Беташарға арналған өлеңдер

Беташарға арналған өлеңдер


Келін күйеудің үйіне келгенде, сәлем салып отырады. Күйеудің туғандары, ағайындары бәрі отырады. Онан соң бір кісі ағаштың басына бір асыл бұйым шүберек байлап алып шығып отырып, келіннің басындағы бүркенген желегін көтеріп, бетін ашып, былайша өлең айтады:

Айт, айт, келін, айт, келін,
Атыңның басын тарт, келін!
Сауысқаннан сақ, келін,
Жұмыртқадан ақ келін!
Кер биенің-құлыншақ,
Салбыраған тұлымшақ.
Алдыңғы түйең- итіншек,
Артқы түйең тартыншақ.
«Алдыңғы түйең- итіншек!» - деп
Бетке соқпа, келіншек!
«Артқы түйең тартыншақ!» - деп,
Басқа соқпа, келіншек!
Шу-шу болар, шу болар ,
Құлағыңды бері сал,
Асылыңды кері сал!
Ата-енеңмен ұрыссып,
Қақаңдама, келіншек!
Үй артына мал келсе,
Бақаңдама, келіншек!
Таңертең тұрып, келіншек!
Құрт ұрлама, келіншек!
Өзің жатып, байыңды
«Тұр-тұрлама!» -, келіншек!
Аузы- мұрның сүйреңдеп,
Өсек айтпа, келіншек!
Қайын ағаңның алдынан
Кесіп өтпе, келіншек!
Сары етігің салпылдап,
Сазды баспа, келіншек!
Сауыр етігің шойқаңдап,
Тоғай кезбе, келіншек!
Көн етігің көрпілдеп ,
Ауыл кезбе, келіншек!
Жаулығың тік шошаңдап ,
Бұзау қорыма, келіншек!
Атаң ақыл үйретсе,
Адырайма, келіншек!
Енең ақыл үйретсе,
Едірейме, келіншек!
«Абысыным жақсы!» - деп,
Сырыңды айтпа, келіншек!
«Қайындарым жақсы!» - деп,
Қойныңа алма, келіншек!
Келін, келін (келіңіз) көріңіз,
Көрімдігін беріңіз!
Ала-кұла демеңіз,
Түсін айтып қойыңыз,
Жылқы берсең, көктен бер,
Өзі жүйрік беріктей бер!
Қайын атаға бір сәлем!
Түйе берсең, тайлақ бер,
Мұрындығын сайлап бер!
Түйе берсең, ақтан бер,
Өсеріне бақтан бер!
Қайын енеге бір сәлем!
Сиыр берсең қарадан,
Сірә да өлмес жарадан.
Қайын ағаға бір сәлем!
Қойды берсең, қоңырдан,
Өсеріне оңдыдан ,
Абысынға бір сәлем!
Ешкі берсең, сарыдан,
Құлақ шыдамас-дауысының зарынан,
Қайын ініге бір сәлем!
Мүйізі пышаққа сап болар,
Терісі бұтка қап болар,
Бұты толған бұлақ болар,
Іші толған лақ болар,
Ақтылы қойды айдаған,
Алалы жылқы байлаған,
Осы жанның үлкені-
Атасы, саған бір сәлем!
- Мінгенде атың боз ғана,
Жорғасы бар аз ғана,
Таналы моншақ таққалы,
Тұңғышы болсын қыз ғана!
Есіктің алды терек-ті,
Қатындар тоқыр өрмекті,
Барған жылы ұл тапсаң,
Құдайдың берген ермек-ті!
Арғымақ келер аяңдап ,
Ақырын сөйле баяндап.
Қой келеді жыбырлап,
Ақырын сөйле сыбырлап!
Қойды берсең ағынан,
Өсер-өспес боғынан!
Мінгенде атың жиренше,
Ойнақтап тұрар мінгенше.
Сірә да, мауқың басылмас
Әлдилеп бала сүйгенше!
Ақ түйең татырауда,
Ақ тайлақ жатыр матауда.
Қыз игенде (екен де) қысылдың
Мейлінше ойпа отауда!
Есіктің алды ақ балық
Ақ балық еті қақталық.
Орамал берсең барша бер,
Елге барып мақталық!
Есіктің алды ақ балық
Ақ балық етін қақталық.
Орамал берсең, бөзден бер,
Шыға беріп боқталық!


