Өлең: Шәкәрім Құдайбердіұлы (Боран)

Өлең: Шәкәрім Құдайбердіұлы (Боран)

Мың сегіз жүз он бір жыл шамасында,
Он екінші жылменен арасында,
Саврило Саврилович дейтұғын бай
Отырған Нинандырып қаласында.

Оншалық зор қала емес, отар екен,
Зор салты ғой ондайды қала деген.
Қарыз бергіш, ашық жүз, қонақшыл бай
Сол жерді иемденіп қылған мекен.

Прасковья Петровна — бәйбішесі,
Оның да түгел еді әр немесі.
Сонда келіп карта ойнап, сауық салып,
Қызық күндер өткізген көршілесі.

Қызы Мария бек сұлу һәм әдепті,
Сол жылы он жетіге жасы кепті.
Оны көрген бозбала ынтық болып,
«Дариға-ай, осы қызды алсақ» депті.

Қонақтың келуіне мынау себеп:
«Ойнайым, қарыз алам, қыз көрем» деп.
Ең болмаса, маңдағы көрші ауылдың
Кедейлері тояды нанынан жеп.

Марияға болса-дағы әркім құмар,
Байға батып айта алмай жүрген шығар.
Сол кезде отпеске алып қайтқан екен,
Владимир дейтұғын жас офицер.

Ол-дағы осы баймен араласып,
Мариямен бір-біріне болған асық.
Қүндіз-түні сол үйге келе берді,
Кете алмай қыз қасынан онша қашық.

Бұл сырды бәйбіше мен бай да білді,
Екеуін жолықтырмас айла қылды.
Владимир келгенде кекеп-мұқап,
Мысқылдап айта берді қайдағыны.

«Жарқыным, сирек келіп әңгімелес,
Бұл қора солдаттардың лагері емес!
Ертеңді-кеш есікті босатпайсың,
Сандалғанды еш адам мақұл демес.

Бейуақытта қақпаны тарсылдатып,
Эполетін, медалін жылтылдатып,
Осындайлар тыныштық бермеді ғой,
Етегінен қылышын қылтылдатып.

Қалтасының бостығын мұтып кетіп,
Әскерімсіп төбесі көкке жетіп,
Мұны неге соғысқа жібермеген,
Әр қақпада қойғанша тентіретіп?!»

Жас ерге қатты батты бұл екеуі,
Менсінбей байлық айтып кедей деуі.
Не бұзылған шіркеуде, не тоғайда
Жасырынып жолығып жүрді екеуі.

Шын махаббат жетелеп екі жасты
Күн сайын асықтықтың қызуы асты
Ата-анасы ұнамай жүрсе-дағы
Некесін қиғызуға сөз байласты.

Қосылыспай жалынды жасырғанша,
Көнбейтін сабырлығы бас ұрғанша,
Тасалап өзге орында тұрмақ болды,
Әкесінің ашуы басылғанша.

Шадрин деген қышлақта он шақырым
Білуші еді бір кәрі поптың барын.
Соған неке қиғызбақ болды екеуі,
Жалынып, берсе-дағы біраз ырым.

Владимир Шадринге кетпек болды,
Көшір түнде қызды алып жетпек болды,
Табыспақ емен ағаш ел жатқанда,
Пар ат жегіп Марияны күтпек болды.

Түн болған соң Мария дайындалды,
Бірге өскен малай қызын қасына алды.
Шкаф, айна, столға амандасып,
Шамаданға киімін түгел салды.

Хат жазды ата-анадан кешу сұрап,
Асықтық әкеткенін айтты жылап.
Конвертке екі жүрек сурет салды,
Сыртынан тұрғандай ғып от шашырап.

Хат тастап, иесіз үйге амандасып,
Жөнелді бақша жақтан есік ашып.
Қараса, алай-түлей қатты боран,
Қалың қар жердің бәрін қалған басып.

Малтығып жүре алмады қарға батып,
Ысқырған бір дыбысқа келе жатып.
Шанаға екі қызды отырғызып,
Көшір де жүріп кетті сырылдатып.

Күшейді соққан боран барған сайын,
Сүйтсе де көшір білді жүру жайын.
Бұл қыздар сол бетімен бара тұрсын,
Владимир қайткенін баяндайын:

Шадринге Владимир күндіз барған,
Попы да, куәсі да дайындалған.
Пар атын Марияға жіберген соң,
Өзінің жегуіне бір ат алған.

Шадринге түн болған соң тағы жүрді,
Шанасы қарға кіріп аударылды.
Жөндеп алып тағы да айдаса да,
Тұңғиық түпсіз боран адастырды.

Адасып, ат болдырып, басы қатып,
Кез болды бір қышлаққа келе жатып.
«Шадрин қайда, ат бар ма?» — деп сұрады,
Шеткі үйдің терезесін тықылдатып.

— Шадрин,— деді, – он шақырым шамасында,
Атым жоқ, басшы жалдап аласың, да.
Жатсаң үйім, басшы алсаң, кісім бар, —деп,
Шам жағып, ала шықты баласын да.

