп.
Жұбаттың құдiретiңмен өзiң, Алла,
Шың тастан күн мен айға қолым созып.
Мен созып қолым жеттi күн мен айға,
Жад етiп жалбарып ем бiр Құдайға.
Кез қылдың сол түсiмдi ендi бүгiн,
Разымын қазiр өлсем бiр Құдайға.
Мұнымен ордасына патша тартты,
Жақындап патша үйiне келiп қапты.
Қараса үй түзелген салтанатпен,
Көп адам қол қусырып қарсы апты.

Ананың патшалық салтанатымен дәурен сүруi:

Мұнымен ана келдi падиша ордасына,
Құдайым әр мiскiндi оңдасын да.
Қараса, қызметiнде көп адам жүр,
Кемпiр ед жөйiтте қалған ол басында.
Көредi алтын тақта Бағыт бала,
Қасында бiр тақта отыр уәзiр Дана.
Құдайға мың қатира шүкiр еттi,
Қалайша қолдаған деп Қыдыр баба.
Бiр бөлме көрсетiптi уәзiр Дана,
«Бұл үйде сiз тұрасыз», — дедi анаға.
Безелген бек ғажайып бiр үй едi,
Тамаша таңға қалды көрiп ана.
Осымен Дана келдi падиша ордасына:
— Мақсатқа жеттiң, — дедi, — Бағыт бала,
Жан-жаққа ат шаптырып тойыңды қыл,
Қалмасын жан атаулы бұл шамада.
Падиша жар шақыртып iстеп тойды,
Жан-жақтан жанды кiсi бәрi келдi.
Тамаша ақсақалдар тойды көрiп,
Тарқады ырза болып бәрi де ендi.
Ана жүр таңға қалып мына тойға,
Жәудiрдiң iстегенi мұндай той ма.
Жаһанда мұндай тойды көрмедiм деп,
Ұқсамас жәудiр шалы қылған той да.
Ана да рахатта патшалық салтанатпен,
Сыйлайды қол қусырып көп iзетпен.
Анасы патшамыздың болады деп,
Барлық жан, үлкен-кiшi iзет еткен.
Осындай құрмет көрдi ғарiп ана,
Жеткiздi мақсатына Алла Тағала.
Балаға көп жақсылық қылған едi,
Келейiк патша қызы Мәликаға.

Ол патша қызының жақсылығын айтып Сағыттың арыз еткенi:

Патша мен тақтында отыр уәзiр Дана,
Әдеппен қол қусырып келдi бала.
— Е, шаһым, сiздерге айтар арызым бар, — деп,
Мәликадан сөз қозғады аузына ала.
Тыңдады патша Дана құлақ салып,
Сағыттың порымына тұр таңғалып.
Бұлардың рұқсаты болғаннан соң,
Мәликаның жақсылығын айтты барып.
Құлақ сал мына сөзге, патша Данам,
Өмiрлiк жүрiм берсiн Алла саған.
Сандалып сар далада жүргенiмде,
Мәлика көп жақсылық еткен маған.
Мәлика көп жақсылық қылған маған,
Гүлденген өмiр берсiн Алла оған.
Қалайда меймандыққа шақырмасам,
Тумаппын адам болып мен атадан.
Ол қыздың маған қылған жақсылығы көп,
Қалай мен шақырмастан тұрамын деп.
Данаға және де айтты Сағыт бала:
«Сол қызды жеңгелiкке айтыңыз», — деп.
Сағыттың бұл сөзiне уәзiр Дана,
Таңғалып бұлайша деп айтты және.
«Бұл жұмыс бiздiң болған планда», — деп,
Сәлемiн ол патшаға жазды және.

Дана уәзiрдiң сәлеммен ол патшаға жазған арыз сөзi:

— Құрметтi сәлем жаздым, патшазада,
Мен достың Дана уәзiр ғайыпана.
Құрметтеп көп өтiнiш еткеннен соң,
Айтпақпын рұқсат етсең арыз және.
Жақында сiз жiберген шаһизада,
Ағасы ол баланың патшазада.
Шақырар сiздi мұнда ләззатпен,
Е, шаһым, бұл хатты алып, келмей қалма.
Ала кел ханым менен ханышаны,
Қалайда мұнда келiп көрсiн әнi.
Қызыққа лайық көрдiм бұл патшаны,
Сол үшiн арыз еттiм болса iмкәнi.
Шаһзадаға қызың қылған көп жақсылық,
Адамнан еш көрмеген ондай сыйлық.
Iсiне, ақылына разы болған,
Жаһанда айтып болмас ондай қылық.
Сол үшiн жаным құрбан ол қызға дер,
Қызыңа Сағыт бала ырза болып.
Шаһизада бiзге келiп еттi арыз,
Арызын өтемесем маған қарыз.
Мен дағы шаһизадаға қайран қалдым,
Ақылына ол баланың ырза болдым.
Бұл iстер бiздiң болған планда деп,
Сол үшiн асығыспен арыз жаздым.
Сондықтан сiзге жаздым сәлемнама,
Бұл хатты алған заман келгiн мұнда.
Өзiңе ләззатпен өтiнер көп,
Жақында бiзге болған патшазада.
Науада бейәдептiк болса бұл сөз,
Азапқа бұйырмаңыз бiздi әр кез.
Әгарда мақұл көрсең бұл арызды,
Тез күнде кешiкпестен келiңiз сiз.
Қараймыз ертелi-кеш сiздiң жолға,
Қалайда бұл хатты алып келмей қалма.
Басқа iстiң жинастырып бәрiн қойып,
Тез күнде асығыспен келгiн мұнда.
Мұны айтып көп өтiндi уәзiр Дана,
Қол қойып мөрiн басып бұл қағазға.
Тездiкпен ғафу етiп келерсiз деп,
Тоқтатты сәлемменен артын және.
Бұл хатты пошташыға тапсырды көп,
Тоқтамай күнi-түнi тез жүргiл деп.
Арада алты қонып ол патшаға
Апарып сәлем хатын бередi кеп.
Ол патша бұл хатты оқып аң-таң қалды,
Бiлместен көп ойланып басын салды.
Қалайда бармағаным болмайды деп,
Хатына жауап жазып топсынды ендi.
Пошташы жауап алып қайтып келдi,
Данаға келiсiмен хатты бердi.
Ол хатты патша жазған оқып көрсе,
Кешiкпен деген онда тез күнде ендi.
Бұл хаттан құрсант болды уәзiр Дана,
Тез келiп мұны айтты падишаға.
Ол патша мархабатты жауап жазған,
Етейiк ол тұратын бiр бақша да.
Безедi уәзiр Дана бiр бақшаны,
Көрмеген бұл заманда ешкiм оны.
Адамзат айтып болмас халде түзеп,
Суретiн арыстан, жолбарыс қойды тағы.
Бұл заттар суретi едi арыстан, жолбарыс,
Тұс-тұстан тоты, бұлбұл, сайратып құс.
Адамзат айтып болмас әлде түзеп,
Ол тастан iстетiлген бiр ғажап iс.
Ғаламды бiр гауһар тас етер жарық,
Бiр көрген ұмытпастан есiне алып.
Бұл бақша болған емес адамзатта,
Хауызда шапшып ойнар алтын балық.
Бұл шарбақ түзетiлген жаннан асқан,
Бiр көрген түсте көрер ынтығы асқан.
Исi гүл, түрлi гүлдер дүниеде бар,
Жаһанда адамзаттың көңлiн ашқан.
Тамаша бұл шарбақтың көркi асқан,
Әр жерден жарық қылған асыл тастан.
Шыққан су жолбарыстың ауызынан,
Шапшыған құйрығынан аспанға атқан.
Осындай бұл шарбақты құп түзетiп,
Тiлiмен айтып болмас халде етiп.
Ханым мен ханышаны қасына ертiп,
Ол патша сиясатпен келдi жетiп.
Қасында жау-жарақты көп әскерi,
Осындай сиясатпен патша келдi.
Қаншама сырнай-керней мүзiкемен
Келе жатқан падишаны көзi көрдi.
Бұрыннан бұлар көрген көп даярлық,
Әскермен бұ да шықты қарсы алып.
Көрген жан сиясатын айтып болмас,
Ол күнгi екi патша еткен шаттық.
Мүзiке сырнай-керней жер жаңғыртты,
Мұндайды көрмегендер бас қаңғыртты.
Өзiне орнатылған шарбаққа әкеп,
Құрметтi ол патшаны мейман қыпты.
Осындай зияпатта патшазада,
Қасында бұл патшаның уәзiр Дана.