Беташар өлең жолы

Бетіңді, келін, ашқаным,
Жаңа жұртқа қосқаным.
Жасы үлкенді сыйлап жүр,
Құрмет қылып жасқанып.
Балалық күнің өтті енді,
Аналық кунің жетті енді.
Жаңа дәурен есігі
Алдыңнан енді ашылды.
Бәйбішелер келтірігі,
Шараларын толтырып,
Шашулары сатырлап,
Есіктен төрге шашылды.
Айт, келін, ау, айт, келін!
Атыңның басын тарт, келін!
Қыз көңілден қайт, келін!
Сауысқаннан сақ келін!
Жұмыртқадан ақ келін!
Күйеуіне шақ келін!
Ел-жұртыңа жақ, келін!
Өзің бір ақыл тап, келін!
Ата-енеңді бақ, келін!
Кісі келсе үйіңе,
Киізіңді қақ, келін!
Атаңды бұрын жатқызып,
Түндігіңді жап, келін!
Сүйгеніңнен сүйсініп,
Адалдан бала тап, келін!
Қалдырмай ақыл айтайын,
Құлақты, Келін, саласың.
Қатасы болса сөзімнің,
Осы отырған әлеумет
Сыңға салып қарасын.
Құлағың салып тыңдап тұр,
Келінжан, менің тілімді!
Әдеп жолын үйренбек,
Жас кісіге білімді.
Ақылсызға айтқан сөз,—
Далаға кеткең шығын-ды.
Жырға қосып айтамын
Бар өсиет сырымды,
Бұрынғы күнің — балалық,
Ер жеткен күнің бүгін-ді.
Өзім айтқан сөз емес,
Осылай деген бұрынғы.
Келін боп келмек оң жаққа,
Ата-ананың мұрасы.
Бұрынғы үйің бекер-ді,
Мекенің осы тұрысы.
Өз үйінде тұрмақ жоқ,
Ұл боп тумай әуелде,
Қыз болған соң ырысы,
Келін боп келген қиын іс,
Жаңа өспірім балаға.
Қызмет қыл иіліп,
Ата менен анаға.
Өзіңнен үлкен адамның
Бетіне тіке қарама.
Үлкен кісі келгенде,
Қатарласып отырмай,
Кейіп отыр панада,
Лажы болса шығып тұр,
Қайтқанынша далаға.
Бар айтқаным бұл емес,
Құлағың салып тыңдап тұр,
Сөзі бар айтар және де,
Тұратын болса ата-анаң
Отырып қалма орныңда,
Тұрып барып есік аш,
Еріп шықпа соңына.
Орамалын алып бер,
Ұмытып кетпе оны да.
Бұрынғыдай ойламай,
Сабыр етіп шыдам қыл,
Құдай қосқан еріңе.
Күле сөйлеп жауап бер,
Оның айтқан сөзіңе.
Тең құрбыңнаң артық боп,
Үлкен емес, кіші емес,
Қосылыпсың теңіңе.
Еріңнен асыл адам жоқ,
Қарасаң ата-тегіне.
Күйеуің үйге келгенде,
Қағып көрпе салып бер,
Отыратын жеріне.
Бір нәрсеге жұмсарда,
Алыстан „ай" деп, айтқызба,
Төсегін салып шешіндір,
Ерте тұрса киіндір,
Киімін тұрып алып бер,
Белбеуін байла беліне.
Менің айтқан бұл сөзім,
Бәрі саған керек іс.
Абайлап қара ұғынып,
Селекет болып отырма,
Еркектей болып жүгініп.
Бір тізелеп жөн отыр,
Төмен қарап бугіліп.
Қатты қылып сөйлеме,
Ақырьн сөйле мүдіріп.
Майдалығы сөзіңнің
Кеткендей болсын үгіліп.
Бір нәрсеге барғанда,
Көп кешікпе, кідіріп.
Үй арасы болса да,
Қатты жүрме жүгіріп.
Бозбалаға қарама
Артық аса тігіліп,
Сыпсың болып біреумен,
Өсекке жүрме ілініп.
Жасырыпбақ жаман ат,
Ақыр бір шығар білініп.
Жаман атың бір шықса,
Кетеді елің түңіліп.
Тәжім етіп, сәлем бер,
Үлкен үйге кірерде.
Сыртыднан шық иіліп,
Есіктен шығып жүрерде,
Бір қиын іс дүниеде,
„Пәленше келін сондай",— деп,
Сыртыңнан әркім күлер ме!
Ерте тұрып түндік аш,
Ерініп жатпай төсекте.
Мезгілсіз келген үйқыны,
Өзіңе жақын дос етпе.
Жаңа түскен жас келін
Жақын болар өсекке.
Қатынға кәрі айып жоқ,
Мінсе де теріс есекке.
Сөйлеген кезде еркектей,
Дауысыңды қатты кенеме.
Жұмыс қылсаң, жылдам қыл,
Шұбалаң келін атанба.
Тастама белбеу беліңнен,
Жүріп жұмыс қылғанда,
Бәрімен ұста қолыңның,
Ұстама жалғыз жеңіңмен.
Қасыңа бала келгенде,
Қабағың түйіп тыржиып,
Жылатпа түртіп қолыңмен,
Орынсыз жаман іс қылып.
Жұртыңа жақ елің мен,
Бар айтқаным бұл емес,
Құлағың салып тыңдап тұр,
Айтылар кейін қалғаны.
Жаулығыңды шұбалтпай,
Дұрыстап сал басыңа.
Астынан шығып жүрмесін,
Ие боп жүр шашыңа.
Қолын ұстап, бетін сүй,
Бала келсе қасыңа.
Қайныңды сыйлап қадірле,
Қарама үлкен, жасына,
Жақсы құрбы екен деп,
Жаманға болма ашына.
Ойынның жөні осы деп,
Әркімге берме шашыла.
Біреу жаман айтты деп,
Болымсыз іске жасыма.
„Пәленше бүй деп айтты",—
Жарыңа сөзді тасыма.
Естісең де жаман сөз,
Жүргенің жақсы жасыра,
Көңіліңе келіп жүрмесін,
Айтты деп сөздің қиынын.
Бұл күнде жаман көргенмен,
Көңіліңе теріс келгенмен,
Бәрі де саған пайдалы
Ағаңның айтқан жырының.
Айт; келін, тағы айт, келін,
Атыңның басын тарт, келін!
Сауысқаннан сақ келін,
Жұмыртқадан ақ келін.
Келін, келін, келіншек!
Алдыңғы түйе итіншек,
Итіншек түйе екен деп,
Басқа соқпа, келіншек!
Артқы түйең тартыншақ,
Тартыншақ түйе екен дегі,
Басқа соқпа, келіншек!
Өзің жатып төсекте,
Қасыңда жатқан байыңа,
„Тұр-тұрлама", келіншек!
Қаптың аузы бос тұр деп,
Құрт ұрлама, келіншек!
Жаман болса келіншек,
Күлкісін тінті тыймайды,
Кісі келсе даладан,
Көсілген бұтын жимайды,
Көрінгенмен ұрсысып,
Ауылдың бәрін былғайды.
- Қырыстанып үйінде,
Беті-қолын жумайды.
Ел қыдырып іңірден,
Кісінің үйін тыңдайды,
Шақырсаң, үйде тұрмайды,
„Көргені жаман екен", — деп,
Есіткеп ауыл шулайды.
Жақсы болар келіншек, -
Ондайларды қылмайды.
Осынша айтқан ақылды
Демегейсің, келіншек,
Қайнаға — ақып, тақылдап
Мұнша неге жырлайды...
Ал бітірдім жырымды,
Айтып болдым сырымды!
Төрде отырған бабалар,
Қара сақал, ағалар,
Жапсардағы-аналар—
Жамағатқа бір сәлем!
Үлкен болған дәулетің,
Әлемде асқан сәулетің,
Ықпалың жүрген шағында,
Таңдап қонғаи нәубетің,
Бектікпенен ағарды
Қара сақал қауметің!
Төрде отырған ағекеңе бір сәлем!