Бала бастап жөнелді таяқ алып,
Таяқпен жол қарайды қарға салып.
— Сағат қанша болды?— деп сұрап еді,
Бала айтты:— Қалды ғой,— деп таң тақалып

Шадринге таң біліне азар жетті,
Балаға ақша беріп рұхсат етті.
Шіркеудің шамы сөніп қалған екен,
Сондықтан поп үйіне тура кетті.

Ол барып біле тұрсын поптың жайын,
Бұл сөзді осыменен тоқтатайын.
Екеуі оянған соң не қылды екен,
Айталық бәйбіше мен байдың жайын

**
Саврила бәйбішемен ерте тұрды,
Малайы дайындады самауырды.
«Шай іш» деп ата-анасы шақырған соң,
Қалтырап қаны қашып Мария кірді.

Әкесі айтты: «Қарағым, өңің жаман,
Иіс тиіп қалған ба бүгін саған?»
Мария бір стакан азар ішіп:
«Науқастанып, кетіп тұр, — деді, — шамам».

Ауруы сағат сайын болды жаман,
Суық өтіп дірілдеп қалшылдаған.
Шатасып жүрген-тұрған сырын айтып,
Сандырақтап сөйледі кешке таман.

Айтады асықтығы асқандығын,
Бір үмітке аяқты басқандығын.
Некесін қиятұғын бір поп іздеп,
Боранды боран демей қашқандығын.

Махаббат тұла бойды жеңгендігін,
Ұрлық неке қиюға көнгендігін.
Владимир кез болмай, жат кез болып,
Жарына жолыға алмай келгендігін.

Өз асығы адасып қалғандығын,
Жат біреу қапылыста алғандығын.
Владимир екен деп некеленіп,
Көрген соң ол емес деп талғандығын.

Сандырақтап ашқан соң әбден сырын,
Ата-анасы науқастың білді түрін.
Жазылса, офицерге бермек болды,
Тіпті көнбей қойса да онан бұрын.

Марияны емдеп еді доктор келіп,
«Суық тиген екен» деп дәрі беріп.
Бір жұмада науқасы бері қарап,
Он күнде әбден жазылды жеңілденіп.

***
Бай, бәйбіше хат жазды офицерге,
Кешу сұрап жақындық іс қыларға.
«Өлсем кегім кетеді ішімде» деп,
Жөнді жауап бермеді ол бұларға.

Онысы Саврилаға жаман батты,
Қызына білдірмеді, жауап қатты.
Сол кезде француз бен орыс жау боп,
Бородиннің соғысы болды қатты.

Қырылды француз да, орыс-тағы
Тарихта бір белгілі іс — сол іс-тағы.
Күн сайын жазып тұрды газетаға,
Өлгенін, аты-жөнін соғыстағы.

Бұл соғыс — тамам жанға мәлім соғыс,
Көп адам қырғын тапқан заңғар соғыс.
Басында француздар Мәскеуді алып,
Аяғында қашырып, жеңген орыс.

Бір күні Мария бір газет алды,
«Не хабар бар екен» деп көзін салды.
Владимир соғыста өлгендігін
Оқыды да, шыдамай талып қалды.

Аздан соң кірсе-дағы ақыл-есі,
Өртенгендей болып тұр бар денесі.
«Жығылғанға жұдырық» дегендейін
Азғана ауырды да өлді әкесі.

Өзі жетім, шешесі жесір болды,
Жүрегіне ұмытпас қайғы толды.
Басқа облыста бар еді бір отары,
Бұл жерден көшіп барып сонда қонды.

Ондағы тұрғын елдің жастары көп,
Марияға сөз салады әркім ептеп.
Шешесі «уақыт өтпей ти» десе де,
Қызы басын шайқайды «тимеймін» деп.

Қанды соғыс созылып көпке шейін,
Француздар шегініп қашты кейін.
Орыста қуанбаған жан қалмады,
Шал-кемпір, бала-шаға дегендейін.

Соғыстан қайтқаннан соң әскерлері,
Алдынан әсемменен шықты елдері.
...........................................................
...........................................................

Құшақтап бауырларын, баласын да,
Амандар жамандарға қарасын ба?
Марияның сүйген жары — Владимир
Сүйек боп қалды Мәскеу даласында.

***
Әскерде Бермин деген бір жігіт бар
Көп болса жиырма бес жаста шығар.
Ерлік қылып полковник шенін алған,
Марияны көріп о да болды құмар.

Ішінен Мария да оны ұнатады,
Күлімдеп ашық жүзбен сөз қатады.
Асықтығын айта алмай батыр Бермин,
Әртүрлі әңгіме айтып жұбатады.

Күн сайын жақындасып болды сырлас,
Асықтық жүректегі жанбай тұрмас.
Шыдай алмай мақсатын бастаса да,
Аяғын айта алмайды әдепті жас.