Күндiз-түн, ертелi-кеш тамашада,
Арналған таңғажайып бау-шарбақта.
Шарбақтың тамашасын патша көрiп,
Ғажайып көргендей боп айтты келiп.
Есiтiп ханым, ханша шығып көрiп айтты:
— Ойлаған қандай сабаз осындай ғып.
Ғажайып тамаша екен, — дедi, — ханым,
Қалайша орнатты екен мұның бәрiн.
Мал түгiл, жаның құрбан мұндай ерге,
Жаһанда асқан шебер екен ерiм.
Бұл түрлi тамашада жатты бiр ай,
Елiне бiр айдан соң қайтты бұлай.
Көргенiн бастан-аяқ бiрiн қоймай,
Елiне патша барып айтты ондай.
Елiне бiр айдан соң қайтты патша,
Бағыт та қарыздар боп қызға анша.
Бағыттың қызға түскен махаббатын
Патшаға Дана уәзiр айтты анша.
Бағытқа мейiрбан боп ол патша да,
Айтқанын мақұл көрдi бұл балаға.
«Барған соң беремiн, — деп, — мен қызымды»,
Қоштасты бұларменен ол падиша.
Бағыт та бұл патшамен қайырласты,
Қош айтып қайын атасын жолға салды.
Артынан iле-шала көп әскермен
Бiрқанша сиясатпен бұ да барды.
Ол патша дәулеттi едi амалы асқан,
Әлемге әйгiлi боп даңқын шашқан.
Барлығын сұлу қыздың бiлсе дағы,
Қорқар ед сырттан патша келе алмастан.
Мысалы қыз порымы бiр перизат,
Жаһанда ұқсамаған еш адамзат.
Жұмақта үр қызының мүшесiндей,
Ашылған сәруақта қызыл гүл ед.
Сайраған сәруақта бозша бұлбұл,
Ақ жүзi алтайыдай жанар гүл-гүл.
Жайрадай кiрпiктерi дана-дана,
Құндыз қас, оймақ ауыз ол бейне гүл.
Бағытқа дәулет берген өзi Құдай,
Мәлика қырық қызымен тұрды мұндай.
Патшаның көп әскерiн күтiп алды,
Мүзiке әнге салған едi тынбай.
Ойнады бұл шарбақта Бағыт патша,
Қоршаған бау iшiнде өңшең жасқа.
Топ атып, мүзiке тартып ойын еттi
Қырық қызы ханышамен бiрге мұнда.
Бағыт жас бiр ай жатып ойын қылды,
Тамаша күнде көрдi неше түрлi.
Жұлқылап жас патшаны қыздар ойнар,
Көкпарша өңгерiп ап жөнелдi ендi.
Бiр айдай неше түрлi көрдi ойын,
Қылмақ боп патша ойда қыздың тойын.
Жан-жаққа жар шақыртты ат шаптырып,
Бермек боп төңiрекке қырық күн тойын.
Бұл түрде шақырған жан келдi қанша,
Тамаша қырық күн ұдай көрдi барша.
Шақырған көршi болған патшаны арнап,
Олар да көп әскермен келдi қанша.
Бұл күнгi айтып болмас зияпатты,
Қалайда келтiрiлген салтанатты.
Және де хатқа жазып тауыса алмайсың,
Шығарар ең жаза берсең бiр кiтапты.
Осындай сыйды көрдi жанның бәрi,
Үлпат боп өз алдына жас пен кәрi.
Бекзада, хан, жасауыл бiр жағында,
Патша мен састап болған уәзiрлерi.
Зияпат күннен-күнге жөнi бөлек,
Патша едi даңқын шашқан өте зерек.
Мәлика патша қызы көп айтылған,
Бұл iске бастағалы жүрсе керек.
Сағыт ер нысанаға қойғанында,
Сындырған тобатайын етiп бөлек.
Мұрады екi жастың асыл болып,
Ойлаған шаһарға алып қайтсам ба деп.
Қырық күн той қызық болып өттi тамам,
Жеткерсiн әр момынды тойға ғалам.
Барша жан қайтпақ болды елдi-елiне,
Қалаға бұ да қайтпақ шаһизадам.
Той тарқап қайтты елiне шаһизадам,
Жарылқар әр момынды Алла Тағалам.
Аяғы таң-тамаша тартыс болды,
Жұлмалап жас патшаны қырық қыз тамам.
Белiнен жабысады қыздың берiк,
Күлер ед патша қызы мұны көрiп.
Мысалы кенже туған шартық теке,
Әр қызға жабысады бала келiп.
Мiнеки, тамашамен өттi мұндай,
Бақ берген Бағыт жасқа өзi Құдай.
Ол бастан атасындай мейiрбан боп,
Дана да хабар алар жаны тынбай.
Ежелден жан салмаған Дана көсем,
Кiсi едi тым ақылды сөзге шешен.
Бұл тойға патшалардың бәрi таң қап,
Айтар ед бұл дүниеге бiр келген сен.