Өзі теңдес адамнан
Мырзалығын асырған,
Көрген жан қолын қусырып,
Сәлем беріп бас ұрған.
Жақсылығын жайылтып,
Жамандығын қашырған.
Жақсы кісі атанған,
Мырзакеңе бір сәлем!
Тай-құнаңын мақтаған
Шөбі көп жерді жақтаған,
Сексен сомға бір атып
„Сат!" десе де сатпаған,
Жазы, қысы, өмірі
Жайлы жерге жатпаған,
„Көрімдік бер“,— деп айтар деп,
Жан-жағына бақпағап,—
Сараң байға бір сәлем!

Бедеу атқа жем берген,
Тылдадан дабыл өңгерген,
Нан тілесе, май берген.
Бай кісі мен байғұсты
Бәрін бірдей тең көрген.
Шөлдеп келген кәріпке,
Бал, қант қосып шай берген,
Жомарт байға бір сәлем!

Таз үлкені Құлшықпай,
Кейбір таздың бастары,
От шықпағаң құмшықтай,
Жүсіп таздың бастарып,
Төрт-бес құрт келіп шымшыпты-ай!
Таздың аты Батырбай,
Кей таздардың бастары
Шөп шықпаған тақырдай,
Түгел тазға бір сәлем!

Даладан отын тасыған,
Орақпен бұтын қасыған,
Насыбай атып түкіріп,
Аузы боқтай сасыған.
Көмекейі ашыған,
Отырып көрмей еш рақат,
Ертеңді-кеш жүгіріп,
Бейнет көріп жасыған,
Бетінің нұрын қашырған.
Қапыл қалған ақылдан,
Бұрынғы өткен нақылдан,
Дүниеқорға бір сәлем!

Арғымақ мініп жемдеген,
Пайдасы жоққа ермеген,
Өз айтқаны болмаса,
Бөтенге тіпті сенбеген.
Мың рет өтірік айтса да,
Жалғыз- сөзден өлмеген,
Халайық „жаман" десе де,
„Өзімдікі жөн!“ деген.
„Пайда ал",— десе, — үш тиын,
Сом бермесе көнбеген,
Батылдыққа бір сәлем!..

Сықпа кетпес өреден,
Ата-енеңнің салты сол,
Сен де бол, қарғам, береген.
Сиыр берсін қарадан,
Қатығы кетпес шарадан.
Төс алдыңа келгенде,
Төстігін бөлек кесіп ал.
Бет ашқап құрбым қайда деп,
Сонда мені есіңе ал!

АРНАУ
Атасына қаратып айтқаны
Шу-шу, билер, шу, билер,
Шуылдаған көп билер.
Аузыңнан шыққан сөзіңді,
Жібекпенен бу, билер.
Төрде отырған төрелер,
Көпті көрген көнелер,
Жапсардағы жақсылар,
Жасы үлкен ағалар,
Кеңесіңді бері сал,
Келіні келіп түскенде,
Көрімдігін шамалар,
Келін де келіп жатыр-ау,
Үстіне тіккен шатыр-ау,
Кірмес те үйге кіреді,
Әйел де болса, батыр-ау.
Қулықтан туған құлаша,
Ат болады сыласа.
Біраз ғана сөйлейін,
Әлеумет, сізге ұнаса,
Ұнамаса сөзімді,
Әуре етпеңіз өзімді.
Әуеде бұлт құрыстар,
Беташарға бізді ұстар.
Екі ат жектім парлатып,
Алыс жерден біз келдік,
Үлкен жолды шаңдатып,
Күн жауады қарлатып,
Беташарға келгенде,
Сөз сөйлеймін зарлатып,
Ана отырған атасы —
Қара жердің жотасы,
Келіні келіп түскенде,
Үйінің толды ортасы.
Қолын жайып бата етсе,
Бізге тиер батасы.
Апа отырған атаңыз,
Атаңызға бір сәлем!