Мария айтты: «Бастаған соң сөз түгенде,
Ұғайын айтқаныңды түгел мен де.
«Бірақ, бірақ...» дейсің де тоқталасың,
Не қылса, бір қысталаң бар ғой сенде».

Бермин айтты: «Мен Сізге болдым асық,
Сіз де менен емессіз онша қашық.
Бірақ... менің бір үлкен бөгетім тұр,
Амалсыздан айтамын сырымды ашық:

Бойымда қатты қайғы, арманым бар,
Адасып бір қышлаққа барғаным бар.
Танымайтын бір қызбен некеленіп,
Байғұстың обалына қалғаным бар.

Мен білмеймін сол қыздың кім екенін,
Аты, жөні ауылы һәм мекенін.
Некесіз-ақ жүрмесек жолдас болып,
Үстіне ала алам ба сол некенің?

Ей, жаным, алдайды деп ашуланба,
Екі неке сыймайды біздің заңға!
Асықтығым шыдатпай айтсам-дағы,
Ар көнбеді некемді жасырғанға!»

Мария айтты: «Мен мұныңды ұға алмадым,
Сырыңның үдесіне шыға алмадым.
Танымасаң қалайша некелендің,
Сүймей тастап кеттің бе, неге алмадың?»

Бермин айтты: «Жүруші ем жанға айтпай-ақ,
Сырласыма болмаса некен-саяқ.
Менің көрген ісімді жан көрген жоқ,
Жайымды ұқтырайын бастан-аяқ:

Мың сегіз жүз он екі жыл кіргенде,
Гусарский полкте едім мен де.
Вильно деген қалада тұрушы едік,
Жүрмек болып мейрамды бітіргенде.

Жыл мейрамын бітіріп жүріп кеттім,
Күн бата бір бекетке келіп жеттім.
Тамақтанып, жайланып болғаннан соң,
Түн ішінде «ат жек» деп әмір еттім.

Жәмшік арыз қылса да қасыма кеп,
«Боран қатты жүруге болмайды» деп.
«Қызмет тығыз, жылдам жек — деп —
Адасып азап көрсем өзіме есеп».

Соқса да жүріп едім ақырзаман,
Тіл алмаған жастығым болды жаман.
«Мұндайда өзен тәуір болады» деп,
Жәмшігім мұз үстімен атты айдаған.

Аздан кейін шанамыз қарға толды,
Адасып, біле алмадық жүрер жолды.
Кейде қарға кіреміз, кейде орманға
Бекет түгіл ел табу қиын болды.

Бір кезде от көрінді жылтылдаған,
Қуанып атты айдадық соған таман.
Қышлақтың бәрінің де оты сөніп,
Жалғыз-ақ шіркеудегі поп жатпаған.

Шанамыз соған таяу келіп еді,
Екеу келіп шіркеуге жүр-жүрледі.
Үсті-басым қырау боп кіріп едім,
Кәрі поп: «Бастайық па, балам?» — деді.

Адасып келгеніме опық жедім,
Өзім де есім шығып тоңып едім.
Поптың не деп тұрғанын ұқпасам да,
«Мейліңіз, бастасаңыз, баста», — дедім.

Біреу тұрып: «Таң таяу болды», —деді,
«Тез баста, міне, күйеу келді», — деді.
Поп некенің дұғасын бітірген соң,
«Қыз бен күйеу сүйіссін енді», —деді.

Бір қыз отыр бетіне перде салып,
Поп келді бізге жақын шамын алып.
Бетіме қыз үңіліп қарады да,
«Ойбай-ау, бұл емес», —деп қалды талып.

Шын масқара болдым деп жаман састым,
Ой ойламай шіркеуден тұра қаштым.
Жәмшігіме «атыңды тез айда» деп,
Бағанағы ізіммен қайта бастым.

Соққан боран ашылып оңды-солды,
Күн шыға азар іздеп таптық жолды.
Сол қыздан көрсем кешу алар едім,
Аты-жөнін білмеуім қиын болды.

Өмірінде ол өтеді байға тимей,
Мен де өтемін некелеп бір жар сүймей.
Кешілмес бір обалға қалғам жоқ па,
Ойласам, тұра алмаймын ішім күймей?!»

Бүл сөзге Мария құлақ салады да,
Мәнісін әбден ұғып алады да,
«Тағдыр сені кез қылған екен», — деді,
Берминге бір анықтап қарады да.

Сөзінен о да танып Марияны,
Елжіреп шықпай қалды әзер жаны.
...Көңілімнің көзіне елестейді,
Берминнің кешу сұрап жылағаны
Доп      


Мақала ұнаса, бөлісіңіз:


Іздеп көріңіз:
шәкәрім құдайбердіұлы Боран өлең стихи на казахском шакарим кудайбердиулы олен казакша, шәкәрім құдайбердіұлы өлеңдері, шакарим кудайбердиулы олендери, шакарим кудайбердиулы стихи на казахском, Боран

Пікір жазу

  • [cmxfinput_gallery][cmxfinput_youtube]