Өлең: Ілияс Жансүгіров (Бақтыбайға жазып берген Нұғман хаты)

Өлең: Ілияс Жансүгіров (Бақтыбайға жазып берген Нұғман хаты)

Қолыма қалам алып өлең жаздым,
Болмады бұрынғыдай, заман, аздың.
Ойыма қайран елім түскен шақта
Сарғайып уайыммен өлең жаздым.
Сағындым осындай-ақ қайран елді,
Зар күйге салды құдай біздей ерді.
Құданың құдіретіне кім көнбейді,
Бүгінгі бозбаланы қайғы жеді.
Қайғымен торға түскен секілдімін,
Айтамын онан басқа енді немді.
Елдегі құрбы-құрдас, замандасым,
Сағындым өсіп-өнген қайран жерді.
Қылмаса өзі рахым бір құдайым,
Сарғайып жапырақтай көңілім семді.
Ойнақтап құлын-тайдай жүрген күнім,
Дәм тартып қайран елді керем бе енді?
Ағамыз сәлем айттым Зәкірбайға,
Бұрынғы Жетісуың бізге қайда?
Алысқа сапар тартып біздер кеттік,
Тапсырып жата берсін бір құдайға.
Тағы да жаздым сәлем Жақыпбайым,
Бір туыс қайғыменен болды уайым.
Сағындым, бәрінді де туғандарым,
Қалды ғой нелер маңғаз күн мен айым.
Жеңешем, сәлем айттым борығым-ай,
Кәуірдің кеттім түсіп зорлығына-ай.
Жүректен аһы десем жалын кетпес,
Қайғының тартып тұрмын қорлығын-ай.
Тағы да жаздым сәлем Жамалға да,
Сайрандап мен кеткем жоқ самалға да.
Кейбіреу қуаныш қып өлең айтар,
Еш дауа болмайды екен жаманға да.
Қарындас сәлем жаздым ақ Зейнепке,
Кез болдым дүние жалған, қайғы-дертке.
Душар боп мұндай іске біз жатырмыз,
Тапсырып жата тұрсын құдіретке.
Сағынып сәлем жаздым Айдарқаным,
Шықпайды көкіректе шыбын жаным.
Бір байдың баласындай қайран күнім,
Болмайды бұрынғыдай менің сәнім.
Осындай, елі-жұртым, менің күйім,
Бозбала жүруші едің болып жиын.
Қолымнан келе қалса өлең қылып
Жіберген Қазы әкемнің енді үйін.
Қолыма осылайша алдым қалам,
Дүниеге опасы жоқ қайран қалам.
Еліме сәлем жазып жіберсем де
Көңілімде толып жатыр қайғы-санам.
Жазамын құрбы-құрдас ерлерімді,
Сағындым көп сарғайып елдерімді.
Кейбіреуге қосшы болып батасын ап,
Тағы да айтам өкпелі жерлерімді.
Мен өзім құр емеспін ақылдан да,
Кеткем жоқ қошеметсіз жақыннан да.
Бір малды кетпек болып айтып сойып,
Айтамын келмегенін шақырғанда.
Бір үйден келді әрең екеу ғана,
Айтамын өтірігі жоқ сезді дана.
Құдайға жанын айтып, малын сойып,
Жүрмін ғой жалпақ қағып мен бейшара.
Секілді ем ел ішінде өзім жырға,
Ішімде өкпе-қорлық болды ыза.
Түні бойы қасымда жатқаннан соң.
Қайтейін Қазы әкеме болдым ырза.
Ерлерде ел ішіндегі қайғы жоқ қой,
Пәнданы алдап жүрген дүние боқ қой.
Қазы әкемнің өз басы болмаса егер
Шіркіннің өзгесінде өкпем көп қой.
Өкпем бар бір ағамда Ережепбай,
Бір ауыз маған қалды жауап қатпай.
Көрінбей қалғаннан соң о шіркінді
Ұқсатып кеттім оны хайуанатқа.
Тағы өкпем бар ағамда Сансызбайым,
Білмеуші едім қатты деп оның жайын.
Мінезін осылардың көргеннен соң,
Ойыма қайғы салды бір құдайым.
Өкпем бар тағы дағы Төлеубайда,
Жатырмын менің өзім мұндай жайда.
О да ағам деп жүргенім бекер екен,
Көңілім жүрген екен әлдеқайда.
Бүгінде соның бәрі көзімде жоқ,
Өзгесін пәлен деуге кезім де жоқ.
Еркектер мұндай болып қалғаннан соң
Өкпелер ұрғашыға сөзім де жоқ.
Сәлемді мен айтамын шешем қимас,
Мен болдым екі көздің жасын тимас.
Дегенде қайран елім Бақтыбайың
Бесікте жас баламен болдым бір бас.
Тағы да сәлем айттым Қалипаға,
Біздерде бұрынғыдай бар ма баға.
Құдайым қосқаннан соң не шара бар,
Түстім ғой бір осындай қайғы-зарға.
Қарасай өлең жаздым Имашыма,
Жетпейді көзім елде тұрмасыма.
Тағы да сәлем айттым осылайша
Елдегі құрбы менен құрдасыма.
Тағы да сәлем жаздым Разабай,
Сөзіме адам тұрмас құлақ салмай.
Осындай өлең қылып мен айтамын
Елінен кеткенімді көңіл қалмай.