Дана уәзiрдiң елiне қайтпақ болып арыз еткенi:

Той болды бек ғажайып бұл заманда,
Мұндай той адамзаттан көрген бар ма.
Көрмеген бұл қызықты болды арманда,
Е, шаһым, жүрiм берсiн саған Алла.
Патшаға Дана уәзiр еттi арыз,
Е, шаһым, құлақ салып сiз тыңдаңыз.
Бұл едi мойныңда сiзге қарыз, сiз дағы ендi
Мұнан құтылдыңыз, рұқсат ендi бiзге етiңiз.
Үш айдың жүзi болды мұнда келгелi,
Болмаған бұдан бұрын қызық көрдiк.
Егесiз бiздiң халық жатқан болар,
Е, шаһым, рұқсат болса қайтсақ дедiк.
Данадан есiткен соң бұл арызды,
Қызын да ұзатудың қамын қылды.
Қазынаның аузын ашып кiлтiн салып,
Қызына қазынадан көп мал бердi.
Қалайда ұзатпақшы қызын патша,
Қазынадан алтын, күмiс бердi ақша.
Одақтас көршi болған патшалар да,
Олар да ермек болды қызға анша.
Қоңсылас, одақ болған патшалары,
Олардың әскерiмен ердi бәрi.
Қоршаған көп әскердiң мүзiкесi,
Ғаламды әдден аса таңырқатты.
Жаны бар кеудесiнде барлық адам,
Бұл жерге жиналған-ды жақсы-жаман.
Күйiне мүзiкенiң олар балқып,
Бiр жерде тұра алмады ешбiр адам.
Қайдағы тәттi күйге салды бұлар,
Патшалар жiберген-дi көп әскерлер.
Бағытқа патша қызы нақты тиiп,
Елiне қуанышпен қайтты олар.
Қызды алып жолға түстi бала пақыр,
Көкпеңбек темiр киген өңшең батыр.
Топ атып әуен қосып мүзiкеге,
Жер-көктi солқылдатып келе жатыр.
Топ атып, сырнай тартқан әскер жолда,
Мүзiке әр тарапта оң мен солда.
Үстiнде пәуескенiң патша қызы,
Қырық қыз бен қосылар ед мүзiкеге.
Келе жатқан айдалада шаһар көшiп,
Салады түрлi күйге құп түзетiп.
Осындай сиясатпен келiп жеттi,
Бағыттың байтақ елi болып несiп.
Бұлар да сиясатпен бiрнеше әскер,
Қарсы алып алдарынан шықты бұлар.
Сол жерге екi жақтың бас қосқандар,
Тамаша не күйлерге салды олар.
Бақшаның айтқан едiк бұрын түрiн,
Дананың ақылымен болған сырын.
Есiткен мұндай шарбақ бiр перiден,
Кiтаптан Дана оқып оның түрiн.
Бұл шарбақ iстеген-дi Дана бұрын,
Ғажайып түзетiлген оның порымын.
Арыстан, жолбарысты отырғызған,
Болмаған еш патшада мұнан бұрын.
Бiр шарбақ ақылымен Дана құрған,
Фантан ғып арыстаннан су атқызған.
Жарық қып әр жерде тұр гауһар тастар,
Бұлбұл құс әр тарапта сайрап тұрған.
Әзiрлеп тойдың Дана аспаптарын,
Мал сойып аузын ашты қазынаның.
«Қырық күндей күн ұдайы тамаша бар», — деп,
Әр жаққа ат шаптырып жар шақыртқан.
Iстедi қырық күн ойын, қырық күн тойын,
Бастады тамашасын, көрсеттi ойын.
Бiр жерден ғажап бұлар көрiп,
Палуан мен айтыс, тартыс айтты өлеңiн.
Бiр жақта бiрнеше адам көкпар шауып,
Келедi айтысуға ауық-ауық.
Мақтанып есер соғып алып қашар,
Қыздардан алым алмақ көкпар салып.
Мұнымен қырық күн ұдай той да өттi,
Жан-жақтан келген адам тарқап кеттi.
Тон берiп сый қонаққа ат мiнгiзiп,
Әскерiн достарының құрмет еттi.
Той тарқап келген адам қайтып кеттi,
Анасы мұны көрiп шүкiр еттi.
Әскерiн патшалардың әскер алып,
Бiрқанша сиясатпен елiне елеттi.
Қырық қыз да тамашамен жатты бiр ай,
Ойнады жас Бағытпен күнде тынбай.
Осындай қыздар қайтты елдi-елiне,
Әскерлер мүзiкемен апарды ондай.
Аяғы сексен күннiң тамаша болды,
