Өлең: Тұрсынғалиды жұбайы Тұрдықанның жоқтауы (Қазақ ауыз әдебиеті)

Өлең: Тұрсынғалиды жұбайы Тұрдықанның жоқтауы (Қазақ ауыз әдебиеті)

Сарбазым кетіп арадан,
Қайғыға батты бар адам.
Ауру, әлсіз, жетімге,
Жан еді көп қараған.
Содыр жолын қоймайтын,
Жақсыларды қолдайтын.
Жанындай жақсы көретін,
Социалистік жолды айқын.
Алты қанат ақ ордам,
Шаңырағы шағылды-ай.
«Жетім-жесір» деген ат,
Бізге де келіп тағылды-ай.
О, дүние, арман-ай,
Рақымсыз ажал алғаны-ай!
Ешкімге опа бермеген,
Опасы жоқ жалған-ай!
Өмір бойы жалғасар,
Таусылмас мәңгі арман-ай!
Айналайын арысым,
Халқыңа еді бар ісің.
Көркейтіп еді ауданды,
Жұмыстың тауып әдісін.
Көшелерді жоспарлап,
Безендіріп қала ішін.
Егін, мал тең өсірдің,
Арттырып аудан несібін.
Дәріптеуші ең сапаны,
Көз боямай сан үшін.
Үкімет, халық деуші едің,
Жібермей елдің намысын.
Мектептерді көбейттің,
Әр ұлт ұрпақ бала үшін.
Цемент жолдар жасаттың,
Болашақтың қамы үшін.
«Қолдаңдар!» деп үндедің,
Еңбекшілдік жарысын.
Ой-қырды тұтас шалушы ең,
Қиындық болса-ақ барушы ең.
Ел басына жұт төнсе,
Қара қаздай жазушы ең.
Көш жол салдың халқыңа,
Мал, жердің қарап парқына.
Ұлттарды түгел алқадың,
Көрсеттің қызмет жалпыға.
Қабаттап үйлер салғыздың,
Мұра қып артта қалғыздың.
Құрылыстың қамын жеп,
Миллиондап ақша алғыздың.
Тәжірибесін үйрендің,
Жинақтап келіп бар елдің.
Адамдарды баптадың,
Жақсы істерді мақтадың.
Таласса, дес бермедің,
Құс аса алмас кер ме едің?
Ел-жұртыңның бағына,
Ортада, Алла-ау, жүр ме едің?
Өзің еккен жемістің,
Миуасын әттең татпадың.
Коммунистік моральды,
Өмір бойы сақтадың.
Зымырап «Ақбоз» барады,
Аралап жаңа қалаңды.
«Сен бе екен?» деп күн салып,
Жабыла елің қарады.
Халқыңның едің баласы,
Азамат, асыл, данасы.
Рухани жақтан дерттендің,
Табылмай кетті дауасы.
Түсінер деп ойлаймын,
Бар болғандар санасы.
Жарамдымен жанасқан,
Еңбегі елге жарасқан.
Данышпан, дана, сабазым,
Беделі асқан алаштан.
Жүрегіңе дерт салды-ау,
«Мансап» деп саған таласқан.
Күңіреніп халқы кеп жатыр,
Ізінен басқан адасқан.
Сөз сөйлеген кеңесте,
Бермеген есе егесте.
Тосқандар алдан ор қазып,
Кезеңдер тосты емес пе?!
Анығын айтсам ашынып,
Қалады жүрек басылып.
Заманым мен халқыммен,
Бөгейін несін жасырып.
Аулақ еді қас, тарлық,
Көтерді халқы аспан қып.
Көре алмайтын аз санды,
Жасады ғой қастандық.
Айтпасам оны дастан қып,
Арылмады бастан жүк.
Өмірдің мұрат тұрағы,
Қайдасың әділ шырағы?
Күншіл менен топасқа,
Жүрмей ме заңның сұрағы?
Аузына халқы қараған,
Әділет сөзі тараған.
Еңіреуде халқы егіліп,
Арысынан айрылған.
Қанатынан қайрылған,
Семсер дүзі майрылған.
Жолаушылап барғаны,
Іленің еді қаласы.
Жүйелі сөзге адамның
Болушы еді таласы.
Құсадан кетті ашынып,
Жүрекке түсіп жарасы.
Мекені болды Мәңгілік
Қарабура жағасы.
Жайдары жүзді досым ең,
Құдірет өзің қосып ең.
Бірлікте өткен тіршілік
Аяқталды ма осымен?
Қолымнан сусын бермедім,
Өтерде жүзін көрмедім.
Сұм хабар жетіп келгенде,
Оған да мүлде сенбедім.
Мерейің тұнық көктемде,
Сау едің үйден кеткенде.
Сене алмай жүр халқың да,
Құдайдан ажал жеткенге.
Көкірек шерлі, көзде жас,
Айтпасам жұртым, жарамас.
Арманда кеткен арысым,
Қасіретім менің тарамас.
Ел-жұрты сүйген сабаз-ай,
Дүниеден ерте көшкені-ай.
Күңіреніп, боздап ел-жұрты,
