Қазақша өлең: Сәкен Сейфуллин (Лашын әңгімесі)

Қазақша өлең: Сәкен Сейфуллин (Лашын әңгімесі)

Бір түсімді айтайын,
Әлеуметке жыр қылып.
Осыған ұқсас бір істі
Айтып ед бір дос сыр қылып.
Ой жіберіп қарасаң
Менің осы түсіме.
Лашынның ісі ұқсайды,
Адамзаттың ісіне.
Жете жори білгенге
Бұл түсімнің мәні бар.
Жүрек тербеп қозғайтын.
Сырлы қасірет әні бар.
Ұйықтап жатып түсімде
Сарыарқа сары бел көрдім.
Белден белге жағалап
Бір үлкен шалқар көл көрдім
Сол үлкен көл шалқыған
Түпсіз терең су екен.
Тағы жыртқыш құсы кеп,
Тәртібі жоқ шу екен.
Ортасында шалқардың
Бар екен үлкен аралы.
Сол аралға кеп конды
Бір лашын құс жаралы.
Бұл лашын құс жер, көкті
Серік іздеп кезіпті.
Бөтен текті құстарды
Қыла алмай серік безіпті.
Көп болғанмен дүниеде
Лашындай талай асыл құс.
Іздегені лашынның
Өзімен текті лашын құс.
Лашын қонды аралдың
Бір қиындау шыңына.
Дауа іздеді сүзіліп,
Жүректегі мұңына.
Көрді лашын бір ұя,
Шыңдағы жақпар қияда.
Көзі түсті бір құсқа,
Жақпардағы ұяда.
Қадалды лашын сол құсқа
Екі көзін айырмай.
Қалды қатып қадалып,
Артына мойын қайырмай.
Ұядағы жалғыз құс
Лашынның екен баласы.
Әлі ұшпаған жас екен
Қасында жоқ анасы.
Балапан құс ұяда
Қанатын сылап тарайды.
Мөлдіреп о да қадалып,
Тектесіне қарайды.
Мөлдіресіп әуелі
Лашынға лашын көз салды.
Құстың нәзік тілімен,
Үлкен лашын сөз салды.
Көкке сермеп құлашты
Аралдан алып кетпекке,
Серік қылып тектесін
Мұратына жетпекке.
Бала құс әбден таныды
Анасының тектесін.
Жүрегі сезді лүпілдеп,
Тектесі тастап кетпесін.
Сырнайдан сұлу дауыспен,
Бала көңілін білдірді.
Тектесінің жүрегін
Балша ерітіп күлдірді.
Екі лашын сонымен
Сол ұяда түйісті.
Сұлу сынды сыпайы,
Айқасып тәтті сүйісті.
Тектесінің жүрегін,
Бала лашын өрт қылды.
Айрылмасқа тірідей,
Үлкен лашын серт қылды.
Шаңқылдап даусын кернеді
Аралға келген бұл лашын.
Тектесін ертіп кетуге
Лашын құс
жайды құлашын
Лашын құстың даусынан
Көлдегі құстар шошынды.
Аралдағы түрлі құс
Біріне-бірі қосылды.
Аралдың құсы шуылдап,
Ұяның келді қасына.
Үймеледі у-шу боп,
Қос лашынның басына.
Қос лашынды қоршады
Шулаған құстар қамалап,
Тиіп-қашып жабылды.
Қанатпен қағып сабалап.
Қарға менен бөктергі,
Шағала, қызғыш, қарақұс,
Неше түрлі тағы көп,
Белгілі түссіз ала құс.
Лашынға шашты бәрі де,
Неше түрлі батпақты.
Екі жарды қоспауға
Жасады талай шатпақты.
Лашынды былғап батпақпен
Балапанды шошытпақ.
Жібермеуге аралдан
Лепірген көңілін жасытпақ.
Лашынға қастық қылмаған
Құстың саны тіптен аз;
Бір-екі ғана қаршыға
Аққумен, бірер қоңыр қаз.
Лашын ұшты, сымпылдап,
Шалғысы жасыл жарқылдап,
Жас лашынға "жүр" деді,
Шыңды айналып шаңқылдап.
Бала лашын ұшуға,
Оңтайлады қанатын.
Тектесінен сүйіскен,
Болмады тіпті қалатын.
Шулаған жыртқыш жабылып,
Балапанды жылатты.
Ұшуға қанат жазғанда,
Топшыға қағып құлатты.
Қанатын қағып қамалап,
Ұшуға ерік бермеді.
Анасыз жетім жас байғұс,
Ешбір жәрдем көрмеді.
Қамалады қалың құс
Қастығы жоқ лашынды.
Тиіп-қашып шуласып,
Жалғыз ерді басынды.
Шыдады сорлы жалғыз ер
Мұндай ауыр күйікке,
Шарыққа атты тік заулап,
Күйікпен кетті биікке.
Қайта айналып лашын құс,
Ашуын жиып айқаспақ,
Екіншіде тиіскен,
Қанша жаумен шайқаспақ?
Шарықтап кетті алыска,
Күштерін әбден жимаққа,
Екіншіде жауласса
Топшысын жаудың қимақка.
Лашын байғұс күйініп,
Зор уайым қылады.
Ұяда қалған жетімді
Ап кетпегей құладын.
Бір құладын ап кетсе
Қайта айналып келгенше.
Жауларымен шайқаспақ
Топшысы қирап өлгенше.
Лашынның жаны күйініп
Жүрегі өрт боп жанады.
Уайым қып тектесін
Көзінен жасы тамады.
Лашын сермеп құлашын,
Бұлттан асып зарлады.
Күйік кернеп көкірегін,
Көзінен жасы парлады.
Өңім десем түс екен,
Есікті біреу қағыпты.
Ояна кетіп қарасам
Жастыққа жасым ағыпты.
Жалғыздық көрген лашынды,
Аяп мен де жылаппын.
Көзден тамған жаспенен,
Жастығымды бұлаппын.
Тұра салып жолдастан
Түс жоруын сұраппын.
Домбырамды ап жабырқап,
Құлағын күйге бұраппын.
Бұл түсімнің жоруын
Әбіке сенен сұрадым.
Шын жүрекпен тілейік.
Екі жардың мұрадын.
Бір жыртқышқа бөбекті
Тағы кұстар бермес пе?
Жетім лашын еріксіз,
Құладынға ермес пе?
Бала лашын бұл істі,
Тағдырдан ғана көрмес пе?
Құладынға алданып,
Жастықпен байғұс көнбес пе?
Қамалап жалғыз жетімді,
Құрбандық қып шалмас па?
Бір жыртқышты баулысып,
Жас лашынға салмас па?
Арам жыртқыш қодандап,
Балапанды алмас па?
Бала лашын сонымен
Бір қор құс боп қалмас па?
Доп      


Мақала ұнаса, бөлісіңіз:


Іздеп көріңіз:
сәкен saken сакен сейфуллин Лашын әңгімесі өлең олен казакша, стихи сакена сейфуллина на казахском языке, олен казакша Қазақша өлең сәкен сейфуллин, казакша олен сакен сейфуллин, скачать стихи сакена сейфуллина на казахском языке, сакен сейфуллин стихи на казахском языке скачать, сәкен сейфуллин өлеңдері скачать, сәкен сейфуллин өлеңдері

Пікір жазу

  • [cmxfinput_gallery][cmxfinput_youtube]