Енесіне

Осы отырған әлеумет,
Үнай ма сізге сөзіміз,
Ұнамаса сөзіміз,
Басқа біреуді қойыңыз.
Бізді қойдың ақын деп,
Сөйлер сөзге жақын деп.
Беташарға келгенде,
Сөз сөйлеймін тақылдап.
Көшкенде көшін бастаған,
Көпшігін кейін тастаған,
Абысындары қоштаған,
Ана отырған енесі,
Баламды көзіме көрсет деп,
Ертелі-кеш қақсаған.
Ана отырған енесі,
Қара жердің кемесі,
Бір балам екеу болды деп,
Көкке жетер төбесі,
Енеңізге бір сәлем!

Қайнағасына

Ана отырған қайнағаң,
Сыртынан біреу сөз айтса,
Шыныменен арланып,
Кәріне мініп шамданған.
Тұлғасына қарасаң,
Асқарлы қара таулардай,
Сүйегіне қарасаң,
Қайнап біткен болаттай.
Қабағына қарасаң,
Қаптаған қара бұлттай.
Бет алдына қарасаң,
Қаптаған қара бұлттай.
Бет алдына қарасаң,
Жүзінен адам қорыққандай.
Ана отырған қайнағаң,
Ор қояндай ойнаған.
Ақ боз үйдің сыртына,
Алтыннан қазық қақтырып,
Сексен нарды байлаған,
Үйінің іші жайнаған,
Келіні келіп түскенде,
Көрімдікке боталы інген байлаған,
Қайнағаңа бір сәлем!

Абысынына

Апа отырған абысын,
Бұйымыңды алғансын,
Абысын сені неғылсын.
Абысыпыңмен тату бол,
Өкпе менен бауыр бол,
Қиындасар қара ағаш,
Үйірлесер қарындас,
Басыңа желек түскесін,
Абысыннан жақын табылмас.
Ана отырған абысын,
Абысынмен алыспа,
Өзіңе тисе, қалыспа.
Өзіңе тимесе, жарыспа,
Абысын сөзі асты деп,
Шаба берме намысқа,
Абысыпыңа бір сәлем!

Қайын сіңлісіне

Ана отырған бикеші,
Жібектен ескер шүйкесі,
Бар жасауды алған соң,
Теңіне буып салған соң,
Мен де осындай болам деп,
Құрып отыр жүйкесі,
Бикешіңе бір сәлем!

Қайнысына

Ана отырған қайнысы,
Қайнысы деген қай кісі,.
Жеңгесі келіп түскенде,
Не болады бәйгесі?
Қайнысына бір сәлем!


Ауылдың қарттарына

Әуедегі үркер-ай,
Өте шығар туған ай.
Атаңнан соңғы үлкен-ай,
Үлкендерді сыйласаң,
Елің сыйлар сені де-ай,
Ана отырған үлкендерге бір сәлем!
Ал, ағайын, ағайын,
Кұтқа толы маңайың.
Күнде көріп журсем де
Тағы байқап қарайын.
Кімдер тойда риза екен,
Кімдер тойда мырза екен?

Ал, ағайын, ағайын,
Келін жаққа барайын.
Бір кәдеге жарайын,
Ертіп келіп келінді
Көрімдікті алайын.

Ал, ағайын, ағайын,
Сәл тыныштық алайын.
Қолға қонды бақ құсың,
Күтіп баптап бағайық,
Міне, келін келіп тұр,
Босағаға еніп тұр,
Бұл әлемнен табылмас
Мұндай сұлу, көрікті.
Мұндай жібек мінезді
Дүниедегі бір өзі.
Еңбек етіп жасынан
Елге атағын асырған
Жақсы келін,
жас келін
Бақ айырмас басыңнан.
Айналайын, жас келін,
Қаумалаған жақсы елің.
Құтты болсын қадамың,
Кел, қарағым, хош келдің.

Міне, ең үлкен қайнағаң,
Орыны бар ойлы ағаң.
Кеудесінде жұлдызы,
Жарқыраған, жайнаған.
Қашан бұны көрсең де,
Жұрттың қамын ойлаған.
Ел ағасы Ерекең
Бүгін тойын тойлаған,
Қайнағаңа бір сәлем!

Бәріміздің анамыз,
Бәріміздің панамыз,
Бұл кісінің алдында
Бәріміз де баламыз,
Ақ апаға бір сәлемі
Ұстап алып сирақтан
Талай жауды қиратқан.
Аманолла батырың —
Мына жігіт зіл батпан.
Қайраты мол қайнаған,
Ешбір тойдан қалмаған.
Трактордай асаудың
Құлағында ойнаған,
Әбекеңе бір салем!
Ә, жігіттер, былай тұр,
Домбыраны бұрай тұр.
Міне, келін, жас қайның
Бір совхозда бухгалтер.
Болсын мұндай жас қайын,
Десе де: «Бос шашпайды»,
Жиын-тойға келгенде
Еш жолыңнан қашпайды,
Жас қайныға бір сәлем!

Мына отырған жеңгеміз,
Талай жеңге көргеміз.
Халекеңнің қасында
Жеңге емес еңгеңіз.
Жақсы қонақ келгенде
Ұшар жатар теңгеңіз
Қалта қалса жұқарып,
Жеңгемізге сеңгеміз.
Жолың болсын жеңешем,
Келін, келін, келінжан,
Халекеңе бір сәлем!