Сейілбай сәлем жазам тағы да ағам,
Болмады бұрынғыдай, кетті бағам.
Көкейден айтқан сөзің еш кетпейді,
Соларды іздегенде қайдан табам.
Тілеубай сәлем айттым құдамызға,
Ұзатқан секілді едік біздер қызға.
Естіген, оқыған мен тыңдағанын
Бұ дүние пәни жалған, көңіл бұзба.
Тағы да сәлем жаздым Өмірсерік,
Солардың бәрін тұрды көзім көріп.
Солардың айтқан сөзі ойға түссе,
Көңілім менің кетер майдай еріп.
Тағы да сәлем жаздым Биімізге,
Түстік қой бұ барақта күйімізге.
Аман бол, есен де бол қайран елім,
Біздерді келмейді деп күдер үзбе.
Мұхамет оның аты молда деймін,
Кеткенге елден шығып қайғы жеймін.
Өкініп өткен іске керегі жоқ,
Қу көңіл кеткеннен соң болып бейім.
Ағама сәлем айттым Жұқанайым,
Қайғыңа менің ішім күн-күн сайын.
Сәлемді осылайша айтып жатыр
Бұ жақта өндірің мен күн мен айын.
Тағы да сәлем жаздым Исабайға,
Бұ сөзім қайғы-зарға ұсамай ма.
Құдайын ұмытқандай секілдендім
Барақта күңіреніп жатсам жайға.
Тағы да сәлем жаздым енді Саяқ,
Қош айтып еш қоймайды мені де аяп.
Құдайдың жазған дәмін татамын деп
Қай жерді басар екен біздің аяқ.
Тағы да сәлем жаздым Іскендірге,
Тегінде кім жетеді кемеңгерге.
Бір құдай өзі жәрдем бермесе егер,
Толды ғой біздің іштер қайғы-шерге.
Ақсақал сәлем жаздым байға Батқа
Өлеңді құдай берген жаздым жатқа.
Айтатын жатсам-тұрсам сөзім осы,
Пәлеңнен, патша құдай, өзің сақта.
Кей адам мұндай сөзді жаратпайды,
Кемеңгер кімді аузына қаратпайды.
Тағы да үш қайтара сәлем айттым,
Тастама бұ сөзімнен Аятбайды.
Болмайды бұрынғыдай мына заман,
Сөзімді мен қылайын енді тәмәм.
Әлхамду шүкір, алла, саламатпын,
Жолдасым қасымдағы бәрі де аман.
Қайғы көп осы күні санамызда,
Дәм тартса, елге біз де барамыз да.
Жақсымыз біз осындай инше-аллаһа,
Жатырмын мына Семей қалаңызда.
Бақтыбай ел кеткен жоқ санасынан,
Семейдің жібердім хат қаласынан.
Қол жайып дұға да қыл, замандасым,
Мәкеңнің сәлем барса баласынан.
Жатырмын бүгін таңда барағында,
Тұрамыз даяр болып санағында.
Ағайын-туғандарым, бауырым-ай,
Бақтыбай сәлем жазған қарағында.
Тастама Бақтыбайды есіңізден,
Айрылдық ел ішіндегі досымыздан.
Арманым бүгін таңда осы болды
Бір ауыз хат келмеді, елім, сізден.
Қолымнан осы хатым барып тисе,
Ұялмас па екен деймін енді бізден.
Кез болды бұл іс біздің басымызға,
Құдайым медет берсін жанымызға.
Секілді ұядағы балапандай
Маңдайға жазылған соң шағымызда.
Жиырма келіп едім сегіз жасқа,
Болмайды қайғы бөгет ішкен асқа.
Құдайым медет, жәрдем өзі берсін,
Көз жасы тиылмайды-ау әзиз басқа.
Осындай бір жылауда менің басым,
Бойыма тарамайды-ау ішкен асым.
Дегенде «а дариға, қайран елім!»
Көзімнен тиылмайды аққан жасым.
Жазғаным бәйіт қылып менің осы,
Келмейді бұрынғыдай көңіл қошы.
Көрген жан айып етпе «бұл қалай» деп,
Адамның дұшпаны көп, аз ғой досы.
Айтыңыз о жақтағы халық қандай?
Көзіңмен қайдан болсын қаныққандай.
Қол жайып, дұғада бол елі-жұртым,
Күйзеліп біз кетеміз тарыққанда-ай.
Арасы жаман-жақсы жер мен көктей,
Ойласақ зейін менен парық қандай.
Құдайым мұсылманға жәрдем берсін,
Көл қылып көзім жасын зарыққанда-ай.
Құдайдан үміттімін инша-аллаһу,
Береңдеп өзі қуат тарыққанда-ай.
Төрт болып санам-ойым он бөлініп,
Білмеймін не боларым жалыққанда-ай
Доп      


Мақала ұнаса, бөлісіңіз:


Іздеп көріңіз:
ілияс жансүгіров Бақтыбайға жазып берген Нұғман хаты өлең стихи на казахском илияс жансугиров олен казакша, ілияс жансүгіров өлеңдері, илияс жансугиров олендери, илияс жансугиров стихи на казахском, Бақтыбайға жазып берген Нұғман хаты

Пікір жазу

  • [cmxfinput_gallery][cmxfinput_youtube]