«Арманда кетті!» дескені-ай!
Көп тілеген көңілден,
Бақ жұлдызың өшкені-ай!
Мерейлі нұрлы күн шуақ,
Артыңда қалдық шырқырап.
Қайғың болды елге ортақ.
Күйзелді халқың шұрқырап.
Айналайын халқымнан,
Құрметтеген салтынан.
Азаматтар күйзелген,
Көрсеткен қызмет нарқынан.
Жүргенде жерің гүл еді,
Жайдары жүзің нұр еді.
Қазіргі күнім не болды?
Бұрынғы күнім күн еді.
Шыңдары асқар биіктің,
Алтыннан қымбат иықтым.
Өзіңді ойлап өртендім,
Ортасында күйіктің.
Сабазым едің ардақты,
Болжайтұғын жан-жақты.
Ажалдың оғы тиген-ай,
Ұрпағың, халқың зар қақты.
Опасыз дүние, жалған-ай,
Құдайдың басқа салғаны-ай.
Тұтқиыл сөніп бақ жұлдыз,
Тіл қата алмай қалғаны-ай.
Асқар, асыл бағланым,
Самалды, салқын бау-бағым.
Жаныңда жүрдім алшаңдап,
«Сен қалайсың?» демедің.
Бақ жұлдызым, киелім,
Қайғыңа от боп күйемін.
Жолаушы кеткен арысым,
Аруақ боп келді сүйегің.
Қайғырып елің жылады,
Көзінің жасын бұлады.
Теңселіп, өксіп кең далаң,
Ақшоқы басы құлады.
Өзіңдей сабаз, қормалын,
Өлімге қайтып қияды?!
Жайраңдап жүрген күндерің,
Елестеп көзде тұрады.
Қарт Барлық кетті қалтырап,
Қалаң тұр мынау аңырап.
Түнерген тұл жамылды,
Жанкісі, шегір салбырап.
Құса боп көлдер шайқалып,
Сұңқылдап аққу айналып.
Дүние тұтас тұншықты,
Желдің де тілі байланып.
Өзекті өрт шалғандай,
Құлыстай қурап қалғандай.
Не жазып едің тағдырға
Қайғыға өстіп салғандай?
Тасты мен Еміл суалып,
Жасыл тау, адыр қуарып.
Көзіме дүние көр бейне,
Өртеді ішті у алып.
Дүние жолың тар да екен,
Қасірет-қайғы зарда екен.
Жан досынан айрылған,
Мендей де сорлы бар ма екен?!
Опасыз тағдыр құшқаны-ай,
Ойда бір жоқта қысқаны-ай.
Жер соқтырып қыраным,
Көзімнен бұлбұл ұшқаны-ай.
Қыраным едің, қарағым.
Көз жасты көрер адам жоқ,
Құдайдан басқа панам жоқ.
Ойладым ба артыңда
Қайғыңды тартып қалам деп.
Төртінші айдың тоғызы
Тоқтаған демі күні еді.
Көңілі кетті көлеңке,
Мезгілсіз тоқтап жүрегі.
Ер басына күн туып,
Бір мезет досым жүдеді.
Бола алмайды ешкім де
Бұл дүниенің тірегі.
Иіліп кетсе ақиқат,
Осыған адам күйеді.
Бұл айтқан сөзім киелі,
Дұшпанға барып тиеді.
Өмірдің келіп қырсығы,
Ойымның зырлап ұршығы.
Ажалдан бұрын әкетті-ау,
Қу нәпсінің құлқыны.
Жасы бірге құрбылар,
Жанымды қайғы бұрғылар.
Есіл ер кетті жан үзіп,
Кім түсінер, сырды ұғар?
Тіл, көмекей тиегім,
Қайғыңа от боп күйемін.
Әділет іздеп кетіп ең,
Аруақ боп келді сүйегің.
Айтсам да оны дастан қып,
Арылмайды бастан жүк.
Ақиқатын айтқанда,
Әкетті жанын қастандық.
Атыңнан зарлап жылайын,
Екі ауыз сөз құрайын.
Сабазымның ажалын,
Ізденіп тағы сұрайын.
Орнын беріп басқаға,
Тәбеті соқпай асқа да.
Қызығын көріп ұрпақтың,
Келмеді алпыс жасқа да.
Жаның менен бағыңа
Сұқтанған құзғын оңбасын.
Төбесіне жай түсіп,
Ұрпағы мәңгі сорласын.
Көңілде қайғы, көзде жас,
Сапарым едің елге бас.
Түк көрмей кетсін өмірден,
Бағыңды ұрлап, қылған қас.

Доп      


Мақала ұнаса, бөлісіңіз:


Іздеп көріңіз:
қазақ ауыз әдебиеті Тұрсынғалиды жұбайы Тұрдықанның жоқтауы өлең казак ауыз адебиети казакша олен, қазақ ауыз әдебиеті өлеңдері, олен Турсынгалиды жубайы Турдыканнын жоктауы казак ауыз адебиети стихи, казак ауыз адебиети олендери, Тұрсынғалиды жұбайы Тұрдықанның жоқтауы

Пікір жазу

  • [cmxfinput_gallery][cmxfinput_youtube]