Бәріңде де бар сана,
Келін, келін, шаршама.
Иіліп сәлем бере ғой,
Мына отырған баршаға.
Бәрі сенің туысың,
Бәрі сенің ырысың.
Халқым, саған рақмет!
Менің бітті жумысым!

Беташар - Азимбек Байлин


Боз ала ауыл жастары,
Бозбала күнін тастады.
Боз жаулық жауып қыздарға,
Шаңырақ құра бастады.
Жиылып жекжат ой-қырдан,
Ауылда күнде той-думан.
Жалғыз ұлы әкенің
Жалғыз атын да сойдырған.
Үйленді біздің, ағай да.
Үйленбе деуге қарай ма.
Бәсіре жалғыз көк тайын,
Сойғызып жатыр сарайда,
Той жасап бермек қалайда.
Ағайдың тойы жасалды.
Арманым еді қашанғы.
Қуанған көңлі босанды,
Әжем де көзге жас алды
Келіннің бетін ашқан-ды.
Иіліп байғүс жасқанды.
Жасқанды-дағы... жас қалды...
Ертесі соғыс басталды,
Алды да кетті жастарды.

Күмісбек асаба - Беташар


Айт - айт, келін, айт, келін,
Аттың басын тарт, келін.
Сауысқаннан сақ келін,
Жұмыртқадан ақ келін.
Келін келді көріңіз,
Көрімдігін беріңіз.
Ала - құла демеңіз,
Атын айтып беріңіз.
Желп - желп еткен немене,
Желегің бе, туың ба?
Қыруар қырға нұр шашар
Желегің сенің қызыл ма?
Көгінде күнің нұр қосар
Бетіндегі қызылға.
Қызылды - жасыл бөленген,
Мынау қырдың. қызы ма?
Қылымсыма, қыр қызы,
Аттаған соң босаға.
Бетіңді бермен икемде,
Ашайын, айнам, сызылма!
Келін, келін, келдің бе?
Керілмей сәлем бердің бе?
Құтты болсын босағаң,
Құт келін бол еліңе.
Құтты болсын қосағын,
Қосылыпсың теңіңе.
Құт - береке оралсын
Желегіне, жеңіңе.
Күргейсіз күнге маңдай бер,
Ұмтылыңқыра, шегінбе.
Шеткерліктің шегесі - ау
Шегіншектік тегінде.
Келеде кеңес кеңейді,
Кер кеткен әдет шөмейді,
Қуанышын көңілінде.
Басыпсың қадам тауып жол,
Жармасып жаңа өмірге.
Оныңды ақын кұттықтайды,
Қуанышы көңілінде.
Тұсындағы торғайды
Қомсынбайды, қорғайды,
Жыры жылы, жерінбе.
Өзгеріпсің, өмірде,
Өлшегенде о күнге
Білезік жоқ па білекте.
Ойған танаң өңірде.
Омырауда ол сурет
Отырған кім, Ленин бе?
Жабырлаған жамағат,
Жуықтасын жолын бер,
Аш аранды келінге.
Ақ қоғадай бұралтып,
Айнам, бетіңді ашайын,
Анау бір өткен күндерді
Әуелі жырға қосайын.
Ол күнгі ауыл әлі бар,
Онан қалай қашайын.
Қаша алмасам жөні сол,
Ендеше саған басайын.
Қамқорсынып өз анаң,
Қыз табам деп ойлап па еді
Қыз тапсаң, араз болам деп,
Әкең айтып қоймап па еді?
«Күнге» кіндік кестіріп,
Қалжаға құртаң соймап па еді
О шіркіндер ол күнде
Бұл күніңді ойлап па еді!
Осы күнге енді бір сәлем!
Асырады анаң амалсыз,
Алақанда аялап.
Ақ торсықтан сүт сордың,
Анаңның төсін аймалап.
Ақ бата оқып қой сойып,
Құда түсті бай, манап,
Жә бір жарлы мал берді,
Тайынша, тайлап, таналап.
О шіркіндер ол күнде
Бұл күніңді ойлап па еді!
Ол күнге енді бір сәлем!
Қырқылжың қырттар қыжап қып.
Қылмаң қаққан қыз аңдып.
Қыз көнбесе «жесір» деп,
Сарапқа салған лаң қып.
Бесіктен белін шықпастан
Қыруар малын матаған,
Құлқындыны құмар қып.
Баса айттырды бай тәбет,
Көп «сұңқарға» сыңар қып.
Қылаң сақал шандыр шал
Күйеу болды күркілдеп,
Жиіркеніп ең жылан қып.
Сары су құйды санаңа,
Көңіл шер, көзді жылау қып.
О шіркіндер ол күнде
Бұл күніңді ойлап па еді!
Ол күнге енді бір сәлем!
Матаулы малын әке алды,
Әже де алды аужалды.
Жеңгетайды жеңге алды,
Жеңге де киді дамбалды.
Құдаға қатын қадалды,
Қадалды да кәде алды.
Топыр болды, той болды,
Жан - жағына жар салды.
Тойды өлеңші толғантты,
Жамыратты жар - жарды.
Жар - жар емес, жанулы
Жүрекке салды қанжарды;
Жылады қыз жырлады,
Ағытты о да арманды.
Кейіді, күйді, қорланды,
Тудым деп неге қарғанды.
Ата - ананы қарғады
Қаңғыттың деп қарғанды.
Сүйткен қызды шал алды,
Қыз үйінде мал қалды.
Қыз қызықтан не көрді,
Қыз өмірге зарланды.
Ол шіркіндер ол күнде
Бұл күніңді ойлап па еді!
Ол күнге енді бір сәлем!
Жарым жолдан жаяулап,
Жаңа жұрт көрдің жылысып.
Азаға салған арықтай,
Қоңыр желек қолпылдап,
Құтың қашты құнысып.
Абиырсыз абысын
Арсаңдап ашты бетіңді,
Сумаң қағып сұлусып.
Жыландардан жирендің,
Итере алмай имендің,
Имен қақтың қылымсып.
Топыр болды, той болды
Кәрі - жасы ыбырсып.
«Кешегі кеткен малымнан
Сілекей «қайтса болды» деп
Көрінді күндес биімеп.
Шал күйеуің шалмалап,
«Шәугімді әпер, ей», - дейді- ау,
Оқыранып, үйірсіп.
«Құтты болсын құт етек», -
Болсын деп шу - шу етеді,
Өңшең жылан құйыршық.
О шіркіндер о күнде
Бұл күніңді ойлап па еді!
Ол күнге енді бір сәлем!
Қолында қоңыр домбыра,
Қыдырынды бір ақын
Қиқылдайды, сарнайды.
Домбыраның басына
Бәйбіше әлем байлайды.
«Беташар жолы сенікі» деп,
Әлеумет ақынды алдайды.
Жылан тиген жылқыдай