Жалғанда түрлi-түрлi заман болды.
Ол басы зар жылаған жетiм-жесiр
Ақыры Құдай оңлап адам болды.
Мұнымен қырық қыз қайтпақ елдерiне,
Бұл жақтан және айтпақ көргенiн де.
Мәлика бұрын берiп қойған едi,
Күмiс пен алтын соғар зергерiне.
Бiлезiк, алтын балдақ сақинасын
Қыздардың Мәлика берiп келгенiне.
Мұнымен бәрiн де ырза еттi дағы,
Сәлем деп ол жақтағы елдерiне.
Бұл түрлi сәлем-сауқат хараж берiп,
Қыздармен қош айтысты Мәлика кеп.
Тарқады той-тамаша, шат болып бек
Мәликадан ырза болып қайтады көп.
Ол жақтан бiрге келген әскерлермен,
Көп әскер бұл жақтан да оған ерген.
Арада бiрнеше күн тамашалап,
Осындай салтанатпен алып келген.
Тақтына Бағыт патша ендi отырып,
Халқына ғадалатты патша болып.
Жетiм мен ғарiп-қасiр теңдiк алды,
Қақ жарған қара қылды патша болып.
Бағыттың таусылмайды ғадалаты,
Халқына көп жаңалық iс көрсеттi.
Осындай жер жүзiне даңқын жайып,
Мәлика жар досымен қоса ағарды.
Мәлика жар досымен қоса ағарған,
Ақылмен Дана уәзiр жолға салған.
Сағытты Құдай айдап онда апарып,
Сондықтан Бағыт патша қызын алған.
Әрдайым ақыл айтар уәзiр Дана,
Бағытқа тұс келтiрген мұны Алла.
Жар болып жаратқан күш барлығына,
Пақырлар жеткен екен мұратына.
Аяғы бұл қиссаның болды тамам,
Баршаны жарылқасын жалғыз Аллам.
Жылаған кеше ғана жетiм едi,
Тұс қылды бақ-дәулетке ғарзуғам.
Айтылған халық аузында ермек едi,
Өлең қып мен ертектен жаздым мұны.
Бұл күнде бiрнеше адам мұңды болып,
Баладан ата айрылған, бала атаны.
Басында қастық қылған ол залым жөйiт,
Жалынып жығылды өзi аяққа кеп.
Залымның әскер келiп жазасына,
Жай бердi жаһаннамнан бұл саған деп.
Бақ-дәулет патшалықтың саясында,
Ананың түстегi ай мен күн қасында,
Зарлаған әр жерде қап жетiм-жесiр,
Оңлаған iсiн Алла ол басында.
Бұл сөздiң басы ондай, соңы мұндай,
Отырыпты жәудiр шал да тым жарымай.
Жетiмге өсиетiн айтқан зарлай,
Ақыры дәулет қонды мiне осындай.
Қиссаның басы қандай, соңы дардай,
Жалғаннан жәудiр шал да өткен зарлай.
Барлығы сол кiсiнiң шарапаты,
Мақсатқа бәрi жеткен бiрi қалмай.
Мен жаздым мұны ертектен, етпе айып,
Дықат боп кетпесiн деп қолым тайып.
Бұл сөздiң қата жерiн көрсетсеңiз,
Сөкпестен әр қалайда болса да айып.
Халық аузы ертегiден қисса қылдым,
Сөз терiп әлдеқайдан болдым мылжың.
Нұсқаудан кетем бе деп шығып тысқа,
Iзiнше халық айтқан мен көп жүрдiм.
Жалғызбын, көп шаршадым жаяу тасып,
Алыстап кеткен едi балалар қашып.
Бұларды бiр-бiрiне бiлдiрсем деп,
Арада көп жүрдiм мен хабарласып.
Арада көп жүрдiм мен хабарласып,
Қоссам деп мұңлыларды болса нәсiп.
Сағыттың сар далада қамын жедiм,
Перi қыз кеткенiнде алып қашып.
Перi қыз Сағыт жасты қайтармас деп,
Ойлар ем, япырым-ай деп, асып-сасып.
Ақыры адам қызы жәрдемiмен
Опалы iске жеттi халден асып.

Доп      


Мақала ұнаса, бөлісіңіз:


Іздеп көріңіз:
қазақ ауыз әдебиеті Жетім көдек өлең казак ауыз адебиети казакша олен, қазақ ауыз әдебиеті өлеңдері, олен Жетим кодек казак ауыз адебиети стихи, казак ауыз адебиети олендери, Жетім көдек

Пікір жазу

  • [cmxfinput_gallery][cmxfinput_youtube]