Оқиды, сені арбайды.
«Айт, келіншек, айт, келіншек...»
Арман таман айдайды.
Атын атап әркімнің
Әркімге сәлем арнайды.
Әркімге сәлем арнаса,
Алудың қамын қамдайды.
Өзінше о да өсиет.
Үйретеді хал - жайды.
«Өзін жатып, байыңа.
Тұр, тұрлама, келіншек;
Қаптың аузы бос тұр деп
Құрт ұрлама келіншек»,
Деп күйсейді, шайнайды.
О шіркіндер ол күнде
Бұл күніңді ойлап па еді!
Ол күнге енді бір сәлем!
Одан әрі не болды,
Онысы өзіне аян ғой,
Оны менен сұрама.
Ақын әлгіні айтқан соң
Бай бадалғыр тұра ма,
Әйелге таң атты ма
Аттанған соң босаға?
Күндіз малшы, отыншы,
Түнде күзет қораға.
Батымды күндес баурады,
Болдың, қалдың қол бала.
Бүйідей бүрді сұр сона
Өгей ене дүзқара.
Қарарқұл, қортық
Қоңызбай
Қоқаңдады қамшы ала.
Жан жалын, қанын от күнде
Қазан соқты күл болдың,
Көмір болдың бір шала.
Жібек едің. жүн болдың,
Жүре - жүре күң болдың,
Отауын болды көр - мола.
Қол сілтедің дүниеге...
О шіркіндер ол күнде
Бұл күніңді ойлап па еді!
Ол күнге енді бір сәлем!
Онан бері өтейін,
Келеге кеңес кіргізген
Кешегі күнге жетейін.
Өріске жұртты өргізген,
Бұл күнді айта кетейін.
Тұсына туып төңкеріс,
Бағыңа туып үлкен іс,
Басынды ашқан тұманнан.
Жылауыңнан жұбатқан,
Қабағыңнан қуантқан,
Қойныңды қаққан жыланнан,
Еркіндік беріп еліңе,
Қосып сені теңіңе
Шығарған шер - құмардан.
Ендігі сәлем шын сәлем
Бұл күніңе бір сәлем!
Айт, келіншек, айт, келіншек,
Атыңның басын тарт, келіншек.
Сауысқаннан сақ келіншек,
Жұмыртқадан ақ келіншек,
Алдыңғы түйең итіншек,
Итіншек деп ренжіп
Басқа соқпа, келіншек.
Артқы түйең тартыншақ,
Тартыншақ деп қабаржып
Көтке соқпа, келіншек.
Осы күнің, қай күнің?
Зарығып көрген заманың,
Күніңе туған сәйкестен:
Тулы жерде қайрат қыл,
Істейтін жерде еңбек ет.
Ептейлі жерде ебінше еп.
Жасарарсың, жасарсың,
Жауынды жазғы сен бір шөп.
Өнер үйрен, білім біл,
Оралында ойна, күл,
Ойлай, біле өмір шек.
Өзің жатып байыңа
Тұр - тұрлама келіншек.
Байың жатып жайына,
Қылқылдама, келіншек.
Жалқау болса жатқызба
Жұлқыла да, келіншек.
Болғандарың игі емес
Екеуің бірдей еріншек.
Қатар жүр де, қатар тұр,
Еріншектік - шегіншек.
Еңбегіңді еншілес,
Еңбексіздік - еміншек.
Үй шаруасын сен құра,
Желекті адам жеңілтек.
Тұз шаруасын сен құра,
Малыңды бақ, егін сеп.
Осылай бетіңді ашайын.
Желегіңнен жетелеп,
Жөн осы деп төтелеп,
Ілгергі елге қосайын.
Жол осылай жөн білсек.
Қуаныш қылған қоғамың,
Беташарға не бермек,
Кім жомарт, кім көңілшек?
Бергені сол жұртыңның
Бәрекелді десеңші,
Мәзбін соған: күлемін
Болғанымша көк ішек.
Күлкім сенін күнің ғой,
Көркіңді күттім, күнішім.
Көркей, көгер, гүліңді ек.
Көркей, көгер сенімен
Көгерерміз көгерсек.
Құтты болсын отауың,
Атың «қызыл» қойыпсың.
Дөдегесін дүрдитіп,
Оған борлат ойыпсың.
Ортасына от жағып,
Тойыңа тоқты сойыпсың.
Қайғысыз қазан асыпсың,
Қазанның түзе қайқысын.
Оңынан түндік ашыпсың,
Ошағын түзе ойқысын.
Ілгері аяқ басыпсың,
Өкшең түзе шойқысың.
Керегеңді кеуделет,
Тарта байла танғышын.
Белбеуіңді бекемде,
Беленді жердің желі жын.
Сынын түзе үйіңнің,
Орналастыр олқысын.
Мінін түзе киімнің,
Оңалт олпы - солпысын.
Аялап айран ұйтыпсың,
Айнымай айран ұйысын.
Жеделде, сүтті суытпа,
Ертерек күй ұйтқысын.
Қосағыңды қузай көр
Заман мынау көші - қон,
Бөле ұйықтасын ұйқысын.
Тап - тұйнақтай тазала,
Қоқсымасын қоқысың,
Отауының орны сол:
Тәрбие - тәлім еліңе
Болсын, отау отырсын.
Қабаржыма, қалың қол
Бергелі тұр қол ұшын.
Қонайын, құстай түтейін,
Қодар қолын көтерсін.
Қалың қалды - азатсың,
Шамдансын да шал жатсын.
Құбылмасын қорқыныш,
Өз басынды теңеуге
Білімнен шүйке шүйкелеп.
Өнерден өрмек тоқырсың.
Жаңа тірлік жассыңдар,
Өңшең, көзді соқырсың.
Сауықсын десең соқырлық,
Ұмтыларсың, оқырсың.
Ендігі үміт отауда,
Отауыңа кітап жи,
Оны ауылың оқысын.
Айт, айт келін, айт, келін.
Күлген күнді көрдің бе,
Ай жүзіңді аш, келін.
Кешкен елді кердің бе,
Аядай алға бас, келін.
Жаңа өмірге өрлепсің,
Жас сүлгім, жас көгім.
Өмір майдан өзгеше,
Әзірлен оған әліңше,
Жас жасақ, әйел әскерім.
Ауылда әдет әлі бар:
Қас дұшпаның, қаскөйің.
Оны жеңер жалғыз жол,
Жолың әне - оқу ол.
Өз талабың, жігерің,
Қағаз оқы, хат таны,
Сауатыңды аш, келін.
Оқығаның өкіл бол,
Әлеуметке бас, келін.
«Қазаншы қатын да үкімет
Басқарсын», - деген Ленин.
Ол ұранды орында,
Орындау оз міндетің.
Білімсіз теңей алмаспыз
Тең теңсізің, бас кемін.
Беталды сөйлей бермейін,
Беташар бітсін осымен:
Жамырашы, жасашы
Жас өркенім, жас өрім!
Бәріңе менен бір сәлем!

Құлағың сал көпшілік,
Домбыраны қолға алып.
Тереңінен жүректің,
Тебірене толғанып.
Беташарға қам жасап,
Әсем жырды толғалық,
Қадам басты екі жас
Ақ тілекті жолға анық.
Атасы мен анасы,
Айналады толғанып.
Той тамаша басталды:
Куә соған бол, халық!
Шын көңілден қуанып,
Шаттанғанға не жетсін,
Ақ көңілден лебізді,
Ақтарғанға не жетсін.
Сыйластығын көңілдің,
Сақтағанға не жетсін.
Той біткен соң риза боп,
Аттанғанға не жетсін.
Келін ойдан шықты деп,
Мақтанғанға не жетсін!
Көпшіліктің үміті,
Ақталғанға не жетсін!
Басқа орманның бағында,
Пістім деме келінжан.
Қай ортаға топ етіп,
Түстім деме келінжан.
Айдынынан айрылған,
Құспын деме, келінжан.
Қай өзеннен енді су,
Іштім деме, келінжан.
Не боларын кім білген,
Істің деме, келінжан.
Ахаң менен Жахаңның,
Елі болған, бұл Торғай.
Әбдіғаппар, Әлидей,
Ері болған-бұл Торғай.
Амангелді, Кейкінің,
Жері болған-бұл Торғай.
Ән мен жырдың қашанда,
Кені болған-бұл Торғай,
Талай-талай тарихқа,
Желі болған-бұл Торғай.
Таңатқан палуан Нұрханның
Төрі болған- бұл Торғай!

Қадіріне елінің
Жете алғайсың, келінжан.
Жаңалыққа бірден-ақ,
Бет алғайсың, келінжан.
Талай сыннан сүрінбей,
Өте алғайсың, келінжан.
Қызуы мол ошақтан
От алғайсың, келінжан.
Жүрегіңнің жылуын,
Қопарғайсың, келінжан.
Ел-жұртыңды ырза ғып,
Бата алғайсың, келінжан.
Жас отаудың бүгінгі,
Тірегі сенде, келінжан.
Атаң менен енеңнің,
Жүрегі сенде, келінжан.
Жиналған мына халқыңның.
Тілегі сенде, келінжан.
Ертеңгі тарар ұрпақтың,
Легі сенде, келінжан.

Артымда әкем қалды деп,
Күйзеліп іштей налыма.
Қинала көрме, келінжан,
Үйіме барып келем деп,
Әкемнің жүзін көрем деп,
Жинала көрме, келінжан.
Қанша жыл білім жинаған
Жазушы, ақын,әрі ұстаз
Таланты бойға сыймаған
Сегіз қырлы, бір сырлы,
Ортасында сыйлы адам,
Алысқа кеткен атағы
Дуалы аузы баталы
Азамат қылып өсірген
Алты бірдей ботаны.
Бар байлығы –баласы,
Дүние артық жимаған.
Сол үшін де халқы оны,
Көтеріп көкке сыйлаған.
Қайын атаң да әрі әкең,
Секеңе жаса бір сәлем.

Артымда анам қалды деп,
Жанарын жасқа малды деп,
Қинала көрме, келінжан,
Үйіме барып келем деп.
Анамды күнде көрем деп,
Жинала көрме, келінжан.
Анаңдай етіпсыйласаң,
Қызына сені тең деген,
Сөздерің шықса бір жерден,
Қиындық қалмас жеңбеген.
Келінді болдың дегенде,
Өз құлағына өзі сенбеген.
Көңілге кірбің түскенде
Ақ пейілмен емдеген,
Қисық тісті түзетіп
Ақылымен жөндеген,
Мінезі жібек, жайдары
Самалды күндей майдағы.
Сабырымен салмақты,
Бітірген ісін ойдағы
Тұрсын сынды енеңе,
Келінжан, жаса бір сәлем!

Қызмет етіп халқыңа,
Мойнында парыз өтелген.
Керек кезде тайсалмай,
Нардың да жүгін көтерген
Аталы сөз айтуға,
Топқа бір түсіп төселген.
Соңдарынан сеніммен,
Елінің бүкіл көші өрген,
Осында бүгін отырған
Азаматтарға бір сәлем.

Шеттерінен ақ көңіл,
Жүздері гүлдей жайнаған.
Құлақта жалғыз сырғасын,
Көрімдік етіп сыйлаған,
Мінезі қандай биязы,
Көркіне көзі тоймаған,
Жанында тұрған ағайдың
Аяғын басып ойнаған,
Жеңгейлерге бір сәлем!

Жарғақ шалбар борбайда,
Мойынға гитар асынған,
Сұлу көрсе сұқтанып,
Күшіне қуат қосылған.
Жалбырап ұзын шаштары,
Кездесе қалса тосыннан
Сондай бір кезде түрінен,
Көрген бір адам шошынған.
Қайын інілерге бір сәлем!

Ұйқысы қанбай оянбай,
Жұмысқа ерте бармаған.
Той болса бұрын жиналып,
Кешігіп одан қалмаған.
Секіріп-қарғып билесе,
Тұрған жері шаңдаған.
Қолдары босай қалғанда
Өзіне серік таңдаған,
Қайын сіңлілерге бір сәлем!

Құанышты бөлісіп,
Шаттықтан жайнап түлеген,
Ақ көңілден қашанда
Сендерге бақыт тілеген,
Жақсы болсаңдар қуанып,
Төбесін көкке тіреген,
Жапырағы жайқалған
Тамыры терең бір емен
Көпшілікке бір сәлем!

Манадан бері өзіңе,
Ақылын айтып қақсаған.
Ақталып елдің үміті,
Болсын деп келін жақсы адам.
Не керек, нөсер жырларым
Шашу ғып бүгін шашпаған.
Өзіңнен басқа, келінжан,
Ешкімнің бетін ашпаған,
Мағанда жаса бір сәлем

Ал ағайын ағайын
Бір кәден ау жарайын
Бетін ашып келіннің
Көрімдігі алайын
Бетінді келін ашқаным
Жана жұртқа қосқаным
Жасы үлкенді сыйлап жүр
Құрмет қылып жазғанын
Келің келдау туғандар
Ағайын бауыр ұландар
Ата-анасын қуантып-қуантып
Көрімдігің көрімдігің сұрандан.
Тойдын күн ау ашылсын
Құрт бауырсақ шашылсын
Бір біріне мынау жұрт көрімдігін асырсын
Әдеп сақтап тұрындар шуылдамай ұл кыздар
Ата-анадан жалгасқан салтанатты жырым бар
Әуелі сәлем ете көр әруақтар сені қолдайды
Қолда барда тартынба Жұма сайын барындас
Өлі риза болмаса тірі ешкашан баймыс
Аталардын батасы ұрпғына жарап тұр
Әруақтарға бір сәлем төбеден анау қарап тұр.

Анау тұрған қайын атан қайын атана бер сәлем
Нұрсултан болар қаын атан Бұрхан менен Саятбек, Рахматулла кайын атан Сапар болар қайын атан
Кайын атана сәлем ет сәлемінді әдемі ет

Анау тұрған енелер енелерге жоқ теңгелер
Райхан болар ененіз Қарлығаш пен Разида, Алмагүл мен Марияш
Енелерге бір сәлем бір сәлемде бар мың сәлем

Ер жігіттін үш жұрты бар
Оның бірі нағашы
Нағашыны сыйлап жүр
Ол да сенін туысын
Орал болар нағашын Мадияр мен Гүлмира
Ықылас пен Салима
Нағашыларға сәлем ет сәлемін дау әдемі ет
Доп      


Мақала ұнаса, бөлісіңіз:


Іздеп көріңіз:
беташарға арналған өлеңдер, беташар туралы өлең, беташар өлең жолдары, беташар жырының сөзі, беташар жыры сөздері, беташар сөздері, беташар қазақша сөздері

Пікір жазу

  • [cmxfinput_gallery][cmxfinput_youtube]